Ішкі туризмді дамытуға ұлттық саябақтардың қосар үлесі мол
2015 ж. 23 қыркүйек
3371
0
Туризм – табыс кілті. Дамыған мемлекеттер бұл мәселені баяғыда жолға қойған. Уақытпен бірге біздің еліміз де бұл салаға көңіл бөлуді бір жүйеге келтіруде. Шет ел асып келер туристерді айтпағанда, ел тұрғындары үшін ішкі туризмді жетілдіру маңызды. Осы тұрғыда шырайлы Шымкентте жанға жайлы орындардың көптеп бой түзеп, халық игілігіне жарап тұрғаны көңіл қуантады. Күн өткен сайын шет елдік туристер әлемнің көкпен таласқан биік ғимараттары мен теңіз жағалауларындағы заманауи үлгідегі демалыс аймақтарынан гөрі әлі де табиғи қалпынан айнымаған, қаймағы бұзылмай сақталған табиғат ананың сұлулығын тамашалауға көп назар аударуда. Бұл бағытта табиғи климаты жұмсақ, Оңтүстіктің таулы аймақтардағы шатқалдары, мемлекет тарапынан қорғауға алынған ұлттық саябақтарына қарасты орманды алқаптары мен көлдері өңірдің басты байлықтарынан саналады. Солардың бірі де, бірегейі деп Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи саябағына қарасты аймақтарды айтуға болады. Осы бағытта ішкі туризм саласының әлеуетін арттырып отырған мекеменің табалдырығын аттап, жұмысымен танысудың сәті түсті. Саябақтың негізгі мақсаты – Сырдария өзені мен Арыс өзенінің екі жағалауы мен Боралдай жотасының ландшафттарын табиғи түрде сақтау, табиғи кешендер мен мемлекеттік табиғи-қорықтық қор объектілерін, табиғаттың көрікті жерлері мен ерекше құндылығы бар өсімдіктер мен жануарлар дүниесін және де мәдени-тарихи ескерткіштерді экологиялық ағартушылық, ғылыми, туристік мақсатта тиімді пайдаланып, сақтау болып табылады. Мекеме басшысы – Бейбіт Мошқалов ағамыз. Ұжымның ауызбіршілігін сақтап, ынтымағын айрандай ұйытып, саябақтың жұмысын жандандыру тек іскер басшының ғана қолынан келетін дүние деп бағамдауға болатындай. Бірнеше филиалын қоса есептегенде жүз елуге тарта қызметкері бар мекемені басқарып отырған жігіт ағасы ұжымға барды бағалап, қолдағының қадіріне жетіп, өздеріне жүктелген шаруаның қаншалықты маңызды екеніне аса мән беретін жалынды да жігерлі жастарды топтастыра білген екен. Жас буын болса, басшының әрбір нұсқаулығын қалт жібермей аса ұқыптылықпен тыңдап, өздеріне беріліп жатқан тапсырманың аса маңызды екеніне мән беріп барып, жүзеге асыруға кіріседі. Бұдан ертеңінен зор үміт күттіретін, қандай қиын қыстау кезде болса да мекеме жұмысын алғы шепке қойып, жауапкершілікпен қарайтын қасиеттерінің барлығын көрсете білетін жастар екендігіне көз жеткізуге болады. Саябақтың жұмысын жандандыру бағытында бірнеше бөлімдер жұмыс жасайды. Әсіресе, мекеменің ғылыми зерттеу бөлімінің жемісті жұмыстары молынан екен. Сонымен қатар, «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің» аумағында ішкі туризмді дамыту мақсатында саябақ аумағындағы туристік бағыттарды тамашалау үшін қызмет көрсету түрлерін жүзеге асыруды да заңдастырған екен. Бұл бағытта Туризм рекреация және экоағарту бөлімі қызу жұмыс жасап жатқан жайы бар.
Бұғылар аса сақ екен...
