«ДАНЫШПАН БОЛУДЫҢ ТҮК ТЕ ҚИЫНДЫҒЫ ЖОҚ»
2020 ж. 05 қаңтар
5178
0
Қаңтардың 5-і – қазақтың аса көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлидің туған күні. Ақынның туғанына бүгін 85 жыл толып отыр. Замандасы ретінде өзім куә болған кейбір сәттерді еске алып, осы бір естелікті жазғанмын. Алдын ала ақталып жатқаным емес, кейбір оқырмандардың естелікте «Осыны айтудың не қажеті бар?» дейтін де тұсы болуы мүмкін екенін ішім сезіп отырмын. Бірақ ақын да Құдайдың пендесі ғой. Қадекеңнің «Иірім», «Жазмыш» атты кітаптарында да белгілі тұлғалардың пендешіліктері аз айтылмайды. Әлемге әйгілі ұлы тұлғалардың өміріндегі мұндай жайтты баяндайтын естеліктер әлем әдебиетінде де жетіп-артылады. Тек түсіністік танытқандарыңызды қалаймын.
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ
«ДАНЫШПАН БОЛУДЫҢ ТҮК ТЕ ҚИЫНДЫҒЫ ЖОҚ»
* * *
1978 жылы өзім бала күннен өлеңдерін ерекше жақсы көретін ақыным Қадыр Мырзалиевпен (кейін Қадыр Мырза Әли атанды) жақынырақ әңгімелесуімнің сәті түсті. Қазір «жақынырақ» деп жазып отырмын. Шын мәнінде Қадекең мені жанына «жақынырақ» жолатқан жоқ. Қазақстан Жазушылар одағы мекемесінің әкімшілік басқармасы жағында суретші болып істеген кезімде Қадыр Мырзалиев одақта әдеби кеңесшілік қызмет атқарып жүрді-ау деймін. Әйтеуір, жақсы білетінім, ол кісінің қоғамдық жұмысы – қабырға газетін шығару. Екеуіміздің түйісіп қалатын жеріміз де сол «Қаламгер» қабырға газетін шығаратын тұс болатын. Кеңседегі қызметін қалай атқаратынын білмеймін, ол кісі қабырға газетін шығаруды бейне бір негізгі жұмысы секілді сезінетін. Газетке ұсынылатын материалдарды үйінен мұнтаздай таза қылып машинкаға басып келеді. Мәтінде ешқандай қате жоқ. Газет материалдарының жанры да әр алуан: мақала, достық әзілдер, афоризмдер, өлеңдер... қойшы, әйтеуір, бәрі бар. Мен өзімнің алдын ала дайындап алған трафареттеріме сүйеніп, қабырға газетін «безендіріп» шығамын. Қадекең газет материалдарын қайшымен қиып, өз орындарына орналастыруға көмектеседі. Фойеге ілінген қабырға газетін одақ қызметкерлері де, сырттан келген кісілер де жалықпай оқып шығады. – Қадеке, мына материалды қайдан алдыңыз?– деп сұраймын өзіме ұнаған дүниелерді нұсқап. – Оқу керек!– дейді Қадекең. «Нені оқу керек?» деп сұрауға батпаймын. Шикілігімді сездіріп алатын секілді жүрексінемін. Менімен бірге жұмыс істейтін жас ақын Мырзабек Бақытов, бізді жиі іздеп келетін Шаһизада Әбдікәрімов, Халиолла Байменов – бәріміз Қадекеңді қаумалап тұрып аламыз. Барлығымыз да осы кісі секілді ғажайып ақын болуды армандаймыз. Әрқайсымыз да өзіміз білсек дейтін бірдеңені Қадекеңнен сұрап алғымыз келеді. Бірде мен батылым барып: – Қадеке, данышпан болу үшін не істеу керек?– деп сұрақ қойдым. Менің жай әншейін сұрап тұрмағанымды түсініп, Қадекең байсалды жауап беруге тырысты. – Оның түк қиындығы жоқ,– деді ол кісі бетін бізге бұрып.– Үш-ақ нәрсені орында: әуелі, кім көрінгенге әзіл айтпа; содан соң жұрттың көзіне жиі түспе; үшіншісі, көп оқы. Қадекеңнің бұл сөздерін кейін өзіміз талдап алдық. Кім көрінгенге әзіл айтсаң, ол да әзіліңе әзілмен жауап қайтарады. «Әзілдің түбі – зіл». Бірде болмаса бірде бағаңды түсіресің. Жұрттың көзіне жиі түсе берсең, ешқандай да құпияң қалмайды. Жұмбағы шешіліп қойған нәрсе ешкімді де қызықтырмайды. Көп оқысаң, әрине, білетінің де көп болады. Мұндай адам данышпан болмағанда, кім данышпан болады деп түйдік біз. Естелік әлдекімге баға беру үшін жазылмайды. Дегенмен Қадекеңнің ұлы ақын екенін бәріміз де білеміз. Біз тек ешкімді де тірі кезінде ұлы деп жария түрде айтуға дағдыланбағанбыз. Д.А.Оболенскийдің жазуы бойынша, И.С.Тургенев 1852 жылғы наурыздың 13-індегі «Московский ведомосте» жариялаған қысқа ғана мақаласында Гогольді «ұлы жазушы» деп атағаны үшін ерекше бұйрықпен Петербург түрмесіне жабылып, екі апта отырып шыққан. Құдайға шүкір, біз Гогольдің заманында өмір сүріп отырған жоқпыз ғой.
