АСЫЛ АҒАЛАРЫМ
2020 ж. 15 ақпан
3492
0
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы
Рахымжан Қошқарбаев
– Рахымжан Қошқарбаев, әне!.. – Жүріңдер, барайық!.. Біз төртеу едік. Жазушылар үйінің Комсомол көшесі жағындағы бұрышында тұрғанбыз. Үш қабатты дәу үйге кіріп баруға бата алмай аялдағанбыз-ды. Атақты жазушылар отыратын үй бізге ертедегі хан сарайындай қасиетті де сұсты көрінген. «Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевпен кездесу болады екенді» естіп жетсек те, енуге дәт жоқ. Сондай күйде тұрып, атақты Қошқарбаевтың өзін көре қалған сәтімізде бірімізден біріміз сүйінші сұрағандай ду етістік те, әлдебір күш тартып ала жөнелгендей-ақ, дереу ұмтылдық. – Сұлу кісі екен! – Алдыңғы екеудің арғысы ғой! – Иә, сол арғысы! Гәзеттерде шыққан суреттерінен білеміз, бірден таныдық. «Әне!..» деп ду етіскенде танығанбыз. – Бергі жағындағы кім? – Ол – Қабдыкәрім Ыдырысов. – Ақын Қабдыкәрім Ыдырысов! Екеуінің соңында бес-алты кісі бар-ды. Ішке ене берген оларға ілесе жөнелдік. Қошқарбаев пен Ыдырысов жоғары көтеріліп кетті. Басқаларымызға әлдекім: «Залға барындар, залға! Кездесу сонда болады, сонда барыңдар!» деп жөн сілтеді. Кездесуден ғажап әсер алдым: Рахымжан аға туралы айтылған әңгімелер, «Батырға!» деп оқылған өлеңдер қанымды қыздырып, жүрегімді тулатты. Орта бойлы ғана қазақ жігітінің Рейхстагқа бірінші жетіп, бірінші есігінің маңдайшасына қызыл жалау тіккен ерлігін басқа ешбіреу істей алмағаны ғой! Істей алса, мыңдаған басқалар қайда қалды?!. Көмірдей қара шәші кесек бұйрасынданып, аялы өткір көзі от шашып, аппақ өңі нұр шашып, еркін күле сөйлейтін Рахымжан аға кішіпейіл екен, Рейхстагқа шабуыл жөнінде, өзінің ой-толғанысы, әрекет-қимылы жайында айтқанын тұжыра келе: – Елден ерекше бірдеңе істедім дей алмаймын, Отан алдындағы, халық алдындағы, осы отырған үлкен-кіші, сіздердің алдарыңыздағы міндетімді атқардым, орындадым, – деп күлімдейді... – Аға, Рейхстагқа беттегенде қандай ойда болдыңыз? – деп сұрақ қойғанымда ол маған күлімсіреп қарап: – Сен қандай ойда болар едің? – деді. Мен не дерімді білмей қалдым. Ол аппақ кесек тісі ақсия қарқылдап күлді. Күлкісі ашық екен. Екеуміз Үкімет үйі мен Бас пошта аралығындағы шағын парктің орта шеніндегі ұзын орындықта отырғанбыз... Жазушылармен кездесудің әсерінен бе, анық білмеймін, мен қалайда батылданып, залдан шыққан Рахаңдар екінші қабатқа көтеріле бергенде қуа жетіп барып: – Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» гәзетінің редакциясынан едім, редакторымыз сізден интервью алып кел деп тапсырған еді, аға, интервью беруге қашан уақытыңыз болады? – дегенім ғой. Редакция қызметкері екенімді дәлелдейтін куәлігімді алып та үлгіргенмін. – Өй, сен қызық жігіт екенсің ғой! – деп қалып еді Ыдырысов. Біреулер күлді. Рахаң маған жалт қараған. – Жексенбі күні сағат он екіде главпочтаның алдында тосатын бол, келістік пе? – деген Рахаң күлімсіреп. – Жарайды, аға, рахмет! – дегенмін мен, қуанып кетіп. Жексенбіге дейін әлі екі күн бар-ды. Ол мерзімді толқумен өткіздім. Редакторымыздан ешқандай тапсырма болмаса да, интервью алуды оп-оңай ойлап таба салғаныма шын таңдандым, бірақ, қысылған жоқпын – атақты Рахымжан Қошқарбаев туралы жазып апарсам, редакторымыздың риза болары сөзсіз! Қазекемнің: «Қуанған да – бір, қорыққан да – бір» дегені рас шығар, әйтпесе, кенеттен батылданып жетіп баруым екіталай-ды. Толқуыма және бір себеп – Рахымжан ағаның тез келіскені де, кездесуге айтқан сағатында келе қоюына сеніңкіремегенім. Ашып ұсынған куәлігіме көз жүгіртпегені көңілімді көншітпеген де. Жағалап әңгімелескіштер көп, жалықтыратын шығар, қайсыбірінен құтылу үшін тез келіскен бола салады да!.. Жарайды, келеді дейін, сонда оған нендей сұрақ әзірлеуім керек?.. Алғашқы сұрағыма жауабы мені тұйыққа тіреп-ақ тастағаны ғой. Мен шынымды айтып: – Білмеймін, – дедім. Рахаң тағы күліп, иығымнан ұстап сәл ырғады да: – Інішек, аты-жөнің кім? – деді. – Ғаббас Қабышев. – Інішек, Ғаббас, екеуміз былайша келісейік: сен гәзеттерді оқып жүрсің ғой, менімен әңгіме жарияланып жатады, оларына рахмет. Мен басымнан кешкенді айтып жүрмін, ешқандай өтірік қоспаймын, өйтсем ұят болады. Не істеп, не қойғанымды саған да дұрыстап айтып берейін, өзің ойлан да жаз, тек дұрыс жаз, келістік пе? – Әрине, аға, айтқаныңызды жазатын боламын. Өз ойымнан ештеңе алып-қоса да алмаймын ғой, соғысты көрген жоқпын. – Алматыға қандай шаруамен келіп едің? – Кезекті сессияға келдім, КазГУ-де, журфакта сырттай оқимын. – Жақсы. Енді көп созбайық, мұқият тыңдап ал, түсінбегеніңді ұялмай сұрай отыр. Келістік пе, інішек? – деп жымиды. – Келістік, аға. Ол «келістік пе?» деп сұраққоюды ұнататын тәрізді, сірә, сөздің нақты, істің тұжырымды болуын қалайды да. Рахаңның жарты сағаттай ғана мұрсаты бар екен, шамасы сол мөлшерде сұхбатымыз тәмәмдалды. «Алтайда жатқан ағайындарымды, гәзеттің өкілін, ініні сыйлағаны деп ұқ, айналайын, кейін де кездесерміз, кең отырып әңгімелесерміз, бүгін ренжіме, келістік пе?» – деп түрегеліл, қолын беріп, күлімдеп қоштасты. Жүрісі шапшаң да жарасымды екен. Қаһарман ағаның жауынгерлік жылдарынан білгім келгенді білдім, лекция мен емтихан аралығында хал-қадари жазып та шықтым. Алматыдан Өскеменге қанат байлап алғандай асыға жетіп, редакторымыз Мұқан Әбуғалиевтың алдына ойында болмаған сұхбатты қойғанымда ол өзіне үкіметтен үлкен награда бұйырғандай-ақ қатты қуанып: – Мұның керемет болды ғой!.. Жеңістің жиырма жылдығына арналған нөмірімізге бұдан артық қандай материал керек?! – дейді, қайта-қайта парақтап. ...Рахаң: «кейін де кездесерміз, кең отырып әңгімелесерміз» дегенді көрегендікпен айтқан екен. Кейін мен Алматыға көшіп келдім. Жазушылар одағында Әдеби қордың директоры болып істеген сегіз жыл ішінде Рахаңмен сан рет жолықгым. Ол «Алматы» мейманханасында директор еді. Қалада мейманхананың аз кезі, оның үстіне барының өзінен орын алуың үшін таныстық керек. Кеңсенің хатымен шоқтықтанып ресми барсаң да, мейманыңа жайлы бөлме бере қоймай қырыстанатындар бар. Сондайды бірер көрген соң бір күні Рахаңа жеттім ғой. Бұрын баруға ыңғайсызданғанмын, баяғы сұхбатымды пұлдап жүргендей болармын деп ойлағанмын. – Баяғыда біздің Ақмолада тойда бір кемпір: «Дегенге сен де маңқа, мен де маңқа» деп, бір шалмен айтыса жөнелген екен, сол айтқандай, інішек, кәне: «Дегенге сен де директор, мен де директор, не бұйымтаймен келдің, тез айтып жібер, министрлігіміз сағынып қалған көрінеді, соларға барғалы жиылып-теріліп отырмын» – деп аңқылдады. Шаруамды айта қойдым, басқа мейманханалар кейде меселімді қайтаратынын да қыстыра салдым. Рахаң орнынан қарқылдап күле тұрып: – Інішек, жүр, сені бір келіншекпен таныстырайын, не тілесең де әрқашан әзір етіп отыратын болады, – деп жол бастай жөнелді. Әкімшілігіне ертіп апарып, балпиып отырған етженді сары әйелге мені нұсқап: – Мына «аласа» бойлы бауырыңмен әңгімелес, ойбай, бұл да – директор, байқап сөйлес, – деп жарқылдап күліп кете барды. Сол күннен бастап мейманхана «мәселесі» шешілгені ғой. Рахаңа телефон шалсам да, кабинетіне бара қалсам да, қуақы үнмен: «Е, немене, орыс достарың тағы келіп қалды ма?» – деген сұрағымен сәлемдеседі. Жаны жомарт жайсаң аға Рахаң жайында әңгіме айтудан мен де жалықпас едім. Шаттанған, шалқи сөйлеген, ренжіген, жирене сөйлеген сәттерінің біразына куәмін. Қарулас болған дос-жолдастары, немесе ауылдас құрбы-құрдастары, ағайындары немесе келіншектер туралы әдемі әңгімелері көп болатын. Анекдот деген пәленің де «жеті атасын» білетін еді. Рахаң туралы жазылған ірілі-уақты туынды баршылық. Сан шумақ өлең де, көлемді хикаят та бар. Рахаңның өз қаламынан шыққан дүниелер және тартымды. Дүние жүзін жаулап алуды, басқа халықтарды «асыл нәсілді немістің» табанына салып құл-күң етуді көксеуші гитлершіл фашистерге қарсы адамзаттық әділетті соғыстың тарихына аты мәңгіге жазылған, қазақтың маңдайына мақтаныш үшін біткен қайран аға арамыздан тым ерте кетті, бізге сол ғана – аса ауыр өкініш!..Бауыржан Момышұлы
1967 жылдың көкек айы-ау деймін. «Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясында жауапты хатшының орынбасары кезім. Жауапты хатшы – Ізағаң... Ақын Ізтай Мәмбетов. Қалай болғанда да жұмысқа таңертең сағат онда келетін Ізағаң бір күні ойда жоқта кешікті. Сағат 11-ге тақалды. Редактордың қабылдау бөлмесіндегі секретарь-машинистка Рая апай кіріп келді де, Ізағаңның бос үстелін иегімен меңзеп: – Ізтай қайда? – деді маған. – Әлі келген жоқ, – дедім. – Ендеше Нығметке сен жүр, шақырып отыр, – деп Рая апай шығып кетті. Бас редактордың бөлмесіне кірсем... Бауыржан Момышұлы! Дәл өзі!.. Нығаңның үстелінің алдыңғы жағындағы қысқа үстелінің оң қапталындағы креслода тіп-тік отыр! Тірі Баукеңді алғаш рет көруім. Атағы аспандап тұрған қаһарман ағаны ойда