АҚЫН мен УАҚЫТ
2019 ж. 08 маусым
8317
0
Ақын өмірінің екі үлкен кезеңі болады – оның туып, қалыптасуы мен кемелденуі. Осының екеуінде де ақын өмірі оның тіршілік құрған ортасымен, дәуірімен, уақытпен тығыз байланысты. Алдымен уақыт пен дәуір оның туып қалыптасуына әсер етсе, кемел шағына жеткен кезде ақын керісінше уақыт пен дәуірдің өзіне ықпал жасайды, өз творчествосымен қоғамның рухани өміріне әсер етеді. Қоғам мен адам сырын көркем бейнелей отырып, уақыттың қызметін ашады, бүгінгі шындық арқылы келер ұрпақпен тілдеседі. Халықтық ой-пікірдің, оның рухани тіршілігінің жетілуіне көмектеседі. Бұл тұста ақын сөзі үлкен саяси, идеологиялық күшке айналады. Қоғам мен ақынның біте-қайнасуы деген осы. Творчество адамының негізгі мақсат-мұратының өзі де осында. Нағыз таланттар осы жолда өз тағдырын өзі жасайды.
Әбділда Тәжібаевтың творчестволық жолына көз жібергенде, осы шындыққа көзің әбден жеткендей болады. Оның бүкіл өмірі еңбек пен тіршілік үшін күрестен, тынымсыз әрекеттен тұрады. Бір күн маза тауып, қарап жатқан күнін ешкім білмейді. Ақындық үні де саябырсып көрген емес. Әбділда өлеңдерінде ақын шындыққа көп өмір кешкен, оның ойлы-қырлы сырын таныған адамның даналық көзімен қарайды, «кешеден бүгінге жеткен» ұрпақтың сөзін айтады. Оның алғашқы туындылары мен кейінгі айтқандарын салыстырып қарасаңыз да, ақындық мінездің, ізденістің тұтастығын аңғарасыз.
Ең алдымен, Әбділда ақын маған бүкіл жаратылысымен өлең болып елестейді. Оны өлеңнен құйып қойған десе де болады. Бес томдық шығармалар жинағына жазған кіріспе сөзінде ол қазақ өлеңінің үні мен сыры көкейіне жастай құйылып өскенін айтады. Оны қоршаған дүниенің өзі «өлеңнің мөлдір заттары» болып елестеген. Ол қазақ тілінің өзінен болмыстағы көріністерді сырлы бояумен қайтадан жазып шыққан суретшіні таниды. «Менің өз болжамым мен сенімімше, өлең – тілдің соғып тұрған жүрегі, жүріп тұрған қаны секілді. Сондықтан да тіл мұздамайды, өлмейді. Үлкен әсемдік өмірдегі қимыл, ырғақ сияқты, тілде де мәңгі тоқталмайтын қимыл-ырғақ бар. Соларды алдымен сипаттайтын өлең. Барлық өмірде даму, жылылық бары сияқты, тілдің де баяу сезілетін дамуы, жылылығы бар. Оны дәлелдейтін де өлең», – дейді ол. Әбділданың бүкіл ақындық болмысы, өлең, өнер жайындағы ұғымы, түсінігі осы сөздерден анық көрінеді. Оның әрекет пен іске толы, тынымсыз тіршілік, үнемі соғып тұрған ыстық жүрегі, адамдық жылылығы мен жанының жарықтығы – барлығы да оған өлеңнен ауысқан тәрізді. Оның ойындағысын ашып айтатын шыншылдығы да өлеңге, өнерге тән мінез. Ол көлгірсуді ұнатпайды, бүкпесіз шындықты айтады. Ауыр да болса шыншыл болу – өмірдің өз қағидасы. Ақын Әбділда мен өмірдің өз суретінен алынған өлең шыншылдығы осылай тұсқанға ұқсайды.
Әбекең жақсы өлең көрсе, қызғанбай қабылдайтынын, осы жолдағы ақын інілерінің табысына қуанатынын ашық білдірген еді. Бұл – біздің күнделікті әдеби тіршілікте жиі байқап жүрген нәрсеміз, жарық көрген жақсы жырларға балаша қуанып, бар даусымен жар салып, кейде мақала түрінде, кейде ауызша айтып жүретін Әбділда даусы біздің құлағымызда. Ол талай жастың бетін ашты, әдебиет әлеміне қолтықтап, демеп кіргізді. Сондықтан Әбділда – шын ақындық таланты бар адамның досы, өлеңнің досы. Оның бірінші досым деп Абайды тануы да, бүкіл өз өмірінің шығармашылық сырын Абайдың:
Әділет пен ақылға,
Сынатып көрген, білгенін.
Білдірер алыс-жақынға,
Солардың сөйле дегенін, – деген өлең жолдарымен түйіндеуі де біздің ақын сырын түсінуімізге жол сілтейді.
Ол лирикада адам бейнесін, оның күрескерлігін көрсетуге ұмтылыстар жасады. «Адам», «Құрбанның қабыры» – осы жолдағы тәп-тәуір нышандар. Ақын ауылдағы өзгерістерге жіті көз тікті. Оның қарапайым шындығын сол қалпында өлең өрнектеріне түсіруге тырысты. Заман шындығының өлеңге айналар сырын сезіммен, суреткерлік көзбен тануға ұмтылды. «Ат үстінде», «Аттан түскенде», «Күзетте», т.б. өлеңдерінде лирикалық кейіпкердің туған аулына беттеп келе жатқандағы сезім күйі, сағынышы, жаңа өмір жайлы толғаныстары нанымды беріледі. Ол жаңарған ауылды көріп, өзінің бұрынғы өткен аянышты жастығын еске түсіреді, жылқышы досымен күзетке шығып, онымен бірге өткен күндерін ойға алады. Осылардың бәрі ойлы сезіммен, табиғаттың жарқын суреттерімен тұтасып, өлең құрайды. Осыған жалғас туған «Алтын ай» – Әбділданың әсем, сазды сезімтал лирика жасау жолындағы елеулі табысы. Онда түнгі жарық айдың тәп-тәуір портреті жасалады.
Адал махаббат пен табиғат көріністерін тұтас жарастықты бейнеде суреттеп, ақындық ой, сырлы сезіммен өрнектеуде «Меруерт моншақ тіземіз» деп аталатын лирикалық өлең жап-жақсы тәжірибені танытады.
Айна көл көктей мөп-мөлдір,
Айнала бұйра қарағай.
Аспан көлге төніп тұр,
Төңкерілген шарадай.
Осындай мөлдір көл үстінде өлеңнің лирикалық кейіпкері өз сүйгенімен көлде жүзген аққулар ортасында сайран салады, суға түскен сәуледен «меруерт моншақ тізеді». Көл үстінде, сұлулар ортасында әсем табиғаттың аясында сүйгенімен махаббатын қызықтайды. Суға түскен жұлдыздармен, сәулелермен ойнайды.
Бар жұлдыздар жарығы,
Сәулем екен өзімнің.
Бар сәуленің анығы,
Жанары екен көзінің.
Өлеңде жастық жарастықты сезім үлкен адамгершілікпен өмір сүйгіш адамның рухани ізденісімен, табиғатпен үндестікте беріледі. «Есіңде ме?», «Сүйгенім сен», «Құшағымда кірді күнім» сияқты лирикалық махаббат жырлары да сезім байлығымен, шынайы шыншылдығымен көзге түседі.
Бұл – Әбділданың лирика табиғатын түсіне танудағы, оның эстетикалық қызметін көтерудегі алғашқы ұмтылысы. Ол науқандық өлеңдердің үгіттік сарынымен жүре берудің әсері әдебиет үшін жетімсіз екенін ұқты. Орыстың, дүниежүзілік поэзияның озық үлгілеріне қол созды, олардан үйренді, ізденді. Осы жылдардағы ақын өлеңдерінен А.С.Пушкин. Г.Гейне, Т.Шевченко шығармаларын оқумен қатты әуестенгені байқалады. Кейде ол сол ақындар рухымен тілдесіп, сырласып жүреді («Тараспен әңгіме», «Екі жаһан»). Оның бірінде ертеде қазақ жерінде айдауда болып, халықтың қапастағы өмірін көрген ақынды елінің жаңа бейнесімен таныстырса, екіншісінде ұлы неміс ақынын халықтардың фашизмге қарсы күресінің куәсі етеді.
Лирикалық өлеңнің көркемдігін көтеруге ұмтылу, суреткерлікке, сезім байлығын толығырақ ашуға талаптану Әбділданы өзі өмір сүріп отырған ортаның шындығынан алыстатып әкетпейді. Қайта ақын нені жырласа да, заманның екпінді күшін, еңбекшілдікті танытуға бейімдейді. Түнгі аспанда қалғыған «Алтын айдың» өзін «ұйықтама, менімен қырман күзетіс» деп шақырады. «Сырдарияда» табиғат байлығын ел тілегіне бағындыра жырлайды. Оған: «Отанға қызмет ет. Днепрдей бізге жарық бер» – дейді. Соңғы өлең, әсіресе, ақынның туған еліне, оның табиғатына деген ыстық сезімін бейнелейтін әсем лирикалық туынды ретінде бағалы. Онда Әбділда Отанға, елге арналған махаббатын өзі туған даланың осы бір көркем бөлшегіне арнау арқылы білдіреді. Ақын бойындағы қуатты сезім таза қазақтық үлгіде ғана қалып қоймай, отансүйгіштік, бүкіл халықтық сезіммен ұштасады. Өлеңдегі ақындық параллельдер (Гейненің Рейнді, Тарастың Днепрді, Пушкиннің Волганы сүюі) оған өз өлкесіне деген ықыласын айтуға негіз болады. Бірақ бұл өлеңнің таза ұлттық үлгісін, формасын жоққа шығармайды. Осы саладағы әлемдік әдебиеттің жақсы дәстүрлерін бойына сіңіре отырып, Әбділда таза қазақ ақыны айтатын тілмен, өзінің туған жеріне деген ойын, сезімін бейнелейді. Сүйікті Сырына бүгінгі заманның тілімен үн қатып, халық тілегін сездіреді. Қанша жасаса да емшегінен сүт кетпеген кәрі анасы – Сырдың бүгінгі жасарған жаңа бейнесіне көз тастап, сол арқылы жасампаз заманның сырын да аша кетеді.
Бұл жылдардағы ақын туындыларынан тақырыптық кеңдікті, әр тараптағы ізденістерді тану қиын емес. Ол еңбек адамының ішкі сырына үңілуге тырысады. («Қарлығаш», «Блокноттан»), шет елдердегі күрес уақиғаларына үн қосады. («Ақын дауысы», «Аида») халықтар туысқандығын жырлайды («Грузия», «Орыс халқына»), балаларға арналған өлеңдер жазады. («Май, алақай!», «Бес түлік жыры»), т.б. Бұлар мазмұндық, формалық жағынан да түрліше үлгіні танытады. Өлеңді бүгінгі заманның шындығын жырлауға бағыттай отырып, оның лирикалық сырлылығын көтеру, әлеуметтік мазмұнын байытуға ұмтылу, сонымен қатар ондағы автор позициясының айқындығы, ақындық монолог – барлығы да Әбділданың ізденіс өрісін аңғартады. Оның балаларға арналған өлеңдері ойнақылығымен, тапқырлығымен ерекшеленсе, махаббат тақырыбына жазғандары қалтқысыз сезімінің кіршіксіз тазалығымен көзге түседі. Кейде ол лирикалық өлеңде сезім мен суретті ұштастыра отырып, эпикалық шалқуларға барады. «Айнабұлақта» табиғаттың әсемдігі жайлы сезім оның тосу көрмеген асаулығын бейнелейтін эпикалық суреттермен ұласып кетеді. Ақын табиғат долылығын жеңген адам күшінің тасқынын да суреткерлікпен бейнелейді. Лирика мен эпиканы ұштастыра пайдаланудағы осы бір ізденістерде Ілияс Жансүгіров суреткерлігінің әсері де бар сияқты.