* * *
Мен Қадекеңе «Тұңғыш кітабымды» қолтаңбаммен ұсындым. Ол кісі не ауызша, не жазбаша пікір білдірмеді. Ол кезде біз аға ақындардан бір жылы лебіз күтетінбіз. Өлеңдерімді оқып шығып бір ауыз пікірін айтса деп армандайтынбыз. Арада бір жылдан астам уақыт өтті. Менің «Гүлдерайым» атты екінші кітабым жарық көрген. Қадекеңе ойда жоқта Қазақстан Жазушылар одағының алдында кездесіп қалдым. Сәлемімді алып: – Жақында кітап дүкеніне кірсем, сенің кітабың тұр екен. «Гүлдерайым» деген. Сатып алдым,– деді. – Қадеке, өзім де сізге әкеліп берсем бе деп жүр едім,– дедім мен сәл ыңғайсыз халде тұрғанымды жасыра алмай. – Оқасы жоқ,– деді де, Қадекең одаққа кіріп бара жатып, маған қайта бұрылды.– «Гүлдерайым» сенің екінші кітабың ба? – Иә. – Мен сенің тұңғыш кітабыңды оқығанмын. Тұңғыш кітабы ұнамаған ақынның екінші кітабын сатып алмаймын. Енді түсіндің бе сенің «Гүлдерайымыңды» неге сатып алғанымды?– деді ол жымыңдап. Аузыма сөз түспей: «Рақмет, аға! Рақмет!»– дей беріппін... 1982 жылы Қадекеңнің «Сөз сиқыры» атты жыр туралы кітабы жарық көрді. Алматыдағы Панфилов көшесіндегі «Аққу» кафесінің қарама-қарсы бетіндегі кітап дүкенінен кездейсоқ көрген бойда ойланбастан-ақ сатып алдым да, Қазақстан Жазушылар одағына қарай бет түзедім. Ойда жоқ жерде Қадекең қарсы алдымнан кездесе кетті. Менің қолымдағы «Сөз сиқыры» көзіне оттай басылса керек. Байқатпай ғана көз тастап, жымың қақты. – Қазір ғана сатып алдым, Қадеке. Қолтаңба жазып бересіз бе?– дедім кітапты көлденең тартып. Қадекең қалтасынан қаламсабын суырды да, жеделдетіп жаза бастады: «Байбота! Өздерің туралы айтылар әдемі сөздер осы кітаптан басталады. Аман болайық!.. Қадыр Мырза. 29.Х.82»,– деп қол қойды. – Бұл өзі екі кітап етіп жоспарлаған дүнием еді.Келесі кітабында міндетті түрде өзіңе арналған мақала болады,– деді содан соң мерейімді өсіріп тастап. Қадекеңе одан кейін жарық көрген бірнеше кітабымды қолтаңбаммен ұсындым. Ал «Сөз сиқырының» екінші кітабы қолыма түскен жоқ. Мүмкін әлі жарық көрмеген шығар...