жоқта ұшыратқаным маған оңай тимеді. Қалайда біртүрлі сасыңқырап қалдым да, редакторға қарап баяу сөйлеп отырған Баукеңе ақырын ғана жақындай бастадым. Бір сәт ол маған жалт қарады – түйіліңкі қабақ астынан қыран көзі жалт етті. «Мінезі шәлкес, ожар деуші еді, рас екен ғой!» деген ой миымның қатпарын қақырата орғып-орғып кеткендей күй кешіп үлгірдім. Бірақ сескеніңкірегенімді сездірмеуге тырысып, ақырын жылжыған қалпымда қарсы алдына барып, оң қолымды жүрек тұсыма басып: – Ассалаумағалейкүм! – дедім. Баукең көзін алмай түксиген күйінде оң қолын самай тұсына қанжарша қалт көтеріп: – Приветствую Вас! – деді де, «қанжар» қолын редактордың үстеліне «құлата» салып, Нығаңа шапшаң қарап: – Бұл жігітің кім? – деді жекігенге бергісіз дауыспен. Редакторға қарасам, ол, неге екенін қайдан білейін, жымың-жымың етеді. – Бауке, бұл жігітіміз – Сіздің мына әңгімеңізді макетке салатын қызметкеріміз, Қабышев Ғаббас деген ініңіз, – деді Нығаң алдында жатқан машинкаланған бес-алты парақты жиыстырып, маған ұсына беріп. Баукең орнынан тұрды да, Нығаңа түксие қарап, қоюлау мұртын оң қолының сұқ саусағымен бір-екі түртіп: – Это – усы! С ними шутки плохи! – деп, сонсоң маған ажырая қарап: – Бара бергін! – деді қатқыл үнмен. Мен ләм деместен есікке беттедім. Сол әредікте редактордың: – Вас понял, товарищ полковник! – деген ойнақылау үнді жауабын естідім. – Гвардии полковник! – деп Баукең саңқ етті. – Вас понял, товарищ гвардии полковник! – деді Нығаң, неге екені белгісіз, еркеленген дауыспен. – Жүдә дұрыс болды, – деген Баукең рахаттана күлді. «Шынында қызық кісі екен-ау!» деп мен де күліп, әрине, іштей күліп, шығып кеттім. *** 1978 жылдың жазы. КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры кезім. Түскі үзілістен келіп жайлана бергенім сол еді, телефоным шылдыр етті. Тұтқасын алып тыңдадым. Арғы жақтан: – Директор жолдассың ба? – деген нығыз дауыс естілді. Баукеңнің дауысы! – Бауке, ассалаумағалейкүм! – дедім, елп етіп. – Уағалейкүміссалам! Қарағым, маған «Алатау» санаторийіне ертеңнен бастап екі путевка керек, жеңгең екеумізге. Мақұл ма? – Бауке, қазір іздестірем, сонсоң өзім хабарласам, – дедім. – Рахмет! До свидания! – деп доғара салды Баукең. Аяулы ағамен сонау алғашқы жүздесуден беріде бірнеше рет кездескенмін. Кездесудің себепшісі өзім болмасам да, басқа қаламдас үлкен-кішімен бас қосуларына қатысып, әңгімелерін тыңдағанмын, табақтас та болғанмын. Баукеңнің тапсырмасын орындауға кірістім. Министрлер Кеңесінің жанындағы 4-ші Бас басқарманың төрағасы Петр Романович Чекуровка телефон соқтым. Қазақстан Компартиясының «Алматы», Министрлер Кеңесінің Кавказдағы «Ессентуки», Алматыдағы «Алатау», Көкшетаудағы «Оқжетпес» санаторийлеріне жолдама беретін ие 4-ші Бас басқарма еді. Біз жазушыларға қажет жолдамаларды бір ай шамасы бұрын жазбаша сұрау жасаумен содан алатынбыз. Баукең болса, «ертеңнен бастап» деп дығыртып қойды. «Күнібұрын айтпадыңыз» деп Баукеңе наразылық білдіруге дәт жоқ. Чекуров та қиналып: «Ах, ах, Бауыржан, Бауыржан... Аяқ астынан жолдама табыла ма?!» деп сұрағын «құшақтап» отырып қалды. Баукеңді сыйлайтынын түсіндім. Әйгілі Бас басқарманың төрағасы әрі Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болу аз мәртебе ме, «жоқ!» деп қитықтана салу сөз бе оған. Ондай морттау мінезін бұрын бірер рет көргенмін. Басқа жазушыларға жолдама керек боп қалғанда... – Петр Романович, жұмыс аяғына таман хабарласайын ба? – деп, тақымдауға кірістім. – Біреу де табылмайтын шығар, бәрі де бөлініп қойылған! – деп ол да кірісті тулауға. – Кім біледі, табылып қалар, – деймін. «Кім біледі». Мен білемін! Бөлетін мен! – дейді. – Басқа жазушыға бүйтіп сұрамас та едім, Бауыржан Момышұлы ғой, –деймін. Баукеңнен артық кімің бар дегенім. – Ертең сағат онда хабарласыңыз, – деді ол. Ертеңінде жұмысқа жеткенше мазасыздандым. Жолдама бола қалса, әрине, онда Құдайдың бергені, ал болмай қалса – мені Құдайдың «ұрғаны», Баукеңе мен не деймін, Баукең маған не дейді?.. Мәшинеден түсе бере: – Тырп етпей отыр, қазір не ұл табамыз, не қыз табамыз, – дедім шоферға. Ол ештеңе түсінбей, бағжиып қала берді. Сағат онға бес минут қалғанда Чекуровқа телефон соқтым. Құдай беріп, «ұл таптық». – Бауыржанның жолы болды, жолдамаларын алып кетіңдер, – деді Чекуров, көңілді үнмен. Әдеби қордың бас бухгалтері Фарида Әбдірахманқызы Миникеева ол жолдамаларды қолма-қол сатып алуға 4-ші Бас басқармаға өзі жөнелді. Қос жолдама қолыма тиген соң шоқтықтанып, Баукеңнің тапсырмасын орындағаныма масаттанып (пенде емеспін бе?!), Баукеңнің үйіне дереу телефон шалдым. Жауап қатқан әйел заты: «Ол кісілер ертең кешке келеді, Талғар жаққа қонаққа кеткен» – деді. «Ертеңнен бастап» деген адамның қыдырып кете барғанына іштей таңдансам да, әлгі әйел затына мән-жайды айтып, жолдамаларды шоферымнан беріп жібердім. Ертеңінде түс әлетінде мені Қалаубек шақыртты. Қалаубек Тұрсынқұлов. Әрі Жазушылар одағы басқармасының үшінші хатшысы, әрі Әдеби қор басқармасының төрағасы – менің ақылшым, қамқоршым. Сыртынан «Құдекең берген жалғыз бастығым» деп қалжыңдап жүремін. Қалекеңнің әкесінің аты – Құдайберген. Қалжыңымды әркім арқалай түсінген шығар, оны анықтап берген емеспін. Қалекеңнің бөлмесіне кіріп барсам – үстелін шынтақтап Баукең отыр. Жүзі жарқын адам емеспін бе, тым-тым көңілдене түсіп: – Бауке, ассалаумағалейкүм! Аманатыңызды орындадым, жолдамалдарды беріп жібергенмін! – дедім, аяғымды жебей баса жақындап. Баукең маған жалт қарады. Өңі сұп-суық екен. Шапанының қойнынан екі жолдаманы алды да, маған қарай лақтырып кеп жіберді. Қалт тоқтадым. Екі жолдама екі жерде шашылып жатты. – Мне твои эти путевки не нужны! – деп Баукең зірк етті. Дәл ондай дөрекілікті күтпегенім шығар, қаным бұрқ-сарқ қайнап жөнелген сияқты бір түсініксіз жәйтке тап болдым. Менің де аздаған «жын-шайтаным» бар еді, соларым