БАУ-БАҚША – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
2017 ж. 20 мамыр
7457
1
Оңтүстік Қазақстан облысы өзінің бау-бақша шаруашылығымен біздің елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де жақсы танымал. Сондықтан да оның өнімдері қашан да үлкен сұранысқа ие болып отыр.
Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған аймақ биыл да қарқынды бау көлемін 1000 гектарға ұлғайтпақшы. Қазығұрт ауданында 70 гектарға қарқынды бау егіліп, маусымдық кезеңде 100 адамды жұмыспен қамтымақ. Бау егуді қолға алған «Бірлік» АӨК» өндірістік кооперативінде 86 гектар суармалы жері бар. Соның 70 гектарына 200 мың түп алма көшеті отырғызылған. Италия құрал-жабдықтармен жарақтандырылған бау 3 жылдан соң әр гектарына 50-60 тоннадай өнім беруге қауқарлы. Мұнда қазір алманың Голден Делишес, Ред Делишес, Гала, Фуджи, Грени, Смит секілді түрлері түйіндеп тұр. Жемісті баудың жалпы инветициялық құны – 1,2 млрд. теңге. Жобаға жұмсалған қаржының 1 млрд. теңгесін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ берсе, 200 млн. теңгесі жеке қаржылары болып саналады. «Қазір мұнда 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусым кезеңдерінде 100 адамды еңбекпен қамтимыз деп отырмыз. Бауымыз өзінің өнім беру деңгейіне 3 жылдан кейін жетеді. Сол кезде гектарынан 50-60 тоннаға дейін өнім алынады. Ал биыл гектарына 5-6 тоннадан өнім алуды көздеп отырмыз», –дейді «Бірлік» АӨК» өндірістік кооперативінің атқарушы директоры Бекжан Қалибеков. Өткен жылы кооператив жұмысымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы танысып, атқарылған іске оң бағасын берген болатын. «Қазіргі таңда облыста 2 мың гектарға жуық қарқынды бау бар. Оларға қажетті құрал-жабдықтар шетелден тасымалданатын. Ендігі мақсат – бау-бақшаға қажетті бетон бағаналары мен тор, пластикалық құрылғыларды өзімізде өндіруге мүмкіндік туып отыр. Бұл өз кезегінде алманың өзіндік құны арзандай түседі деген сөз. Сондай-ақ бағбандықты жетік меңгерген маман даярлау ісіне де мән берілетін болады. Жалпы, облыстағы интенсивті баулардың көлемін тағы да 1000 гектарға ұлғайту жоспарымызда бар», – деген-ді Жансейіт Қансейітұлы. Айта кетейік, Қазығұрт ауданындағы қарқынды баудың монтаждау жұмыстарын «Зирамакс» компаниясы орнатқан. Аталмыш кооператив маман даярлау ісін де де қолға алып, агрономдардың білімін Италияда жетілдіріпті. Алдағы уақытта кооператив басшылығы қарқынды бау егемін деген оңтүстікқазақстандық шаруаларға ақыл-кеңес беріп, тәжірибелерімен бөліспек. Бұл өз кезегінде өңірдегі қарқынды баулардың санын көбейтіп, алма импортын азайтуға ықпал етпек. Сондай-ақ, экспортқа шығарылатын отандық өнім көлемін ұлғайта түсетін болады. Бау-бақша – береке бастауы екенін жергілікті тұрғындар жақсы біледі.
qazaquni.kz