- Досай аға, салафизм идеясын күшпен немесе уағызбен тоқтату мүмкін емес екендігі айтылып жүр. Сіз бұл саланы ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалымсыз, сіздің ойыңызша салафизмге қандай күш төтеп бере алады?
Досай КЕНЖЕТАЙ, теолог: «Еліміздегі террорлық, экстремистік базаны салафизм құрайды»
2016 ж. 22 маусым
3087
1
Ақтөбеде орын алған соңғы лаңкестік оқиға биліктен батыл қадамдар жасауды талап ететіндей. Бес жыл бұрынғы терактілерден кейін дін саласына үлкен өзгерістер енгізе қоймаған үкімет бұл жолы нақты шараларды қолға алады ма? Салафизм идеясының қауіпті екеніне кеш болса да көз жетті. Енді оны қалай тоқтатуға болады? Бұл туралы елімізге танымал теолог-ғалым Досай Кенжетаймен болған сұхбат барысында сұрап көрдік.
- Салафизмге бүгін мемлекеттік-құқықтық тоқтаулар салыну керек. Себебі, салафизм тікелей мемлекеттік құрылымдармен сыбайласып үлгерді. Осы елдегі «саясиланған дін» құбылысын тоқтатса, оған құқықтық шектеу қойса, қазақ мұсылмандық тәжірибесін өз орнымен пайдаланса, ҚМДБ да осы параллельде мемлекетпен бірге жұмыс істесе, шешілмейтін мәселе жоқ. Бәрі өзімізге байланысты.
Салафий немесе уахабизм секілді кейбір радикалды ұйымдарға әлі күнге дейін мемлекет тарапынан тыйым салынбай келеді. Мұның себебі неде? Қазақстанда тәуелсіздік алған уақыттан бері дін мен саясат қатынасында біраз тәжірибе жинақталды. Дін туралы заңдар, заң жобалары мен баптар толықтырулар мен өзгерістерге ұшырады. Бұлар құқықтық жағынан жасалып жатқан іс шаралар. Терроризммен күрес стратегиясы қабылданды. Заңда Ханафи мектебі мен Христиан православ мектібінің тарихи ролі мойндалатындығы көрстеілді. Негізінен бұл шешімдер мемлекеттің дін саясатының бағытын да анықтайды. Еліміздегі жасалып жатқан дінге қатысты әрекеттер жаһандық үдерістерге жауап ретінде алынып жатыр.
Ал, енді бір мәселе, дін мен мемлекет арасындағы зайырлылық ұстанымының аясы мен қызметтері, тарихи, болмыстық қатынасы, қолдану тетіктері ғылыми теориялық, практикалық жағынан көрініс таппай келеді. Мемлекет бұған дайын болу керек. Қазақстанның ешкімді қайталамайтын өзіндік зайырлылық концепциясы болуы табиғи шарт. Бұл егемен еліміздің баяндылығы үшін жасалуы тиіс: саясиланған діннен сақтану үшін, дінді саясаттың құралына айналдырудан аулақ болу үшін. Бірақ, діннің негізгі мәніне де, маңызына да баса назар аудару керек. Ол мән мынада: Алла дінді қоғамдық проблемаларды шешу үшін жіберген, соны ғылыми тұрғыдан қолдануды әлеуметтік негізде шешуді қарастырған дұрыс.
Мемлекет өз құрушыларының сенімі, мәдениеті мен болмыстық құндылықтарын әлеуметтік өмірдің жүйеленуінде ұтымды пайдалануы шарт. Олай болмаған жағдайда мемлекет құрушы элементтер әлеуметтік жүйеден таба алмаған құрылымды аңсаумен, мемлекетке қарсы топ құруға бет алады. Бұл – мемлекет, құндылық және саясат теорияларында бар тұжырым. Себебі, дін – реалды құбылыс. Мемлекет бұл проблеманы жіті қадағалап отыр деуге болады. Қазір неосалафилер ішінен шектен шыққандарын «такфир» деп ажыратып, тыйым салды. Бұлар «салафилер» мадхали, сурури, такфири болсын, ішіп отырған суы бір. Яғни олардың имамдары да, ақидасы мен кітаптары да, метологоиясы мен ұстанымдары, идеясы да бір.
Мемлекет зайырлы, құқықтық демократиялық талаптар шеңберінде сақтықпен шешім қабылдайды. Жоғарыда да айтып кеттім, еліміздегі топтарды екіге бөліп, олардың негізгі мақсаттарына қарап ажыратамыз. Сол зайырлылық шеңбері негізінде қаралып жатыр. Бәрі өзіміздің қазақтың қара домалақтары... Шектен шықпағанша бақылап отыруға болады. Бұл өзі адамның жасымен де өлшенетін құбылыс. Радикализмі мен максимализмі, саясилану мен жікшілдігі асқынбайынша бақылануы керек...
Ал, енді мемлекеттік мүмкіндіктер мен шеңберлер сыртындағы саяси байланыстар мен орталықтарға барып тірелетіндерге тыйым салып, заң жүзінде тоқтатып келеді. Бұл мәселе уақытпен шешіледі.
- Дін саласына реформа жүргізетін уақыт келді деп ойламайсыз ба? Егер жүргізу керек деп есептесең із, оның мазмұны қандай болу керек?
- Еліміздегі дін саясатына, діни саясатқа, діни танымға, ҚМБД, дін және мемлекет қатынасына да реформа керек. Дін саласы мемлекет пен дін қатынастарынан бастау алу керек. Дін және мемлекет қатынасы зайырлылық анықтамасы нақтыланбай келеді. Оны нақтылауда билік мемлекеттілік тәжірибесіне сүйенгені абзал. Ширек ғасырдан бері заңымызда жақсы өзгерістер бар. Бірақ бүгінгі жахандық жылдамдыққа ілесе алмай, қоғамның қажеттілігін өтеуде ол да жеткіліксіз болып отыр. Ең басты ұстаным діннің құндылықтық болмыстық тарихи негіздеріне ғылыми танымдық, діни танымдық және құқықтық танымдық үштікте ортақ комментарилер жасалуы шарт. Сонда білім беруде, құқықта, әлеуметте, саясатта зайырлылық функциялары жоталанып, анық көріне бастайды. Бұл заң Қазақстан мемлекеті үшін имманентті, локальды тікелей мәдени болмысымызды қорғауға әрі дамытуға бағытталғаны жөн.
- Елімізде кезінде дін туралы заң қабылданды, 2011 жылғы лаңкестіктерден кейін Дін істері жөніндегі агенттік құрылды. Жасалған екі қадамның да үлкен мақсаттары бар еді, яғни елде тыныштықты сақтау, діни алауыздыққа жол бермеу, лаңкестіктердің алдын алу секілді. Бес жылдан асса да бұл мақсаттарға қол жетті деп айта алмаймыз. Оның себебін немен түсіндіруге болады?
- Жауап сұрақтың ішінде бар екен. Жалпы, еліміздегі террорлық, экстремистік базаны салафизм құрайды. Олар дендеп кірді. Мемлекеттік қабаттың барлық сатыларында өкілдері де сыбайластары да жақтастары да жетерлік. Әсіресе «қауіпсіздік комитеті мен прокуратурада» көрініс беріп отыр. Жалпы кез келген қалалық аудандық мекендердің барлық бизнес, базар құрылымын «салафизм базары» десек те болады. Міне осы қабатты еркіне жіберген екенсің енді соны дұрыс қадағалау,бақылау, тану, сараптау, тәрбиелеу, тетіктерін де қалыптастырмадың ба? Соңғы он жылда салафизм мемлекеттің тікелей қолдауына ие болды. Бірақ халық қарсы болды. Осылайша қолдан диалектикалық дилемма пайда болды. Жалпы кез келген сала арнайы принциптер мен шаблондармен бақыланбаса, ол кейін саған бағынбайды. Бізде діннің иесі көп...Біздегі ахуал осы.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әзірлеген Серғали БАЛАЖАН.
sn.kz