жинала қалды. Екі жолдаманы төртке бөліп, шығып кете бергім келді. Бірақ сол иығымдағыға оң иығымдағым қарсы тұрды, «сабыр сақта» деп сыбырлады маған. Жолдамаларды жинап алып, Баукеңе барлай қарадым. – Я хочу в санаторий «Алма-Ата», а не в «Алатау», понятно?! – деді Баукең, жүзін Қалаубекке бұрып әкетіп. Қалекең әлдебір қағазына үңіліп, үнсіз отыр. – Бауке-ау, «Алатауға» барамын деген өзіңіз ғой, кеше ғана? – дедім, өзімді күштей жайбарақат сөйлеп. – Ол – кеше! Ал бүгін – это сегодня! Мне надо в «Алма-Ата», в двухместный номер-люкс, понятно?! – деді Баукең бізге желкесін бере терезе жаққа бұрылып кетіп. Қалтасынан «Беломор» темекі қорабын алды. Неге екенін білмеймін, «бұ кісіге құндыз бөрік пен шапан жарасады екен» деп ойлағаным. Бұрын әскери киіммен немесе жәй ғана костюммен жүргенін көргенмін. Бөрік пен жеңіл шапан кигенін көрмегенмін. Чекуровқа тағы да құда түсетін болдық, – деп күңкілдеп, есікке қарай аяндадым. – Сөйт. Бірдеңе етіп тауып берер, – деді Қалаубек. – Мен Чекуров-мекуровты білмеймін и знать не хочу, понятно?! – деді Баукең отырысын бұзбай.... Ал Чекуров қойнына шоқ түсіп кеткендей бажылдады. Оның халін жақсы түсіндім. Егер оның орнында өзім болсам, жата қалып жер тепкілер едім. Алдын ала сұрайтын жолдаманы дәл керек күні тауып бер деу, тауып бергеніңді енді дереу басқаға айырбастап бер деп талап ету сұмдық қой! «Жоқ!» деп телефон тұтқасын тастай салса, Чекуровты шауып алар кім бар? Петр Романович біраз тулап-тулап, ақырында сабасына түсіңкіреп: – Қазір бөлімдерден сұрастырам, тұтқаны қоймай тоса тұрыңыз. Ах, Бауыржан Момышұлы! Ах, гвардии полковник! Қырсықсың-ау, қырсықсың! – деп Баукеңді сырттай жазғырды да, ішкі телефонымен бөлімдеріне сұрау сала бастады. Сөйлескені маған еміс-еміс естіледі. «Құдай-ау, табылса екен!» деген тілеумен іштен тынып отырмын. Әлде заманда Чекуров: – Ах, Бауыржан, Бауыржан! Өзінің жолы болғыш-ақ, табылды, табылды, бір министр алған жолдамаларын жаңа ғана әкеліп тапсырыпты, бара алмайтын болыпты, соны алыңыздар, – деп күрсініп салды. – Рахмет, Петр Романович, көп жасаңыз! – дедім, шыға алмай тұрған есігім кенет айқара ашылғандай қуанып. – Сіздердің «арқаларыңызда» көп жасамасқа болмас, – деп іліп түсті ол. – Ертең де хабарласып қалуымыз мүмкін, – дедім, ұпайымды түгендеп. – Құдай сақтасын! – деп күлді ол. – Әумин! – дедім. Сол әредікте есігім ашылып, Баукең кіре берді, бунақталған сарыкүрең таяғын тоқылдатып. Орнымнан ұшып тұрып: – Бауке, жоғары... – дегенімше ол: – Молчать! – деді. Иегін көтеріңкіреп, көзін сығырайтыңқырай қарап, қасыма келді. Жүзі жылығандай. «Есть молчать!» деп іштей жауаптасып, қаздиып тұра қалғанмын. Баукең төс түйістерердей тақалып тоқтады да: – Часовой емессің, сорайма, еңкей, маңдайыңды әкелгін! – деді, көзін енді жорта алартып, жұмсақ үнмен. Баукең өзі де бойшаң еді ғой, мен сәл ғана иілдім. Баукең маңдайымнан ақырын сүйді де: – Отырғын, – деді. Өзі қарсыдағы диванға жайғасты. Менің көзіме әкем елестеп, кеңсірігім аши қалды. Баукең бөлмемді жайлап шолып алды да: – Ұзындығы бес метр, көлденеңі үш метр кабинет, да? Қуықтай дейді мұндайды. Директорға жараспайды! – деп маған көз тастады. Бауке, «байға тай мінсе де – жарасады» демей ме? – Дұрыс. Қарағым, мен сені шаршаттым білем. Ренжіме. Солай болды. Енді путевканы қашан берсең де – еркің. Берген күніңнен барамыз. Но только в «Алма-Ата!». – Путевкаларыңыз дайын, қазір алдырамын, «Алматыға», номер-люкс! – деп қуана баяндадым. Баукең орнынан тұрды да: – Молодец! – деп оң қолын сәл көтере қанжарша қаздитты да, есікке беттеді. Шығарып салуға ұмтылып едім, бұрылмастан: – Ты на рабочем месте. До свидания! – деп кете барды. Мен бөрік-шапанды сұлу мүсінге қызыға қарап қала бердім. Мен бірнеше рет кездессем де, сұхбаттассам да, басқалармен әңгімесін тыңдасам да, сол жәйттерде оғаш қылықтарын көрсем де, әрбір сөзіне мән беруге, әрбір қылығын түсінуге күш салып бақтым, мін тағуға тырыспадым. Ғұмырында қаншама қиянат көрген, жапа шеккен, әділдіктің тәттісінен әділетсіздіктің ащысын көп татқан, ілгері басқанның ондап, кері кеткеннің мыңдап саналатынына көзі жеткен, адалдық үшін жанпида дейтіндердің азшылық, ал күн үшін, шен-шекпен үшін арын, ұятын аяқасты ететіндердің сансыз екенін көріп-білген Баукең емес пе еді ол?! Тіршіліктің ондай ықпыл-жықпылды құбылыстарына әрқайсысымыз әрқалай әрекет, әрқилы мінез көрсетеміз. Біріміз әрі-сәріміз, біріміз можантопай көнбіспіз, біріміз ширығып жүріп-жүріп шарт сынамыз, біріміз қолма-қол лап етеміз. Қанша адам бармыз – сонша мінез-құлық бар. Баукең болса, меніңше, көбінесе бірден лап ететін топтан еді. Адамгершілікке жатпайтын көріністің тары түйіріндей дерлігіне де шыдамай, қарсы атылатын. Бетің бар, жүзің бар, үлкенсің, кішісің демейтін. Тірлігінде әділетсіздіктің небір сорақысын көрген, адал еңбегінің әділ бағаланбағанын басынан бір емес, бірнеше мәрте кешірген, сол арам құбылыстың ешқайсысын қаншама арпалысқанмен жеңе алмаған адам екеу болса, бірі – Баукең, ал біреу болса – сол Баукең деп білем. Мен Бауыржан Момышұлының 23-ақпан, 9-мамыр күндері қандайлық күй кешкенін көргенмін, түсінгенмін. Жанды шүберекке түйген жорық жылдары, өмірін, ертеңін өздеріне тапсырған халқы, елі, қанды көйлек қаруластары, көз алдарында жап-жас ғұмыры қиылған дос-жолдастары... Лаң салған зұлым жаудың ойраны... Қиямет қой, тамұқ қой!.. Баукең Кеңес Одағының Батыры атағына үш мәрте ұсынылған. Оны өзі білген. Үш ретте де берілмеді. Бергізбеуге тырысқан ақымақ атақтылардың, топас лауазымдылардың кесірі тиді. Иә, Әдеби қорда директор болған сегіз жылда Баукеңе де қалтқысыз қызмет істедім. Қажет еткен жолдамасын тауып бере алмаған кезім де болды. Ондайда Баукең от алып қопаға кірген жоқ. Сабыр сақтады. Баукең қайтыс болғанда Министрлер Кеңесінің шаруашылық басқармасы қоймасынан, Қалаубектің