* * *
Кеңес өкіметінің тұсында кітап жәрмеңкелерін ұйымдастырып, оған ақын-жазушыларды арнайы шақыратын жақсы дәстүр болушы еді. Оқырман қауым қалаған кітабын сатып ап, сол арада қаламгерлерден қолтаңба алатын. Әрі кітап саудасы да қыза түседі. Қазіргі Республика сарайының алдында өткен осындай жәрмеңкелердің бірінде Қадыр Мырзалиевпен қатар отырып қалыппын. Қадекең қолтаңба алып жатқан жастарға әзілдеп тұрды. Бір кезде екеуіміздің алдымыздағы кітаптарға бір топ қыз ұзағырақ үңіліп қалды. Менің кітабым бар-жоғы үш-ақ баспа табақ «Жұлдызым жоғары». Қадекеңнің алдында қалыңдығы жуан елі бір томдық. – Кәне, қыздар, кітап алыңдар. Мынау – менің кітабым. Бағасы өте арзан. Мынау – Қадекеңнің кітабы. Менің кітабымды оқуға алыңдар, Қадыр ағаларыңның кітабын ескерткішке алыңдар,– дедім әзілдеп. Сөзімнің соңын іліп әкеткен Қадекең: – Иә, Байботаның кітабын оқуға алыңдар, ал менің кітабымды жаттауға алыңдар,– деді жұлып алғандай жылдамдықпен.
* * *
1982 жылы ақын Жүсіп Қыдыров қатты науқастанып жатты. Көңілін сұрап шығуды ойлап, Комсомол көшесінің бойындағы (қазіргі Төле би көшесі) үйіне бас сұқтым. Ақжолтай жеңгем есікті ашып қарсы алды. Ол кісімен амандасып, Жүсіптің бөлмесіне қарай беттедім. Қасында Қадыр Мырзалиев отыр екен. – Келгенің дұрыс болды, айналайын. Ағаңның көңілін көтеріп қайт,– деді маған жүзін бұрған Қадекең орнынан тұруға ыңғайланып. Төсек тартып жатқан сырқат адамның қасында көп отыру да қиямет қой. Шаршаған шығар деп ойладым. – Қадеке, рақмет! Мен енді бұ дүниелік адам емеспін ғой. Соңғы рет көрісіп дидарласқан шығармыз,– деді Жүсіп. – О не дегенің? Жақсы болып кетесің әлі,– деп Қадекең оны жұбатып жатты. Әрине, ол Жүсіптің беті енді бермен қарайтынына сенген жоқ. Кенет Қадекең орнынан тұрып, Жүсіп жатқан төсекке қарама-қарсы қабырғадағы кітап сөресіне қарай жақындады. Сыртындағы шақпақтарға алтын түстес сары бояумен айқыш өрнек салынған қара ала мұқабалы бірнеше кітапты сөреден суырып алып қарады. Қадекең қолына ұстаған ерекше кітаптарға менің де жанарым қыдырып барып тоқтады. «Антология чешской поэзии» деген үш томдық екен. Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан 1959 жылы жарық көріпті. – Жүсіп, мына кітаптарың жақсы екен,– деді Қадекең үш томдықты бір қолына аударып жатып. – Соны сіз алыңыз. Енді маған олардың қажеті жоқ қой,– деді Жүсіп сәл мұңайып. Қадекең көп кідірген жоқ. Үш томдықты бір қолымен ұстаған күйі қоштасып есікке қарай беттеді. Менің көңілім бұзылды. «Жүсіп, мына кітаптарыңды соңыра мен алайын»,– десе де болатын еді-ау деп қамықтым... Арада төрт-бес ай өткен соң, келесі жылы Жүсіп қайтыс болды. Ақынның қазасын естіп, отбасына жиналған қаламгерлердің ішінде Оразбек Сәрсенбаев, Зейнолла Серікқалиев, Қадыр Мырзалиев, Мамадияр Жақыпов, Еркінбай Әкімқұлов т. б. бар екен. Ел аяғы басылған бір сәтте Оразбек Сәрсенбаев қолына қағаз, қалам алды да: – Ертең зираттың басында сөйлейтін кісілердің тізімін жасайық,– деп айналасына қарап әлдекімді іздеді.– Ақын әріптестерінен Қадыр сөйлесін. Сол дұрыс болмай ма? – Дұрыс, дұрыс,– десті өзгелер. – Қадыр! Әй, Қадыр, қайдасың?– деді Орекең сөзін пісіріп алғысы келіп. Қадекең көзіне түспеді. – Ол кісі сыртқа шығып кетті,– деді ауыз үй жақтан әлдекім. – Қап, әй, ә! Ол енді үйіне кетіп қалды. Режіммен жүретін адам ғой. Өлең жазатын уақыты болып қалған ғой оның. Өлікті сыйласа нетті еш болмаса! Орекең шыр-пыр болды да қалды. Арада жарты сағаттай уақыт өткен соң расында да солай болғанына бәріміздің де көзіміз жетті...
* * *
«Қадыр Мырзалиев ішпейді» деген сөз ел арасына тарап кеткен. Бірақ етене араласпаған менің өзім Қадекеңмен үш рет бірге іштім. «Жалын» баспасында қызмет істеп жүрген кезімізде түскі үзілісті пайдаланып Морис Торез көшесі мен Құрманғазы көшесінің қиылысындағы сыраханаға бас сұғып шығатын әдетіміз бар-ды. Оны өз арамызда «суатқа түсіп қайту» деп жұмсартып айтамыз. Бірде «Жазушы», «Өнер», «Жалын» баспаларында қызмет істейтін бір топ жігіт сол суатқа қарай құладық. Сыраханаға жеткенше біздің қарамыз оннан асып кетті. Мұнша жігітті «суару» бір адамға ауырлау тиетіні рас. Қалтамыздағы тиын-тебенді құрастыратын шығармыз деп ойлағанбыз. Жаздың күні еді. Мұнда сыраға да, саптыаяққа да кезек. Бір-екеуіміз барменнің алдында қалдық та, бір-екеуіміз саптыаяқ іздеп кеттік. Қалғандары сырахананың түкпіріне қарай ойысып, орын сайлап жүр. Сәлден соң қолымызға тиген ыдыстарды сыраға меймілдетіп ішке кірсек, бізбен бірге сыраханаға кірген жігіттер әлдекімді ортаға алып қауқылдасып жатыр екен. Әңгіме көңілді. Бәрі де жайраң қағады. Қарасақ, бұрыштағы оңашалау орында Қадекең жалғыз өзі бір саптыаяқ сыра алып ішіп тұр екен. Біз де жапа-тармағай амандасып жатырмыз. – Жігіттер, ыңғайсыз болды. Жұрт көзінен ұрланып бір саптыаяқ сыра ішейін десем де көріп қоясыңдар,– дейді Қадекең әзілге сайып. – Қадеке, ыңғайсызданбаңыз,– дейді Серік Байхонов көзін жыпылық-жыпылық еткізіп.– Біз сыраханадан Қадыр Мырзалиевті көрдік дегенмен ешкім де бұл сөзімізге сенбейді. – Неге?– деп абдырап қалды Қадекең. – Біз сыраханадан сізді көрдік десек, жұрт: «Қадекең не әперді сендерге?»– деп сұрайды. Серіктің әңгімесінің астары бар еді. Кейбіреулер «Қадыр өзі де ішпейді, ішетін өзгелерге де ештеңе алып бермейді, сараң» деген сөз тарататын. Бұл сөздер Қадекеңнің құлағына да жетіп жататын болса керек. Ол дереу қалтасынан он сомдық суырып алды да: – Жігіттер, мен сендердің Ескеннен басқа ешқайсыңды да бұрын жұмсап көрмеген екенмін. Жұмсап қалған әдетіммен мына ақшаны сол ағаларыңа берейін, сыра алып келсін,– деп арамыздағы үлкеніміз Ескен Елубаевқа ұсынды. Есағаңмен бірге екі-үш жігіт босаған саптыаяқтарды қос-қостан ұстап барменге қарай аяңдады. Осы арада алдындағы сырасын тауысып тастаған Қадекең дәретхана сыртындағы қолжуғышқа қарай беттеді. Алдымызға еселенген саптыаяқтар келгенде біз Қадекеңді таба алмай аңырысып қалдық...
* * *
Бірде Төрегелді Тұяқбаев, Мәди Қайыңбаев үшеуімізді АХБК-да (Алматы мақта-мата комбинаты) жұмыс істейтін бір қыздар қонаққа шақырды. Отырыс жасаймыз, өлең оқисыңдар, билейміз деп ұсыныс жасаған. Біздің жатақханаға барған уақытымыз түс әлеті болғандықтан отырысымыздың қызығы онша ұзаққа созылған жоқ. Бірнеше өлеңнен оқыдық, бірнеше әуенге биледік, дастарқанға жайғастық. Қыздардың көрші бөлмелерінен біреу кіріп, біреу шығады. Алдымызда тұрған арақ-шарап та еңсеріле қойған жоқ. Не керек, отырысты екі-үш сағатта тамамдап, қыздармен қоштастық. Аузымыз аққа тиген соң, сыртқа шыққан біз әлдебір жерге бас сұғып, емін-еркін ішкіміз келді. Әуелі ойымызға түскені Ибрагим Исаев болды. Мүмкін Ибрагимнің үйінде отырып ішерміз, немесе оны үйден алып шығармыз деген ойға тоқтадық. Дереу такси ұстап, Жамбыл және Байзақов көшелерінің қиылысындағы «алқаштардың ақ үйі, сараңдардың сары үйі» аталатын жазушылар тұратын екі тұрғын үйді бетке алдық. Ибрагимнің есігін қағып едік, сыртқа өзі шықты. Күн сенбі болғандықтан қонақ шақырып қойыпты. Үйде Тынымбай Нұрмағамбетов әйелімен, Иранбек Оразбаев бәйбішесімен, тағы да басқа бірнеше кісі бар екенін айтты. «Онда жақсы, шақырылған кісілердің мазасын алмай-ақ қояйық» деп кетуге ыңғайлана бастаған бізді ақын ағамыз қоярда-қоймай асүйіне кіргізді. – Өздерің оңаша отырып іше беріңдер,– деп бір шөлмек коньяк пен бір бөтелке арақты алдымызға қойды. Біз үшеуіміз алдымызға келген арақты қырлы стақанмен қылдай бөліп сарықтық та, коньякты ысырып қойып, қоштастық. Ибрагим қонақтарына қарай кетті. Сыртқа шыққан соң тағы да құлқынымыз қурай түскен біз бұл үйлерде кімдер тұратынын еске ала бастадық. Ақымақтық-ай десеңші. Біреуіміздің аузымызға Қадыр Мырзалиевтің аты-жөні түсе кетпесі бар ма! – Қадекең мынау үйде тұрады,– деді Төрегелді. Ойланып үлгерместен есіктің қапталындағы қоңырауды бастық. Сәлден кейін есік жартылай ашылды да, жеңгеміздің сұлбасы көрінді. Басымыздан аяғымызға дейін тез көз жүгіртіп қарап шыққан жеңгеміз өзіне бейтаныс жігіттерді көрген соң біздің сұрағымызды күтпестен: – Қадыр ағаларың үйде жоқ,– деді де есікті жауып алуға әрекет жасады. Осы арада оның арғы жағынан асыққан аяқ дыбысы естілді. Алдымызда Қадекең тұр! Бізді көрді ме, көрген жоқ па, есіме түсіре алмаймын: – Кім? Кім? Үйге кірсін,– деген Қадекеңнің дауысын естіген соң біз есіктен еркінірек аттадық. Өз сөзінен ыңғайсызданып қалған жеңгеміз біз ішке кірген соң, аяғына әлденені іле салып сыртқа шығып кетті. – Ассалаумағалейкүм!.. Кезек-кезек жамырасып сәлем беріп жатырмыз. –Келгендерің жақсы болды!– деп қояды Қадекең.– Жалғыз өзім ішудің ретін таппай отыр едім. Ақ ішіп келе жатырсыңдар ма, жоқ әлде қызыл ішіп келе жатырсыңдар ма? Біз еркінсіп кеттік. – Ақ ішіп келе жатырмыз!– деп қоямыз. – Сендер мына кабинетке кіріп, кітап қарай тұрыңдар. Мен бірнәрсе қуырып жіберейін,– деп Қадекең бізді жұмыс кабинетіне бастап келді де, тез-тез басып асүйге беттеді. Кабинеттің үш қабырғасы түгел кітап екен. Мен ешкімнің үйінен мұнша көп кітапты көрген емеспін. Таңырқап тұрмын. Бірқатары таныс. Мен бұрын көрмеген, аты-жөнін де естімеген авторлардың кімдер екенін білгім келіп үңіле түсемін. Қолға алып көруге ыңғайсызданып, әр сөреге бір қараймын. Бес-он минут өтті ме, өтпеді ме, әйтеуір демнің арасында ол кісі бізді асүйге алып келді. Алдымызда табада қуырылған картоп, қалпағы әлі шертілмеген бір шөлмек арақ пен «Сарыағаш» минералды суы, үш үлкен фужер, бір тырна мойын рюмка тұр. Біз дастарқанға отыра бергенде Қадекең: – Жұрттың сөзінен қашып, бір «Волга» автомобилін алып едім. Өзім жүргізбеймін. Гаражда тұр. Кейінірек балалардың біреуі мінер. «Қадыр сараң. Ақшасына рақаттанып машина да мінбейді» деп жұрт құлақ етімді жеп бітті. Түнде сол машинаны жуып едік. Ауырыңқырап отыр едім, сендердің келіп қалғандарың жақсы болды,– деп сөз бастады. Қадекең арақтың да, минералды судың да қақпағын қағып тастады. Қимылы ылдым-жылдым. Үш фужерге арақты ортадан асыра құйып, аумағы оймақтан сәл-ақ мазалы тырна аяқ рюмканы өзінің алдына қарай жылжытты. – Біздің үйде су ішкісі келген адам алдындағы арақты тауысып ішеді. Артық ыдыс жоқ. Емеуріннен-ақ түсіндік, «ұзақ отыруға уақыт жоқ, тез-тез ішіп, жөндеріңе кетесіңдер ғой» дегенді ол осы бір сөзбен аңғартты. Тост айтылғаннан соң алдымыздағы арағымызды сіміріп тастап, босаған фужерлерге минералды су құя бастадық. – Қадеке, сізге өлеңдерімізді оқып бергіміз келеді,– деді Мәди сәл байсал тауып отырғысы келіп. – Ең жақсы көретін бір-бір өлеңдеріңді оқыңдар. Мен үшеуіңді де жақсы білемін. Кітаптарыңды оқығанмын,– деді Қадекең. Қадекең біздің өлеңдерімізді мұқият тыңдады. Өзіміз оқыған бір-бір өлеңімізден үшеуіміздің де ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктерімізді тауып алды. Біз өлең оқып отырғанда орталанып қалған шөлмек фужерлерді тағы бір жағалап шықты. Алдымыздағы арақ таусылғанша Қадекеңнің аузына елу грамм тиді ме, тимеді ме, білмеймін, бірақ ол өзінің жақсы болып қалғанын айтты. – Кәнеки, мынаны аяқтап тастайық,– деп Қадекең үшінші айналымды да жөпелдемелетіп жіберді.– Сендер білмейтін шығарсыңдар, мен режіммен жұмыс істейтін адаммын. Соған дағдыланғанмын. Қазір менің таза ауаға шығып дем алатын кезім келді. Түсінулерің керек... Ол сағатына бір қарап қойды. Біз рақметімізді айтып аяқ киімімізді киіне бастадық. Қадекең де сыртқа бізбен бірге шықты. Қалай қоштасудың ретін таба алмай тұрмыз. Кенет Төрегелді: – Қадеке, қыздарға барайық,– деп «ұсыныс» тастады. Мұндай «ұсыныс» болады деп күтпеген Қадекең сасқалақтап қалды. – А-а? Өздерің бара берсеңдерші. Сендер жассыңдар ғой... Жақсы, айналайын, жолдарың болсын!– деді. Бір күлісіп алып, «жақсы-жақсы» дестік.