Сапарымыздың екінші күнінде ұлттық парктің Түркістан филиалының қарамағындағы Қызылшаруа елді мекеніндегі орманшылықта орын тепкен Бұхар бұғыларының тұқымбағын тамашалауға бет бұрдық. Түркістан қаласынан батысты бетке алып келеміз. Қасымдағы жолбастаушым – филиалдың директоры, аға мемлекеттік инспекторы Өсеров Нұрлыбек Дәуренбекұлы. Біз Түркістан қаласынан таң шапағымен шықтық. Өйткені таңғысын бұғы бағушылар жем-шөп салатын кезге үлгеруіміз қажет болды. Осы кезге үлгермесек, оларды көру мүмкін болмай қалады екен. Жол жөнекей орман алқабындағы жануарларды қорғауға арналған әрі өрт тілсіз жау екендігін ескерткен тақтайшаларды кездестірдік. Бұғы бағатын қызметкерлердің үйі Сырдария жағасында екен. Бұл мекеннің уылжыған табиғатын ешбір суретші де суреттей алмаса керек-ті. Табиғат анадан асқан суретші жоқ шығар деген пайымға келдік дария жағасындағы тұмса табиғатты көргенде. Сиырлар да жайғастырылып сүт те сауылып, қасиетті қара қазанда қайнап тұр. Ақ жаулықты анамыз барын алдымызға қойып, ағарған айранды кесе толтыра құйып жатыр. Табаға піскен нан, майы шыққан айраннан асар дәм жоқ еді ертелетіп барған біз үшін. Алғысымызды жаудырып, Бұхар бұғыларын көргенше асықтық. Бұғы бағушы Жүзеев Еркебұлан бауырымыз жол бастап келеді.Тұқымбақтың қақпасы да ашылды. Бұғылар мекені биік сымдармен қоршалыпты. Айнала биік қамал іспеттес. Қалың тоғайдың бұталарымен қоршалып тұр. Көзді ашып-жұмғанша арман еткен мекенге де келіп жеттік. Бұл жануарлар өте секемшіл, сақ келеді екен. Алдымен қамыс арасынан мүйізі қарағайдай болып аталығы шыға келді. Жан-жақты молынан бағдарлап барып, жем салатын ыдысқа жақындай түсті. Біз де үнсіз көліктен қарап отырдық. Еркебұлан бауырымызға үйренген болуы керек одан үркіп тұрған жоқ. Бұғы жануарын жақыннан көру біз үшін қайталанбас қуаныш болды. Тамыры тереңде жатқан тарихи қала Түркістан үшін бұл бір керемет шаруашылық әрі ішкі туризм саласында тағы бір туристік нысанды дамытуға болатындығана куә болдық. Көргендеріміздің әсерін жеткізу қиын екендігін тілге тиек еткім келеді.
Бұхар бұғысының тарихы әріден басталады
Тарихы: Бұхар бұғысы – Орталық Азия эндемигі. Орта Азия мен Қазақстанның шөлді аймақтарында таралған ақмарал бұғысының 8 түршесінің бірі. Өткен дәуірде Амудария мен Сырдария бойындағы тоғайларды және Қызылқұмды жайлаған. XX ғасырдың орта тұсында Қазақстанда Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы тоғайларда мекендеді. 1981 жылы Бұхар бұғысы Іле өзенінің сол жағалауындағы Қарашеңгел мемлекеттік аңшылық шаруашылығына жерсіндіріліп, шөлді аймақтар мен өзен бойындағы тоғайларды және қамысты қопаларды мекен ете бастады. Қазақстан жерінде Бұхар бұғылары қатарының азайып, нәтижеде мекендейтін қоныстарын өзгертулеріне әкеліп соқтырған бірнеше факторлар болған. Мәселен, тоғай ағаштарын кесу мен өртеу, жайылым жерлердің жекенің қолына өтіп, жағалаудағы жерлерді жырту, шөп шабу, есепсіз мал жаюдың салдары сынды жағдаяттар еді. Осы орайда, 2000 жылы Cырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік саябағының (бұрынғы Түркістан Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі) Түркістан филиалындағы Қызылшаруа орманшылығында Бүкіл дүниежүзілік жабайы табиғат қорының, Орман және аңшылық комитетінің қолдауларымен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің Зоология институтымен бірлесіп, Бұқар бұғыларын қайта қалпына келтіру мен көбейту мақсатында 2 гектар тор қоршау ішінде Бұхар бұғыларының тұқымбағы (питомнигі) ұйымдастырылған еді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев киелі Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы аясында осы өңірдің тау, орман-тоғайын сұлуландырып, жануарлар әлеміне ерекше сипат, әсем түр-келбет беретін «Сыр сұлуы – Кермаралды» көбейтіп, келешек ұрпақ үшін сақтап қалу мақсатында 8 бас Бұхар бұғысын сыйға тартқан болатын. Бұл теңдесі жоқ бағалы жануарларды сақтап қалуда Елбасының да үлесі үлкен. Бұл тұқымбаққа алғашқы кезде Қарашеңгел аңшылық шаруашылығынан Бұхар бұғыларының 2 бас еркегі мен 6 бас ұрғашысы әкелініп, қорғауға алынып және арнайы рацион бойынша азықтандырылыпты және де дәрі-дәрмектер беріліп, күтіп-баптала бастапты. 2009 жылдың соңында бұл тұқымбаққа 3 бас еркек және 7 бас Бұхар бұғылары қосымша әкелініп қосылады. Нәтижесінде, 2009 жылы Бұхар бұғыларының жалпы саны 34 басқа жеткізіледі. Бүкіл дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қорының жобасының аясында 2 гектар тор қоршаудың ішінде бұғы басының көбейіп, таршылық етуіне байланысты, Зоология институтының және Оңтүстік Қазақстан облыстық Аумақтық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерінің қатысуымен 2009 жылы мамыр айында 10 бас, 2010 жылы қаңтар айында 8 бас Бұхар бұғылары еркіндікке жіберіліпті. 2013 жылдың қорытындысы бойынша, Бұхар бұғыларының тұқымбақтағы жалпы саны 65 басқа жетіп, оның 29 басы еркіндікте болса, қалған 35 басы тор қоршауда күтіп-бапталуда екен. Биылғы көктемдегі болжам бойынша, Бұхар бұғыларынан 10-15 төл алынбақ екен. Осы ретте, жұмыс жемісті болғай деген тілек айтамыз.
Одан кейін Арыс қаласына қарата бет алдық. Сырдарияның екі жағалауын жалғап тұрған алтын көпір – Байырқұм көпіріне де келіп жеттік. Бұл мекенде Cырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік саябағына қарасты Байырқұм орманшылығы бар. Қазақстанда кездесетін балықтың 104 түрі болса сонау ерте заманнан бері толассыз ағып, талай тарихи кезеңдерді бастан кешіп, сырын ішіне бүккен сырлы Сырдарияда, соның 40 түрі осы Сырдария өзенінде кездеседі. Оның ішінде 4 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Бұл Байырқұм орманшылығында тораңғыл, жыңғыл, сексеуіл, әртүрлі жапырақты теректер көптеп кездеседі. Табиғат ананың ең бірінші кезектегі жауы – өрт. Сол жағына баса назар аударған мекеме басшылары бірінші кезекте орманшылықты қорғайтын бекет тұрғызып, оны тілсіз жауға қарсы тұрар техинкалық құрал-жабдықтармен және өрт сөндіру көлігі мен жер жыртуға арналған трактормен де қамтамасыз етіпті. Жер жырту – өртке қарсы тұрудың алғышарты. Өйткені, жыртылған жер өртке өткел бермейді. Айтып келмейтін тілсіз жаудын алу мақсатында орман инспекторларына беріліп жатқан нұсқаулықтың үстінен түстік сапар барысында. Инспекторлармен жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұруды басты назарда ұстайтындықтары көрініп тұр. Сырт бақылап тұрып, тұмса табиғатымызды қорғап жүрген осындай отансүйгіш аптал азаматтардың барына сүйсінесің. Жүздерінен шаршау деген білінбейді, қайта күлімсіреп жайдары мінез танытады. Тапсырмаларын алып тараған орман инспекторларымен арнайы рациямен хабарласып, төңіректің мән-жайын сұрап тұрушы аға орманшы Талғат Мейірбековтың өз жұмысына деген үлкен жауапкершілігі тәнті етті. Орманшылықтың жұмыс барысын жандандыру үшін орман инспекторларының төңіректі аралап шығу мәселесі де ойластырылған екен. Оларға жұмыста жүріп-тұру үшін қос доңғалақты мотоциклдер берілген .
Орманшылықта күнделікті шаруалардың бірі – ашық алаңқайда биіктеу жерге орнатылған биік бағанаға шығып, төңіректің жай-жапсарын бақылау. Бұл аса ұқыптылықты қажет ететін жауапты жұмыс. Күннің аптапты ыстығына қарамастан орман инспекторлары осы бағанаға көтеріліп, төңіректі бақылауда. Аңызақ ыстық күнде еліміздің байлығын тілсіз жаудан қорғау үшін желдің өтіне, күннің ыстығына шыдас беру – тек өз жұмысына адал, отансүйгіш, елі елеп, халқы қалаған еңбекқор азаматтарға ғана тән дүние деп білуге болады. Орманшылықтың тағы бір маңызды бағыты, ол осы Сырдария мен орман төңірегінде ішкі туризм саласында қызмет көрсету болып табылады. Ол үшін арнайы орындар дайындалған. Сондай орынның бірінде бірнеше жылдан бері Сырдария жағалауына келіп тынығып әрі оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеп, табиғатты аялауды үйретуді әдетке айналдырған Оңтүстік Қазақстан обылстық жас туристер станциясының оқушыларына кез болдық. Демалыс айлағына келгенімізде оқушылар енді келіп, заттарын реттеп жатыр екен. Жағалаудағы демалыс айлағына келіп демалушыларға арналып табиғат аясында жақсы жағдай жасалыныпты. Киіз үй мен арнайы тапшандар орнатылған. Көптеген мектеп оқушылары жазғы демалысқа шығысымен ата-аналарымен бірге шет ел асып немесе балаларға арналған қаладағы ойын-сауық орталықтарына барып күндерін өткізеді, ал мына оқушылардың осындай қаладан жырақ жердегі Сырдария жағалауына келуіне не түрткі болды екен сұрақтың жауабын табу үшін Шымкент қаласы Арман гимназиясының тарих-география пәнінің мұғалімі Михаил Декань ағамыздың әңгімесіне құлақ түрдік:
«Бүгін біз кезекті балалар экологиялық экспедициясын ұйымдастыру үшін Сырдария жағасына келіп тұрмыз. 1-ші балалар экологоиялық экспедициясы осыдан 17 жыл бұрын ұйымдастырылған болатын. Бүгінгісі 17-ші болып табылады. 17 жылдан бері осы балалар экологиялық экспедициясының ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасының туризм саласына еңбегі сіңген жаттықтырушы, облыстық туризм станциясының қызметкері Василий Лелявиннің арқасы деп білеміз. Неге Сырдарияда балалар экологиялық экспедициясын ұйымдастырдық? Себебі, осыдан 17 жыл бұрын біз бірінші рет Сырдария арнасымен жүзіп өткенімізде дария жағалауларында балықшылар мен туристердің қалдырып кетіп жатқан қоқыстарынан аяқ алып жүру мүмкін еместігіне көз жеткіздік. Осы келеңсіз жағдайлардан кейін келер жылы балалар алдына бұл келеңсіздіктерді жою үшін осындай экологиялық экспедиция ұйымдастыруды мақсат етіп қойды. Сырдарияның жағалауы мен өзіміздің тұрақтарымызға тоқтаған кезде шашылып жатқан қоқыстарды жинап, жағалауда демалушыларға өзіміздің сұлу да сүйікті табиғатымызды ластамай, аялай білуге шақыратын түсіндірмелі үгіт-насихат парақшаларын іліп, таратамыз. Неге екені белгісіз, біздің туристер соңғы кезде ОҚО-дағы Сырдария-Түркістан табиғи паркіне қарасты керемет қайталанбас демалыс орындары бола тұра Түркия, Швейцарияға демалуға сапар шегіп жатыр. Біздің бағыттарымыз әр жылы Байырқұм көпірінен Шәуілдір көпіріне дейін жалғасып жатады. Әр тұрақта біз экологиялық акциялармен жұмыс жасаймыз, егер біз сол аралықта туристерді кездестірсек, оларға табиғатқа қалай қарау керектігін түсіндіреміз. Олар бізді жақсы түсінеді. Осындай түсіндірме жұмыстарынан кейін жағалауда қоқыстар азайып жатыр. Бұл балалар экологиялық экспедициясының азда болса жемісті жұмысы деп білемін. Экологиялық экспедициядан бөлек, біз өлкетанумен де айналысамыз. Жағалауда кездесетін көптеген тарихи орындарды зерттейміз. Міне, бұл балалар экологиялық экспедициясының тағы бір маңызды жұмысы деп білуге болады,»-деп, ой бөлісті Михаил Декань. Иә, нағыз отансүйгіштікке тәрбиелеу, міне, осындай ел ертеңінен зор үміт күттіретін оқушыларға арналған мемлекеттік үйірмелерден басталады. Экспедиция мүшелері өзгенің көмегіне сүйенбей, ата-анадан жырақта жүріп, 9 күн бойы саябақтың қарамағындағы Сырдария демалыс айлағында шатырларда тұрып, далалық жағдайға бейімделеді. Мұнда таң атысынан күн батысына дейін телміріп отыратын теледидар жоқ, электр жоқ, тек қана табиғат ананың қаймағы бұзылмаған мекенінде тіршілік етеді. Ешбір жабырқауды көрмедік оқушылар жүзінен, қайта бақытты сәттерді өткізіп жатқандықтарының нышаны бар. Балалық шақтың естен кетпес бір сәттері осылай өтуде екен. Мұндай экспедицияларға жан-жақты қолдау көрсетуге орманшылық инспекторлары да әрдайым қуана келіседі. Осындай экологиялық экспедициялар арқылы орманшылық төңірегінде су туризмін дамытуға да аса көп көңіл бөлініп келеді екен. Ұлттық саябаққа мемлекет тарапынан әлі де болса жан-жақты қолдауды күшейтіп, қомақты қаржы салуды да ретке келтірер болса, онда біз одан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Біріншіден, жағалауда жағдай жасалынған сайын осындай отансүйгіштікке тәрбиелейтін қаншама игі шараларды жасауға болар еді. Қала көшелерінде текке уақыттарын сарп етіп жүрген қаншама жастарды табиғатты аялап, оның қадір қасиетіне жетуге баулуға болар еді. Осындайда ғана өскелең ұрпақтың нағыз рухы мықты, білімді болуына мүмкіндік туып, туған жерге деген махаббаты арта түсер еді. Сондай жастардан шет ел асып, қаржыны өзге елдердің қоржынына салмай, тұғыры биік туған жерге, еңсесі биік егеменді еліміздің ішкі туризм саласында нарықтық бәсекеге қабілетті елге айналдыруына сүбелі үлестерін қосуда алдарына жан салмас өр рухты азаматтар өсер еді. Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата ауылына қарасты Алмалы айналымындағы демалыс орны Сырдария-Түркістан өңірлік саябағындағы табиғи ерекшеленіп тұратын орын. Боралдай тауларының сұлулығы өз алдына бір төбе екендігін міне осы демалыс орнындағы ешкім тимеген табиғат, таза ауа, тап-таза өзен суы, тіпті күннің ең ыстық кезінде де көлеңкеде бойыңды сергітетін көріністің адамды арбайтын ғажайып әсемдігінен де көруге болады. Мұндағы қоршаған ортаға тап болсаңыз табиғат ананың кіршіксіз жаратқан шынайы көрінісі теледидардағы виртуальды құжаттамалы фильмдерден азда болса бойыңды бір сергітіп алады. Толассыз сарқырап ағып жатқан өзен, осы бір ғажайып туындыға айналған мекеннің көрінісін қорғап тұрғандай әсер беретін, бойларын сап түзеп көкке тіреген мына бір теректердің өзі де бейне бір өзге әлемге жетелейтіндей. Оңтүстіктің осындай берекелі мекенінде демалған әр-бір турист ұлттық саябақ жайлы естен кетпес әсерлерді ала кетері сөссіз. Табиғат аясында тынығуға келгендерге . Көлеңкелі жерде киіз үйлер, саялы жерлерде шеберлердің көз майын тауысып қолдан оюлаған тапшандары, ауа-райына орай жылы төсек орындармен қамтылған қозғалмалы вагон үйшігі де сақадай сай тұр. Таулы өзеннің ағысына тастан тосқауыл қалап қзен арнасын шомылуға лайықты етіп биіктеткен. Өйткенңі оның жағалауында үш-төрт кісілік табиғаттың моншасын да жасап қойған. Жанға жайлы мекенге қарап көз тоймайды.
Төрт күн бойы Сырдария-Түркістан өңірлік ұлттық саябағына қарасты тамылжыған табиғат аясындағы туристік нысандарды тамашаладық. Алған әсерімізді сөзбен жеткізу қиын. Тек мұндай кереметтерді көзбен көрген абзал. Арысы шет ел берісі көршілес елдің табиғатына қызығушылық танытып шекара асып жатқан жерлестеріміз өз еліміздің осындай таңғажайып кереметтерін біле бермейтіндігі сөссіз. Саябақтың көкірегі ояу, көзі ашық майталман мамандары тұрғанда тек саябақ ғана емес Оңтүстік өңірінің ішкі туризм саласындағы нысандары да жан-жақты насихатталатынына көзіміз жетеді. Қазіргі таңда кезек күттірмейтін саланың қарқынды дамып, ЭКСПО-2017-Халықаралық көрмесінің алдында жемісін берер деген үміттеміз. Тек мемлекеттің жан-жақты қолдауы шетсіз де шексіз болсын дейміз.
Ерлан СЫЗДЫҚ, өлкетанушы
Түркістан қаласы