София Мәлікқызы: Мыңның ішіндегі асыл еді...
2019 ж. 20 шілде
10211
0
Уақыттың ең әділ төрешісі адамның парасат-пайымы, ой-өрісі дейді. Солай дұрыс та секілді. Дегенмен, өмірдің ащы-тұщысына айрықша сезімтал та төзімдісі – әйел жүрегі.
Тарих қойнына еніп бара жатқан дәуреннің аяулы кезеңінің әсерлі әңгімелерін әспеттеп айтып отыратын да – аналар. Сондай жандардың бірі – қазақ халқының ақиық ақыны Жұбан Молдағалиевтің жары София Мәлікқызы. Жан дүниесі баладай елпілдеген ақ жүрек жан ерекше мейірімді, жүзі әңгіме айтқан сайын нұрланып отырады екен. Ол ішкі тазалықтың сыртқы көрінісі-ау, шамасы.
– Шығыста мынадай бір аңыз бар екен.
Бір адам Ұлы ұстазына келіп: «Мен Құдайды шын беріліп сүйгім келеді. Маған осы жолды көрсетіңізші» – депті. Сонда ұстазы: – «Сен өмірде әйелді шын беріліп сүйіп көрдің бе?» – деп қарсы сұрақ қойыпты. Оған әлгі адам сәл шамданып: «Мені әйел де, басқа да қызықтырмайды, мен Құдайды ғана сүйемін, соған баратын жолды көрсетіңізші». – депті қайталап. Сонда ұстазы жылап жіберіп: – «Онда бұл жол сен үшін жабық екен. Сен әуелі әйелді, яғни жарық дүние сыйлаушыны сүюге тиіс едің. Бұл – Құдайға барар алғашқы баспалдақ. Құдай – сол жолдағы жоғары сатыда. Ал сен болсаң алғашқы баспалдақты баспай тұрып, ең соңғысына бір-ақ секіргің келеді. Әйелге деген махаббат ұрпақ, өмір ғой. Құдайға барар жол да сол баспалдақтан басталады» – деген екен. София апай, Жұбан ағаның алғашқы баспалдақты басуы қалай басталып еді?
Апай жымиды. Сірә, алпыс жыл бұрынғы оқиға есіне бірден сап ете түсті ме, бетінің дуылын басқысы келгендей алақанымен жүзін басып біраз отырды. Жанарындағы жылылық екеуары әңгімені жұмсақ бір арнаға бұрғандай.
– Ол кезде мен тоқыма фабрикасында жұмыс істейтін 17 жастағы бойжеткенмін. Соғыстан кейінгі жүдеу кезең. Көршіміз Айша апай (фамилиясын ұмытыппын) қазіргі «Жас алаш» газетінің редакциясында жұмыс істейді. Гүлсім деген Жұбандардың туысымен араласып тұрады. Әйелдердің жұмыспен бірге тұрмыстық мәселені де шешіп жүретін әдеттері емес пе. Айша апай шешесін емдетуге әкелген Жұбанға жақсы қалыңдық керек екенін құлаққағыс етеді. Әдемі, ақылды, кейін жақсы әйел болады-ау деген қыздардың алдымен суретін, соңынан өздерін көрсетіп, бір-бірімен салыстырып, көргендері көңілдерінен шықпай жүрген сәт екен. Жұбан шешесі Зеріппен Айша апайдың үйінде жатады. Екеуі соғыста бірге болған, содан туыс, бауыр болып кеткен ғой. Айша апай үйіне шақырды. Әлі есімде, түскі уақыт. Бардым. Ойымда еш нәрсе жоқ. Үйде үлкен кісі мен газет оқып капитан шенінде әскери киім киген бір жігіт отыр. Мен кірген бойда бұрыштағы орындыққа отырдым. Айша апай қайыра бөлмеге бас сұқпай қойды. Әрқайсымыз өз ойымызбен болған шығармыз, уақыт сондай ұзақ болып көрінді. Бір кезде қайнаған самауырынды көтеріп апай кірді-ау, әйтеуір.
– Мына кісі ұялып отыр, сіз өзіңіз жоқ болып кеттіңіз, – деп Жұбан оқып отырған газетін шетке ысырып қойды. Бізді таныстырды. Мен бірден Жұбанға қол беріп таныстым да, содан кейін үлкен кісінің қолын алдым. Өзім қатты қызарып, үйден тез шығып кеттім. Мен кетісімен шешесі: «Осы қызға үйленесің, басқаның қажеті жоқ». – деп бірден мәселені шешіп тастаған ғой. Біз сол таныстықтан кейін бір жұманың ішінде үйлендік. Кешкі уақыттарда тиіп-қашып әңгімелескеніміз болмаса қазіргілерге ұқсап театр, киноға барып қыдырмадық. Сағынғали Сейітов – Жұбанның досы. Ол маған: «Жұбанның болашағы зор. Етегінен ұстасаң жаман болмайсың. Үйдегі үлкен кісіні күтіп-бақсаң болды. Басқа ешнәрсенің қажеті жоқ», – дейді. Біздің қолымызда нағашы әжем тұрады. Күтімі мойнымызда. Сондықтан Сағынғалидың әңгімесіне іштей көніп қоямын. Жұбан өзіме де ұнап тұр. Үйдегі төрт баланың үлкенімін. Тұрмысқа шығу мәселесін үйдегілер құлаққағыс етіп қойған. Икемдеп жүргендері де бар болатын. Оны сырттай қаламайтынмын. Жұбан оның қасында жігіттің сұлтаны. Әскери киімі өзіне қандай жарасушы еді. Соғыс бітісімен Ташкенттегі әскери округке орналасып, одан Алматыдағы Офицерлер үйіне ауысқан кезі. Махаббат деп айтуға да, айтпауға да болатын сезіммен 1947 жылы 22 қарашада үйлендік те, елге кеттік. Енем, мен мама деймін, бірден: «Билік менде болады» деді. Ол кезде үйде де, сыртта да қазіргідей билікке таласатын кез бе... Біз үшін мамамдікі дұрыс.
Мен қалай үйленгенімізді сөзбен айтып жатқаным ғой, Жұбан ағаң өлеңге былай түсіріпті.
Таныстық, таныстық та үйлендік біз,
Үйі де, күйі де жоқ, күйде едік біз.
Жұпыны сен ұяң қыз, мен майдангер,
Тұрмысты кімнен, қашан үйреніппіз?
Бар түгіл жоққа риза, тұра бердік,
Болмады сынық ожау, мұра дерлік.
Сүйгенбіз «сүйеміз» деп ант-су ішпей,
Бұл тіпті болмаса да, сірә, да ерлік.
Дүниеде өзің екен деген мықтым,
Ықпасам махаббаттан, неден ықтым?
Не ғалым, не қайраткер болмасаң да,
Әйелдің даналығын сенен ұқтым.
– Ақынның әйелі болу – патшаның көмекшісі болу сияқты ма деп қаламын кейде. Мынадай бір аңыз есіме түсіп отыр. Патшаның көмекшісіне күтуші шарап ұсынады, Көмекші шарап алу уақытында күтушіге қарап бір көзін қысады. Төрдегі патша оның көз қысқанын байқап қалады, патшаның көргенін көмекші де сезеді. Көмекші оқыс жасаған ишаратын патшадан жасыру үшін бір көзін қысқан күйінде қалдырады. Патша: «Ей, көмекшім, көзіңе не болды?» деп таңданып сұрайды. Көмекші: «Ей, патшам, бір демнің арасында не себептен көзімнің жұмылып қалғанын білмеймін» – депті, де сол күннен бастап үйде болса да, сапарға шықса да, адамдардың алдында да, жалғыз өзі отырса да, мәжілісте де бір көзін ашпайтын болыпты. Сол секілді Зеріп апайдың алдында «бір көзіңізді ашпайтын болдыңыз ба?».
– Сонымен елге, Орал облысының Тайпақ ауданына кеттік. Ақша ауысып, абыр-сабыр болып жатқан кез еді. Ауылда мал, қора-қопса бар дегендей. Мен қалада өскен қызбын. Сиыр саумақ түгіл, оның мөңірегенінен қорқамын. Бірақ үйреніп, көп нәрсенің ығып тауып кеттім. Дегенмен, сиыр саусам екі жеңіме қарай ағып, көйлегімнің етегіне барып құйылады. Оның үстіне мамам «сиыр аяғын шелекке сұғып алмасын» деп қатты қадағалайды. Үйде туыстың Ерсайын деген баласы бар. Мен сиырдың бауырына отырғанда ол бұйдасынан басын ұстап тұрады. Кейде менің әбігерленіп кеткенімді байқап Ерсайын сауады. Сонымен қойшы «ит қорыған жерге өш» демекші, бірде сүт сауылып бола бергенде сиыр сүт толы шелекке аяғын сұғып алмасы бар емес пе! Ерсайын маған, мен Ерсайынға қараймын. Ерсайын: «айтпай-ақ қояйық, білмейді, сүзіп, сүт тартатын машинадан өткізіп жібереміз» – деді. Мен де қайнымды тыңдай қойдым. Сөйтіп, енді шай бере бергенде: «Не сиыр аяғын сүтке малып алған ба?» деп сұрап қалмасы бар емес пе?
– Жоқ, – дедік. Мамам: «неге өтірік айтасыңдар? – деп ақырып қалды. Ерсайын екеуіміз жерге кіріп кете жаздадық. Көп ұзамай Ерсайынды үйлендіріп, сиыр саууды келінге өткіздік.
Мамам ауылдық кеңестің бастығы болған адам ғой. Үйге қонақ көп келеді. Күніне қол диірменге бидай тартамыз. Бидайды бабымен қуыра алмайсыңдар деп өзі істейді де, біз жатар алдында келін екеуіміз, үйдің барлық шаруасының басын қайтарып қойғаннан кейін қол диірменнің жанына отырамыз. Бір-біріне үйкескен екі тастың біркелкі сарыны ұйқы келтіреді. Осылай отырып қалғып кетеміз. Мамамның «Әй!» деген даусы ұйқыны шайдай ашып жібереді. Енді жұмысты жылдамдатып, жатуға қамданамыз. «Мен неғып отырмын апамның баласының қасына жатпай» дегендей емес, мен апамды шешіндіріп жатқызып, басына сусынын қойып, аяғын уқалап беріп отырып, апамның қасына жата кетемін. Түнде сусынын алып беремін. Сонда ол кісі елудің ар жақ, бер жағында екен ғой.
Ол кезең үлкен өмір мектебі десе дегендей. Үлкен бір қазанмен бір үйдің ас-суы дайындалып жататын. Су ысытып, құйып алып, сүт пісіріп, іле-шала бауырсақ пісіріп, тамақ жасалып, кезек-кезегімен болып жатпаушы ма еді, қазір әр тамақтың бір ыдысы бар.
Суды құдықтан аламыз. Тұщы суды кілетке қойып үнемдеп, тамаққа ғана жұмсауға тырысамыз. Біздің жақтың сол кездегі желі мен боранын айтпаңыз. Иінағашпен су әкеле жатсаңыз, өзіңіз алға, екі шелегіңізді жел итеріп артқа тартып, шаршап, болдырып, әупірімдеп жетесіз-ау. Осынша күшпен әкелген судың тамшысын төкпеуге тырысасыз ғой. Бірақ менің шашым ұзын, қалың, бір шелек суға тұтылып, ашылмайды. Бір бас жууыма екі шелектей су кетеді. Мамам ондайда: «Өзіміз бір құман суды ысытып алып, оң иығымыздан «бисмилла» деп құйсақ тазаланып шыға келеміз, сендердің осы екі шелек су жұмсайтындарың не?» – дейтіні бар еді.
Мамам мені Айша апайдың үйінде алғаш көргенде ұнатқан қалпымен өтті. Менен басқаның істегенін онша жақтырмайтын. Төсегін менің салғанымды, тамағын менің пісіргенімді, киімдерін мен кигізіп, өзім тіктіріп бергенін қалайтын. Менің қазанға ет жуып салғанымды қатты ұнататын. Өзі кірпияз болғандықтан, менің де шөп-шөңге қалдырмайтыныма сенетін. Балаларды бауырына салып, маған көп жолата бермейтін. Мен емірене қалсам «үйіңнен туып келген балаң жоқ», – деп қағып тастайтын. Тұңғышымыз Гүлмира туғанда: «Жалғыздың жанын жұтатып» деп ренжігені бар. Бірақ Гүлмираны жанындай жақсы көретін. Менің жаныма келсе: «Сопияның иісі шығып тұр», деп қызғанып қалатын. Балаларға менің атымды ататты.
