Президентке зейнетақы активтерінің жағдайы туралы есеп берілді
2020 ж. 04 желтоқсан
3092
0
Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 11 айдағы ақша-несие саясатын жүзеге асырудың алдын ала қорытындылары, әлемдік қаржы нарықтарының қазіргі ахуалы мен оларды қалпына келтірудің перспективалары туралы баяндалды. Сондай-ақ 2025 жылға дейінгі ұлттық төлем жүйесін дамыту бағдарламасын іске асыру бойынша қабылданған шаралар туралы айтылды, - делінген хабарламада.
Президентке зейнетақы активтерінің жағдайы туралы есеп беріліп, мемлекеттік қарызды басқарудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар Ерболат Досаев Мемлекет басшысына орта мерзімді кезеңде Ұлттық Банкті және қаржы секторын цифрландырудың негізгі бағыттары туралы ақпарат берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу соңында Ерболат Досаевқа бірқатар нақты тапсырма берді.