Азат Перуашев: Банктер мен салық қызметкерлеріне бизнесті банкроттыққа дейін жеткізуге тыйым салу керек
2021 ж. 20 қаңтар
3297
0
Банктер мен салық қызметкерлеріне бизнесті банкроттыққа дейін жеткізуге тыйым салу керек. Бұл туралы "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында айтты, - деп хабарлайды "Қазақ үні".
ҚР Премьер-Министрі
А.Ұ. Маминге
Құрметті Асқар Ұзақпайұлы!
Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін арнаулы салық режимдерін қолданатын шағын және микро-бизнес субъектілері КТС мен ЖТС, әлеуметтік және жер салығын төлеуден босатылды (Салық кодексінің 57-4 бабы).
Бұл жеңілдік 380 млрд теңгеден астам сомада 1 млн-нан астам кәсіпкерге қатысты болды.
Сонымен қатар, өткен жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық рәсімді қозғауды 1 қазанға дейін тоқтата тұруды тапсырды.
Президенттің бұл бастамалары пандемия мен карантиндік шектеулер жағдайында кәсіпкерлердің өмір сүруіне әсер еткен маңызды фактор болды.
Өкінішке орай, бүгін біз COVID-19 ауруының өсу үрдісін байқап отырмыз, осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі кеше карантиндік шараларды, оның ішінде бизнеске қатысты шектеу шараларын қатаңдату қажеттілігі туралы мәлімдеді.
Осылайша, коронакризистің жойқын әсері жыл бойы дерлік жалғасуда.
Осы уақыт ішінде мыңдаған кәсіпкерлер банкротқа ұшырап, орта таптан аз қамтылғандар қатарына өтті.
Дүниежүзілік банктің таяудағы бағалауы бойынша пандемия және оның салдарынан туындаған экономикалық коронакризис салдарынан Қазақстандағы кедейлердің саны 1,5 млн. адамға өседі. Бұл ең алдымен жұмысы тоқтаған шағын және орта кәсіпкерлер мен жұмысынан айырылғандар туралы деп болжап отырмыз.
Осы күрделі жағдайда мемлекет шағын бизнеске салықтық қолдау көрсетуге мүмкіндік тапқанын айта өту керек.
Алайда, бұл қолдау орта бизнеске көрсетілмеді.
Бүкіл әлемде шағын бизнес орта бизнеспен бірге экономиканың бірыңғай секторы ретінде қарастырылады. Бірақ біздің елімізде мемлекеттік қолдауға келгенде, орта бизнес «өгей бала» болып қала береді.
Орта кәсіпкерлік шағын және орта бизнес субъектілерінің небәрі 0,2 пайызын құрай отырып, осы сектордағы өндіріс көлемінің 20 пайызына дейін
және елдің бүкіл экономикасының шамамен 6,6 пайызын қалыптастырады. Орта бизнесте 360 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Шағын бизнес - бұл негізінен сауда, қызмет көрсету саласы және шаруа қожалықтары. Ал өңдеуші өнеркәсіптің кез келген кәсіпорны жабдықтар мен өндірістік инфрақұрылым құнына байланысты объективті себептер бойынша орта компаниялар деңгейінен басталады.
Орта бизнесті қолдау экономиканың өңдеуші секторын қолдауды білдірер еді.
Сонымен қатар, шағын бизнесті қолдау шараларымен қатар, бүгінде кәсіпкерліктің қалған түрлеріне, соның ішінде орта бизнеске салықтық қысым күшейтілуде. Кәсіпкерлер апта сайын дерлік «Ақ жол» демократиялық партиясына жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға салық органдарының ауыр соманы қоса есептеуі туралы өтініштерімен жүгінеді.
Қосымша төлемдер көбінесе осы компаниялардың жылдық айналымынан бірнеше есе асып түседі. Бұл сөзсіз олардың күйреуі мен банкрот болуына әкеліп соғады.
Айта кетейік, 2020 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауда Президент Қ.Тоқаев осы орта бизнесті қолдау қажеттігі туралы айтқан болатын және Үкіметке оны қолдау, соның ішінде салықтық ынталандыру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған болатын.
Баяндалғанды ескере отырып, сондай-ақ бизнестің жалғасып жатқан шектеулеріне байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттық фракциясы келесілерді қажет деп санайды:
1) карантин кезінде зардап шеккен орта кәсіпорындарға салынатын салықтардан жоғарыда көрсетілген босатуды олардың айналымы қалпына келгенге және дағдарысқа дейінгі төлем қабілеттілігіне келгенге дейін тарату;
2) салық органдары мен банктерге жұмыс істеп тұрған орта бизнесті талапқа сай емес сомалармен банкроттыққа жеткізуге тікелей тыйым салу; жеке кәсіпорындардың банкроттығы туралы істерді тоқтата тұруды биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін ұзарту.
3) орта кәсіпорындардың коронакризисінен зардап шеккендер үшін салық берешегі, айыппұлдар мен өсімпұлдар сомасын есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық жүргізу.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары