МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ САЛАФИТТЕРДІ ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
2016 ж. 16 маусым
3501
2
ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Дін істер комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің айтуынша, Қазақстандағы салафиттердің саны 15 мың адамға жеткен. Ақтөбедегі оқиғадан кейін бұл ағымдағы азаматтарға деген көзқарас өзгеріп, қоғамда түрлі пікірлер айтылып жатыр. Тіпті, «сол 15 мың салафиттің қаншасы мемлекеттік қызметте жүр?» деген заңды сауал қойыла бастады.
Рас, бір қарағанда сыртқы пішін арқылы ішкі сенімнің қандай екенін білуге болатын шығар. Бірақ, бүгінде сақал қоймай, шолақ шалбар кимей-ақ уахабилік таныммен өмір сүріп жатқан қаншама адам бар?. Олардың нешесі мемлекеттік қызметте лауазымды мансап иеленіп отыр? Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Солай бола тұра, қауіптің қыр астында тұрғаны айқын байқалды. Біздің ойымызша енді мемлекет тарапынан кешенді зерттеулер жүргізіліп, ауылдық, аудандық, облыстық һәм республикалық деңгейдегі шенеуніктің шекпенін киіп алған уахабистер анықталуы қажет. Бұл шаруа жасалмай мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау мүмкін емес. Неге?
Біріншіден, Ақтөбедегі оқиға мемлекетке басты қауіп қайдан төнетінін анық көрсетті.
Екіншіден, уахабистер – саясиланған ағым. Олар белгілі бір сыртқы күштердің жобасымен, арнайы тапсырмалармен жұмыс істейді.
Үшіншіден, салафизмнің жолына түскендердің біразы Сирияға жиһад жасауға кеткені белгілі. Енді олар дәл сондай жиһадты мемлекеттік органдардың шаңырағында жасамайды дей аласыз ба?
Төртіншіден, мемлекеттік қызметтегі салафит қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан мұсылмандығына шекесінен қарап, менсінбейді. Яғни, алдына келген әр азаматты кәпір деп қарап, астыртын саясатын жүргізе береді деген сөз.
Бесіншіден, олар қазақ мұсылмандығының түсінігін ревизиялау арқылы жік тудыруды мақсат етеді. Яғни, бұл жікті мемлекеттік қызметте отырып тудыру халық наразылығын өршітетіні хақ.
Алтыншыдан, олар кез-келген мәселеге уахабилік шаблонмен қарайды. Ол «шаблонның» ұшар шыңы мұсылман халифаттығын құру екені белгілі. Ешкім «салафиттер сол халифаттықты қазақ жерінде құруды көздемейді» дей алмасы анық.
Жетіншіден, уахабизмнің зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру саясатынан да асып түсетінін әлемде болып жатқан оқиғалар дәлелдеп берді. Егер де дәл қазір мемлекеттік қызметті салафиттерден тазалай алмасақ, олар мемлекеттік идеологияны өз қолдарына алу қаупі төніп тұр. Мысалы, Осман империясының ыдырауына уахабилік идеология әсер еткен. Дәл сол сияқты салафиттер Қазақ мемлекеттілігін де құрдымға жіберу бағытында жұмыс жасап жатуы әбден мүмкін.
Енді осымен тоқтап, Ақтөбедегі оқиғаға оралайық.
Ақтөбе облыстық ҰҚК департаментінің бастығы Нұрлан Қадырбаевтың мәліметіне сүйенсек, облыстағы салафиттердің жалпы саны 1565-ті құрайды екен, олардың 90-ы жиһадшылар. Сол Ақтөбедегі 1565 салафиттің жиырмаға жуығы қару асынған кезде бүкіл Қазақстанның шаңырағын шайқалтып жібере жаздады. Құдай сақтасын, 15 мың салафи «атқа қонса» Қазақстан бір күнде Сирияның кебін киюі кәдік. Сондықтан, біздің құзіретті органдар салафилерді қаржыландыратын орталықтарды дереу анықтауы тиіс. Оларға шеттен келетін көмек болса, соның жолын кесіп, өз ішімізде уахабилерді қорғап-қорғаштап отырған лауазымды тұлғаларды тізгіндеу керек...
Түйін
Ақтөбедегі оқиға еліміздегі алғашқы ланкестік әрекет емес. Бұған дейін лаңкестер Атырау, Алматы, Ақтау және Тараз қалаларында жарылыстар жасап, ондаған бейбіт тұрғынды ажал құштырды. Бір қызығы, осыған дейін біздің құқық қорғаушылар лаңкестердің көзін жоюмен ғана шектеліп келді. Олардың артында кімдердің тұрғанын анықтауға асыққан жоқ. Енді міне, шабақтарды ғана емес, шортандарды қармаққа ілер кез келді деп ойлаймыз. Сіз не дейсіз?
Шәріпхан Қайсар