ІРГЕЛІ КӘСІПОРЫННЫҢ ІЛГЕРІ ҚАДАМЫ
2016 ж. 26 қазан
5493
0
Алматыдағы бизнес орталығына айналған «Ритц Қарлтон» қонақүйінің мәжіліс залдарының бірінде «Теңізшевройл» ЖШС басшыларының қазақстандық Бұқаралық ақпараттық құралдары өкілдерімен кездесуі өтті. Айта кетелік, міне бірнеше жылдан бері аталмыш компания журналистермен тұрақты кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл жолы да «Теңізшевройл» мұнай компаниясы өз жұмыстары мен жоспарлары жайында жан-жақты айтып, журналистердің көптеген сұрақтарына толыққанды жауап беріп, ақпараттық ашықтықты қолдайтындарын тағы да көрсетті.
АШЫҚ АҚПАРАТ АДАСТЫРМАЙДЫ
Алдымен мына бір мәселенің басын ашып алайық. Бұл кездесуден көңілге не түйіп қайттық? БАҚ өкілдерімен болған өзара әңгіменің қоғамға, одан қалды кәсіпорынның өзіне қандай пайдасы бар? Аталмыш шараға өзге кәсіпорындар өкілдері тарапынан «Жарнамалық жарапазан емес пе?» деген сұрақтардың туындауы мүмкін ғой. Өйткені тап осы «Теңізшевройл» сияқты баспасөз мәслихаттарын тұрақты өткізіп жүрген бірде-бір компанияны біз атай алмаймыз. Көбісі өз жұмыстары мен жоспарларын жұртқа жаймауға тырысып, құпия ұстағанды жөн көреді, журналистер қауымынан барынша жырақ болғанды ұнатады. Яғни, өздерін қоғамнан, бұқарадан бөлек санайды деген сөз.
Бірден айтайық, бұл жөнінен «Теңізшевройл» мұнай компаниясы осындай шаралары арқылы ақпараттық ашықтықтың үлкен үлгісін көрсетіп келеді. Әйтпесе, алыстағы Атыраудан Алматыға ат арылтып дегендей, артынып-тартынып келетіндей олардың желге шашар қосалқы қаражаты мен босқа өткізер артық уақыты бар деуге аузымыз бармайды. Үзіліссіз, тізбекті өндіріспен айналысатын кәсіпорындарда мұндай қаражат пен уақыт шығынына ешқашан жол бермейтіні белгілі. Осы жағын да алдымен ескергеніміз жөн, бұл еріккеннің ермегі емес. Өкінішке орай, еліміздегі көптеген кәсіпорындар бұған баса мән бермейді. Мысалы, «Теңізшевройлдан» бір де кем түспейтін «Арселор Миттал Теміртау» алып компаниясын алайықшы. Олар дәп осындай ашық ақпараттық саясат ұстанбайды. Керісінше Қарағанды облысына арнайы іссапармен барғанымызда оның басшылары кәсіпорын табалдырығынан да аттатпаған. «Бізде тексерулер жүріп жатыр, анау журналистерің мазамызды алмасын» деп Алматыдағы редакцияға хабарласып, басымызды қатырмаңдар дегеннің керін келтіргені бар. Біз оларға оркестрмен қарсы алып, қонақ ет деп барған жоқпыз. Бар болғаны алып кәсіпорынның жұмысын баспасөзде жариялап, елдің егесі саналатын бұқара алдында көрсету ғана еді. Тіпті қала, облыс басшылығындағы лауазымдылардың да өтінішін құлақтарына ілмеген болатын. Демек, бұл сияқты кәсіпорындардың көпшіліктен құпиялап, жасқап-жасыратын істері бар демеске амалымыз жоқ. Мәселе компанияның қоғам алдында мақтана аларлық қомақты жетістіктері мен кейбір орын алған кемшіліктерінде ғана емес, еліміздің экономикасына үлес қосып жатқан кәсіпорынның жұмысының ашықтығында болып отыр ғой. Қоғамның әрбір тұрғыны өмір сүріп отырған ортамыздағы орын алған жағдайлардың бәрін білуге құқылы. Өйткені мемлекет бәрімізге ортақ құрылым, ол біреудің жекеменшігі емес. Оның үстіне стратегиялық маңызы зор нысандар қашанда бұқараның басты назарында болары заңдылық. Ақпараттық ашықтық болмаған жерде саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерге байланысты түрлі адасулар, ауытқулар болары белгілі. Экономикалық жемқорлықпен байланысты қылмыстық істерді былай қойғанның өзінде, сол кәсіпорын туралы алып-қашпа өсек-аяңдар етек алып, ұжымның беделіне нұқсан келері де анық. Міне, сол тектес түсініспеушіліктер болмас үшін ашық ақпараттық бағыт ұстаған қай жағынан алып қарасақ та өте ұтымды. Өкініштісі, осы бір ақиқатты бәріміз бірдей мойындай бермейміз. Ал, жариялылыққа жаны қас, жасырып-жымқыратыны барлар кәсіпорындарының айналаласына «Қытай қорғанын» орнатып, зеңбіректерді тізіп тастаса да өздері білсін. Демократиялық қоғам құрып жатқан соң біреуге бірдеңе деуден аулақпыз. Бірақ ондай ұстаным түбінде жақсылыққа жеткізбейтінін естеріне салғымыз келеді. Бұл айтып отырғанымыз – кейбір кәсіпорындар басшыларының құлағына «алтын сырға» болсын дегеніміз. Әрі-беріден соң осыған олардың өздері мүдделі болу керек еді ғой. Сонымен, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тед Этчисон мырзаның өзі бас болып келген баспасөз мәслихатынан не біліп, не түйдік?..
ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗБЕН ТЕТЕЛЕС КӘСІПОРЫН
Биыл бүкіл Алаш тәу еткен Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр! Ширек ғасырда шынайы қол жеткізген табыстарымызды ауыз толтырып айтуға болады. Ең бастысы – тәуелсіз мемлекет, егеменді ел ретінде төрткүл әлемге танылдық. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұмтылып, кең-байтақ жерін сыртқы жаулардан жанталаса қорғап, көзінің қарашығындай сақтап келген Ұлы дала ұрпақтары сол асқақ арманға қол жеткізді. Бұл біздің басты - байлығымыз, баға жетпес құндылығымыз.
Осынау орындалған арманның саяси мәні өз алдына, оның халқымызға әкелген экономикалық, әлеуметтік, мәдени жаңалықтары да жетерлік. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді, әдеп-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртып, тіліміздің кең қолданысқа ие болуына зор мүмкіндіктер пайда болды. Бұл бағытта тәуелсіздік тұсында өзіміз жүріп өткен ширек ғасырлық жолымызда бірқатар табысқа қол жеткіздік. Әрине, әттеген-ай дейтін олқылықтар да орын алды. Қанша жерден аузымызды құрғақ шөппен сүрткенмен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына тікелей әсер ететін экономика саласында елеулі оң өзгерістер болды. Елімізде бүгінгі уақыт талабына сай жаңа заманауи техникамен жабдықталған, тиімді технологиямен қаруланған көптеген кәсіпорындар бой көтерді. Әрине, олардың бәрі бірдей төрт аяғынан тік тұрып, бірден әлемдік деңгейдегі жоғары көрсеткіштерге жете қойған жоқ. Халық игілігіне айналған тұрмыстық-әлеуметтік жүздеген нысандар салынды. Ел экономикасын ілгерлетуге елеулі үлес қосып жатқан мыңдаған сол кәсіпорындардың бірегейі - біз әңгіме етіп отырған «Теңізшевройл» мұнай компаниясы.
«Теңізшевройл» компаниясын Тәуелсіздігімізбен тетелес кәсіпорын деуге де негіз бар. Егеменді ел атана салысымен біздің алдымызда көптеген міндеттер тұрды. Соның бірі ел экономикасын дамытудың сара жолын айқындап, нақты іске кірісу еді. Жас мемлекетке алда тұрған міндеттердің бәрін өзінің ғана күшімен бірден игеріп кету қиынға соққаны аян. Сондықтан сырттан инвестиция тартып, шетелдермен бірлескен кәсіпорындар ашуға тура келді. Бұл біздегі ғана емес, әлемдік тәжірибеде нәтиже берген ұтымды әдіс екені белгілі. Батыс аймақта мұнай өндіру кеңестік кезеңде барланып, сонау 1979 жылы басталғанмен негізгі өндіріс тәуелсіздік дәуірінде ғана кең қанат жайды. Оған қоса бүкіл әлем бойынша техника мен технологияның өрістеуіне орай жанар-жағар майға деген сұраныс та артқан еді. Сондықтан бұл саланы дамытуды өмірдің өзі талап етті десек те артық емес.