сөйлесуімен барып, табытты тыстайтын қызыл пүлішті көмкеретін қара барқытты алдым. Оларды Тәшкент көшесіндегі тұрмыстық комбинатқа апарып, тыстаған, көмкерген соң табытты мәшинеге салып алып, Баукеңнің үйіне жеткіздім. Көңілім құлазып, көзіме жас іркіле берген сол сәттерім де әлі есімде. Кейін, Баукең тұрған үйдің сыртқы қабырғасына орнатылар ескерткіш жасалып жатқан шеберханаға барғанда, іштей қатты бір қынжылғанымды да ұмытқан жоқпын. Баукеңнің тақтаға көшірілер портреті маған ұнамады. Аяулы ағаның ұлы – Бақытжан інім екеуміз барғанбыз: – Бақытжан-ау, қайдағы бір солғын суретін беріпсіңдер ғой? Халқымыз білетін Баукеңнің батыр бейнесі жоқ қой мына суретте! Өзі жорта ажырайып айтатын «гвардии полковник Бауыржан Момышұлының» портреті қайда? – дедім. – Жас шешейдің өзі ғана біліп бергені осы болыпты, амал не! – деді ініміз пәс сөйлеп. Қаһарман Бауке! Халқың сені: «Батырым!» – деді. Халық бағасы – ең жоғары, қасиетті баға! Халқың сені мәпеледі, сен халқыңа еркеледің. Мінез-құлқындағы өзім көрген, тіпті естіген «кедір-бұдырдың» бәрі – сенің сол еркелегіңнің елес-көріністері. Ешбір оғаштығы жоқ болатын. «Бар еді» десе, ол – баяғы алыпқашты бос сөз деп білем. Баукең ортамызда аман-есен жүрген кезде өзіме қатысты болған жәйттерден жазған бұл естелігіме аяулы Батыр Аға көз жұмғаннан кейін оның аруағын сыйламаушылыққа жататын мына бір нақты болған істің мән-жайын жалғастырсам деймін. Халықтың Қаһарманы болған Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағын бергізу жөніндегі ұсыныс, талап-тілек бертінге дейін аз айтылған да жоқ, аз жазылған да жоқ. Жеке адамдардың хаттары болсын, тұтас ұжымдардың қаулы-сұраулары болсын – Қазақстан партиясы мен үкіметінің атына мыңдап түскені мәлім. Бірақ соның ешқайсысы еленген емес. Оның себебін мен білмеймін. Менің білетінім, Баукеңе Батыр атағын әперуге Димекеңнің – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың құлықсыз болғаны. Ол кісі жазба естелігінде өзінің ұсынысын Мәскеу, яғни бүкіл биліктің иесі болған Саяси бюро қолдамады дегенді айтады. Мен онысына сенбеймін. Сол тұстағы Саяси бюро мүшелерінің естеліктерінен мәлім болып отырғандай, Саяси бюро Л.И.Брежневтің уысынан шықпаған. Димекеңе үшінші Алтын жұлдызды беруге Саяси бюро мүшелерінің көпшілігі қарсы болғанына, Ленин ордені берілсін деп қаулы алынғанына қарамастан, Брежнев үшінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағы берілсін деген Указын шығара салған. (Саяси бюро мүшелерінің естелік кітәптарында бар факт). Бұл – екеуінің көп жылғы күшті достығының көрінісі. Сондай патша досына Димекең Бауыржан Момышұлына Батыр атағын беру туралы ұсынысын қолдата алмады дегенге сену қиын. Және білетінім: Мәскеуге жазбаша ұсыныс жіберілген жоқ! Ал сол құрамы өзгермеген Саяси бюро Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тілегін қабыл етіп, марқұм Баукеңе Батыр атағын берді ғой... qazaquni.kz