ЕТ ЭКСПОРТЫ ДЕСЕҢІЗ...
2017 ж. 09 мамыр
3495
0
Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданындағы ірі қара мал бордақылаумен айналысатын «Қайып ата» ЖШС-нің директоры Сырым Ертаев бұл бизнесті осыдан он шақты жыл бұрын 4 жігіт болып бірігіп бастаған екен. Алғашқы қадамын олар 80 бұқадан бастапты. 80 бұқа бүгінде 5 мыңға жеткен. Соның арқасында ауылдың біраз азаматтары осында өзіне тұрақты жұмыс тапты.
Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылында қазір мал бордақыламайтын отбасы аз. Бұл өзі тиімді кәсіп түріне айналып тұр. Мысалы, бұқаның тірі салмағы 350 келіге жетсе, мемлекет сізге 20 мың теңге субсидия төлейді. Мал санын көбейтіп, өндірісті күшейте түсу мақсатында «Қайып ата» ЖШС жанынан «Ханшайым» атты ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Дәл осындай тағы 2 кооператив құрылмақшы. Серіктестік енді құрама жем шығаратын зауыт ашуды қолға алып жатқан жайы бар.
– Үйде бағылатын қарапайым өгіздердің салмағын оларға жем-шөбін дұрыс берсе ғана 350 келіге жеткізуге болады. Ал, ол кезде оның бағасы 350 мың теңгеден немесе мың доллардан кем тұрмайды. Отыз бұқа ұстасаңыз, 30 мың доллар қалтаңызда, – дейді С.Ертаев.
Шымкент қаласының іргесіндегі Қайнарбұлақ ауылында ет комбинаты тұрғызылған. Шаруалар союға жарайтын малдарын осында әкеп етке өткізе алады. Ал, ақшасын сол арада қолма-қол санап береді немесе арнайы есепшотына аударып жібереді. Ет комбинаты мен ауылдар арасында мал таситын арнайы көлік жүргізіледі. Шаруалар үйінде бордақылаған азын-аулақ малын осы көлікке тиеп жібере алады.
– Қазір Шымкенттен арнайы орталық салғалы жатырмыз. Онда мал оқшауланып бағылады. Мұндай орталықта өндірілген еттің сапасы мен тазалығы барлық ветеринарлық талаптарға сай келетіндіктен, бұл өнімді Ресей былай тұрсын, Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік туады. Ал, әзірге Өзбекстан, Иран секілді мемлекеттерге жөнелтуге мәжбүрміз. Біздің осы жобамызға 20 кәсіпкер қолдау білдіріп, инвестиция салуға дайын отыр, – деді С.Ертаев.
Серіктестік өткен жылы көрші өзбек ағайындарға біраз ет өткізсе, биыл ирандық кәсіпкерлер де Қазақстанның сапалы етіне қызығып, келісім-шарт жасасуға өздері келіпті. Статистикаға сәйкес, 80 миллиондай халқы бар Иран елінің тұрғындары жылына 1 млн. 300 мың тонна қой етін қажет етеді екен. Бұдан бұрын оны Австралия мен Грузиядан импорттаған Иран енді толықтай Қазақстан нарығына көшуді ұйғарып отыр. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан күніне 9 тонна қой, 20 тонна ірі қара мал етін сатып алғысы келеді.
– Бұндай ірі сұранысты қанағаттандыру жалғыз «Қайып атаға» ауыр болары анық. Сондықтан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, кооперативке біріксек, экспортқа шығаратын тауар да көбейеді. Қазақстанда қазір 18 миллион қой, 6 миллион ірі қара бар. Ендеше, Иранға ет жөнелтуден қиындық көрмеуіміз керек. Ірі қараның біраз бөлігін еліміздің солтүстік, батыс өңірлерінен сатып алып келеміз. Әдетте, малды базарға сатарда алдымен бірнеше күндей күтіп-баптаймыз. Семіз мал бізде жақсы өтеді, ал, ирандықтар далада жайылып өскен малдың еті дәмді әрі табиғи таза болатындықтан, өрісте жайылып жүрген қойларды арық болса да алғысы келеді екен. Олардың өз денсаулығына бейжай қарамайтыны бізді таңқалдырды, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер мал бордақылауға байланысты өзінің бірнеше кеңесін де айтып өтті. Мәселен, малды базардан сатып аларда әуелі оның тұқымына қарау керек. Ірі қараның ішінде қазақтың ақбас тұқымды бұқалары күнгейдің климатына төзімді келеді, әрі жем жегенде азық таңдамайды, соның есебінен тез қоңданады екен. Содан соң малдың тұратын асты құрғақ болған жөн. Сондықтан еденді ағаш тақтайдан жасаған абзал. Сонымен бірге, қыста малдың үстіне күннің көзі түсіп тұруы керек. Ол үшін қораның шатырын «Қайып ата» ЖШС-нің үлгісі бойынша төбеден күн түсетіндей етіп жабу қажет. Қора жылы болса, мал да жылдам семіреді. Ал, суық қорада тұрған мал жаурап, көп жем жесе де қоңы көтеріле қоймайды.
Алтынбек Сахабат
qazaquni.kz