«ОҢТҮСТІК ӨНІМДЕРІ» ЕЛОРДА НАЗАРЫНДА
2017 ж. 09 қыркүйек
1836
2
Астанада Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында «Оңтүстік өнімдері» тауар өндірушілерінің көрмесі өтті. Жиын барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша келушілерге алғысын білдіре отырып, күнгейлік көрме арқылы өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетімен кеңірек танысуға болатынын жеткізді.
«Биыл біздің елімізде шын мәніндегі ғажайып оқиға – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтуде. Бұл техникалық және технологиялық жетістіктерді көрсететін, жаңа идеялар мен қызықты жобалардың нышаны, индустрияландыру символы болып табылатын халықаралық көрме. Ал бүгінгі тауарөндірушілер көрмесінің өткізілуі біз үшін өте маңызды оқиға. Мұнда өзіміздің жетістіктерімізді көрсетіп, көпшілікке танымал етуге, тұтынушылар мен өндірушілер арасында тығыз байланысты орнатуға мүмкіндік көп», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
«ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне Оңтүстік өңірінен тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика және құрылыс заттары салаларының 60-тан астам кәсіпорны қатысты.
Сондай-ақ, осы шара аясында Оңтүстіктің шағын қаржыландыру орталықтары мен ауыр және жеңіл өнеркәсіптерге қатысты индустриалды аймақтары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мен көліктік-логистикалық аймақтар, туристік ақпараттық орталықтардың дүңгіршектері қойылды.
Ару Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында өткен көрмеге келушілер, өңірге кеңінен танымал кілем өнімдері мен шұлық-ұйық бұйымдарын, үйге арналған тоқыма бұйымдарды, киімдер, оқу формалары, сәбилерге арналған жиынтықтарды тамашалады. Сонымен бірге, қала қонақтары Оңтүстікте тігілген аяқ киімдер мен ерлер костюмдерін киіп көрді. Мұнан бөлек, елордалық жұртшылықтың назарына күнгейде жасалған трансформаторлар, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар, медициналық құрылғылар, құрылыс заттары, жиһаз, азық-түлік өнімдері және өзге де өнімдер ұсынылды.
Көрмеге келушілер шарада ұсынылған Оңтүстік өнімдерін нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатып алуға қол жеткізді.
Сондай-ақ, шара аясында LED экранда облыстың инвестициялық тартымдылығы бойынша бейне ролик пен облыстық өнеркәсіп кәсіпорындары туралы фильмдер көрсетілді.
qazaquni.kz