Наурызбай Жарбосынұлы: Алашымның алтын жыры - Наурыз!

Наурызбай Жарбосынұлы Науайы уәлаяты, Кенимех ауданында туған. 1997 жылы Алматыдағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. Оның туындылары «Егемен Қазақстан»,«Астана ақшамы», «Атамекен» газеттері мен «Алтын бесік», «Асыл мұра» журналдарында жарық көрді. «Алтын алқа», «Қоштасқым келмейді» (Алматы), «Дала жыры» т.б. жыр топтамаларына өлеңдері енгізілген.

Бірнеше халықараық және республикалық мүшәйралардың лауреаты.

Биыл ердің жасы елуге толып отырған ақынның мерейтойы Тәшкент қаласындағы Өзбекстан Жазушылар одағында аталып өтпекші екен. Ақынға "Қазақ үні" редакциясы атынан шығармашылық табыс тілей отырып, бір топ өлеңдерін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Кие   Ер жігіттің көзінде оттылық бар, Сұлу қыздың сөзінде тәттілік бар. Көңілінде сәбидің—кіршіксіздік, Тегіне тартқан ұлда тектілік бар.   Аналардың ділінде ақ тұнық бар Бабалардың үнінде сәттілік бар. Балуанның балағында кеңдік жатыр, Төренің толғамында нақтылық бар.   Көсемнің төбелік  бар кесімінде, Шешеннің төрелік  бар шешімінде. Әлдидің түп төркіні—адамилық, Сәбидің киепет бар бесігінде.   Жыраудың жырларында өсиет бар, Аққудың сұңқылында қасиет бар. ...Адамның жан-дүниесін азынатар, ботаның боздауында қасірет бар...   Тұлпардың құдіреті—тұяғында, Сұңқардың кереметі—қияғында. ...Кие бар туған жерде: Жүгінем кеп, Алдымен ақын болып құярымда.   Бауырлар   Менің жүректерім, Менің тіректерім! Сендерді сағынғанда көрсеңдер ғой— Бұлдырық-жрегімнің дір еткенін.   Сендер—алауымсыңдар, Жаныма жалауымсыңдар. Бабалар қанынан бір Таралған тарауымсыңдар.   Қырағы көздерімсіңдер, Құнарлы сөздерімсіңдер. Өрнекті өмірімнің Өзегі өздеріңсіңдер.   Сендер барда сезінем дәуір барын, Сендермен бір дүркіреп, жалындадым. Ең басты байлығымда сендерсіңдер, О,менің бауырларым, Менің лағылдарым!   АКСИОМА   Батыр адам жасқануды білмейді, Қоян жүрек көлеңкеден қорқады. Ішітарлар өз кіндігін күндейді, Көзі тоймас қоңырсытар қолқаны.   Пасықтардың ділінде жүр пышағы, Пысықтардың түспес қолдан қалқаны. Аңқау құрғақ ауаны да құшады, Мешкейдің бар екі ұртында талқаны...   Сараң адам берген күні-өледі, Жомарт адам сұрағанды намыс дер. Күйгелекке қара аспан кеп төнеді, Еріншекке жеткізбейді қарыс жер.   Көсем адам көре-көре екшейді. Шешен адам туғанын  да аямас... Өсер адам тек биікті көксейді, Өшер адам өрбітеді ой ағаш.   Заржақ жағы талса-дағы қақсайды. Мақтаншақтың кереметін тойда көр. Өтірікші шындықты айтса аңсайды. Тасбақадан сүт сауады айлакер.   Пендешілік өзгеге ор қайымдап, Жағымпазға мәймөңкелік іш тартты. ... Асан қайғы Қорқыт көрін уайымдап, Абай ақын Сөз Патшасын ұстартты.   ****   ****  ****   Аспанымды басқан кезде қара бұлт, Жан дүнием жасын болды тілгілеп, Бар болмысым жарық нұрдан жаралып, Жанарымнан керуен салды мұңды леп.   Иінімді игілікпен күптетіп, Иығымды көгіме кеп тіредім. ...Толғақты ойды салмақты оймен жүкті етіп, Митың тірлік кешіп келер жүрегім...   Мен жүдесем—жарықсыз да парықсыз, Босқа өткен уқытымнан жүдеймін. Мұнда барда,айналайын халық,сіз, Табанымды тек,өзіңе тіреймін.   Безгек қағып табанымнан тозайын, Өзекті ойым дерт боп тисін ойлыға. Шат-шадыман болсыншы деп көзайым: Асылам кеп Ана-Жердің мойнына.   Белден басам белесті де елесті, Өлең болды қасиетті тұмарым. Ертең-ерте-е-ең...(ол жағы әлі көмескі) Кит етсем-ақ шыға келер күмәнім.   Көгімнің де толыспаған-ды көгені, Жоқ емес-ті үкіленер нарқасқа. ...Абай сынды айқайлағым кеп еді: Маңдайымды соғып алдым жартасқа.   ****    ****    **** Ақиқатты айтқан кезде Ар алдында кішіремін. ...Шындық жолдан қайтқан кезде Жалпағынан түсіремін!..   Торғай-шындық шырылдаса— Аждаһадан ара түсем. Қорқау-жалған ырылдаса— Алқымынан ала түсем!   Өмір жолы—көпір...ұқтым... Шындық сонда шырақ  маған. ...Қарсы келген өтіріктің Маңдайынан бір-ақ соғам!                 Қазақы түйін   Шыққан тегім—қазақ,бұдан айныман, Мұны айтуға мен несіне қаймығам. Қазақы қан тулап бойда тұрғанда, Қазағым деп шаттанам да, қайғырам.   Тізгін бермей тасырлар мен масылға, Көш түзеймін ғасырлардан ғасырға. Қазақиямды қаз қалпында тұтармын, Қазақ болып туған болсам расында.   Ана тілмен әрленем де бәлденем, Өз тіліме жүрегімнен төр берем. Менің қазақ екендігім рас болса, Қазақ тілі өлген күні—мен де өлем.   АЛТЫН ТІЛ    Зор дауысы болып келген даламның, Қазақ тілі—туған тілі бабамның. Бабам тілі тұғырында толқыса Бекзадасы болам әлі  ғаламның.   Безек қаққан әлдиі боп санамның, Осы тіл ғой ана  тілі анамның. Егер менің ана тілім ақсаса— Қанатымнан қайрылып мен қалармын!   Ұрпақ үшін зор мәртебе,зор айбын: Қазақ тілі –алтын тілі Абайдың! Алтын тілім құлдырайтын хал кешсе: Құбылаға қай бетіммен қараймын?!   Өлмес өлең, Жыр көгінде жанған Күн, Қазақ тілі—маржан жыры Мағжанның. Махамбеттің тілі еді ол—алдаспан; Даңғыл үні Ахметтей заңғардың!   Тәңірімнің бізге медет,тірегі: Қазақ тілі—бар қазақтың жүрегі! Сол ЖҮРЕГІМ мәңгі соғып тұрсын деп, Көз ілдірмей күрес жүргіз үнемі.   Тұлпар   Тұлпар қалқып барады Күн астында... Құйрық жолы төгілген қанаты оның. Дес береді тайсалмай мың асқынға Тек көсіле тоздырсын дала төрін...   Жүйрігіне сүйсіне көзін тастап, Қырлар жатыр төсінен күй ағытып, Баурап алған тұлпарды сезім-асқақ, Тиер емес жерге оның тұяғы түк.   Өрт салған соң осынау бал шағымен, Бүкіл тірлік көз алмай қарап бағар... Ерке самал тым нәзік саусағымен Кекілін кеп тұлпардың тарап қалар.   «Ауыз толар бір ерлік жасап барып, Құласа сонда құлар,қара да тұр...» Қос иығынан дем ала масаттанып, Ықыласын үйіре дала жатыр...   Қас жүйрік мұндайда шын аянсын ба, Құлашын алыстарға жазады тек. Тасарынан дүние оянсын да Түкте те ойламас тұяғым тозады деп   Қақыратып ауаны екпінімен, Аққан жұлдыз секілді барады ұшып. Моншақ-моншақ шерлерін төкті,білем Құмарына шабыттың қана түсіп...   Бар ағынға сор болып ағылды алға, Шын құдірет кім болсаң да арбайды анық. Көкірегін керетін сағымдар да Қалуға тек жарап тұр таңдай қағып.   Демін тартып ішіне Дала тұнған, Болат тұяқ барады таратып ән. ...Тектіден туған мен де тұлпар едім, Болмысы дархан күйге жаратылған.  

Жұлдыз  

   Әке жаққан көсеулі от, Оны өрбітер біз бармыз. Ағайынды бесеу ек, Ортамызда қыз жалғыз.   Ешкімнің жоқ таласы: Қыздың асыл заты, рас. Сол бесеудің бағасы Жалғыз қызға татымас.   Мұның айқын себебі: Қыздың жолы—жіңішке. Жалғыз қыздың дегені— Ұласады ұлы іске.   Күн сәулесі шашылар, Айналып Ай-мүсінге. Көзге де ыстық басылар, Дара туғаны үшін де.   Көңілде жоқ кінәрат, Тек,жөнсізге жорыма. Апам салар құмалақ Жалғы қыздың жолына.   Ішкен шайы батпаса, Шешені кім күндейді? Қыздан  хабар таппаса: Түн бойы көз ілмейді..   Аялай кеп,алқала, Қыз қылығы өтімді . Жарқырайтын ортада Жұлдызымыз секілді.     Тұттық әкеп өрнек біз, Өркен жайды гүл төрде. Онша  көңіл бөлмеппіз Ортамызда жүргенде.   Ой түзеп,бой жеткен бе: Терең тартып тамырын. Ұзатылып кеткенде: Гүлдің білдік қадірін...   «Бақыт нұрын мол сепкей, Құтқа тұнып тұрағы...» Апам бізге көрсетпей, Көзін жасқа шылады...   Тағдырға кім бағынбас, Жаттың жұртын тұрақтап. Бірге туған қарындас Бізден кетті жырақтап.   Сағынышқа ұмтылып, Іңкәр көңіл ән жайсын. Жүретұғын құлпырып, Жалғыз гүлді аңсайсың.   Мұны ұға ма мешеу күн, Көңілдерге нұр кіргіз. ...Маңдайында бесеудің Жарқырайды бір жұлдыз.    Қайран Арал   Біз кезде көз тоймайтын қалыбына, Толқынға тулайтын  кеп балығы да... Бұл күнде аянышты күйге түскен Кім-кімді ойландырмас халі мына?!   Жаз еді-ау,оның жаны мұзға айналды, Мәз еді-ау,дархан көңілі сызға айналды. Зор еді-ау соның үшін сор болды да Әз-Арал,аяулы Арал тұзға айналды.   Көл еді—көрікті де қасиетті, Толқын жайып қаншама ғасыр өтті. ...Адамға ақ құшағын жайған еді, Адамнан тапты бүгін қасіретті!..   Көз тартатын лағылға малынғандай, Айдыны шалқар көлдің тарылғандай. Мұңая түскен бүгін текті Арал, Баяғы асқақ кезін сағынғандай...   Көркіне көрік қосып сайран салар, Жағадан тайған киік,тайған марал. Дертіне дәрмен етер дауа таппай, Қор болды-ау, Қолды болды-ау, Қайран, Арал!!   Қыран жыры   Кыран даусы биіктен саңқылдайды, Қасқыр алсын қалжырап,алқынбайды. Құлаш жазып ен көкке емінгенде, Қауырсынын жел тербеп салқындайды.   Бұлтты өбіп,желменен жарасады, Бұл—қыранның шарықтар дара шағы! Шырқау биік сүйсе де зеңгір көкті— Ол ұнатпас аймақты аласалы.   Алай-дүлей,алыпсоқ-кез күткенде, Өршелене қарайды ез біткенге... Дүние оған кетеді керемет боп, Құзар шыңнан етекке көз тіккенде.   Ту биіктен еңіске құлағанда: (Қанатының тұсынан күн ағар ма?!) Түгел дүние құлдилар көз алдында: Тау-тас бар ма, құз бар ма, жыра бар ма...   Қанатының тым жойқын суылынан, Көктің өзі тұрады суырып ән. ...Қыран жыры—қаймықпау ту биіктен, Қыран жыры—жығылмау тұғырынан.    Дала ұлымын   Даланың ұлы едім, Далалықпын, Дархан көңіл даламнан жаралыппын. Дала десе жырларым бар ағытқым, Дала десе гүлденіп,дара біттім.   Мен далаға, Дала шын ғашық маған, Мен қалайша мұндайда жасық болам. Дала болып мен қанат жаямын да Дала болып мен күнде тасып,толам.   Биігімді мен бүгін жанып барам, Иінімде—ен жырым шарықтаған. Мен қаншама төмпештеп,тепкілейін, Арқалаудан дала бір жалықпаған!   Дала ұлымын! Даланың тағысымын, Десем болмас жаныма қағыс ырым. Керегі не өзгенің жұмақ жайы, Керегі не өзгенің бағы шырын?!   Мен осынау өлкеммен мақтанамын, Мен осында жүріп-ақ бақ табамын. Дала деген осынау қасиетті Сүйіп тұрса боғаны нақ табаным.   Ей,адамдар,мендегі жайды ұғыңдар, Күліп тұр ғой төбемде Ай,Күнім дәл. Мен мұншама бақытты болармын ба, Ұлан байтақ осынау байлығым бар!   