Байтақ даланың бозторғайы
2019 ж. 15 маусым
10081
0
Қазақ жырының қыранына айналып, халқының жүрегіне ұя салып кеткен
Кеңшілік Мырзабеков туралы сыр мен сымбат
Қазақ жыры қанатын кеңге жая түскен жылдар еді ол. 1971 жыл. Қыстың басы. Қазақ Университетінің үлкен залы. – Кім, айнам, Кеңшілік, кішкене былай, сабыр ет, – деп әдеби кешті жүргізіп отырған ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаев ағай көзілдірігін бір алып, бір киеді. Жүзінде сәл қобалжу бардай. Ақын шабыт шалқұйрығына мініп кеткен, жуық арада түсетін түрі жоқ: Нағашы ауылымның арасы бізден бір-ақ қыр, Қозы-лағымыз қосылған шүйгін қырат бұл. Тың көтерген жыл төбенің түбіт көдесін, Тарап әкетті тарақ табанды трактор. Айызы қанып айбалта темір тілгілеп, Сақталған сүр боп шым топырақтарын сүргілеп. Құрым іңірде жарқ ете қалып құйрығы, «ХТЗлар» қытықтап қырды жүрді көп. Трактор табанды тоңмойын саясат жас ақынның арманшыл жүрегінің таза тыңын аяусыз жыртып барады. Қазақ даласының қасиетті іңірінің өңірі дар-дар жыртылғандай. Алаш даласын алқалап туған ай да шалқалап кеткендей. (Ол кездегі көңіл шалқыған жырға шарпылған жастық көңіл-ді. Бүгінгі бұл сөз – қазіргі түсініктің көрінісі). Зал ду-ду. Шартылдай соғылған шапалақ шартарапқа ұшқындап, зал: «оқысын, оқысын, оқи бер» деп гулейді. Сол залдың ішінде Мархабат көкем айтпақшы, біз де отырыппыз. Мінберде тұрған ақсары жігіт жүзі жалқын тартып, толқынды шашын талыстай алақанымен асығыс бір қайырып тастап, әрі қарай сілтейді: Қуанды қарттар жанардан тамшы мөлдіреп, «Көделі жерге көк бидай шығар болды» деп. Боз бие біздің түн жамылып барып сол жерден, Көденің тамырын кірш-кірш шайнады соңғы рет. Қартаң мал еді – әкеме біткен артық бақ, Тарпаң мал еді қасқырды өлтірген тарпып қап. Қаңтардан өзін асырап шығып аман-сау, Құлын туатын жылқы көбейтіп, жал жұптап. Өлеңі шалқып, өзегі балқып, жаныңды тартып, тәніңді шарпып әкетіп барады. Алақанға аяу жоқ. Ақын бір кезде дауысын сәл баяулатып, бірте-бірте ақырын нотаға көшіп, еңселі мінбердің ішіне қарай сұғынып кетті. Енді оның даусы мінбердің ішінен күмбірлеп естіліп жатыр: Ақылды жануар соңғы рет келіп сол түні, Таныс көденің тамырын иіскеп, толқыды. Ылғал құм ішінде іркілдеп жатты тамшылар, Ұзатқан қыздың жылағанындай төркіні. Сұлтанғали ағамыз ақырын қозғалып орнынан тұрады, көзілдірігі қолында, «ақындар деген осындай албырт халық қой» деп залға жымия бір қарап, «кім, айнам, Кеңшілік, басқа ақындарға да кезек берейік» деп оған енді жымия, жұмсақ қарайды. Ақын мінберден шығып келеді. Ақсары өңі нарттай жанған. Көзі қияда, қолдары ауада, асқақ даусы залдың ішін кернеп, жыр одан әрі шалқиды. Өлең өрлеп, таралғыны тер буып, үзеңгіні үйіріп, құйысқанға құйылды: Тамырын тартып қау етіп қырға көк шықты, Сабағын дәннің себелеп жаңбыр көпсітті. Қыр жақтан бірақ көденің иісі сезілмей, Тұшынбай тілі боз биені сол өксітті. Есті мал қырға егіске барып түскен жоқ, Қыр жақты кетті көкпеңбек барқын түс меңдеп. Көз қырын қырға қадаған сайын биеде, Көдеге талғақ келе жатты бір күш меңдеп. Ақын «Боз биесін» Қазақ университетінің белдеуіне әкеліп байлады. Төрде отырған ақындар да дүбірге елеңдеп, ауыздығын шайнаған тұлпарлардай дүрліге қозғалып, дуылдап сөз қағыстырады. Төрде отырған төре топ неге абыр-сабыр болғанын біз енді, жылдар өте келе бағамдап, шығарма шындығының шыңыраудан суырылған ұлттық дерек пен дәйек екенін тарата айтамыз. Бұл ұлттық-этнографиялық, эссе-естеліктік жыр өзінің өзекжарған ақиқатымен құнды еді. Айта алмайтын кезде айтылуымен құнды еді. Ұлттық уыстан сусып шығып бара жатқан қазақ даласының қамкөңіл ойын қапысыз жеткізуімен құнды еді. Табиғи туындының ұлттық құндылығы айқын көрінген бұл жыры арқылы Кеңшілік ақын сол кездің өзінде-ақ өз тұрғыластарының алдына атойлап шығып, аламан топты соңынан ертті. Сол боз биеден азаттықты аңсаған ақ кекіл құлын-жырлар туды. Осылайша Кеңшілік Мырзабеков бастатқан тегеурінді топ қазақ поэзиясының ұлттық ұстынын ұлағатты биікке көтеріп әкеткен-ді. Осы өлеңнің материалына зер салсақ, бәрі қарапайым, қыр қазағының сөзі. Әкеміздің сөзі, анамыздың лебізі. Қарапайым сөздердің бәрін үйіріп, иіріп әкеліп, ақын жүрегінің ыстық балқымасына салғанда, талант рудасынан бөлінген асыл темір ақын алдаспанына айналып, жарқұл-жұрқыл от шашады. Сол от қазақ жүрегіне шымырлай сіңіп, жан дүниең әлдебір қимас шағыңды есіңе түсіріп, бүгінде қыр басындай қарайып жатқан қауымдарда бақи дүниенің базынасын кешіп жатқан ата-анаңның бақытты кезеңдерін ұрлаған ұрын жылдардың ұрлығын қайыра еске салып, жан дүниең әлгі шынжыр табан трактордың аяусыз астына түскендей болады. Тыңнан туған мұң тарихымыздың ащы бір тарауы болып жүректе тұнады. Кеңшілік – лирик ақын. Бірақ қысқа өлеңнің ішіне ұзын ой салатын, ұзақ мұң салатын, ұмытылмас сыр салатын ақын. Қазақтың қарапайым сөздерін қалағанынша иіп, қалауынша жазатын ақын. Оған өлең жазу тіптен оңай секілді. Қиналмайды, жоқ іздеп, жон асып, жортып кетпейді. Жан-жағын қарманып, қапылысқа да түспейді. Жазғысы келсе болды, жаза салады. Әрине, оның өлеңдерін оқыған адам бұлай деп ойламайды, қиыннан қиыстырған шебер шумақтарды дүниеге келтіру үшін талай қиналған болар деп ойлайтын болар. Бұған да дау жоқ. Қиналмайтын ақын, құйғытпайтын Құлагер бола ма? Әрине, бұған қарап, ақын өз ғұмырында – маңдайына жазылған аз ғұмырында барлық шығармасын күліп-ойнап, қиналмай жазып тастады деген біржақты пікір тудырмаса керек. «Жеңіл» жазылған жырлардың астарында ауыр шығармашылық қиналыс, ақындық азап жатқанын біз де біршама білеміз. Бір қызық жайт, Торғай-Қостанай өңірінен шыққан ақындардың бәріне тән бір қасиет – ұшқырлық, шапшаңдық, шалттық, шамырқағандық. Нұрханды айтыс ақыны деп былай қойғанның өзінде, Сырбай мен Ғафудың, Қайнекей мен Сейіттің, Кеңшілік пен Серіктің (Тұрғынбеков), Ақылбек пен Қонысбайдың ұшқырлық қырлары қазақ поэзиясының бір ерекшелігі, қазақ даласында ғұмыр кешкен кешегі дүлдүлдердің ақжарма айтқыштығының айғақ көрінісі. Өздері күліп айтып, ауыздарынан тастамайтын Айсаның айтқыштығы өз алдына бір гәп. Өлең материалы