1993 жылғы 6-сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев пен Кеннет Дерр Алматы қаласында «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы 40 жылдық келісімге қол қойды. Қазақстан үшін ғана емес, Шеврон корпорациясы үшін де бұл келісім 1970-ші жылдардың басынан бергі ең ірі халықаралық жоба еді. Осы Қазақстан-Америка мұнай келісім-шартына қол қойылуының бүкіл дүние жүзі үшін экономикалық қана емес, саяси маңызы болды. 1992 жылы Қазақстан, Ресей және Оман үкіметтері Каспий құбыр консорциумын (КҚК) құру туралы құжаттарға қол қойды. Сонымен бірге Теңіз-Новоросийск мұнай құбыры арқылы Теңіз мұнайының әлемдік нарықтарға экспортқа шығарылуын қамтамасыз ету міндеті тұрды. Осылайша әлемдегі ең ірі әрі ең терең мұнай кеніштерінің бірі болып табылатын Теңіз кен орны Каспий теңізінен шығысқа қарай шамамен 10 шақырым, Атырау қаласынан оңтүстікке қарай 350 шақырым қашықтықтағы Қазақстанның орасан зор мұнай алыбының және жалпы ел экономикасы дамуының жаңа дәуірі басталды.
«Теңізшевройл» ЖШС миллиардтаған инвестицияларды тартып, оны барынша тиімді игерудің арқасында өндірістің бүкіл инфрақұрылымын түбегейлі қайта құрып, аса маңызды өндіріс базасын кеңейтті. 2007 жылдың аяғына қарай компанияның жалпы активтері 10,5 млрд. долларға жетті. 2008 жылда Екінші буын зауытының барлық өндірісінің пайдаланылуға берілуі қазіргі бес технологиялық желіде өндіріліп жатқан өнімді екі еселеуге мүмкіндік берді және шығарындылар көлемін азайтуға қол жеткізіп, өндірістің жоғары тиімділігін қамтамасыз етті. Бүгіндері өндіріліп отырған көмірсутекті шикізаттан ТШО түпкі өнімнің бірнеше түрін шығарады. ТШО-ның тауарлы мұнайы өте «жеңіл» саналады. Екінші буын зауытын іске қосқаннан кейін, кәсіпорын тәулігіне мұнай мен газ өндіру көлемін сәйкесінше 750 мың тонна және 22 млн текше метр деңгейіне дейін ұлғайтуға мүмкіндік алды. Бұдан басқа, көмірсутектер шикізатының қалған бөлігінен, ілеспе газдардан тауарлы құрғақ газ бен сұйытылған газдар - пропан мен бутан, сондай-ақ Теңіз кен орнының шикі мұнайының құрамында жоғары шоғырланған күкіртсутектен сапалы күкірт өндіріледі. Кәсіпорын мұнай бағасының құбылмалы болуына қарамастан өндіріс қуатын төмендеткен жоқ. Қолда бар ішкі мүмкіндіктерді толықтай пайдалана отырып, биылғы жылдың бірінші жартысында 7,37 млн. тонна мұнай, 330 мың тонна сұйытылған газ, 590 мың тонна күкірт, сол сияқты құрғақ газ сату көлемін 1,79 млрд. текше метрге жеткізді. Жоғары сапалы күкірттің үш түрін Ресей, Украина, Қытай және Жерорта теңізі бассейні мен Атлант мұхиты жағалауы елдеріне шығарады. Бұл дегеніміз компания өнімдерінің әлемдік сұранысқа ие болып отырғанын көрсетсе керек. Сонымен бірге өнімді өткізудегі комерциялық, маркетингтік ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жолға қойылғанының белгісі десек артық емес.
КЕЛЕШЕК ЖОБАСЫ
Өндірістік жоғары көрсеткіштер өздігінен келмейді. Ол үшін жоғары, жаңа технологияларды игеріп қана қоймай алдағы жылдарға арналған бос қиялға құрылған емес, өз мүмкіндіктерінен туындаған нақты жоспарлар құра білу қажет. Теңіз кен орнын игеруді дамытуға арналған ондай нақты жоспар кәсіпорында бар. «Теңізшевройл» Келешек кеңею жобасы (ККЖ) мен Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ҰЕҚБЖ) Қазақстанның батысында орналасқан Теңіз мұнай-газ кен орны өндірісін ұлғайтудың жаңа кезеңі болмақшы. Еліміз үшін бұл маңызды жоба біздің болашақ ұрпақтарымызды көмірсутек шикізаты қорымен сенімді түрде қамтамасыз ететін болады. Бұл екі жоба Теңіз кеніші қорларын игеруді ұлғайтудың кезекті жоспары. Ол қазіргі жүргізіліп жатқан жұмыстарға еш кедергі келтірмейді, керісінше соның заңды жалғасы іспетті. Аталмыш жобалар кен орнының тұрақты да тиімді игерілуіне кепілдік беретін экономикалық тұрғыдан мұнай өндірудің ұтымды да сенімді әдісі болып табылады. Бұл әдіс коллектордың табиғи сарқылу қарқынын төмендетуге және қойнау түбінде қалып қою мүмкін мұнай қорларын шығаруға ықпал етеді. Осы озық технологиялар арқасында кенішті игеру мерзімі ұзартылып, өнімді тиімді игеруге мүмкіндік алады. Нәтижесінде Қазақстан қоржынына миллиардтаған АҚШ доллары құйылады. Өндірілетін қорлар мен одан түсетін пайда көлемінің артуымен қатар Теңіз кен орнындағы өндірістік қуаттардың кеңеюі біздің жергілікті тұрғындар үшін мыңдаған жұмыс орындарын ашуға жағдай туғызады. Сөйтіп өзіміздің кадрларды іріктеп, кәсіби оқыту және көптеген инфроқұрылымдарды қайта жарақтау есебінен алдағы уақыттағы ел экономикасына оң әсерін тигізеді.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАМТУ
Шет елдік озық компаниялардың мүмкіндігін өз өнеркәсібімізде пайдалану, әрине экономикалық жағынан тиімді. Өйткені дәп сол жұмыстарды өз күшімізбен атқару үшін әлі де талай жылдарға созылған уақыт керек болар еді. Бірақ, бұл жерде жұмыс барысында қазақстандық қамтуды әсте естен шығаруға болмайды. Қазақстандық қамту жалпы жобаны жоспарлаудағы ең басты құрамның бірі болып есептелуі міндет. Өйткені ол отандық өзге де өндірісті ілгері жылжытатын бірден-бір мүмкіндік. Оның бірнеше артықшылықтары бар. Мысалы, инженерлік-техникалық жұмыстарды орындау, жобаны басқару, модульдерді даярлау және бұрғылау бойынша қызметтер ұсынуға арналған жергілікті және шетелдік компаниялар арасындағы біріккен кәсіпорындар құру; Жобаны басқару және құрылыс мамандықтары бойынша шеберлерді кәсіби-техникалық оқыту арқылы еңбек ресурстарының біліктігін шыңдау; Мұнай-газ саласы үшін модульдерді даярлайтын жергілікті өндіріс алаңдарының мүмкіндіктері мен қуаттылықтарын арттыру; Жоба үшін қажетті тауарлар және жабдықтармен қамтамасыз етушілерге мүмкіндіктер беру; Еліміз аумағында жобаларды іске асыруда мүмкіндіктерді дамыту мақсатында озық технологияларды табыстау және қазақстандық қызметкерлердің әлеуетін көтеру үшін ұлттық кадрларды тарту мен оқыту сияқты жақтарын атауға болады. Ашығын айтсақ, ТШО өз тарихында жергілікті бизнесті дамытуға алғашқы күннен бар күш-жігерін жұмсап келеді. Алдағы уақытта да қазақстандық қамту ісін басты назарда ұстамақшы. Нақтырақ айтсақ: Жұмыстың қарқын алуына орай Атырау аймағында 15 мың және Маңғыстау облысында 5 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу; Қазақстандық инженер мамандардың әлеуетін көтеру мақсатында 2 мыңнан аса жұмыс орындарын ашу; Болашақ нысандарды күнделікті пайдалану үшін 600 жұмыс орнын ашу; Болашақ жобаларға қызмет көрсету мүмкіндіктері мен олардың әлеуетін арттыру үшін материалдар мен жабдықтарды жергілікті жеткізушілерге мониторинг жүргізу және қолдау көрсету; Жобаға қажетті тауарлар мен қызметтерді сатып алу және жобаға қатысушы қызметкерлердің сатып алу қабілеттерінің артуы арқылы қазақстан экономикасын қолдау; Ірі өндірушілер үшін әлеуетті мердігер немесе қосалқы мердігер ұйымдарды анықтау; ТШО тарапынан басқарылатын өндірістік және құрастыру алаңдарында қазақстандық кәсіпорындардың тәжірибе алуын ұйымдастыру секілді шаралар жоспарланған. Кәсіпорын тәжірибесі көрсетіп отырғандай бұл жоспарлардың да алдағы уақытта толықтай іске асатынына сенім бар.
ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ
Бүгінгі техника мен технология дамыған заманда қоршаған ортаны қорғауға жете мән бермесе болмайды. Экологиялық жағдай әлемдік проблемаға айналып отырғаны белгілі. Жер шарының көптеген тұстарында табиғи апаттардың жиі орын алуы бұл мәселеге барынша баса назар аударуды талап етеді. Әсіресе химиялық және өзге де технололиялармен байланысты ірі кәсіпорындар шоғырланған қалалардың қазір экологиялық ахуалы сын көтермейді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, адам өміріне қауіп төндіруде. Мұнай, газ өндірісі де белгілі бір мөлшерде қоршаған ортаға зиянын тигізетіні белгілі. Сондықтан өндіріс барысында ауаны, суды, жалпы қоршаған ортаны ластамауға жете көңіл бөлуге тура келеді. Бұл талап «Теңізшевройл» компаниясына да қатысты. Кәсіпорын табиғат ресурстарын тиімді пайдалану дәтүрін қалыптастырған. Жобалаудан бастап, бақылау, басқару бүкіл өндіріс барысында қоршаған ортаға тигізетін әсерді анықтап азайтуға барлық мүмкіндіктерді пайдаланып келеді. Екінші буын зауыты іске қосылғаннан бері ілеспе газды жағу қолданылмайды. демек ауаны ластау анағұрлым азайтылған.
ТШО-да арнайы топ бұл бағытта қауіпсіздікке деген сенімділікті қамтамасыз ету үшін зауыттың барлық жабдықтарына бағалау мен бақылау жүргізіп, ескертпелер мен ұсыныстарды басшылар қарауына жібереді. Сонымен бірге бұл топ техникалық ақаулардың түпкі себебін анықтау және оның салдарынан болатын әсерлерді азайту бойынша шаралар қолдану, олардың қайталануына жол бермеу мақсатында ішкі тергеу жұмыстарымен де тұрақты түрде айналысады. Сөйтіп түрлі техникалық мүмкін деген апаттардың алдын алады. Сондықтан да бұл кәсіпорын өндірісінде бірде-бір ірі апат болып көрген емес.
Сол сияқты Теңіз кенішіндегі өндірісті кеңейту жобаларына арналған табиғат қорғау жөніндегі жобалау жұмысының негізгі міндеттерінің бірі пайдаланылатын су қорын сақтау және пайдалану көлемін азайту, соның ішінде қайта пайдаға асыру болып табылады. Қазіргі уақытта «Теңізшевройлда» өндірілген мұнайдың әр тоннасына шаққандағы су шығыны 1994 жылғы 1,3 текше метрден 0,2 текше метрге дейін азайды. Өндірісте ең озық ғылыми жетістіктерді қолдана отырып, ТШО технологиялық процестерді, бу өндірісін және шаруашылық қажеттіліктерге су алуды, сонымен қатар өрт сөндіруге арналған суды қамтамасыз ету үшін өзінің техникалық суын өндіреді. Техникалық су алудың бір тәсілі – мұнай, газ, тұз, су және күкіртті сутегіден тұратын мұнайлы флюидтерден суды айыру. Ең алдымен тұрақтандыру бағандарында кейін тасымалдау үшін жөнелтілетін шикі мұнайдан күкіртті сутегі ажыратылады. Күкіртті мұнай газы тауарлық газ, пропан, бутан және күкірт алу үшін өңделеді. Содан соң қышқыл және тұзды суды буландыру барысында одан күкірт сутегі ажыратылады, кейін буландырған су арнайы қондырғыға жіберіледі. Буландырғыш суды тұздан айырып, тұшытып шығарады. Содан кейін тұшытылған су тазалау қондырғысына жіберіледі, кейін жүйеге технологиялық процестерді қамтамасыз етуге және бу өндіруге арналған тазартылған су ретінде қайтарылады. Буландырғышта суды қалпына келтіру коэффициенті 96 пайыздан асады.
Су сол сияқты күкірт сутегіні өңдеу арқылы қарапайым күкірт алынатын әдеттегі процесте өндірілетін өнім болып табылады. Сонымен қатар ЕБЖ-ның ашық дренажды жүйесіне нысандардың аумақтарындағы жаңбырдан кейінгі су, қар ерігеннен кейін пайда болатын су жиналады. Бұл су құрамындағы қатты және органикалық қоспалардан айырылады және тазалау қондырғысын шыққаннан кейін таза су ретінде пайдаланылады. Бұл суды барынша ластамауға, тіршілік нәрі ресурстарын үнемдеуге үлкен септігін тигізеді.
Теңіз кен орнынан елді мекендер 80-90 шақырым қашықтықта орналасқанына қарамастан тұрғындарды өндіріс әсерінен қорғайтын санитарлық қорғау аймақтар белгіленген. Ол өндіріс алаңынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Қоршаған ортаға тиетін әсерді бағалауға арнаулы лицензиясы бар қазақстандық компанияның жүргізген алдын-ала бағалау нәтижесі Теңіз аумағындағы санитарлық қорғау аймағының ауасына, топырағына, суына айтарлықтай зиян келтірмейтінін, 80 шақырымдық қашықтқта адамдардың денсаулығына ешқандай әсер жоқтығын анықтады. Бұндай арнайы тексерулер тұрақты жүргізіліп тұрады. ТШО өзінің лицензияланған аумағындағы өсімдік, жан-жануар, топырақ қабатының бүлінуіне бақылау жүргізуде ғарыштық түсірілімдерді пайдаланады. Бұл экологиялық ахуалды нақты бақылауды күшейтеді. Кәсіпорын бұрынғысын айтпағанда, тек қана 2000 жылдан бері қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған жобаларға 2,7 млрд. АҚШ долларын жұмсаған екен. Соның нәтижесінде алауда жағылатын газдың көлемі 93 пайызға, өндірілген мұнайдың тоннаға шаққандағы ауаға таралатын шығарындыларының жалпы көлемі 70 пайызға азайған. Техникалық ақаулар саны 55 пайызға, шикі және қышқыл газ жағу 93 пайызға азайтылған. Бұл қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жоғары көрсеткіш беуге болады. Табыс табу керек болғанмен, туған табиғатымызды таза күйінде сақтау сол табыстан да қымбат. Осы қағиданы еліміздегі барлық кәсіпорындар үнемі басты назарда ұстағаны ләзім.
ИГІЛІК ИРІМДЕРІ
Бүгіндер бүкіл әлемде, оның ішінде біздің елімізде де кез келген кәсіпорынның қызметі тек қана жоғары өндірістік көрсеткіштермен ғана бағаланбайды. Қаржылай түскен пайдамен бірге техникалық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік және корпоративтік жауапкерщілік сияқты көптеген көрсеткіштер алдымен ескеріледі. Осы орайда «Теңізшевройл» ЖШС Қазақстанға қандай пайда әкеліп отыр деген негізгі сұрақтың да бас көтеруі заңды. Мемлекет қоржынына миллиардтаған қаржы құйып отырғанын айттық. Ал осы мұнай-газ кеніштері орналасқан аймақтың тұрғындырына не жақсылық жасады? Алып кәсіпорын өзіне қандай әлеуметтік жауапкершілік алып отыр және оны қалай іске асыруда? ТШО жұмысына осы аймақтағы жергілікті тұрғындардың көңілі көнши ме? Енді осы тектес сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
«Теңізшевройл» мұнай компаниясы құрылған сонау 1993 жылы «Атырау Бонус Қоры» деп аталатын бес жылға арналған әлеуметтік бағдарламасын ендіруден бастады. Бағдарлама бойынша Атырау мен Теңіз кен орнына іргелес жатқан аудандарда әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық сала нысандарын дамытуға 50 млн. доллар мөлшерінде қаржы құю көзделген болатын. Сол алғашқы бағдарлама аясында Атырау қаласында жылыту қазандығы, нан зауыты мен клиника, сондай-ақ Құлсары кентінде су тасқынынан зардап шеккен адамдарға арналған 20 тұрғын үй, клиника және тағы да бірқатар нысандар салынды.
Алғашқы әлеуметтік жоба сыннан сәтті өткен соң 1998 жылмен аяқталған «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасының орнына «Игілік» деп аталатын әлеуметтік жаңа жобалар бағдарламасы келді. Жобаны іске асыруда Атырау қаласындағы Жайық өзенінен өтетін бас көпірді қайта жаңғыртты, Атырау университетінің жаңа ғимаратын салуға, қаладағы ғимараттарды жаңартуға және Жайық өзенінің жағасын бекітуге 5 млн. доллар жұмсалды.
2007 жылы ТШО кәсіпорыны Сарықамыста тұрған 374 отбасына (1590 адам) арнап Атырау қаласындағы Лесхоз ықшамауданынан жеке кент тұрғызды. Қалған 377 отбасына (1889 адам) Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратон кентінде осыған ұқсас жаңа тұрғын үй кешенін салды.
Сонымен қатар, Атырау облысының, Жылыой ауданындағы және Атырау қаласындағы мәдениет мекемелеріне, балалар үйлеріне, интернаттарға, қарттар үйлеріне, ауруханалар мен клиникаларға, мүгедектер ұйымдарына және тұрмыс деңгейі төмен адамдарға демеушілік көмек көрсетті. Деректерге көз жүгіртсек «Игілік» бағдарламасы аясында қала келбетін өзгерткен және адамдардың өмірін жақсартқан көптеген жобалар жүзеге асырылып келеді. Оның бәрін тізіп шығу артық шығар, дегенмен кейбір көрсеткіштеріне тоқтала кетелік.
Алдындағы 1998 жылы аяқталған «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасын есепке алмағанда тек қана «Игілік» бағдарламасы бойынша «Теңізшевройл» ЖШС 1999 жылдан биылға дейін Аиырау, Маңғыстау аймақтарында 130-дан астам түрлі бағыттағы ірі ғимараттар салып, жол, су, газ жүйелерін жүргізген екен. Атап өтер болсақ білім саласы бойынша Атырау қаласындағы екі орта мектеп, дарынды балларға арналған гимназия мен орта техникалық гимназия ғимараттарын тұрғызған. Атырау, Құлсары қалалары мен Махамбет, Қосшағыл, Шоқпартоғай сияқты ауылдарда барлығы 8 балабақша нысандарын салып ел игілігіне ұсынған. Денсаулық сақтау саласында Құлсары қаласында аурухана, Жаңа Картон мен Ақкиізтоғай ауылдарында медициналық амбулатория салып берген. Кәсіпорын аймақтағы инфроқұрылымдарды дамытуға да атсалысып келеді. Атырау қаласы мен Жылой ауданыны тұрғындарына газ құбырларын жүргізіп жергілікті тұрғындардың алғысына бөленген ТШО Атырау қаласын электрмен жабдықтау және Құлсары қаласында ұзындығы 262 шақырым ауыз су жүйесін жүргізіп пайдалануға берген. Сол сияқты Есбол, Индербор, Бөдене кентері мен Аққыстау ауылында ірі мәдениет үйлерін салып іске қосты. Бұл аталған нысан құрылыстары көп қаржыны қажет ететін ауқымды жұмыс.
Компанияның «Игілік» бағдарламасына ену үшін алдымен салынатын нысан тұрғындарға нақты қандай пайда келтіретіні ескеріледі. Оны іске қосқан соң жергілікті органдардың қарауына басыбайлы өткізеді. Бағдарламаға белгілі бір шараны енгізу үшін алдымен зерттеу жүргізіп, жергілікті жағдайды байқап, облыс әкімдігімен келісіп барып іске кіріседі. Өйткені салынатын нысан аса қажет жағдайда ғана қолға алынады.
Елімізде «Теңізшевройл» секілді алып кәсіпорындар баршылық. Олардың да бірқатары әлеуметтік жауапкершілік бойынша өндіріс орындары орналасқан жергілікті тұрғындардың өмірін жақсарту үшін жұмыс істеп жатқаны белгілі. Әрине, әрқайсысының бұл бағыттағы қосар үлесі әрқилы. Бұл мақаланы дайындап оқырмандар назарына ұсыну себебі - біріншіден, бұқара ел экономикасынан хабардар болу керек, екіншіден, «Теңізшевройл» мұнай компаниясының озық істерін оларға үлгі ретінде ұсынып отырмыз. Жақсы істің жаттығы жоқ, бәлкім олар да ел игілігі үшін белсенділік көрсетіп, тартымды тартулар жасап халқымызды қуантар деп үміттенеміз.
Рзабек Артығалиев, Үкіметпен және бұқарамен байланыс бөлімінің бас менеджері:
– ТШО-ның ерікті «Игілік» бағдарламасы Атырау облысының әлеуметтік өзгеруінің маңызды факторына айналды. Бағдарламаның жылдық қоры 1999 жылы 4 млн. басталып, 2013 жылдан бері 25 млн. АҚШ долларын құрап отыр.
«Игілік» - бұл емханалар, үйлер, мектептер, газ және ауыз су жүйелері сияқты күрделі құрылыстар. Сонымен қатар ол – жаңа жұмыс орындары, жаңа білім деңгейі, жергілікті медицинадағы жаңа мүмкіндіктер. Бұл –даму, бұл – оң өзгерістер мен іс жүзіндегі халыққа жасалған жақсылық.
Мария Қаражігітова, мемлекеттік органдармен және бұқарамен байланыс жөніндегі директор:
– Қазіргі таңда Қазақстан әлемдегі 20 ірі мұнай өндіруші мемлекет қатарына кіреді, ал Атырауға мұнай және іскерлік орталығы рөлі берілген. ТШО өзі құрылған алғашқы жылдардан бастап Атырау қаласы мен Жылыой ауданының әлеуметтік инфроқұрылымын дамытуға белсенді түрде атсалысып, аймақтың экономикалық және әлеуметтік әлеуетінің артуына үлкен үлес қосып келеді.
Карл Браннен, ТШО Жобалар бөлімінің бас менеджері:
– Құлсары қаласының сумен жабдықтау жүйесін жаңарту жобасы, «Игілік» бағдарламасының тарихындағы ең маңызды және ең күрделі жоба болды. Қаладағы ауыз су жүйесі іс жүзінде толығымен жаңадан салынды. Мәселе 65 млн. АҚШ долларынан аса қаржы салымында емес, Құлсары қаласы тұрғындарының айтуы бойынша бұл жоба олардың өмірлерін өзгертіп, келешек ұрпаққа да пайдасын тигізе бермек.
Светлана Қайырғалиева, Үкіметпен және бұқарамен байланыс бөлімінің кеңесшісі:
– Шетел инвесторын тартудың тиімділігін Қазақстанда алғашқылардың бірі болып дәлелдеген біздің кәсіпорын бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысқа ерекше көңіл бөледі. Атап айтсақ, жылына екі рет Алматы қаласында республикалық БАҚ өкілдері үшін кәсіпорынның жартыжылдық және жыл қортындысы бойынша бас директордың баспасөз конференциясын өткізіп келеміз. Сондай-ақ, Қазақстан экономикасында өзіндік орны бар кәсіпорынның тыныс-тіршілігін журналистердің көзбен көруіне мүмкіндік туғызу мақсатында медиа турлар ұйымдастырылып тұрады. Журналистер үшін конкурсымыз тағы бар. Жыл сайын мұнайшылар күні қарсаңында қортындыланатын журналистер конкурсының мақсаты- аймақтың мұнайгаз компанияларының Қазақстан экономикасына үлесін ашатын материалдардың (басылымдардың, телесюжеттердің) электронды түрде немесе баспа беттерінде жариялануына журналистер мен БАҚ-ның қатысу белсенділігін арттырып, оларды ынталандыру болып табылады.
Қанат Ұлханов, арнайы жобалар бөлімінің менеджері:
- Облыс тұрғындары еліміздегі ең ірі мұнай компаниясы қызметінің тиімділігін іс жүзінде сезінуде. Осыдан бір жыл бұрын біз Исатай ауданының орталығы – Аққыстауда мәдениет үйін салып тапсырдық. Қазір мәдениет үйінде түрлі мәдени шараларды өткізуден бөлек 12 шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарының айтуынша өмір ырғағы өзгеріп, жаңа жағдай қалыптасқан.біздің әлеуметтік бағдарламамыздың үлкен игілігі де осында жатыр.
Мақсым Ізбасов, Жылыой ауданының әкімі:
– Ауданымыздың «Теңізшевройлмен» ынтымақтастығы туралы айтар болсам, оның көп қырлы екендігін және «Игілік» бағдарламасыныңжобаларын жүзеге асырумен шектелмейтінін атап өткім келеді. Біз ТШО-ның қолдауын әрқашан да сезінеміз,осынша қуатты кәсіпорынның біздің жерімізде болуы – Жылыой ауданының дамуындағы шешуші фактор. «Игілікке» келер болсақ, оны ауданымыздың, әсіресе Құлсары қаласының әрбір тұрғыны осы бағдарламаның өлкеміздің әлеуметтік дамуына тигізетін оң әсерін күнделікті сезінеді десем, қателеспеймін.
Гүлмира Шынтемірова, Құлсары қаласының тұрғыны:
– Игілік бағдарламасы туралы не білемін? Қаламыздағы мына тұрған саябақ – «Игіліктің» жемісі, оны ТШО салды. Аудандық емхана тұрғызды. Мына лицей де «Игілік» бағдарламасы бойынша салынды. Су мәселесі де шешілді, ол да «Игіліктің» арқасы.
Мэлс Жұмашев, Атырау қаласының тұрғыны:
– Мен өз балаларым секілді осы қалада туып өстім. Бірақ олар басқа – дамып келе жатқан әсем қалада тұрып жатыр. Атыраудың ғажап құбылуының ТШО қызметімен байланысты екендігін көрмеу үшін жақсылықты білмейтін адам болу керек. Біз қазір Жайық жағалауымен серуендеп келеміз, ал артымызда мен оқыған университет тұр. Мұның бәрі «Теңізшевройлдың» арқасында салынды, бұл біздің қаламызға жасаған сыйы.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz