Маңғыстауда шағын және орта бизнес серпінді дамып келеді
2015 ж. 07 қазан
1876
0
Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдерімен өткен кеңес барысында ҚР Президенті Н.Назарбаев елді индустрияландыру және «Нұрлы жол» жобасын жүзеге асырудың жайына тоқтала келіп, шағын және орта бизнес саласында халықты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Бүгінгі таңда экономикалық дағдарыс жағдайында одан әрі құлдыраудың алдын алу үшін тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету шараларының өзектілігі арта түсті. Бұл «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында атап көрсетілген ШОБ белсенділігін қолдау жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың нәтижесі және елімізде әлеуметтік топ ретінде орта тапты қалыптастырудың бір жолы. Жоғары әлеуметтік тұрақтылығымен ерекшеленетін, ертеңгі күнге деген сенімдері нық, материалдық қажеттіліктерінің неғұрлым кең ауқымын қамтамасыз етуге қабілетті адамдар тобының азаматтық ұстанымдары да тұрақты. Ресми биліктің мемлекеттің тірегі, әлеуметтік тыныштықтың қорғаушысы ретінде орта таптың қалыптасуы үшін барлық жағдайды жасауы бүкіл Қазақстан халқының өмір сапасы деңгейін көтеру бағытындағы нақты қадамдардың жалғасы.
Елдегі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында шағын және орта бизнесті қолдау кешенді сипат алып, бұған дейін осы салада 100 млрд теңге толығымен игерілген болатын. Сондай-ақ ШОБ нысандарының артуына бизнесті 10 жылға 6 пайызбен несиелеу шарттары да үлкен көмек және бұл кәсіпкерлікті ел экономикасының драйверіне айналдыру және оның өсімін ІЖӨ-нің 50%-на дейін ұлғайту мақсатынан туындайды. Алдағы екі жылда ШОБ үшін жалпы сомасы 155 млрд теңге несие желілері қарастырылған. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту арқылы жеке табыстарын өсіруге көңіл бөлінуінің айғағы.
Елімізде тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, қызмет көрсету саласындағы ауқымды жобалардың барлығы құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, тұрғын үй-коммуналдық салаларына қажетті өнімдерге деген сұранысты арттыратыны сөзсіз. Осы салалардың талап-тілектеріне сай келетін өнімдер мен қызмет көрсету негізінен орта және шағын бизнес нысандары арқылы орындалады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуы, адамдардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына берілген зор мүмкіндік. Айталық, тек 2015 жылдың өзінде автомобиль жолдары құрылысына 100 мыңнан астам адам тартылған.
Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүріп жатқан Батыс Еуропа - Батыс Қытай, Алматы-Қорғас Алматының үлкен айналма автомобиль жолы нысандарында негізінен отандық құрылыс материалдарын пайдалануға баса назар аударылады. Осы тұрғыда еліміздегі құрылыс саласына ең қажетті өнімдер - цемент, битум, түрлі жабдықтар шығаруға маманданған және соларға қажетті қызметтер көрсетуге бағдарланған шағын кәсіпорындар бұл мүмкіндікті қалт жібермей, сұранысқа сай келетін сапалы өнім ұсынуы отандық мазмұнды арттыруға ғана емес, сонымен бірге осы кәсіпорындардың өздері үшін де үлкен мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Қазіргі күні аталмыш жобалардың құрылыс материалдарына деген қажеттілігін негізінен «Асфальтбетон-1» зауыты, Алматы металл құрылғылары ЖШС, Павлодарлық ПНХЗ ЖШС, Бұқтырма цемент компаниясы, Семейцемент кәсіпорындары қамтамасыз етуде, яғни қазақстандық тауар өндірушілердің үлесі 90%. Осылайша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың ауқымы барған сайын кеңейіп келеді. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орнының құрылуы халықтың жұмыспен қамтылуының және табыстарының өсуінің бір кепілі. Мұның бәрі Президенттің «жұмыс орындары ірі компанияларда құрылмайды. Өйткені, индустриялық жобалар - бұл ірі жобалар, олар төмен шығынмен жоғары еңбек өнімділігіне ұмтылатын болады. Сол себепті оларда көп жұмыс орны құрылады деп күтуге болмайды. Ал осындай жобалардың айналасында шағын және орта бизнес жобалары құрылады, міне, сол жерлерде біз жұмыс істеуге мүмкіндік береміз» деген сөздерінің көріністері.