демекші, Кеңшіліктің бояулары табиғи, таза, синтетикалық сілтісі, химиялық құйтырқысы жоқ. Оның өлеңдерінен жаңбырдың иісі, топырақтың демі, қырдың самалы, даланың жұпары, таудың сабаты, жазықтың абаты, орманның шайыры есіп, жусан бүрлеп, тал көктеп, тоғай сөйлеп жатады. Тіпті оның ақындық жүрісінің өзі ешкімге ұқсамайтын, өзгеше болатын. Данадай өлең жазса да, баладай еркелеп, ағасын құрдас, қатарын сырлас, кішіні мұңдас етіп жіберетін ерекше мінезі бар еді. Өзін кейде тәкаппарлау ұстап келе жатып, бір сәтте мамыражай күйге түсіп, арқа-жарқа болып, кешегі жазған жырының бірер шумағын лақтырып тастап, сосын тек қана өзіне тән күлкісімен бір саңқ етіп күліп алып, басын қайтадан тәкаппар ұстап, ұзай беретін. Ұзай берсе де ұнай беретін. Ақынға мінез керек екенін айтпаған қаламгер жоқ, біз де соны қайталаппыз. Ақын бізге ең алдымен ақынға тән мінезімен ұнады. Қазақ поэзиясының үлкен шоғырында өзін өзгелерден бөлек алып шығатын бір қасиет – осы ақындық мінез. Оның өлеңдерін оқып отырғанда сол албырт мінез әркез басын көтеріп, онымен жағаласып, кейде жеңіп, кейде жеңіліп, сол сәт жүрек қалтасынан жұмыр өлең болып шығып, жаныңды жайсаң самалға толтырып әкетеді. Кеңшілік өлеңдерінде қазақтың табиғи мінезі бар. Қымбат қазынамыз осы еді. Жалпы, үлкен поэзияға үлкен мінез керек. Сол мінез ұстазымыз Сұлтанғали ағамызды састырған кеште жарқ етіп жұртқа көрінді. Сол мінез оның ақындық қуатын жаңа кезеңдерге көтерумен болды. Сол мінез оның қазақ жырының биігінде мәңгілік қалуын қамтамасыз етті. Сол мінез қазақ өлеңінің мінезіне мінез қосты. Мінін азайтты, мәнін көбейтті. Қазақ жыры мінез мінберіне көтерілді. Ақынның поэтикалық текстологиясын бағамдап қарасақ, ондағы сөздердің бәрі қырдың қырмызы қызғалдағындай болып көз тартып, әкең айтқан, анаң толғаған өз сөзің, өз теңеуің, өз тіркесің болып жаныңның жайлауына жол салады. Кеңшіліктің өз тұрғыластарынан өзгеше етіп тұратын ең негізгі айырмашылығы – поэзиясының қарапайымдылығында, әрі қайталанбайтындығында. Ұлттық бояуында, дәстүрлі даңғылында. Ол жазған сөздерді сен де білесің, бірақ дәл солай жымдастырып, сырластырып, мұңдастырып, қиюын тауып қалай алмайсың. «Ақындық шеберлік» деп өзіміз сырдаң айта салатын теңеу-тіркес осы болса керек. Адалын айту керек, Кеңшілік жастық кезеңдегі еліктеу ендігінен өтпей-ақ бірден өз жолы бар ақын болып қалыптасқан тұлға. Алла берген айлапат талант. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған» талант. Мұқағалидың осы жыр жолын шын мағынасында ақиқатқа айналдырған санаулы ақындардың абыройлы астанасында Кеңшіліктің көшесі бар. Ол даланың мұңы мен уақыттың сырын қапысыз танып, қалтқысыз жаза алған қаламгер. Мұның сыры неде? Ақындық ұстаханалық мектепте. Алып даланың көріктей гулеген денесінен бөлініп шығатын әр саз, әр дыбыс, әр сөз оның қаламгерлік шеберханасында ой мен сезімге, албырт пікір мен айшықты астарға айналып, көркем шығармаға айналады. Ақын шығармашылығының тұтас полотносын қарағанда оның поэтикасынан Кейкі батырдың қол мергендігін, Әбдіғаппар ханның албырттығын, әріге көз салсақ, Арқалық батырдың алдаспан мінезін, қысқасы Торғай топырағының тарихи-географиялық шежіресін, бүгінгі қазақ поэзиясының болмыс-бітімін толық көресің. Маған кейде Торғайда туғандардың ақын болмауға қақысы жоқ секілді болып көрінетіні бар. Демек, Торғайдың табиғаты – ақын. Торғайдың тамаша тарихы бар. Менің бітірген мектебім – Амангелді атындағы мектеп болатын. Мектептің кіре берісінде Амангелді батырдың кіріп келе жатқандарға өткір жанарымен тесіле қарап, қылышын қыса ұстаған, майлы бояумен жазылған үлкен портреті тұратын. Осы көрініс есте қатты қалғандықтан да болар, маған Торғайдан шыққан таланттардың бәрі қылышы қынында жүретін қайраткер жандар болып көрінеді. Торғай даласының ұлан тарихын ұлағаттап оқыдық, ол тарихты талай ұрпақ жазды, жаңғыртты. Ал оның жан дүниені баураған жарқын тарихын ақындары көбірек жазды, келістіріп сомдады. Қаққан алғаш дабылды, Қыр елінің ұланы. Торғай деген кәдімгі, Қазақтың Ленинграды, – деп жазды Сырбай аға бір кезде. Бұл өлеңді әлгі Амангелді мектебін бітірердегі шығармамда мысалға келтіріп едім, өмірі ұмытпаймын, Торғай даласы туралы ой тербегенде әркез жадымда осы шумақ жаңғырып тұрады. Осы өлең Кеңшілік ақынмен алғаш кездескен кезімде жарқ етіп есіме түсті. Ол кез – Ленинградтың наны жүріп тұрған кез. Маған сол кезде Кең ағам кең адымдап Ленинградтың тура өзінен келгендей әсер етті. Сексенінші жылдары ақынның «Революция перзенттері» деген жаңа жыр жинағы шыққанда ойымда жүрген осы өлең бас көтеріп, Кең ағамды енді тура Лениннің өзімен сөйлесіп келген Әліби Жангелдин сияқты қабылдағаным бар. «Қара қазақ баласын хан ұлына теңгерем» деп арпалысқан баба батырлардың ерлігін қазақ даласы қуана қабылдағанмен, революция деген аласапыран олардың көзқарасын әңкі-тәңкі етіп, ақпен ағарып, қызылмен қызарған аңқау жұртымыз бір-біріне саусақ безеп, саяқ тартқан шақтарды да басынан өткерді. Осының иірім-иіндері, үйірім түйіндері Кең ақынның кемел жырларынан кенен еліне орнымен, тарихи ретімен жол тартты. Жалпы, Кеңшілік Мырзабеков поэтикасының ішкі динамикасы ырғақ пен әуенге толы. Құйылған сөздері мен құбылған тіркестері дала симфониясына өзінің әуенін үзбей қосып, байытып жатады. Сылаң қаққан сұлу сөздер сыңғырлап, сезімге бойын қайытып, тылсым сәттер түйсікке дендеп түскенде қара сөздің қасиеті таңдайыңа татып, маңдайыңа батып, жан рахатын сезінесің. Жағалауда құба тал, Тал арасы жалбыз ғой. Суат жаққа құдаша, Келе жатыр, жалғыз ғой... Ақ балтыры қозғалса, Ақ көйлегін жел қаққан. Оң аяғын созғанша, Сол аяғын шаң қапқан. Сурет пе, әрине сурет. Сезім бе, әрине, сезім. Екеуі егіздескенде, сыр мен сурет негіздескенде, құдашаның ақ көйлегін жыр желі желпіп-желпіп жібереді. Жағалауға көз салдым, Жақындады бойжеткен. Биыл осы жаз салқын, Тоңазыдым көйлектен. Сіз де тоңазып кеткендейсіз. Жастық шағыңызға қайырыла жеткендейсіз. Қадала қарап тұр едім, Қай жақтан...