– Сіздің Жұбан ағадан гөрі енеңіз туралы естелігіңіз көп секілді.
– Мен ол кісінің маған қойған талаптарының бәрін орындадым. Себебі маған жас кезімде жалғыз ұлдың, жалғыз баланың анасының сезімін, мінезін түсінуге сабыр, ақыл берген Құдайға мың тәуба деймін. Біз Жұбан екеуіміз көзбен, көңілмен ұғыстық. Әлдебір жағдайларда ол менің сөзімді сөйлей қалса, онда мамам кәдімгідей ашуланып қалатын. Сондықтан Жұбан сыртқы елге шығып, сыйлық әкелетін болса екеуімізге бірдей етіп алатын. 1968 жылы, 18 жыл бірге тұрған мамам қайтыс болды.
Анашым – Аты Зеріп, – бәрі де өлді,
Ұлына сүтін, күшін беріп өлді.
Әйелдің алдияры, ақсұңқары,
Аптапқа, азапқа да берік еді, – деп Жұбан жазғандай, енем әйелдің ақсұңқары еді.
– Адам алдындағылардан да, соңғылардан да көп үйренеді дейді ғой. Алдыңғылардан не үйрендіңіз, арттағыларға не үйреттіңіз?
– Өтті-ау дәурен дегендей, біздің алдымызда қараса көз тоятын, сөйлесе көңіл тоятын, отырған жерлерін биіктететін, айналасына сәуле шашып тұратын салтанатты үлкен бір көштің адамдары болды. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов... Асылдардың қайсыбірін айтарсың. Ол кісілердің өздері бір мектеп болса, әйелдері екінші мектеп еді ғой. Сәбит Мұқанов біздің мамамыз қайтыс болғанда: «Қайран жеңгеміз кетіп, келіннің қолына қарайтын болдық-ау» – деді. Осы сөз менің ол кісілердің қызметіне қандай кезде болса да дайын, жинақы тұруыма себепкер болды. Үй-түзімді мамам бардан кем етпеуге тырыстым. Біз Сәбит ағаның үйіндегі Мәриям апайдың гваридиясы едік. Бірде көк базарда Жұбанның менімен жүргенін көрген Мәриям апа бізді біраз жерге ықтырып тастады. «Азық-түлікті мен өзім алып жүрмін, Жұбан серуендеп жүріп, кездесіп қалды» деп ақталып жатырмыз. Ғабит Мүсіреповтың үйіндегі Ғүсни жеңгей қандай еді... Өзі ауруханада қатты науқастанып жатып, үйдегі жиһаздарды қалай орналастырсам оңды болатындығын айтып, солай істеуімді өтініп еді. Біздің алдымыздағылар өздерін ғана емес, өзгелерге де жақсы болуын көп ойластыратын. Олар бір-бірінің үйіне қонаққа жиі барып тұратын. Ол кезде қонақ күтудің өзі бір салтанат еді ғой. Дастархан басындағы әдебиет, өнер туралы әңгімелер қазіргі съезд көтеретін мәселеден салмақты еді-ау. Үлкен-үлкен шығармаларды талқылап, қайта жазғызып, қайта оқытып, кем-кетігін ұлылықпен түзеп жататын. Ішетіндерін де алдын ала даярлап қоятынбыз. Тайыр Жароков қызыл арақты ұнататын. Мунира апай жанында отырса, шымшылап көп ішкізбейтін. Сонда Тайыр үзілісте: «Әй, ішіп қой, алып қой деген зорлау болмай ма, сонда іш деп отырса қалай ішпеймін деп алып қоймаймын ба», – деп күлдіруші еді. Алдымыздағы үлкендер соншалықты ұлы әрі соншалықты қарапайым еді.
