Арманымның арман болып қалды аты...
2012 ж. 10 ақпан
3926
2
Бақытгүл БАБАШ, халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері:
Маралтай Райымбекұлына
Боз далада, боз қырауды жамылған, Бозамық таң баяу атты салып ән. Бота-көңіл бүгін неге боздайды, Алатауды Сіз ғана ма сағынған? Алатауды Сіз ғана емес сағынған! Алау қарып жүрегімді, лағылдан – Алқа таққан аппақ Айдың астында, Атқан таңға жыр үзгенмін жанымнан. Баққа бірақ бөленбеді бар маңым. Алатаудан асып кетті арманым. Алматыда бір өлеңім бар еді, Сағыныштың сезіндірген салмағын. Ол да менен жырақтады. Қазір – мұң Өлкесіне өлең болып жазылдым. Көктөбеден көктем көшіп кеткендей, Көңілімнің ұрлады екен жазын кім? Алматым-ай... Алматым-ай... Алматы!.. Арманымның арман болып қалды аты. Қойныңдағы қара өлеңнің сынығын, Сүйіп ем ғой! Сүйікті ете алмады... Өксік толы өмір деген осы де, Өкпемді артып өкінемін несіне? Сағынғаным шын болса да, өтірік, ...Алматыны салмаңызшы есіме!!! *** Ақша бұлтқа қондырып арманымды, Тауға теңеп тәкаппар талғамымды. Алматы, аңсарыма айналдырдың, Өзіңде өлең өріп қалған ұлды. Білмеймін, сол серінің серті кімде? Елсізде жүргендеймін елтіп үнге. Жайыққа қаламымды малып қойып, Жыр жазып жабығамын жер түбінде. Суықпын, сіңіп кетті ғайыпқа үнім, Сергелдең сезіміме лайық мұңым. Алатау, махаббаттан мән сұрама, Сүйгенім үшін ғана айыптымын. Жанымды қайтсем екен шерге малған, Мерт болды-ау мұңға айналып мендегі арман. Аласұрып іздеймін әлі күнге, Алматы, жүрегімді сенде қалған... *** Боямасыз балғын сезім, қайда арман? Бақыттың да табылмады дерегі. Баяны жоқ бір ғұмырға байланған, Болмысымнан безіп кеткім келеді... Жаным – жара, жабырқаулы күйдемін, Жалғыз мендей жер бетінде адасқан. Бүгін Сізді менен басқа сүйді ерін, Бүгін мені торлап алды қара аспан. Қара аспаннан аққан жасқа малынып, «Жауын ғой...» деп алдамаңыз, білемін. Ақша бұлттан аппақ шәлі жамылып, Ақ жүзіңді аймалаумен жүр едім. Тамшы болып ағып түссем ғұмырдан, Тырсылы оның жаңғыра ма санаңда? Бұл өлеңім – бұлттар салған іңіргі ән. ...Жаңбыр жауды бүгін менің қалама... *** Кешкі қала. Көліктердің ағыны. Жанымды кеп аймалады тағы мұң. Жамалымды жылы лебі өбетін, Ауылымды сағындым. Артта қалып арман толы гүл шақтар, Бақта жалғыз кешіп келем жұмсақ қар. Қырдағы елмен қош айтысып кетіп ем, Әттең, мені түсінбеді бұл шаһар. Әттең, мені түсінсе ғой, түсінсе, Кері кетіп жүрмес пе еді ісім кей? Кісікиік кейпіне еніп күйзелдім, Ен далада иесіз қалған мүсіндей. Жалғыз мен бе дауасыз дерт меңдеген, Қайран ауыл, үмітің ем сендегі е-ң-ң. Лас қалада мас тірлікке малданып, Жан бағудың қамыменен сенделем. Қала түні. Бұлт бүркеді Ай жүзін. Өлең өртеп өзегімді қайбір күн, Хабарлама телефонда қалғиды: – Аға, өмір қайғылы,ия? – Қай-ғы-лы... *** Көкке өрлеген көңілімнің Күні едіңіз. Жерге түсіп не еттіңіз? Мүмкін бұл да жылап жазған жырларымның киесі? Өксік толы өміріме сәуле болып ендіңіз де, кеттіңіз. Менің асқақ арманым мен мұңдарымның иесі. Шыққа оранған жапырақ ем, Атырапты мөлдір-мөлдір тамшылары әлдилер. Тірлік мәнін танымақ ем, Жүрегімді бір алапат ән билеп. Жаралғанмын, Жаратқанның қолында Сізді ғана сүю болып үмбетім. Қарамадым оңым менен солыма, Сорымның да сол боларын білмеппін. Өзім үздім өз мұңымның моншағын, Жанарымнан, бәлкім, содан тамды мұң? Таңдайымда дәмі қалды сол шақтың, Маңдайыма жазылмаған тағдырым... *** Бәрінен жалықтым. Жүрегім – егесіз қалғандай қамықтым. Бір келіп кетпейсіз неге Сіз? Жыр толы жанымның жартысы – Жыр толы жаныңның жартысын қалайды. Амал не, алып жер үстінде, Тағдырсыз талаймыз. Шарасыз қалпымды айқындап, Жанардан лағыл-мұң құлайды. Сізге арнап жазылған ғазалды Ай тыңдап, Жұлдыздар жылайды. Ақырет түн деген. (Күн көптен күлмеді...) Мен жайлы өлең жоқ кітапты құшақтап, Сіз жайлы өлеңге ен тағып түсі әппақ, Ақүрпек арманды Айға іліп опынғам, Қап-қара түндерде қайғырып отырам. ... Қуантшы бір келіп!!! *** Сіз... Келдіңіз! Кетесіз. Жәудіреген жанарымның жасын сүртіп не етесіз? (Көндіккенмін бұған да). Жылап тұрған мен емеспін, жүрегім ғой, Жұбатасыз бекер сіз. Көзәйнектің ар жағында, Түпсіз сырым сақтаулы еді, Сізге ғана ашылар. Сағынышым қалай, қайтіп басылар? Жайық бойын жалғыз кезгем, Жамалымды жуып берді тамшылар. Көз жасымды құрғататын Құдіреті бар шығар... Күннің нұры жүзімді өбіп, Көлеңкеңді қалқалап, Тұрғанымда, бал шағымды ұрладыңыз бекер Сіз. Сары-сары сағынышты арқалап, Сары-сары жапырақтар үстінде, Қала барам. Кетесіз... *** Түн баласы кірпік ілмей қаңғырған, Ойларымды қайтсем екен, аға, шын? Жолыңызда болса дегем жан құрбан. Тастап тағы барасың. Сізді – арбап арулардың жанары, Мен – мейірім іздеп жерден жалықтым. Сезіміңнің сиқыры да шамалы, ...жаңа ұқтым. Өңкей мұңды өлеңіме тоғытып, Бәрі алдады. Арманым да. Қала. Күз. Енді Сізге бере алмаспын жыр оқып. ...сағынышым ғанасыз!!! *** Сезімді аяп, түсіп жүрген егеске, Шыққа толды етегім. Тағдыр бәрін шешіп қойды емес пе, Сізді неге сағынады екенмін? «Жаным» деген жалғыз сөзден жылынып, Жүрегімде бүршік атты бір үміт. Құшағында қара түннің құмығып, Сізді ойладым. Айтыңызшы, ақтала ма бұ қылық? Тағдырымды – тағдырыңа қоспаған, Тәңірге де тілім тиді қаншама? Біз айтпаған махаббаттың бал әнін, Ақ кептерім алып ұшты аспанға. Түндерім де түс сыйлаған мұздай тым, Жадыма алсам жаным тағы сыздайды. Өз бағымда өлең жазып отырам, Өзге гүлді аялаған Сіз жайлы... Ақымақтық? Ақтамайды мені ешкім. Үмітімнің алтын жібін тек естім. Бір sms жаза салсаң не етеді? ..Ұмыта алар емеспін... *** Көктегі Ай мен Күндей болды арамыз, Кешегімнің, кешкенімнің бәрі аңыз. Жанды өртеген от сезімді күл қылып, Бір қырсықтың соңына еріп барамыз. Хош бол енді! Қарама көз жасыма! Мен бақыт боп қона алмадым басыңа. Екі оттың ортасында сенделген, Сыңар қанат құс едім ғой, расында. Жаным жүдеп, жүргенінде жүз налып, Бір құдірет кезіктірді бізді анық. Маржан тағып қанатымның астына, Заңғар көкке кетсем дедім Сізді алып. Аспан жақта бізді күткен бақ бардай, Арманыма алданған сол шақтарды-ай! Жазмышымнан оза алмаған жанымды, Жұбатады арым ғана ақ қардай. Жанарымда-лағылдай мұң тізбегі. Жел ұшырған жапырақтай күздегі, Қалтыраған менің жетім көңілім, Сізден мәңгі-мәңгі үмітін үзді енді. Хош бол, менің ерте біткен ертегім! Сағынбаймын! Сағынбаңыз Сіз мені!