біреу қабаққа Қарсыдан шығып қылт етті, Жүрегім менің бүлк етті... Жағаның желі жалбыздың Жас иісін маған үрлеп тұр. Лирикалық сюжет. Ақынмен бірге оқырманның жүрегі де бүлк ете қалады. Осындай ғажайып шеберлікпен, нәзік көркемдікпен, сыршыл иіріммен, мұңшыл мейіріммен жазу Кеңшілік ақынға ғана тән қаламгерлік қуат. Осындай жауһар жырлар қазақ поэзиясының сыршыл да сезімтал бояуын байытып, ақынның қазақ жырына қосқан үлесін ерекшелендіреді. Қазақ өлеңінің жан дірілін жазбай танитын эстет қаламгер Сауытбек Абдрахманов «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты антологиясының әр ақынға берген аннотациясында: «Кеңшілік Мырзабеков, басқаны былай қойғанда, «Анар» атты жалғыз өлеңімен-ақ қазақ әдебиетінің тарихында қала алатын ақын» деп баға береді. Келіспеске әддіміз жоқ, шынында да бұл ғажайып жыр адамның аппақ та адал сезімін жырлайтын өлмес өлеңдердің қатарында республикалық антология ғана емес, әлемдік антологияға да сұранып тұрған сұлу жыр. Бұл жырдың туу тарихы, әрине бізге беймәлім, бірақ таралу тарихы белгілі. Алматыда аңыз болып таралған. ...Профессор Зейнолла Қабдоловтың алдында отырған студент емтихан сұрағына мүдіре, кідіре жауап бере бастайды. Сол кезде ұстазы ақын атағы Алматыға жайыла бастаған Кеңкеңді тоқтатып: «Кеңшілік, қане бір өлең оқып жіберші» деп жеңілдік жасайды. Кеңшілікке де керегі осы емес пе?! Саңқылдап ала жөнеледі: Бар ма екен сенің есіңде, Балқаймақ күндер шайқаусыз. Бұлтиып бір зат төсіңде, Булығып өсті байқаусыз. Қақпақша жағаң күн қағып, Қадалған түймең қатарлай. Кеудеңе кейде ұрланып, Қарайтын едім бата алмай. ...Екінді құлай еңкуге, Елгезек самал елпілдеп. Жаға мен жеңнен жел гулеп. Жел тиген етек желпілдеп, Ақ тезек тердік арқаға, Алаша қапшық төркіндеп. Қапшықты қозғап бар дене, Көтере берген сәтіңде. Дар ете түсті әлдене, Көйлегің болар нәтінде. Секемсіз тұр ем алдында, Сескеніп менен қалдың ба? Айдындай төсің мөлт етті, Қос шабақ көлге шолп етті. Оралып өскен балтырға, Он екі мүшең керіктей. Қымсындық неге алдымда, Айыпты тозған көйлек пе, Айымыз басқа тағдыр ма? Одан соң талай жыл өтті, Ауылыңа талай бардым да. Сәбиіңді көрдім алдыңда, Разы боп сонда отырдың, Айымыз басқа тағдырға. Омыраудың даусын шығарып, Алқа мен шашбау тағынбай, Талшыбық бойың бұралып, Тәнті етпес қимыл табылмай, Томардан түскен шоққа ұқсап, Томсарып көзің жанғанда, Тай-сезіміңе ноқта сап, Тулатпай ұстап алғанда, Жалғанда ешкім жоққа ұсап, Жайлауға бірге барғанда, Кезіккенімді білмеппін, Қадір түн – қайран арманға! Па, шіркін, өлең-ақ қой. Бұл өлеңді талдап жату ұят, комментарий жасау тіпті ерсі. «Бағалап, ұқтырам деп ақын жанын, тақтай сабап жатқандай тақылдадым» деп Жұмекен көкем айтпақшы, бұл өлеңді түсіндірем деп өзеуремей-ақ қояйын. Бастан-аяқ келтіріп, өзім де рахаттанып қалдым. Құйылған сөз, төгілген тіркес, табиғи теңеу, сағыныштың сұлу сызбасы мінсіз өлең мүсіндеп, көңіл дариясына көркем бұлағын құяды. Бұдан артық не керек! Өлең оқылып болғанда Зекеңнің – өзі де қара сөздің қарагер жорғасы Зейнолла Қабдолов ағамыздың, аялы жанары шоқтай жайнап, жаңа ғана көз алдында құйылып түскендей болған сұлу өлеңге сұқтанып: «Кеңшілік, дайындығың нашар, талантың тамаша, жауабыңа екі, өлеңіңе бес, қорытынды бағаң төрт» деп сынақ кітапшасына қолын мейірлене қойыпты. Бұл оқиға ауыздан-ауызға аңыз боп тарап, өлең қуған көгенкөздердің сан толқынына адаспай жетумен болды. Көзі тірісінде кумирге айналған Кеңшілік ақында мұндай антологиялық асқақ жырлар жетіп жатыр. Жалпы, Кең ағаң нашар жаза алмайтын ақын еді. Өлеңді нашар оқи алмайтын ақын еді. Кең байтақ Торғай даласынан парлап ұшып шығып, көгілдір аспанның астында қанатын кең жайып, қазақ даласын армансыз асқақ жырлаған бозторғай еді ол. Қазақ өлеңінің көркемдік кестесіне кең тыныс, кемел самғау бітірген ақынның суреткерлік полотносы парасатқа толы еді. Оның қаламы қай кезде де тегеурінін танытып, өлеңнің қай жанрында жазса да ақынның өзіндік қолтаңбасын қапысыз танытып, оқырманын тәнті етумен болды. Ақын эпикалық жанрларға батыл қол ұрды, бауырын жазып, барын салып жазды. Оның қаламынан туған дастандар, тіпті өлең-очерктер мен газеттің күнделікті мақалалары да жарқ еткен ойы, жалт еткен тіркесі бар дүние болып шыға келетін. Кеңшілік көкеммен сол жылдарда елімізге етене таралған екі газетте қатар қызмет атқардық. Ол – «Социалистік Қазақстанда», мен – «Лениншіл жаста» Жастар газеті мереке-мейрам күндері барын салып, байрағын көтеріп, құлаш-құлаш арнайы нөмірлерін шығаратын. Сол жылдарда газетіміздің сардар басшысы Сейдахмет Бердіқұлов арнаулы нөмірлердің айқара беттеріне өлең-очерк салуды дәстүрге айналдырған. Ондай кездерде маған көбірек салмақ салынушы еді. Бір жолы, комсомолдың туған күні қарсаңында, еңбегімен елге танымал бола бастаған, ВЛКСМ-ның кезекті съезінің делегаты Кенжеғали Назаралиев деген маңғыстаулық жас мұнайшы туралы өлең-очерк жазу туралы тапсырма алып, Маңғыстау облысына барғанымда, кейіпкерім ауылда болмай шықты. Күтуге уақыт тар. Содан барлық мәліметті мекемесінен алып, көш-құлаш өлең-дастан жазып, арнайы нөмірге жарияладым. Бірде Жазушылар одағының фойесінде Кеңшілік көкеммен кездесіп қалдым. – Өтеш, мұнайшы туралы жазғаныңды оқыдым. Мен де жақында Маңғыстаудан келдім, сен кейіпкеріңмен кездеспей сыртынан жазыпсың ғой, мұның қалай, – деді дауысын тіктеңкіреп. – Кеңке, онда тұрған не бар, ағадан үйренген тәсіл ғой, – дедім сөз ауанын өзіне қарай бұрып. Оның да осындай жағдаятын білетін едім. Өзіне ғана тән күлкісімен бір саңқ етіп күліп алып, басын бірер шайқап жіберіп, «қайтер екен деп едім, алдырмайсың ғой, жалпы кейде көрмей жазған керемет шығады» деді күлімсіреп. «Менің сендерде шықпағаныма бірталай бопты, менің өлеңдерім жастар газетінің беделін көтермей ме?» деді шалқи сөйлеп. Менен мықты ақын бар ма қазір, а?» деп жүзіме үңіле қарады. (Жастар газетінің Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болғандығымнан Кеңкең маған базына айтып тұр еді. Сөзі жерде қалмады, ақынға байтақ бет бердік). «Сізден мықтымын деп жүр ғой Серік пен Тынышбай» дедім қытығына тиіп. «Не дейд?» деп даусы оқыс шығып кетті. Жүзіне қан жүгіріп, бетінің ұшына бір қызғылт сәуле атойлап шықты. Сол кезде бұл толқын өкілдері бір-бірімен жақсы мағынасында тайталасып, таласып, бірде өкпелесіп, енді бірде жарасып жүруші еді. Және осы мінездері өздеріне өзгеше мазмұн беріп, талантты толқынның шығармашылық өмірбаяндарын өзгелерден оқшауландырып тұратын. «Ақындардың жүрегі – Алланың қазынасы-дүр» деген сөздің баяны Мұхаммед пайғамбарымыздан (ғ.