ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ – ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ КЕПІЛІ
2017 ж. 20 мамыр
4172
3
Оңтүстік Қазақстан облысы шаруалары инвест-субсидия алып, қайтарымсыз ақшаға қол жеткізе бастады. Аталған жүйенің артықшылығы – инвест-субсидия лизинг бойынша алғашқы жарна ретінде қабылданып, жабдықтың өзі кепіл зат бола алады.
«ОҢТҮСТІК» Аймақтық инвестициялық орталығының мамандары кооперативтерге ұсынылатын осы және өзге де жеңілдіктер туралы ақпарат беру үшін Шардара, Мақтаарал аудандарында көшпелі семинар кеңес өткізді. Шараның мақсаты – кооперативтерді несиелендіру бойынша жасалынған бағдарламалардың мән-жайын түсіндіріп, қаржылай қолдау көрсету.
Семинарға Шардара ауданы әкімдігінің басшылық құрамы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, «ОҢТҮСТІК» АИО жобаларды жүзеге асыру департаменті, «Ырыс» МҚҰ-ның ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының аймақтық өкілдері қатысып, шаруаларға кооперативті қалай ашу және оның жұмысын әрі қарай қалай жүргізу керектігі жөнінде түсініктеме берді.
«ОҢТҮСТІК» АИО жобаларды жүзеге асыру департаменті директорының орынбасары А.Сауранбаевтың айтуынша, кооперативтер жабдықты лизингке алу арқылы оның ерекшелігіне қарай инвест-субсидия алып, қайтарымсыз ақшаға қол жеткізе алады. «Мұның артықшылығы – инвест-субсидия лизинг бойынша алғашқы жарна ретінде қабылданып, жабдықтың өзі кепілзат бола алады», – дейді ол.
Кездесу барысында шаруалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті мамандар арқылы нақты жауаптарын алды. Кезекті семинар Мақтаарал ауданында өтіп, кәсіпкерлік бөлімі, қаржы орталықтарының өкілдері қатысушыларға кооператив құрудың артықшылықтары, оны қаржыландыру, Мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялардың көлемі жөнінде және коопертивтерді ашу механизмі жайында толық мәлімет берді.
qazaquni.kz