Бес томдық шығармалар жинағына жазған кіріспе сөзінде («Сырласу ретінде») Әбділда: «Монологқа ғашықпын. Егер мен поэзия майданында зәредей ғана салмағым болса, еміс-еміс қана есті сөз айта алар болсам, әлсіз де болса адам сезіміне даритын болсам – осы монологқа қарыздармын!» – депті. Монолог арқылы ақын қауыммен, жұртпен бетпе-бет кездесіп, бүкпесіз тілдеседі. Ойындағысын бар дауысымен мінбеден айтады. Сырын да оңашаламай, оқырмандарымен ортақ бөліседі.
Әбділданың ақындық монологқа бет бұрысы да отызыншы жылдардың орта тұсында басталады. «Сырдария» да, «Айнабұлақ» та – соның алғашқы үлгілері. Мұның алғашқысы – сыршыл сезім үні болса, екіншісі –сыршылдықты эпикалық суреткерлікке жалғастырып, заман ұлылығы, жасампаздығы, адам еңбегінің құдіреті жайлы тебіреніп айтқан толғаныс. Ал, өзінің отызыншы жылдардың екінші жартысында жазған, лирикалық поэмаларында ақын осы үлгіні дамыта, кеңейте түседі. «Оркестр», «Күй атасы», «Абыл» поэмаларындағы өнерді сүйген сезімтал жүрек шыншылдығы эпикалық күй суреттеріне ұласып, лиро-эпикалық поэма туғызады. «Еске алу» поэмасы лирикалық кейіпкердің ауыртпашылықпен өткен балалық шағын, жастығын танытар суретке толы.
Шындықты бар күйінде бүкпесіз адал, тебірене айту, өмірдің көркем суретін көз алдыңа жайып салар қалам құдіреті Әбділданың ақындық «Менін» айқындағаны осы жылдар туындыларынан анық көрінеді. Оның «Мені» – жеке бастың күйін күйттеген адамның сыры емес, қоғам мен адам тіршілігін арқалаған, оның ойы мен ісін бойына сіңірген таланттың халқының атынан ағынан жарыла сөйлеуі. Мұны ақын біздің ерлігіміз бен адамдығымыз сынға түскен шақта – Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде молырақ танытты. Оның соғыс кезіндегі жырлары, негізінен, ерлікті мадақтауға құрылады. Олардың көбі – ақындық үнге, монологқа негізделеді. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері – «Ақын – батыр» жазып жатқан поэмасын бітіре алмай, майданға аттанады. Бұдан кейінгі жырлардан осы кейіпкерлердің жеңіске деген сенімі, ерлік істері танылады. Ол Еуропаның кектенген ұл-қыздарына, «күтіңдер, біз жеңіспен құтқаруға келеміз!» – деп сәлем жолдайды. «Майданнан хат», «Сырласу», «Жас қазақ», «Баласы», «Анасы» – соғыс батырларының ерлік істері мен адам бойындағы қайсарлықты, батырлықты суреттеген жырлар. Тіпті, Төлеген Тоқтаровтың ерлікпен өлгенін естіген Ананың көзіне жас алмай қайсарлық көрсету мен бір түнде шашы түгел ағарып шыққанын бейнелеу арқылы ақын оның ішкі толғанысын, қайғысының ауырлығын әдемі ашады. Осындай қайсар жандардың жеңілмейтініне сенгендей боласың. «Ленинград» өлеңі сондай батырлар Отанының символы тәріздес, іргесі берік мрамордай күшті бейнелейді.
Осы кездегі Әбділданың ақындық ізденістерінің бір саласы – оны халықтық аңыздарға, мифтік сюжеттерге бет бұруы болды. Ол халық бойындағы ерлік, азаматтық мінездерді, бақыт жолындағы күресті өткен заманның, аңыздың шартты уақиғаларына сүйене отырып ашуға ұмтылды. Мұндай шығармалардың сюжеттері, негізінен, зұлымдық пен адалдықтың, ерлік пен қорқақтықтың, адам сүюшілік идеясы мен жауыздықтың арасында болады. Осы негізде ақын адалдықты, ерлікті, гуманизмді уағыздайды. «Мерген», «Толағай», «Толғау» деп аталатын шағын поэмалар халық қамын жеген, ел есінде аңызға айналған ерлердің батырлық істерін еске салу үшін жазылған. Сол арқылы бүгінгі ұрпаққа батыр аталар дәстүрін жалғастыруды ұсынады. «Кілемшілер туралы ертегіде», «Аққуда» Әбділда жауыздыққа халық өнерін қарсы қояды. Адал махаббат пен өнер күшінің әділетсіздікті жеңіп шығуын паш етеді. Мұндай шартты сюжеттер негізінде халықтық жақсы дәстүрлерді еске салып, халқына, азаттық іздеген батырлар бейнесін жасауға ұмтылыс Әбділданың осы кезде жазған драмалық туындыларында да («Жомарттың кілемі», «Көтерілген күмбез», «Біз де қазақпыз!») жиі ұшырасады. Бірақ ақынның бұл саладағы ізденістері кезінде әділ бағаланған жоқ. Ол кездің әдеби ұғым-түсінігі көркем шығармадағы шарттылықтың, тұспалдап бейнелеудің мүмкіндігін мойындамайтын еді. Оны реалистік суреттен бөліп қарайтын. Соңғы жылдар ішіндегі әдебиет тәжірбиесі біздің бұл көзқарасымыздың қателігін дәлелдеп отыр. Қазіргі әдебиетте шартты, мифтік, аңыздық сюжеттер негізінде адамдық пен жауыздықтың күресін бейнелеу арқылы бүгінгі күннің проблемаларына көңіл аудару мүмкіндігі молайды. Ендеше Әбділда ақын – осы саладағы қазақ әдебиетіндегі ізденістерді алғаш бастады және оған мұрындық болды. Оны бүгін атап айту парыз.
Соғыстың жеңіспен аяқталуын Әбділда біздің құрылысымыздың беріктігінен, оның адамдары бойындағы қаһармандық, отансүйгіштік, рухтың күштілігінен деп ұқты. Сондықтан, ол жеңіске бар дауыспен жар сала қуанып («Айтыңдаршы, арманым не?»), Отанды, оның мызғымас беріктігін танытар патриоттық жырлар жазды. «Шың басында», «Шың мен теңіз» сияқты өлеңдерінде Отан бейнесін танытар жаңа образдар іздеді. Әділдік, ерлік, ізгілік ордасын ақын қашан да табиғаттың шұғылалы шапағы төгілген күйде көреді.
Адамды ардақтау, оның бойындағы жаңа заман дарытқан биік қасиеттерді жинақтап айтуға ақын «Адам» атты поэмасында тың қадам жасады. Поэманың кейіпкері – Адам патша тақтан құлаған жылы, жаңа өмірмен бірге туған жаңа ұрпақтың өкілі. Ақын оның өмірге келуінің өзін адам туралы ұғыммен байланыстырады. Ол – күрескер, өмірді жаңартушылардың басы болады. Адамзат ұрпағын жаңа жағдайда жалғастыруды міндетіне алады.
Лирикалық кейіпкердің жан сезімін кейде біз өзінің туған табиғатына деген сезінуінен («Алатау», «Туған жер»), өнер адамдарына арнауынан («Ән», «Жолдас Навои», «Маяковскийдің суретіне»), соғыс ауыртпалығын еске алу күйлерінен («Ұмытпа сен», «Ұмытпа, сәулем, сен оны»), туысқан бауырларына деген ықылас-пейілінен («Қырғыз достарыма», «Ақ қалпақ»), жаңа соғыс өртін тұтатушыларға қарсы ақын үнінен танимыз. Олардың әрқайсысында Әбділда жаттанды сөз айтпайды. Жаңа, тың образдар жасайды. Алатаудың тәкаппар тұлғасы адамның тіршілігін күзеткен сақшыны елестетеді. Ол түннің пердесін ысырып, таңды тұрғызады, күнді көтеріп адамның алдына тартады. Навои ақын бізбен бірге жүрген біздің жолдасымыз, туысымыздай әсер қалдырады. Соғыс салған жараны еске алса да, лирикалық кейіпкер тебіренбей тұра алмайды. «Ұмытар болсақ өлгенді, тірліктің бізде несі бар?» деп, Отан үшін шәһит болғандардың біздің болашақ тіршілігімізбен байланысын көрсетеді. Сондықтан да ол жаңа соғыс өртін тұтандырушыларға қарсы үн қатады. Туыстас достарын көрсе де:
Көгіндей бұлтсыз көңіліңді көрдім,
Көзіңді көрдім шұғылалы күндей.
Ұлыңдай туған еркелей бердім,
Өзімді сенен өзге деп білмей, – деп ағынан жарыла сыр шертеді.
Осы өлеңдердің барлығы іштей ақындық ойдың, дүниетанымның тұтастығымен байланысып, өмірсүйгіш лирикалық кейіпкердің тіршілікке деген сенімін, оптимизмін бейнелейді. Ақындық монолог бұл жерде де өзін ақтап, оның замандастарына айтар ойын, сырын, сезімін танытып тұр. Ақын сырлары заман туралы философиялық ой-толғаныстарға ұласып, өмір мен уақыттың, дәуір мен жаңа адам сезімінің жымдасып, туысуы туралы түйінге тіреледі. Сондықтан да ол:
Мен ғана емес, өзі науан уақыттың,
Тұр көтеріп тозбас туын бақыттың.
Айтыңдаршы: қартаюға мүмкін бе?
Кел, жылдарым,
менің жарқын жылдарым,
Көтер мені, жарқырасын жырларым,
Құй кеудеме қуатыңды, іркілме! –
деп тіл қатады.
Осындай ақындық ойды заман жайлы толғаныстармен жинақтап философиялық түйін жасауға ұмтылыс елуінші жылдардан бастап Әбділда поэзиясында жаңа ізденіс, жаңа өріс басталғанын байқатады. Ол ақындық монологты эпикалық суреттермен ұштастыра отырып, заман мен оның адамының тұлғасын тұтас бейнелер, тың образдар туғызды.
1958 жылы Әбділданың «Аралдар» атты өлең-поэмаларының жаңа жинағы басылды. Бұл ақынның елуінші жылдардың бас кезінен басталған осы үлгідегі ізденістерінің үлкен жемісін танытқан кітап болды. Бұл кітапқа кірген өлеңдерден Әбділданың дүниеге, өмірге, оның құбылыстарына ой-өрісі толысқан, даналыққа бет бұрған адамның көзімен қарап, шындықты ойлылықпен ашуға ұмтылысы танылады. Ол өмір туралы, жастық, ағалық, қарттық сезім жайлы толғанады. Семьялық өмірдің фактілері негізінде ойланады. Өмірдің қызығына қоса, ыстығы, суығын еске түсіреді. Бұл тақырыптағы өлеңдердің негізгі кейіпкері етіп ақын негізінен уақытты алады. Өмір қызметін уақытпен өлшейді. Уақыттың өмірді жасартып, жасты қартайтып жатқанын көреді. «Ұшып бара жатырмын», «Сағатқа қарай бердім», «Егін көрсем кезінде орылмаған», т.б. өлеңдердің бәрінде де біздің қоғам өміріндегі құбылыстар уақыттың ұшқыр қызметі тұрғысынан бағаланады. Ақын заулап бара жатқан уақыттан заман жастығын таниды, өмірді еңбекпен ұзартуды уағыздайды. Орылмаған егін көрсе, шабылмаған шөп көрсе, не бағылмаған мал мен жазылмаған өлең көрсе, босқа өткен уақыт үшін қиналады. Ақын ұғымында уақыт туралы ой – ол заман, болашақ жайлы толғаныс.
Уақыт ұшып барады от қанатты,
Жақындатып жырақтан болашақты.
Кәрі ойлайды бүгінгі берешекті,
Жас ойлайды ертеңнен алашақты...
Осылардың қатарында ұшып бара жатқан өлеңнің лирикалық кейіпкерін танимыз. Ол артына жерді қалдырып, алдында күнді бетке алып, ұшып бара жатқан ақын қиялындай елестейді.
Әбділданың бірқатар өлеңдері қарттыққа арналған. Бұл тұрғыда оның «Көзілдірік туралы», «Таяқ туралы», «Сарамен кеңес», «Қақпа есікті», «Жастығым мүмкін оралар», т.б. өлеңдері өте қызықты жазылған. Оларда ақындық әзіл де, адам ойына қарттықты түсірер детальдарды ойната білу де байқалады. Есікті әуелі сыпайы қағып, кейін басып кірген қонақ қарттық, қолға ұстаған таяқ пен көзге ілінген көзілдірік – бәрі де уақыт белгісі, бәрі де өмір заңы. Ақын осылар негізінде адам өміріндегі уақыттың қызметі жайлы әңгімелейді. Кейде ақынның уақыт салған белгі жайында ойлана отырып, көңілсіздікке берілетін кездері де болады. Ондайда ол достары азайып қалған жалғыздығын, өмірге ілесе алмай ентігіп келе жатқанда, орға құлата салғысы келгендер кездесетінін еске алады. Бірақ бір жақсысы – ақын оған мойып қалмайды, арам достардан сақтана жүріп, өмірге ілесуге ұмтылады. «Қысылғанда», «Алматыда түсімде», «Уақытқа» сияқты өлеңдерде адам бойындағы кейбір өткінші халдардың үмітсіздікке, күйзеліске, адамға деген сенімсіздікке айналып кеткенін сыншылар (М.Қаратаев, С.Қирабаев) кезінде ескерткен. Бірақ бұл жалпы Әбділда творчествосына хас емес. Оның өлеңдерінің кейіпкері, негізінен, өмір үшін белсенді күрескер, оптимист.
Лирикалық кейіпкер бойындағы уақыттың қызметі Әбділданың «Сыр жырлары» атты өлеңдерінде тапқырлықпен бейнеленген. Ақын араға көп жылдар салып, өзінің туған өлкесіне барғанда ондағы және өз бойындағы өзгерістерді салыстыра таниды. Өзі егде тартқан ақынға Сырдың әлі жас күйінде сақталғаны көрінеді. Жас күнгі сырласы – Сырының кейінгі ұрпақпен де құрдас боп, еліне қызмет етіп жатқанына қуанады. Сыр жағасындағы балалығын еске алады. Табиғат аясында еркелеп, суына жүзеді, құсына да қол тигізбей аялайды. Бір кездегі жас достарын бүгінгі кәрі кемпір-шалдардың ішінен іздеп табады. Ақынның жас кезіндегі шатаққұмар сотқар құрбысының бүгін бар оғын далаға атып, шаршап қайтқан аңшыдай кәрлікке мойынұсынған кейпін көріп, әрі аяйсың, әрі күлесің. Күлетінің – жастық отын бойынан сылып алып, оны алқам-салқам еткен уақыт белгісін еске алудан болса, аяйтының – оның бүгінгі бейнесі.
– Сотқармысың ?
– Сотқарыңмын кешегі.
– Бала едік-ау?
– Бәрі соның кеше еді.
– Сүрт көзіңді?
– Қайда келіп қалғанбыз,
Жас өседі, кәрі әрдайым өшеді.
– Сүрт көзіңді, – деймін оған, суланған,
Күлген болам кісідей-ақ қуланған.
Өз көңілімді қайтсем екен қиналған,
Өз көзімді қайтсем екен буланған!..
Өлеңде егде тартқан, жастығын үнсіз, буланған көздің жасымен еске алған екі адамның ыстық сезімі әдемі суреттелген. Жаттанды, жалған көрініс емес, шын, өмірде болатын, сыры мол, табиғи кездесу. Оның ыстық табын оқырман да сезінеді. Оны ақынның кешегі жас қыз құрбысы Еркемен бүгінгі кемпір күйінде кездесуінен де сезінеміз.
Табиғатпен рухани табысу, оның шындығын, өзгерісін өмір заңдылығы негізінде қабылдау Әбділданың осы жылдары жазған табиғат жырларында жақсы көрінеді. «Көкшеде», «Қыс пен жаз», «Қыс ата», «Жаңбыр», «Өрістен қайтқан», т.б. өлеңдерде табиғатпен еркелей сырласқан адамның тамаша сезімталдығы, жанды суреттер мол.
Өрістен қайтқан інгендей,
Мезгілін сезген сауынның.
Шудасы жерге тигендей,
Келеді бұлты жауынның.
Келеді боздап жануар,
Желіні сызып жер бетін.
Қаласаң қанша сауып ал,
Жылы екен биыл төгетін...
Қандай әдемі образ. Табиғаттың Жер-анасына мейірін төккен мезгілін жауын бұлты арқылы, оны қазақтың төл ұғымына лайықтап, тауып айтқан. Қыс пен жаздың ауысуының жанды бейнеге айналуы, қыстың күндізгі, түнгі суреттері Әбділданың табиғат құбылыстарына, оның өзгерістеріне ой көзімен қарай алуын, ақындық суреткерліктің толысуын көрсетеді.
Ақын жырларында қарапайым адамдардың («Почтальон жыры», «Темірші жыры», «Бар еді бір жылқышы») еңбегі мадақталады. Еңбектің, ақын ұғымында, үлкен-кішісі жоқ. Ол қайсысынан болса да, адамның ұлылығын, рухының биіктігін көреді. «Күнмен бірге шығып», достарына «Ыстық махаббатын» таратып жүрген почтальон еңбегінен адамдар ара қатынасыныңжылы лебін ұқсақ, түлпар мінген жылқышы бейнесі жартаста тұрған ортекедей асқақ көрінеді, ал, темірші өмірді көрікке салып жасап жатқан күштің бейнесін аңғартады.
1956 жылы Әбділда Еуропаға саяхат шекті. Бұл – ақынның шет дүниені бірінші рет аралап көруі еді. Саяхат оның творчествосына жаңа тақырып болып кіруімен бірге, ойына ой, қиялына жаңа сурет қосты. Бұл циклдегі өлеңдерде жол әсерлері, әсіресе, кеме, теңіз үстіндегі сезім күйлері мол көрінеді. Ақын табиғат көріністерін жандандыра бейнелейді. Бұрын жолы түсіп көрмеген ақынның теңізбен бетпе-бет келгендегі ойлары да, көз алдына келген суреттер де қызық. Ол теңіздің асау толқынын ысқырып жел қайырған қойға теңейді. «Кемеде», «Теңізбен бет-бет», «Қара теңізге», «Теңізде», т.б. өлеңдерде ұлы теңіздің жарқын образын жасауға ұмтылады. Ақын қиялы сол теңіздей ұлы болуды армандайды.
Капиталистік дүниенің тіршілігімен, өмір сүру жағдайларымен танысу үстінде («Стамбулдан өткенде», «Стамбул түндері», «Аралдар», «Римде», «Парижде», «Балықшы», «Везувий, т.б.) Әбділданың ақындық позициясы айқын көрінеді. Ол сырты жылтырап, іші қалтырап тұрған, алдамшы көріністерге өзгеше көзбен қарайды. Стамбул түнінде екі түрлі өмір кешкен –дін жолын ұстаушылардың кешкі намазы мен ресторанда ішімдік пен бұзықтықты күйттеген американ солдаттары елес береді. Мұның барлығы Түркияның азаттық аңсаған халықтарын төбесінен басып, оның әрі саяси, әрі рухани өмірін езіп тұрған құбылыстар екенін түсінесің. Греция өмірінің бүгінгі сорақылықтары да, Рим еңбекшілерінің қайғысы да ол елдердің ескі демократтық дәстүрлеріне, мәдени мұралары қалдырған рухани байлыққа қарама-қайшы күйде бейнелеген. Ақын қарапайым еңбек адамының мұңлы тіршілігіне құлақ тосады. Олардың бойындағы халықтық күшке сенім артады. Везувий – кекке оранған халықтық тасқын күштің символы.
Кардиналдар, кардиналдар,
Везувийді еске алыңдар,
Сілкінсе бір баяғыша,
Қызыл топан от жаудырса,
Қайталаса Помпей сыйын,
Ұстау оны болар қиын, – деп ескертеді оларды ақын.
Серік ҚИРАБАЕВ, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
qazaquni.kz