КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ӨТКЕН КЕЛЕЛІ КЕҢЕС
2017 ж. 06 қазан
2294
0
Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді. Жиын барысында аймақтағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері талқыланды.
Жиынға қатысушылар мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру, Шымкент қаласында халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын жаңғырту және салу, сумен қамту жүйесін қалпына келтіру, өсімдік шаруашылығын субсидиялау, отандық тауарларды экспорттау кезінде кездесетін кедергілерді алып тастау, АӨК-ні жеңілдікті несиелендіру, облыстың экономика салаларын цифрландыруға қатысуы, жаңа экспорт саясатын әзірлеу мәселелерін талқылады.
Аталған тақырыптар аясында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «Karlskrona LC AB» ЖШС бас директоры Уәлихан Ахметов, «SCAT» АҚ президенті Владимир Денисов, «Қайнар май» ЖШС президенті Хали Сарманов, «Визит» АССЗ ЖШС бас директоры Вельким Злавдинов, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайнар Абасов, «Стекло и К» АТ-тобының жетекшісі Юлдашев Хондамирлер сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Айтылған мәселелерге қатысты ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, инвестициялар және даму вице-министрі Р. Скляр, ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қ. Айтуғанов, облыс әкімі Ж.Түймебаев түсініктеме берді.
Жиынды қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына сәйкес кәсіпкерлікті дамыту елімізде экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру кезіндегі басты бағыттардың бірі болып табылатынын атап көрсетті.
Осыған байланысты ҚР Үкіметі «Атамекен» ҰКП-мен тығыз ынтымақтастықта отандық бизнесті қолдау шараларын кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Оған қоса, бизнес қауымдастықтың алдында экономика салаларын цифрландыруға қатысу және өз өнімділігі мен шығаратын өнім сапасын арттыру бойынша үлкен перспективалар ашылады.
Анықтама:
Облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны ағымдағы жылы 176,6 мың бірлікті құрады немесе 2016 жылдың осы кезеңінен 5% артық. Бүгінде өңірде кәсіпкерлікті қолдау бойынша «Бизнестің жол картасы-2020», сондай-ақ өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру басты рөл атқарады.
qazaquni.kz