* * *
Сексенінші жылдардың орта шенінде Ерік Асқаров «Жазушы» баспасында, мен «Жалын» баспасында қызмет істейтінбіз. Бір күні жұмыстың соңына қарай Ерік маған келді де: – Баянғалиға барып әңгімелесіп қайтайық,– деп ұсыныс жасады. Баянғали Әлімжанов – «Жұлдыз» журналының қызметкері. Ақын Жарасқан Әбдірашев екеуі бір кабинетте отыратын-ды. Баянғали – менің құрдасым, екеуіміз бір жылдың төліміз. Оның үстіне университетте қатар оқығанбыз. Бір-бірімізге іш тартып тұратын сыйластығымыз бар. Ал бір өңірдің туғандары болғандықтан ба Ерік Асқаров екеуі ағалы-інілі болып жақсы қарым-қатынас жасайды. Еркетотай, өр мінезді екеуі де тілді жігіт, әжептәуір жас айырмашылығына қарамастан, әңгімелері әдемі жарасады. – Ол орнында ма екен?– дедім мен.– Журнал қызметкерлері баспадағылар секілді сағат алтыға дейін шегеленіп отырмайды. – Әлгінде мені күт деп звондадым. Екеуіміз Абай даңғылының бойынан такси ұстадық та, Қазақстан Жазушылар одағының үйіне қарай жол тарттық. Жолай гастрономға соғып, қалтамызға бір «Қазақстан» коньягын салып алғанбыз. «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің есігін қағып тұрмыз. Ашпайды. Кабинетте кісі бар екенін құлыптың көзінен көріп тұрмыз: кілт салулы тұр. Біз есікті араға сәл ғана үзіліс салып қайта-қайта қағамыз. Үн-түнсіз кете бермейтінімізге көзі жеткен олар есікті ашуға мәжбүр болды. Баянғали. Ыржалаң қағады. – Айтпайсыңдар ма «біз келдік» деп?! Кәнеки, тез кіріңдер! Есікті қайта жауып аламын! Біреу-міреу көрсе сөз қылады... Бұл неғып ұятты болып жүр деп ойладым мен. Ешкімнен қыңбайтын Баянғали емес пе еді? Кабинетте Жарасқан да бар екен. Баянғалидың үстелінің үстінде екі қолын басынан асыра созын жіберіп, біреу етпетінен түскен күйі ұйықтап жатыр. Ұзын шашы дудырап үстелдің үстіне төгіліп кетіпті. Бір көргенде әйел екенін, еркек екенін айырып ала алмастай. – Бұл кім?– деп иек қақтық біз екеуіне. Айтпайды. Екеуі де күле береді. Арасында амандық-саулық сұрасып қояды. – Мынаны өзің реттеп жібер,– деп коньякты Баянғалидың алдына қойдық. – Қызық болды,– деді Жарасқан. Содан соң үстелінің тартпасынан әлгінде ғана жасырылған бірнеше стақанды шығарып, етпетінен ессіз ұйықтап жатқан әлгі кісіні жайлап оята бастады.– Қадеке, тұрыңыз. Жұрт Қадыр Мырзалиев ішпейді дейді. Біз Қадекеңнің бір күнде екі рет мас болғанын көрдік деп айтатын болдық. Қадеке, тұрыңыз. Тағы бір коньяк келді! Қадекең басын көтерді. Біз Ерік екеуіміз өз көзімізге өзіміз сенбей, бір-бірімізге қарастық. Бұл арада Қадекең де ұйқысынан оянып, көзін уқалап, сілкініп, өз-өзіне келіп алды. – Тағы бір коньяк келді дейсіңдер ме? Ұят болды ғой... Бір шөлмек коньяк әрқайсымызға жүз грамнан тең бөлінді. Қадекең көп сөйлемей жинақталып алды. Өзінің бұлай ішпейтінін айтып ақталғандай болды. Бөтелке босап қалған кезде: – Жігіттер, менің сендерден іше бергенім жараспас. Барға жүріңдер. Қалғанын сонда жалғастырамыз,– деді. Біз сөзге келмей орнымыздан өре түрегелдік. «Қаламгерге» кірген соң бізді түкпірдегі үстелге жайғастырған Қадекең сатушы әйелді шақырып алып, кофе мен коньякқа тапсырыс берді. Бардың шыға беріс жағында Сафуан Шаймерденов пен Шерхан Мұртаза отыр екен. Дастарқан мәзірі түгелдене бастағанда Қадекең сатушымен есеп айырысып алды да: – Сендер емін-еркін отыра беріңдер, мен анау ағаларыма сәлем берейін,– деді. Ағаларымен бір тост көтеріп тастап, Қадекең бізге оралатын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ олардың арғы жағындағы есіктен Қадекеңнің қалай шығып кеткенін ешқайсымыз да байқамай қалыппыз...