с.ғ.) жеткен деген сөз бар. Осы қазынадан өз үлесін қапысыз алған қаламгер еді ол. Бірақ алған олжасын тақымына басып, тапжылмай жатып алмай, қоржынының аузын кең ашып, жақсы жырға сусаған қазағына қазынасын тарылмай ұсынумен болды. Асқақ жырдың Атымтай жомарты бола алды. Содан да болар оның айналасына жастар да, қатарластары да үйіріліп жүретін. Қазақ поэзиясына сыршыл өлеңнің сыралғы сазын әкелген Нұрлан Оразалин, қазақ әдебиетінің сындарлы цензурасы болған Әбдіраштың Жарасқаны, тепсініп жыр оқығанда түркілік қимылы жарасып тұратын Темірхан Медетбек, кенежиренінің кекілін сипағандай баптанып жүретін кербез ақын Жұматай, өне бойы саз бен наздан тұратын Тынышбай Рахым, иірімі терең, иіруі бөлек Иран-Ғайып, сері мінезін сертке ұстаған Серік Тұрғынбеков,«Жиырма бесті» салғанда жалы күдірейіп кететін Дәуітәлі Стамбеков, шиыршық атқан шашының өзі Пушкинге еліктегісі келіп тұратын Шөмішбай Сариев, ой, несін айтасыз, жыр көрігін қыздырған, қызуы шалқыған топ еді бұлар. Ең бастысы, бұлар сол кезде қаз-қатар сап түзеген Қадыр Мырза Әли ағамыздың толқыны мен өздерінен кейінгі үркердей топтың арасындағы алтын көпір ағалар еді. Асқақ ақынмен алғашқы осы кездесу сол кезде сол залда отырған жүздеген жандардың көңіл көзінде, жүрек жадында әлі қаттаулы тұрған болар деп ойлаймын. Сол күннен бастап Кеңшілік Мырзабеков деген жаңа ақын біздің пейіл блокнотымызға өз сызбасын салды. Алпысыншы жылдардағы тегеурінді толқынның жаңа бір жарқын қайырымындай болған алдыңғы толқынның, соцреализмнен сүрлеуін бөлек салуға тырысқан толқынның, көркемдік кестесі мен идеялық ишарасын одан әрі байыта түскен бұл топтың басында құйрық-жалы сүзілген, қара көрсе үзілген, сөз байламы түзілген Кеңшілік Мырзабеков келе жатты. Біздің поэзия – бай, мазмұнды, қайраткер, заманға сай поэзия. Бұған дау жоқ. Бірақ Кеңшілік ақынның үлесін ортақ қазынаға қоспасақ, оның жүгі әлдеқайда жеңілдеп кетер еді. Жыраулық дәстүрден қара үзіп, стандартты ойдың құрсауында талай жылдар тұмшаланған тұмса өнердің ту сыртына шығып, халық көкейіндегі мұң мен сырды өзінің жүрек қайнатпасында қорытып, компартияның сұр шекпенінен шындықтың шытын желбіреткен шыншыл ақынның шығармаларын жұртының әлі күнге іздеп оқитыны тегін емес. Сазды сөзге сусаған оқырманның көңіл тартпасында жатқан ақын жинақтарын ешқашан шаң баспайтыны сондықтан. Ақын аз ғұмырында көптеген жыр жинақтарын беріп кетті. Солардың әрқайсысы туралы арнайы сөз етуге тұрады. Бұл ақын мұрасын зерттеп жүрген, зерттегелі жүрген талай жасқа талмай ізденетін жол екені күмәнсіз. Сол жыр кітаптарының ішіндегі тамаша туындылар енді қазақ әдебиетінің өшпес, өлмес қазынасы. Арналы дәстүрлерден бастау алатын поэтикалық эстафета жолағында жүгіріп келе жатқан жыр жүйріктерінің жүрегінде жанған алау сөнбейді. Өйткені ол алауда халықтық қайнардан тұтанған асыл өнер бар. «Жазушылар көп жасайды, ақындар ғой ерте өлетін» деп жазған Сырбай Мәуленов шумағы еске түседі бүгін. Жазушы бауырларымыз ренжімесін, әдебиет тарихында осы дерек көбірек болғандықтан Сырағаң осылай бір айтып тастады. Қазақ жырының қанатында зулаған асығыс ақындар біз де аз емес. Саусақ бүгіп санап жату – аруаққа сын болар, оның осылай екенін ойлы оқырман өзі де біліп отыр ғой деген пікірге пейіл беріп, негізгі кейіпкеріме оралайын. Алпысыншы жылдардағы асау толқын қанды қасап кезіндегі, соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс пен жетімдік пен жесірліктің ащы бояуын ашырқанбай талғаса, одан кейінгі тыңды тудырған тоңмойын саясат пен тоғышар тірлікті тәрк етпесе де, жарқ етіп, жанды жерінен ұстап жазған Кеңшіліктің кемел таланты өз қатарының көшін қайырымды «Қайролла жазығына» қарай ұзатып салуға ұмтылды. Сол шабысты топтың алдында кекілдерін жел қағып келе жатқан тетелес ағалардың бірталайы уақыттан да озып кетті. Кеңшілік ақын да келместің кемесіне мінді. Кеңшілік Мырзабеков пәни дүниеден бақи дүниеге 1989 жылы 43 жасында аттанды. Биыл қайтыс болғанына 30 жыл. Дер шағы еді, кемел шағы еді. Тәуелсіздіктің алыс-алыс жарығы енді ғана көкжиекке күлгін сәулесін түсіріп, ақын жүрегі аңсап келетін қуанышты енді сезе бастағанда, албырт жүрек, асау жүрек кенеттен тоқтады. Егемен күндерге есен жеткенде Кеңшілік ақын қалай шырқар еді,қолтығын жазып, құлашын ашып, құлдилап шабар еді. Оның алғашқы өлеңдерінен бастап еркіндікке ұмтылған көңіл мен ниет айқын аңғарылатын. Өзі де еркін ғұмыр кешкен деп жазғанымызбен, оның бір саусағы ішінде бүгіліп кетті. Мүмкін сол кездегі жылым жүйеден суынып кетті. Мүмкін желтоқсанда айдын алаңда қанға бөккен қазақ жастарын көргенде ішіне қатқан кекпен түңіліп кетті. Ақын қайтыс болғанда қоштасу жырын жазған едім: Тал бойына ұя салып, түлеген, Торғай жаққа ұшып кетті бір өлең. Қар астында қалды босаң қауырсын, Балапан боп шырылдап тұр тірі өлең. Демі қатты, демікпейтін жыр еді, Сораң менен сортаңға өскен гүл еді. Соғыстан соң шілдехана жасаған, Қызыл тулы қырық алтыншы жыл еді. Жапырағын жоқтап жатыр тал-емен, Торғай-ойды үркітеді әр елең. Сағыныштың сырнайлары секілді, Сар баладан саз боп шықты қара өлең. Торғай жаққа ұшып кетті бір өлең, Топыраққа түсіп кетті бір өлең. Жетім бала, жесір жарды ойласам, Тұман басқан Алатаудай түнерем. Торғай-өлең шырылдайды бұ жақта, Талант-тағдыр түсіп қалды тұзаққа. Жанарында мөлдіреген сағыныш, Жырлары оның барады ұшып ұзаққа. Ақын жер бетіндегі жыр-сапарын аяқтап, туған Торғайына ұшып кетті. «Шаштым, төгілдім, шайқалдым, өмір сүрдім деп айтармын» деп өткен өміріне резюме тастап кетті. Ол ақын болып туды, ақын болып ғұмыр кешті, ақын болып өмірден өтті! Басқаша өмір сүре алған жоқ. Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты qazaquni.kz