«Ақ жол» мемлекеттік сатып алу порталының жұмысын салық заңнамасының нормаларына сәйкестендіруді талап етті
2021 ж. 10 ақпан
1745
0
«Ақ жол» шағын бизнесті қолдап, мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысын салық заңнамасының нормаларына сәйкестендіруді талап етті. Осы мәселе бойынша фракцияның сауалын Айгүл Жұмабаева баяндады.
ҚР Қаржы министріне
«Ақ жолға» мемлекеттік сатып алуға қатысу проблемасы бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілері өтініш білдіреді.
Қаржы министрлігінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы (№648) Бұйрығына сәйкес біліктілік іріктеу әдісімен мемлекеттік сатып алуға төрт көрсеткіш бойынша қаржылық тұрақтылығы бар қызмет көрсетушілер жіберіледі, олардың ішінде төленген салықтар көрсеткіші бар.
Бұл көрсеткіш - төленген салықтар сомасының әлеуетті өнім берушінің үш жыл ішіндегі кірістер сомасына пайыздық арақатынасы. Егер мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінің деректеріне сәйкес өткен жылдың алдындағы үш жыл ішінде төленген салықтардың көрсеткіші оның кірістерінің кемінде 3%-ын құраса, өнім беруші қаржылық тұрақты деп танылады.
Салық кодексіне сәйкес оңайлатылған декларация бойынша салықтарды есептеуді салық төлеуші 3% мөлшерінде дербес жүргізеді, оның 1,5%-ы – ЖТС (төлем көзінен алынбайтын салық) және 1,5%-ы - әлеуметтік салық, одан әлеуметтік аударымдар шегеріледі, яғни әлеуметтік салық мөлшері қызметкерлер мен дара кәсіпкердің өзі үшін төленген әлеуметтік аударымдар сомасына азайтылады.
Бірақ мемлекеттік сатып алу порталында төленген салықтардың көрсеткіші әлеуметтік аударымдарды есепке алмай, автоматты түрде қалыптасады. Сондықтан, ЖК бәрін салық заңнамасы аясында жасағанымен, ол салық сомасын төмендеткендей болып көрінеді.
Нәтижесінде, шағын кәсіпкерлік субъектісінің мемлекеттік сатып алуға қатысуға мүмкіндігі жоқ. Мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін кәсіпкерлер қазір осындай жағдайға тап болуда.
Бұдан басқа, 2019 жылғы желтоқсанда қабылданған Оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері жөніндегі заңға, бюджет және салық заңнамасына сәйкес микро және шағын бизнес жеке табыс және әлеуметтік салықтардан босатылды. Бұл көрсеткіштерді алып тастау да шағын бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін азайтады, соның нәтижесінде бәсекелестік азаяды және ірі бизнес негізсіз артықшылыққа ие болады.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының депутаттары мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысын салық заңнамасының нормаларына сәйкес келтіруді, сондай-ақ шағын бизнестің салық жүктемесіне мораторийдің әсерін ескеруді талап етеді.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары