“Қошқар ата” улы қалдықтар қоймасының айналасына орманды жасыл алқап өсіріледі
2015 ж. 09 қазан
3632
0
Бұл туралы Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орынбасар Тоқжанов хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, тәжірибелік бағдарлама бойынша жұмыстар басталып та кеткен.
- Биылғы жылы біз “Қошқар ата” улы қалдықтар қоймасының айналасына қорғаныс үшін орманды жасыл алқап жасау бойынша тәжірибелік бағдарламаны бастадық. Жасыл көшеттер отырғызылатын аймақтың көлемі 7,5 гектарды құрайды. Бағдарлама 2 жылға есептелген. Осы уақыт ішінде сексеуіл, жыңғыл, қытай шағаны, қарағаш секілді ағаштар мен бүталар отырғызылады. Орман алқабы улы қалдықтар қоймасының бетінен ұшып келетін шаң-тозаңға тосқауыл болады, - деп баяндады Орынбасар Тоқжанов. Қарақиян ауданы Сенек, Маңғыстау ауданының Үштаған, Тұщықұдық елді-мекендерінің айналасына жасыл желекті аумақ жасау бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Бүгінгі таңда жасылдандыру аймағы 2210 гектарды құрайды.
- 2004 жылдан бері Сенек ауылының жанындағы Түйесу құмды алқабының, Үштаған жанындағы Бостанқұмның, Тұщықұдық ауылына жақын орналасқан Қызылқұмның тозған өсімдікті беткі қабатын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Биылғы жылы ауылдардың айналасындағы топырақтың тозған өсімдікті беткі қабатын қалпына келтіру бойынша жұмыстарға облыс бюджетінен 94,95 млн. теңге қаражат бөлінді. Келесі жылы Маңғыстау ауданы Шебір ауылындағы көшпелі құмадрмен күрес бойынша жұмыстар басталады, - деп атап көрсетті Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орынбасар Тоқжанов. Сонымен қатар, ол Маңғыстау облысында республикалық ерекше қорғалатын табиғи аймақтардан басқа бірегей ладшафтты және биологиялық болып табылатын Үстірт таулы шоқыларының шыңдары экожүйесін сақтауға тартылған 7 жергілікті маңызды аймақ жасақталғанын хабарлады. Бұл жалпы аумағы 1 млн. 46 мың гектар жер болатын “Қызылсай” аймақтық табиғи паркі, “Жабайы ұшқан”, “Тасорпа”, “Манашы”, “Есет”, “Коленкөлі” қорықшалары мен “Адам тас” туристтік кластері қорықшасы. Биылғы жылы табиғи аймақтарды ұстауға 197 млн. теңге қаражат бөлінді.