Мен жайлы керек болса деректеме: Мені титтей даламнан бөлектеме. Даладан еш дүниені ерек деме, Және олай болмайды деп өбектеме!   Дала ұлымын! Даламның игерем кеп даналығын. Даланың маған берген мінезі де Бойымда болса егер даралығым. Дала ұлымын!!!   Наурыз   Жаңа жылым,дара жылым, Жаңаратын жаңа күнім— Наурыз!   Ұлысымның қуатты үні, Ырысымның  шуақ,нұры— Наурыз!   Халқымның зор мәртебесі, Салтымның да ең төресі— Наурыз!   Жаңа күннің бастамасы, Жаңа жылдың астанасы — Наурыз!   Күн менен түн теңелген күн, Қуанышқа кенелген күн— Наурыз!   Мұсылманның жарқын күні, Алашымның алтын жыры — Наурыз!   Дүрмегі мол думан күнім, Менің мынау туған күнім— НАУРЫЗ!   Наурыз келді   Наурыз  келді, ағайын! Жыл жаңарып... Жаңарған жыл әкелсін кіл жаңалық. Ұлыстың ұлы күні дейді мұңы, Ауылына ырыстың бір баралық.   Жайнайды өңір , өмір де, Жайнап жұмақ... Мен де ендігі алайын сайрап, ұнап. ... Күннің өзі марқайып барады , әне, Қырдың көже–қазанып қайнатып ап...   Ұлы күннен сіз енді күш алыңыз, Іріленсін дейміз ғой  ұсағымыз. Кел, ағайын, көрісіп,қауышалық, Ажырамай қалсыншы құшағымыз.   Шаттық гүлін кеудеңе тағып асыл, Шадман даусы жаныңның аңырасын. Дария – дарын, көненің көзі болған, Қарияларым бір түлеп,жадырасын.   Наурыз—бүгін, Даламнан даналық тап. ... Жауқазыным тұр, міне, таранып қап... Жаңа күн ғой , бәрі де жаңарады. Сен де бауырым,Наурызда жаңарып бақ.   Ұлыс дейін, бұл күнді ырыс дейін, Ұлылыққа мен қалай кіріспейін?! Пай-пай,Далам,құлшынып саған келдім, Маңдайынды әкелші иіскейін!     Күмбір қағып көгімнің көкірегі, Көкке тойған қозы-лақ кекіреді... ...Ағыл-тегіл көз жасын көзайым ғып, Аям кемпір кеше үйден кетіп еді...   Наурыз келді! Ағайын, шаттаныңыз, Ауылына ырыстың аттаныңыз ... Ұлы күннен—ұлағат, Сізге айтар: Ұлан-асыр ғасырдан бақ табыңыз!   Наурыздың ақша қары   Наурыздың ақша қары— Алланың бізге жеткен ақ самалы... Ардақтап алақанға алайыншы, Басыма қонса болды бақ шамалы.   Наурыздың ақша қары... Ару қыздың секілді ақ тамағы.! Қара жерге түсірмей қағып алам, Қар емес алақанға бақ қонады!   Қағам тек таңдайымды... Ақ жібек суси түссе—қандай нұрлы! Қонсыншы маңдайыма жазылған бақ , Ақша қарға тосам кеп маңдайымды...   Көңілде налаң бар ма, Ысырып таста бәрін алаң болма. Наурыздың ақша қары жауды бүгін, Алланың нұры жанып жанарларда!   Жоқ енді анық уайым, Ақ ұлпа жұмсақ тиер,мамықтайын. Аспан да арқа-жарқа, Дегендейін: Ақ жырымды мен қалай ағытпайын?   Аспаннан нұр төгіліп, Адамдар ырыс-баққа жүр көміліп... ...Алланың алақаны аялағай, Ақша қарға алсам ба бір шомылып...   Шалқытып төңіректі, Ырыс дүр-шұғыласын төгіп өтті. Уыстап ақ күмісін шашты дағы, Алла  бізді бір нұрға көміп өтті.   Пәк—дүние ,пәк—алабы, Демегін көңілдерде дақ қалады. Нарқымды,халқымды да өсіргендей, Наурыздың ақша қары.   Күн-сәуле   Қолда мені, жарық Күн, Қорға мені жарық Күн! Аспантаулар көгіне Жолда мені,жарық Күн.   Мені өзіңдей жарық қыл, Мені өзіңдей алып қыл. Жарық-дүние жолында Жарқын баққа жолықтыр.   Мен өзіңе ұмтылам, Сәулеңді еміп,құлпырам. Тұла бойға от тұнып, Буырқанам, Бұлқынам.   Тірлік құштым,талпындым, Сен—ұйытқысы нарқымның. Жүрегімді ұялар Сенен ұшқан алтын-нұр.   Қолда мені,алып Күн, Сенсіз мен де ғаріппін. Сен арқылы түйсіндім Құдіретін жарықтың.   Мен де жанып көрейін, Мен де жарық бөлейін. Мен де өзіңдей жұртыма Күн-сәулемді төгейін.