Маңғыстау облысында жыл басынан бері 8 000-ға жуық адам жұмыспен қамтылды
2015 ж. 27 қазан
1786
1
Бұл туралы Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратова хабарлады. Айта кететін жәйт, 12-16 қазан аралығында жұмыспен қамту органдары тарапынан 436 жұмыссыз адамды жұмысқа орналастыруға көмек көрсету бойынша шара қолданылды.
- Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарының көмегімен 7969 жұмыссыз адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Тұрақты және жаңадан ұйымдастырылған, соның ішінде мемлекеттік және аймақтарды дамытудың салалық бағдарламалары мен кәсіпкерлердің бастамасы бойынша құрылған жұмыс орындарына 2870 адам жұмыспен қамтылды. 1224 маңғыстаулық әлеуметтік жұмыс орындарына бағытталды. 1239 орта және жоғары оқу орындарының түлектері жастар тәжірибесі аясында еңбекақысы жергілікті және республикалық бюджеттен төлене отырып жұмыс орындарына орналастырылды. Ақысы төленетін қоғамдық және мезгілдік жұмыстарға 2636 жұмыссыз адам тартылды, - деп әңгімелейді Гүлмира Қалмұратова.
Оның сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылғы қазан айының 12-і мен 16-ы аралығында тұрақты және жаңа жұмыс орындарына 248 адам орналастырылған. Уақытша жұмыс орындары - жастар тәжірибесі бағдарламасынан, әлеуметтік жұмыс орындары мен ақысы төленетін қоғамдық жұмыстарға, оның ішінде мемлекеттік қаржыдандыру есебінен 188 адам қамтылды.
Mangystau Online ақпараттық орталығы