– София апай, Мәриям Мұқанкелінінің бір естелігінде: «Бір жолы Сәбиттің басына барсам, төңірегінде түгел әйелдердің бейіті қаптап кетіпті. Жүрегім бір түрлі болып кетті. Қасында Гүлбарам, Сәкеннің әйелі, бір жағында Хайдар Арыстанбековтың әйелі, бір жағында Жамал Омарова. Сосын тұрдым да: «Құдай-ау, қасыңа кілең әйелдер жиналған екен. Целый ансамбль ғой мынау. Әй, Сәбит, – дедім дауыстап – сен ойлан, мені ұмытып кетпе. Ертең мен келгенде, орныңды сипап қалмайын, смотри! – дедім, – дегені бар екен. Апайдың жылап тұрғанда аузына түскені ғой. Қимаған аяулы сезімі. Қызғаныштың да жақсы бір реңк алатын кезі болады ғой. Сіздің басыңыздан сондай сәттер өтті ме? Жұбан аға Жазушылар одағының басшылығында отырғанда пәтерді қыз-келіншектерге көп бөлдіріпті.
– Жо-жоқ. Жұбан ағаң поэзия мен үйден басқаға бұрылмаған адам. Мен оны солай түсіндім, солай қабылдадым. Жүрегім оның кәмілдігіне шәк келтірмейді. Бұлай үзілді-кесілді жауап беруімінің сыры бар. Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып жүргенінде атақты бір жазушының әйелі күйеуінің опасыздығын айтып, жылап келгені бар. Соны естігенде қатты қайран қалып, «онысы несі екен, ә, онысы несі екен, ә!» деп күйінгені көз алдымда. Ол отбасынан бөлек өмір бар дегенді ойына алмай кетті-ау деп ойлаймын. Рас, Жұбанды бір әйел жақсы көрді. Дәрігер – рентгенолог еді. Бірде ауруханаға барған менен: «Сіз Жұбанның әйелісіз бе, мен оны селт еткізе алмай-ақ қойдым ғой» дегені бар. Мен не дейін, «саған бұл мәселеде ешқандай көмектесе алмаймын» деп жөніме кеттім. Бірақ көңіліме қызғаныш кірген жоқ.
– Жүзге келген бір қариядан артынан қаулап өсіп келе жатқан ұрпақтары: «Көке, өмір қандай екен?» деп сұрапты. Сонда әлгі кісі: «Несін сұрайсыңдар, шырақтарым, өмір деген есікті ашып, қайыра қайтып жапқандай ғана екен» депті. Сол айтқандай адам баласы жер бетінде мәңгі жүретіндей болып көрінеді. Тек бір қимас жақының, асылың дүниеден өткенде өмірдің опасыз екеніне көз жеткендей болады. Есіктің ашып, жабылғандай кезеңінің көңілде жатталып қалған аяулы бір суретін есіңізге түсіріңізші.
– Біз «сүйеміз» дегенді айтпай көңілмен, жүрекпен ұғысқан жандар едік. Сезім лүпілімізді жалаңаштамайтынбыз. 1965 жылы Моңғолияға бір ай мерзімдей уақытқа командировкаға баратын болды. Кетіп бара жатқанында «телефон соғу қиын болар ма екен?» деді. Мен: «Онда хат жаз!» деп қала бердім. Содан хат пен телефоннан бұрын өзі келді. Оңашада шабаданының түбіндегі хатты алып берді. Онда былай деп жазыпты. «Апака, родная моя Софья! Вот я по-твоему подсказку решил из далекого Улан-Батора, столицы братской Монгольской Народной республики, впервые написать тебе письмо. Да, мне никогда не приходилось писать тебе. Больше того: мы с тобой еще не объяснились даже в любви. Познакомились и в течение одной недели успели пожениться. Но, спасибо судьбе тысячу раз, что дала мне именно тебя.
Я всегда горжусь тобой и твоей беспредельной любовью ко мне. Хотя ты, также как я, ни разу не говорила: люблю. И правильно. Истинная любовь должна подтверждаться жизнью, делами, а тогда объясняться не надо. И ты мне кажется, тоже хорошо знаешь как я дорожу тобой.
Моя самая большая и тайная мечта: сделать тебя и моих детей счастливые всех. Для этой цели я и живу. Не заню, насколько мне это удается, но я думаю, что мы и сейчас счастливы. Поэтому что, без слов понимаем друг друга, заботимся друг о друге и дети у нас растут хорошими.
Вот я, через 18 лет после нашей женитьбы, наконец, объяснился с тобой в любви. Видимо, начинаю стареть что ли.
В общем, береги себя, родная. Ты мне очень нужна, больше, чем кто-либо на свете.
Теперь о деле. Как я уже говорил тебе по телефону, здесь встретили меня очень хорошо. Пока я нахожусь в Улан-Баторе, а в понедельник 25 (1) еду в Дархан, в новый строительный центр. Вернемся 28 января, затем тут поблизости, съездили в угольный район, к шахтерам, а 4 февраля домой, в Москву.
Вот и все. Целую тебя и наших детей.
Твой Жубан. 22.1.1965 г.»
Міне, осы хат өзгелер үшін өміріңді арнау үлкен бір бақыт екенін аңғартып, мейірімге мейірім қосып, өмірімізді бұрынғыдан да шуақтандырып жібергендей болды.
Жұбан ағаң сыртқа шыққанда үйге сыйлықсыз келмейтін. Жапония жерінен бірде қып-қызыл кимоно әкелді. Өрттей. Өзім ерекше болып киінгенді онша ұнатпаймын. Сол көйлектің ағаң әкелген қалпымен тұрғанына 40 жылдай болып қалыпты. Алып, қарап, сипап қайыра орнына қоямын. Шөберем бойжетіп қалды, соған берермін.
Хатта «Апака!» деп отыр ғой. Әңгімеміздің басында мамам 4 балаға да мені София деп атымды ататты деп едім ғой. Мамам қайтыс болған соң олар мені «апака» деп атап кетті. Жұб-ағаң да солай атайтын болды.
– Апай, суға зәру жерде екі шелек суға жуатын шашыңызды суы мол Алматыға келген соң кесіп тастадыңыз ба? – деймін әңгіме арасында ептеп өзімсіне әзілдеп.
– Жо-ға. Мамам қайтыс болған соң, мұнда, бертінде Жұбан ағаңнан рұқсат сұрап барып кестім емес пе... Онда да жұқарып, түсе берген соң. Мамам, әй, қайдам, рұқсат бермес еді-ау... – апай, шынын айтып ақтарылып отыр. Елгезек жанына дана кейпі үйлесіп өнегелі өмірдің әдемі бір өріміндей әсер қалдырады.
– Апай, – деймін, – енді мен де бәсең дауыспен. Оның артында неге қалдым. Маған бұл дүниенің енді қандай қызығы бар деп тарыққан кездеріңіз болды ма?
– Болмаушы ма еді, болады ғой. Өмір тану сабағында бәрі болады. Жұбан кеткеннен кейін қонаққа барғанда, жалғызсырап қалатын болдым. Бұрын ол барда онымен ілесіп ол төрде отырса мен де төрге шығушы едім. Ол жоқта үй иесінің отырғызған жерін қанағат тұтамын. Ондайда Жұбанды іздеп жабырқаймын.
– Жұбан Молдағалиев поэзиядағы борышын өтеген ақын ғана емес, ұлт алдындағы парызын ақтаған батыр да. Жыл айналып желтоқсан келген сайын ойыңызға не оралады?
– Небір сұмдықтар оралады. Қабырғама қан қатырып, кеңірдектен қылқындырған кезең ауыр еді ғой. Бүге-шігесін өздерің де біліп жатырсыңдар ғой, қайталамай-ақ қояйын. Олжас Сүлейменов «Сіз сөйлейсіз!» депті. Жазған сөздерін алдымен маған оқып берді. «Тым қатты кетіп қалыпсың ғой, жұмсартуға болмай ма?», – дедім. – Жоқ, – көп болса қызметін алар, қаламым өзіммен бірге қалады, – деді. Сөйтіп адамгершілік туын, әділдік туын шыңға шығарды. Мінезін танытты. Адалдығын көрсетті.
Иә, мен Жұб-ағаңның бауыры ауырғанын, асқазан жарасының ашылып, қан тоқтамай қойғанын білемін. Бірақ желтоқсан көтерілісіне байланысты өлімі жеделдеп кеткен жоқ па екен деген күдік жиі-жиі мазалайтын болып жүр.
Қуанатыным, «қайтейік енді» деп көп адам қипақтап тұрғанда, туралыққа жол салып бергені. Сананы сәулелендіргені. Ел тірлігін жеңілдеткені. Осындай жанның, мыңның ішіндегі бір асылдың маған бұйырғанынан тәубе етемін.
Ділдәр МАМЫРБАЕВА,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі