Болашақ ұрпағымызды ойласақ Ұлттық қорға тиіспеуіміз керек
2022 ж. 23 ақпан
14582
0
Таяу шығыстағы араб еліндегі шет ел компаниясының мұнай саласындағы отандасымызбен сұхбат жүргіздік. Өкінішке орай, оларға компания тарапынан БАҚ-қа сұхбат беруге, жұмысына қатысты кейбір мәселелер төңірегіндегі ақпараттарды айтуға рұхсат жоқ. Сонда да бізге еліміздегі және өзі жұмыс істейтін елдегі мұнай қорының жағдайы туралы, әрбір елдегі Ұлттық қор жайында айтып, мұнай-газ саласына қалай жұмысқа тұруға болатындығымен бөліскен болатын.
Кейіпкеріміздің жұмыстағы келісімшартына сәйкес, аты-жөнін көрсете алмаймыз. Өтініші бойынша, өзінің жұмыс істеп жатқан мемлекетті де атай алмайтын болдық. Оған кейіпкеріміздің мына бір өтініші себеп.
-Сәлеметсіз бе! Сізге уәде бергеніміздей аты-жөніңізді және жеке суретіңізді жарияламаймыз. Біздің оқырмандарымызға мұнай-газ саласы бойынша көпшілікке белгісіз ақпараттармен бөліссеңіз жақсы болатын еді.
-Сәлеметсіздер ме! Сіздерге рахмет! Мені енді аты-жөнімді білмейді ғой. Мен жұмыс істейтін елде отандастарымыздан азғантай қыздар мен жігіттер де бар. Сұхбатымызды тиісті орындар оқыса, біздің жұмыс істейтін елдегі жауапты басшыларымызға скриндап жіберулері мүмкін. Айналдырған осындағы бес-алтауымыз күдікке ілініп қаламыз. Бұл елде Қазақстаннан келгендер көп емес. Тапқылары келсе, қазір оңай-ақ тауып алады. Алматының әуежайынан түскенде, кебір құзырлы мекемелер жіті тексеріп жатады. «Біздің қайдан білесіңдер» деп сұрасақ, біз де арнайы тізімдер бар дейді.
-Жарайды. Бұған да келістік! Біздің де мақсатымыз сізге кесірімізді тигізбеу. Енді сізбен жақынырақ танысайық?
-Түсінгеніңізге рахмет! Өзім мұнайлы өлке - Атырау қаласынан боламын. Жасым 40-қа таяп қалды. Үйленгенмін. Екі балам бар. 2004 жылдан бері мұнай-газ саласында жұмыс істеймін. Шамамен мұнай саласында 17 жылдай жүр екенмін. Бұдан бұрын екі үлкен зауытта жұмыс істедім. Бәрімізді қоғам тек қана «мұнайшы» деп таниды. Бірақ оның ішінен көптеген салаларға бөлінеді. Өзім ең төменгі қарапайым жұмысынан бастадым. Жұмыспен қатарласып оқып, ағылшын тілін терең үйренуге тырыстым. Кез келген адам дұрыс бағытта қозғалса, алдына қойған мақсат-мұраттарына жетеді. Сол сияқты бір бағыттан тайған жоқпын. Қиындықтары болса да мұнай-газ саласын игердім. Екі компаниядан кейін қазіргі жұмысым сұхбаттасуға шақырды. Он шақты адамның ішінен іріктеліп, 2019 жылы осы жұмысқа қабылдандым.
-Сіз жұмыс істеп жатқан осы араб елінің мұнай қоры қандай? Қазақстанмен салыстырып көрсек?
-Салыстыру үшін әлемдік статистиканы келтірейін. Өзіміз мұнайды айтқанда Қазақстанның аяғын жерге тигізбей мақтаймыз. Бірақ та еліміз мұнай
өндіруде әлем бойынша 15-17 орындар да тұр. Мен істеп жатқан ел төртінші орында. Бізден үш-төрт есе әлдеқайда көп өндіреді. Бір ауданда өндіретін мұнайы біздің бүкіл республиканың мұнайымен пара-пар. Мұнай-газ саласы бойынша нағыз мамандардың істейтін жұмыс орындары да осы жақта. Бұл жақта да ұлттық компаниялары бар. Бірақ тура біздегідей үлестері аз. Өзім шетелдің ұлттық компаниясындамын. Біздің компаниямыздың осы елдегі үлесі 80% үстінде боп қалады. Жергілікті компанияның үлесі тек 5-6% ғана шамасында. Қазақстанда да Қазмұнайгаздың үлесі аз ғой. Басқа елдердегі үкіметтік компаниялардың үлестері басым болуы мүмкін.
-Сіз тұрып жатқан мемлекет те араб көктемін басынан өткерген. Жергілікті халық бастарынан өткен түрлі соғыстар туралы не дейді?
-Жергілікті жұмысшылармен жақсы сөйлесемін. Енді олармен бір ортада жұмыс істейміз. Жалпы бұл жақтың адамдары өте бауырмал. Біздің батыс облыстар да араб компаниялары жоқтың қасы. Араб елдері де біреу ғана емес, бірнеше мемлекет. Біздің жақпен айырмашылықтары көп. Адамдары біздерден де қатты бауырмал. Қал жағдайымызды сұрасқанда қатты білінеді. Біз танымайтын адамға тек амандықпен шектелсек, бұлар ары қарай да сұрастыра береді. Біздің елмен тұрмыстық деңгейін салыстыратын болсақ біз Америка, ал олар Қазақстан сияқты. Тұрмыс тіршілігіміз жер мен көктей. Біз көшеге шықсақ айналамыз таза. Бұл жақ ондай емес. Қоқыстарды жинайтын орталықтар ретке қойылмаған. Жарықтың өзің шектеп береді. Бұл жақта бірыңғай зейнетақы қоры да жоқ. Көбісі зейнетке шыға алмайды. Жекеменшік ауруханалардың қызмет көрсету сапасы да мәз емес. Мемлекеттік ауруханаларды мүлдем айтпай-ақ қойсақ болады. Біз үйде отырып Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметін онлайн пайдалана аламыз. Ондай нәрсе мына жақта атымен жоқ. Біз жеке банк картасын түрлі мақсатта пайдалансақ, бұлар картамен тек айлығын ғана шешіп алады. Басқа қызмет түрлері қарастырылмаған. Қаншама адаммен сөйлестім, біреуінен «мына жақтың болашағы бар» - деп айтқанды естімеппін.
-Бұлар да біздердей «БАӘ сияқты неге шалқып өмір сүрмейміз» - деген, үкіметке реніштері бар ма?
-Үкіметке қазақтар сияқты ренжімейді. Өздеріндегі 24 сағат жарықтың болмауын айтып налиды. Жарықты тәулігіне тек үш-төрт сағатқа ғана береді. Елдің астанасында жағдайды басқаша деп жатыр. Таза ауыз су мәселесі де шешілмеген проблема. Біз Дубай сияқты өмір сүрмейміз десек, бұлар тұрмыстық қажеттіліктерді басты назарға қойған. Біз сияқты шетел азаматтарының қауіпсіздігіне де қатты көңіл бөледі. Әуежайдан бізді күтіп алып, арнайы брондалған көліктермен жұмыс орнымызға апарады. Сол жерден қайтқанша шықпаймыз.
Отбасым Қазақстанда. Жылына бір-екі рет қана елге барамын. Жұмысымыз сегіз сағат. Сенбі мен жексенбі күндері демалмаймыз. Кейбір вахталық жұмыстар 12 сағат. Жұмысымыздың да шарттары жақсы. Айлық жағын сіздерге нақты айта алмаймын. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, сырттан келіп жұмыс істейтін маманның жалақысы жергілікті қызметкерден жоғары болады. Отандық жұмысшыларымыз шетелдік жұмысшылар бізден
көп алады деп жатады ғой. Оған өз басым келіспеймін. Қазақстанның азаматы да шетелге барып, маман ретінде жұмыс істейтін болса жоғары жалақы алады. Біз істеп жүрген елде ТМД елінен басқа адамдар жоқ.
-Атырау облысындағы Теңіз кенішіндегі мыңдаған жұмысшылар қысқартылады деп жатыр. Жалпы мұндай қысқартуларға не себеп?
-Иә. Шамамен 40 мыңдай жұмысшы қысқарады деп жатыр. Ол қарапайым нәрсе. Теңіз кенішінде тағы салынып жатқан зауыт бар. Сол зауыттың аяқталуына байланысты қысқарту ғой. Қысқартылатындар да уақытша құрылыс жұмыстарын атқарып жүргендер. Қателспесем, бұл жоба жеті-сегіз жыл бұрын басталған. Адамдарға оңай емес. Бірақ ешқандай да дағдарыс немесе біреудің қателігі ретінде қарамау керек. Зауыт жұмысының аяқталуына байланысты ғана қысқартулар деп қабылдайық.
-Әрбір мемлекет өз қазба байлықтарын дұрыс пайдалану үшін не істеген дұрыс? Қалай ойлайсыз?
-Жалпы мұнайы бар елдер үшін ең жақсы нәрсе Ұлттық қор. Біз мұнайдың ақшасын қорымызға аударып жатырмыз. Оны тек біздікілер ғана ойлап тапқан жоқ. Сонау Норвегиядан келген үлгі. Ресейдің де Ұлттық қоры бар. Бұның маңызы неде? Көп адамдардың айтатыны бар. Біз Дубай сияқты өмір сүруіміз керек деп. Бұл қате. Қазба байлық болашақ та бітеді. Мұнайды қырып өндірген Америка немесе Норвегия, араб елдері де уақытша екенін біледі. Олар да ұлттық қорларын құруда. Болашақта мұнай бітсе, біздің экономикамызды ұлттық қордағы ақшамыз көтереді. Қазіргі мұнайдың қызығын біз емес, негізі балаларымыз көруі керек. Оларға мұра ретінде ұлттық қорды қалдыру қажетпіз. Ұлттық қорға 1 млрд долларды салсақ, олда босқа жатып қалмай көбейсін. Шетелдің құнды қағаздарынан салған жөн. Норвегия қалай байып кетті? Олар ұлттық қорларындағы жиналған ақшаны, әлемдік үлкен компаниялардың құнды қағаздарымен толтырды. Компаниялар өскен сайын Норвегияның да қоры өседі. Өзінің халқы да аз мемлекет. Содан кейін қорларындағы ақша тіптен көбейді. Сіз 1 млрд долларды салатын болсаңыз, ол он жылдан кейін 10 млрд доллар болады. Мәселе ұлттық қордағы ақшаны басқаруда жатыр. Өзімнің жеке пікірім, мемлекетіміздің ұлттық қорындағы ақшаға тиіспеу керек. Кейбіреулер халыққа бөліп берсін дейді. Жарайды. Бәріміз қордан қазір бөліп алып, ұрпағымызды дымсыз қалдырайық. Ұрпағын ойламаса, қазір әркім 10 мың доллардан бөліп алуға болатын шығар. Сонымен де елдің шаруасы бітеді. Біздегі басты проблема бюджеттің жетіспеушілігін де жатыр. Үкіметтің орындайтын жылдағы тапсырмалары бар. Оның бәрін ішкі салықпен орындауы керек. Бірақ та ішкі салықты барлығына жеткізе алмайды. Үкімет сосын ұлттық қорға қол салады. Алынып жатқан әрбір теңге болашақ ұрпақтың еншісі. Оны ешкім түсініп жатқан жоқ. Біздің қазіргі тауып жатқан мұнайымыз болашақ үшін қажет. Өзіміз үшін қазір мұнайды ұмытайықшы!
-БАӘ-нің билік жүйесі біздікінен әлдеқайда монархиялық қой. Бізде де ұзақ жылғы биліктің жүйесі әлі де жалғасын тапты. Енді олар мұнайын қалай тиімді пайдаланды? Бұл жағынан не дейсіз? Нені үйренуіміз керек?
-Біз эмоцияға берілмейік. Әлеуметтік желі де көп әңгімелеріміз эмоцияға толы. Біздің қоғам фатчекинг деген нәрсені жасамайды. Ақпараттың дұрыс немесе бұрыстығын тексеріп қарау керек. Нақты БАӘ алайын. Дубайдың халқы үш миллион. Жалпы қалада он миллиондай тұрғын тұрады. Жеті миллионы сырттан келген келімсек адамдар. Олар жұмыс жасап жүргендер. Сондағы бары үш миллион адам. Өндіретін мұнайы бізден әлдеқайда көп. БАӘ халқы бізден тым аз. Бұлар енді бірінші фактор. Екіншіден территоряны алып салыстырайық. Біздің бір ғана облысымызға сыйып кететін мемлекет. Елімізде төрт мезгілге сай климаттық өзгеріс бар. Олар тек жаз мезгілін ғана сезінеді. Ақшаның көбі де логистикадан түседі. Дубайдың тұрған жері әлемнің көптеген үлкен кемелері тоғысатын орын. Әлемдік заттар Дубайға келіп, ары қарай басқа әлем елдеріне жол тартады. Бізде географиляқ жағынан сәтті орналасқан ондай қала жоқ. Елімізде үлкен теңізге шығатын жол да жоқ. Каспиийді теңіз деп қарамайық. Мұхиттарға шығатын жол керек қой. Осындай көптеген факторларды қарасақ, ойлана алатын адамдар түсінеді. Қазақстан мен Дубайды мүлдем салыстыруға келмейді. Бізде сосын жемқорлық мәселелері де бар. Ислам шариғатымен өмір сүріп жатқан елдер де жемқорлықтың факторлары бізден әлдеқайда аз. Тіптен жоқ болуы мүмкін. Олар да қатты жазаланады. Біз енді шариғатпен өмір сүрмейміз.
-Қазіргі капитализмнің заманында, біз сияқты мұнай-газ саласына қызыққан азаматтарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
-Енді мұнай-газ саласы дегенде, бәрі май-май болып жүрген адамды елестетуі сөзсіз. Олай ойламау керек. Ол жерде технологиялық және гуманитарлық маман иелері де жұмыс істей алады. Баланы мектеп жасынан икеміне қарай тәрбиелеген дұрыс. Бала кішкентайынан гуманитарлық немесе технологиялық мамандықтарға икемделеді. Соны ары қарай бағыттай білуіміз керек. Кейін де күштемеген дұрыс. Өзім инженермін. Бірақ инженер болып, ешқашан да жұмыс істемедім. Өзімнің болмысыма да келмейді. Мектепті бітірген соң, техникалық қауіпсіздік мамандығына түссе мұнай саласына да қызмет етуге болады. Инженерлік мамандықтар да жарап қалады. Экономист саласын бітіріп, мұнай да жұмыс жасауға мүмкіндіктер бар. Гуманитралық мамандықтарды оқып, мұнай-газ саласында қызмет ететіндер көп. Жастардың қателігі көп ақшаны табамын деуін де жатыр. Жалпы кез келген адамның мұнай саласына жұмыс істеуіне мүмкіншілік бар. Жастар ақша үшін мұнайға қызықпау керек. Ең бірінші кезекте тәжірибе жинау үшін жұмысқа тұрған дұрыс. Қандай да бір жұмыстың тәжірибесі ертең үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнайдың айналасында айлығы көп деп ойлайды. Шыны керек! Мүлдем олай емес. Мұнайда істеп, мұғалімнен аз табатын жандар да бар. Мұнай саласы тұрақты жұмыс емес. Жұмыстарының көбісі де уақытша. Кейбір мұғалімдеріміз 500 мың теңгенің үстінде жалақы алады. Ал мұнай саласында 200 мыңнан асыра алмай жүргендер бар.
-Жұмыстарыңыз денсаулыққа зиянды ма?
-Зауыттан алыс отыратындарға зияны тиеді деп ойламаймын. Мен сияқтылар кеңседе отырамыз. Бізге зарбады тимейді. Кейбіреулер зауыттың ішінде жүреді. Онда жиналып қалған күкірттің зиянды қалдықтарты бар. Олардың
денсаулығына зардабы тиеді. Бір зиянды тұсын да айта кетейін. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтындардан спирттік ішімдіктерді ішетіндері болады. Күнделікті 12 сағаттық жұмыс. Оған енді ұйқы қанық болуы керек. Алтыға дейінгі жұмысқа, бестен бастап тұру қажет. Ерте тұру үшін кешкі тоғыз шамасында ұйықтаған жөн. Мысалы жұмыста жүріп, жүрегі тоқтап қалыпты деп естіп жатамыз. Бірақ әркімнің жағдайы әртүрлі. Көбі вахталық жұмыстың режимін сақтамағандықтан ғой. Кешкісін жиналып арақ-шарапты ермек етеді. Әңгімелесіп тағы түнімен отырады. Азанда амалының жоқтығынан жұмысқа тұрады. Бір күн тойласа мақұл. Келесі күні тағы қайталайды. Жұмыста уақытылы ұйықтамаған соң, адамның организміне кері әсері көп.
Өзімнің жеке пікірім, кез келген сала болса да өзіне керектіні үйрену керек. Ерінбеген адамдар жақсы мүмкіндіктерге жетеді. Мәселе адамадардың жақсы жұмыс жасағылары келетіндігі. Бірақ соған қажеттіні бәріміз жасамаймыз ғой. Мұнай-газ бойынша менің қарамағымда істегендер де болды. Он шақты жігіттер болған. Өздері ағылшынша білмейді. Мен жігіттерге босқа жүрмеңдер, ары қарай дамып, ағылшын тілін үйренуге талпыну керек деймін. Он адамның ішінен тек біреуі ғана оқиды ғой. Қалғандары мүлдем ескермейді. Бізге кандидаттар келетін. Олардан сұраймыз «ағылшын тілін білесіз бе» деп, «қазір ағылшыным осалдау бірақ, жұмысқа алсаңыз үйреніп аламын» - деген сөздерді жиі естіп жатамыз. Бұл үлкен қателік. Бізге де үйреніп алған маман керек.
-Араб еліндегі мұнай саласындағы жұмыстар да қандай да бір ерекшелік бар ма?
-Араб елдерінде мұнай саласында жұмыстар өте көп. Араб тілін білетіндерге тіптен жақсы. Қазақстанда мұнай-газ саласында қызмет етіп, білікті тәжірибелі маман болып, ағылшын тіліне араб тілін қоса білсеңіз, мына жақта керемет маман иесі боласыз. Мен де араб тілін білмейтінім кемшілік болуда. Біздің елде араб тілі десе, адамдар дінмен ғана байланыстырады ғой. Олай жасамау керек! Араб тілін жұмыспен байланыстырған дұрыс. Араб тілінен бөлек, қытай тілін де үйрену керек. Бұл жақта Қытай елінің компаниялары көп. Қазақстанда біз ағылшын тілін керемет қылып айтамыз ғой. Менің ортамда олай емес. Жай ғана адамдардың білетін тілі. Бұл жақтарға араб пен қытай тілін біліп келсе, бәрі таң қалады. Ағылшын тілін олай қабылдай қоймайды. Сіз екеуміз қазақша сөйлескендей ғана көреді. Таяу шығыста ең көп жұмыс жасайтындар да араб елінің адамдары. Оның ішінде Алжир, Египет, Иордания т.б. Олар ағылшын және өздерінің араб тілін білген соң ғана жүр.
Сіз екеуміз әлеуметтік желіні пайдаланамыз. Біздегі желі де көбісі қате пікірді қалыптастырған. Біздің орнымызды басатын жастардан көп үміт күтемін. Олар басқаша ойласа екен. Сіз Facebook парақшаңызға жазып көріңіз «қытай тілін үйренуіміз керек» деп. Сізді бәрі жерден алып, жерге салсын. Тура солай араб тілі деп жазсаңыз, бір сәтте арабқұл болып шыға келесіз. Жалпы қарап тұрсақ, елдің дамуы үшін қоғамның санасы өзгеруі қажет. Қоғамның санасы өзгеру үшін, ең бірінші қалыптасып қалған
догмалардан айырылайық. Мектепте де қытай-араб тілінің курстарын ұйымдастырған жақсы. Экономика дегеніміз әрбір азаматтарымыздың ақша табуында. Айына миллион тапқан адам, елге де миллион табысын жұмсайды. Дүкенге барғанда өзіне көп азық-түлік алады. Экономика осылай ғана дамиды. Көп ақша табу үшін, қазіргі кезде кәсіби адам болу керекпіз. Кәсіби дегенімізге тілдерді білуіміз де жатады. Ал әлеуметтік желіге ұлтшылдықты апарып тыға береді. Екеуміз де қазақша сөйлеп отырмыз. Былай қарасақ, сіз екеуміз де ұлтшылмыз. Бірақ ұлтшылдықты әр жерге қыстыра беруге болмайды ғой. Бәрін өзгертетін білім. Қытай тілін білетін адамға, бір жарым миллиард жанның әлемі ашылады. Біз тілін білмесек, оларды түсіне алмаймыз. Әлеуметтік желілердегі блогерлер бар. Қоғамның көбісі солардың соңдарын да отыр. Кейбірінің жазған жазбаларына пікірді де, ұнатуды да баспау керек. Біз басқа адамдарға баға беруден құтылған дұрыс. Басқа адамға баға беріп, өзімізді ешқашан дамыта алмаймыз. Басты мақсатымыз өзімізді дамытуымызда жатыр. Басқаның не ішіп-жегені кімге керек? Одан келіп кететін пайда да жоқ. Ондай жазбаны оқығанша, өзімнің үйренбей жүрген сөздерімді үйренейін. Ағылшын тілі де ең оңай тілдердің бірі. Бастапқы негізгісін біліп, ары қарай өз бетімізше үйренуге болады. Қазір ғаламторды ашсақ, ағылшынша үйрететін курстар көп. Оқытатын курстардың бағалары да тиімді. Жалпы үйренемін деген жандарға мүмкіндіктер көп қой. Бізде үкімет бермейді деп жатады. Жер бетінде мемлекеті жоқ ұлттар бар. Біздің қайта мемлекетіміз бар. Бұрынғы аталарымыз осы жер үшін соғысып, физикалық тұрғыда жандарын берді. Енді бізге соғысудың керегі жоқ. Бірақ жанымызды бермесек те әрбір азаматымыз мемлекетке не береміз деп ойланса екен. Осындай қағиданы әрқайсысымыз қалыптастырсақ, болашағымыз жақсаратын еді.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК