КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ: КЕҢ ӨРІС
2017 ж. 09 мамыр
2667
0
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылындағы «Тұрар» шаруа қожалығының төрағасы Юрий Ан шетелдің «Семенс» фирмасының тұқымын алып, ата-бабаларының дәстүрлі кәсібімен айналысып, биыл осымен бесінші жыл қатарынан пияз егіп жатыр.
Қожалықтың меншігінде 9 техниканың барлығы да Түркия, Германия, Беларусь елдерінде жасап шығарылған заманауи озық агрегаттар. Диқан егін егуде голландиялық тәсілді қолданады, топырақты да жаңаша әдіспен өңдейді. Бірақ, 286 гектар егістік жердің 40 гектарын ғана пайдаланып отырған жайы бар. Оның себебі адам айтса нанғысыз – көп өзеннің бірі емес, бүкіл Орталық Азиядағы екі дарияның біреуі, сұлу Сырдың бойында, оны аз десеңіз, қолдан тұрғызылған жасанды теңіз – Шардара су қоймасының төменгі жағында орналасқан елге су жетпейді...
Бұл өзі айтыла-айтыла жауыр болған мәселенің бірі. Жергілікті әкімдіктегілер де ол жайлы өте жақсы біледі. Диқан су тапшылығынан құтылу үшін су соратын стансасының қуатын арттырудан басқа жол жоқ дейді. Ал, ол үшін электр желісін тарту керек екен. Әзірше егістігін дизельді насостың көмегімен суарып отыр. Егер қуаты артығырақ насос қойылса, суарылатын жердің аумағын 100 гектарға дейін көбейтуге болады.
Ю.Ан тамшылатып суару әдісін кеңінен қолданғанымен де су жетіспеушілігі деген мәселені өз бетімен шеше алмай отыр. Сондықтан, ұсынысы жүзеге асып, келешекте судан ешқандай тапшылық көрмейтін болса, егіннен екі есе мол өнім алатынына әбден сенімді.
Оның жергілікті әкімдіктің алдында көтерген мәселесі аудандық бюджеттік комиссияда қаралып жатыр. Содан соң облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттардың қарауына ұсынылады. Егер бәрі ойдағыдай болса, Жаушықұмдағы суармалы егістік алқабының аумағын арттыруға жергілікті бюджеттен 58 млн. теңге бөлінеді. Ал, бұл шара өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімінің көбеюіне, жаңадан жұмыс орындарының пайда болуына және соның нәтижесінде бюджетке қосымша табыс түсуіне үлкен септігін тигізбек.
Израильдің құрылғыларын қолданған диқан былтыр 31 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгізіпті. Ю.Ан заманауи озық технологияларды барынша мол қолдану керек дейді.
– Мен «арзан зат сатып алатындай бай емеспін» деген ұстаныммен өмір сүремін. Жалпы, мүмкін болғанынша ең мықты, сапасы жоғары дүниені ғана қолданған жөн. Мысалы, біз ақпан айында пияз егуді бастағанымызда жұрттың бәрі күлді. Күлетіндей де бар, жердің тоңы қатып тұрған кезде кім егін егеді?! Бірақ, біз аязға, шөлге төзімді шетелдік «Семенс» компаниясының сапалы пияз тұқымын пайдаландық, – дейді Ю.Ан.
Бүгінде кооперация туралы арнайы заң бар, осы мақсатқа қыруар қаржы да бөлінуде. Алайда, майда қожалықтарды ірі кооперативтерге біріктіру идеясын қолдайтынын диқанның ойынша, ең алдымен шаруалардың өзі оған психологиялық тұрғыда дайын болулары керек. Әрбір шаруа кооперативке бірікпес бұрын өзінің пайдасын ойлайтыны заңды нәрсе. Ендеше, жер мен техниканы бірлесіп пайдалану үшін терең түсіністік қажет. Ең дұрысы – шаруаларды үлгілі шаруашылықтардың аясына топтастыру. Кооперацияның басты мақсаты бірігу емес қой, бірігу жерді тиімді игеру мен шаруашылықты дұрыс жүргізу үшін қолданылатын әдіс қана дейді дихан.
Оның ойынша, адам үнемі білімін толықтырып отыруы, тынбай ізденісте болуы тиіс. Білімділіктің пайдасы да мол. Екі жыл қатарынан әріптестерінің айтуымен топырақтың құнарлылығын арттыруға аммофос тыңайтқышын қолданса да өнімді нашар алған ол бұның сырын білмек болып, топырақ құрамын Алматыдағы ең озық зертханалардың біріне апарып тексертіпті. Сөйтсе, аммофостың кесірінен топырақтың құрамында аммоний көбейіп кеткен. Демек, ғылымға немқұрайлы қарауға болмайды. Агротехнологиялық талаптарды қатаң сақтау керек. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, қазір біз топырақтың құрамын тексертпей егін екпейміз. Өйткені, ақшаны босқа шашып, шығынға ұшырағымыз келмейді», – дейді дихан.
«Тұрар» шаруа қожалығы әу баста 4 шаруаның бірігуінен құралған екен. Мұнан бөлек оның мүшелігінде тағы 3 адам бар. Олар бас механик, агроном және шаруашылықтың өнімін Ресейде сататын, сол елдің кәсіпкері. Өзі өткізіп жүрген өнімнің сапасына әбден көз жеткізген ресейлік бизнесмен шаруа қожалығына қосымша инвестиция құйып, түскен табысынан үлес алып отыруды ұйғарыпты. Ю.Ан бизнесте шетелдік инвестиция ешқашан артықтық етпейтінін, қайта осының арқасында шаруашылықтың айналым қаражаты еселене түсетініне қуанып отыр.
– Кооперация туралы заңда шаруалар тек қана жер, техника және өзге де дүние- мүліктерімен біріксін деген ешқандай шарт қойылмаған. Интеллектуалдық меншік иелері де шаруашылық мүшесі болып, оның табысына ортақтаса алады. Себебі, оларда капиталдың орнына өздерінің ақыл-ойын құяды, сөйтіп, шаруашылықтың дамуына айрықша үлес қосады. Мамандары мықты кез-келген кәсіпорын ісінің алға баспауы мүмкін емес, – дейді ол.
Алтынбек Сахабат
qazaquni.kz