МЕМЛЕКЕТ ҚАЗЫНАСЫН ЖЫМҚЫРУ АЗАЯ ТҮСТІ
2020 ж. 13 қараша
3434
0
Қазақстан Республикасында 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданғалы бері елімізде осынау қоғамдық дертке қарсы күрес қарқын алып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйек айының басында жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жүйелі сипат алып, оның орын алу себептерін анықтау мен алдын алу бағытындағы жұмыстардың да жанданғанын айта келіп, қоғамдық бақылауды күшейту үшін Парламенттегі «Қоғамдық бақылау туралы» заңды жыл аяғына дейін қабылдауды тапсырған болатын.
Президент «Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет» деп, сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмысқа барғандардың жазасын да қатаңдатудың қажеттігін атап өткен болатын.
Қазақстан Президентіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев биылғы тоғыз ай ішінде атқарған жұмыстарының негізгі көрсеткіштері жөнінде есеп бергенде Дүниежүзілік банктің жемқорлықты бақылау индексіндегі еліміздің көрсеткіші айтарлықтай жақсарғаны туралы баяндады. Бұл елімізде сыбайлас жемқорлық індетіне қарсы күрес пен оның алдын алу бойынша жұмыстың жанданып келе жатқанын көрсетеді.
Елімізде 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы негізінде Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен 2018-2020 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп жүзеге асырылуда. Жұмыстың нәтижелі жүргізіліп жатқандығын таяуда үшінші мегаполисте Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада және Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлының қатысуымен өткен жиын барысында байқадық. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қоғамда парасаттылық құндылықтарын қалыптастыруды көздеген Агенттік және Штаб өкілдерінің қала активімен кездесуіне мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов төрағалық етті.
Жиынға Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағали, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері мен жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау саласының басшылары қатысты. Кездесуде қала әкімі Елбасы мен Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты басымдықтар қойғанын атап өтіп, қоғам мен мемлекет игілігі үшін жемқорлықты жою бағытында бірлесе жұмыс істеу қажеттігіне тоқталды.
– Қалада жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, биыл педагог мамандарын жұмысқа қабылдауға арналған «hr-process» порталын іске қостық. Осыған дейін оқушыларды мектепке қабылдау, балабақшаға орналастыру толығымен электронды жүйеге өткен болатын. Біз екі жол арқылы нәтижеге жетеміз. Бірі – жемқорлық әрекеттерінің орын алуына мүмкіндік бермеу болса, екіншісі салдарын түсіндіріп, алдын алу. Сондай-ақ «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мемлекеттік органдардың жаңаша бағытта жұмыс жасауында тиімділігін көрсетіп отыр. Қала әкімінің аппараты және төрт аудан әкімдігінде сервистік әкімдіктер ашылып, 197 мекеме «OpenSpace» форматында жұмыс атқаруда, – деді шаһар басшысы.
Жиын барысында ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада жемқорлықтың алдын алудағы насихаттық жұмыстар оң әсер беретінін атап өтті. Өз кезегінде, Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғ.Асанұлы ақпаратқа қолжетімділікті оңтайландыру, азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімдерін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстың тікелей арнасын құру мақсатында құрылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасымен таныстырды. Кездесуді қорытындылаған қала әкімі Мұрат Әйтенов жемқорлықтың алдын алудағы жұмыстар жалғасын табатындығын айтты.
Айтса айтқандай, Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілген «2018 -2020 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары» негізінде атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты.
Шымкент қаласы әкімінің аппараты басшысының орынбасары Рашид Мыңбаевтың айтуынша, Шымкент қаласы әкімдігінде бағынысты қызметшілері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін басшылардың отставкасы және жауапкершілігі институтын іске асыру бойынша алгоритмі бекітілді.
2019 жылдың он айында 12 екі азамат сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған болса, 2020 жылдың он айында 5 азамат сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасаған. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасау 58 %-ға азайғанын көрсетеді. Бұл көрсеткіштер мегаполисте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің және оның алдын алуға бағытталған шаралардың нәтиже беріп жатқанын айғақтайды.
Сол сияқты қалада «Open Space» пилоттық жобасы аясында Шымкент қаласының әкімдігі, 4 аудан әкімдігі, 5 басқарма, 137 мектеп, 11 емхана және 8 колледж ашық түрде жұмыс жасауға көшті. Жергілікті биліктің, түрлі басқармалардың, денсаулық саласы, білім саласы сияқты мекемелердің халыққа ашық жұмыс жасауы заңсыздықтардың орын алуын болдырмайды. Ең бастысы, мұндай ашықтықтың да сыбайлас жемқорлықтың жолын кесетіні білінуде.
Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күресте және оған жол бермей алдын алуда цифрландырудың, электронды қызмет көрсетудің маңызы үлкен. Шымкентте таяуда ғана «Екі есе төлеме» атты акция өткізіліп, шымкенттіктерге жүргізуші куәлігін, автокөлікке қатысты басқа да құжаттарды рәсімдеуде электронды қызметтерге жүгіну арқылы қаржысын да уақытын да үнемдеуді түсіндіру жүргізілді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары жиі өткізіліп, жұртшылықты электронды қызметтердің тиімділігі мен сыбайлас жемқорлыққа бару әрекетінен сақтандыратындығы насихатталуда.
Сыбайлас жемқорлық қаупі көбірек саланың қатарындағы жер, құрылыс сияқты салаларда да цифрландыру дендеп кіріп келеді. Мәселен, Шымкент қаласындағы жер, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы 19 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бүгінде оның барлығы да электронды түрде жүргізіліп отыр. Басқарманың «нalyk-saulet» жүйесі іске қосылған. Ол арқылы жылжымайтын мүлікке нөмер беру, оны нақтылау және жою қызметтері толықтай автоматтандырылды.
Бұған дейін бұл қызметті тұрғындар 6 жұмыс күні ішінде алып келген. Қазір электронды бағдарламаның арқасында жарты сағат көлемінде алу мүмкіндігі туып отыр. Биыл 8 айда «нalyk-saulet» жүйесі арқылы азаматтарға 7 500 мемлекеттік қызмет көрсетіліпті.
Сонымен қатар, халықтың тарапынан ең үлкен сұранысқа ие сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру қызметі (АПЗ) автоматтандырылды. Былтыр осы қызметті алу үшін 17 жұмыс күні қажет болса, қазір 3 жұмыс күні ішінде алуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, АПЗ-ны алу кезіндегі талап етілетін табиғи монополия субъектілерінің техникалық шарттарын өткен жылы 15-20 күнде алатын. Автоматтандырылғаннан кейін бұл қызмет түрін де 2 жұмыс күні ішінде алуға болады. Міне, осының барлығы да тұрғындардың жұмысын жылдам бітіру үшін жең ұшынан жалғасып, заңсыздыққа баруын тежейді. Сонымен бірге, адамдардың уақытын үнемдейді.
Үшінші мегаполисте сыбайлас жемқорлыққа және парақорлыққа қарсы күрес пен олардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін таяуда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің 9 айда атқарған жұмыстарынан да көруге болады. Аталған департамент басшысы Асхат Жұмағали сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін 49 тұлға әшкереленгенін атап өтті. Олардың қылмыстары дәлелденіп сотталғандары – 36.
Қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі басшысының айтуынша, парақорлар параны жауапкершілікке тартпау, жұмысқа орналастыру, қызмет бойынша жалпы қамқорлығы, рұқсат құжаттарын бергені үшін алуда. Мәселен, ағымдағы жылы Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы әшкереленді. Ол оң сот шешімін шығару бойынша пара алғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотта тексеруші-мемлекеттік аудитор лауазымына тағайындау үшін 15 мың АҚШ доллары сомасында заңсыз сыйақы алды деген күдікпен қалалық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс қаралуда. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан білім жүйесінде сыбайлас жемқорлық фактілері орын алуда. Екі жалпы орта мектеп директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Департамент №34 орта мектеп директорына қатысты қылмыстық істі сотқа жолдады. Ол қамқорлығы үшін өз қарамағындағы қызметкерлерден бірнеше рет пара алған және жымқырған деп күдіктелуде. Сол сияқты, полиция қызметкерлерінің қатысуымен бірқатар парақорлық фактілері анықталып, 10 тәртіп сақшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, жуық арада 25 млн. теңге жымқырды деп күдікке ілінген облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері мен есепшісіне қатысты сот үкімі шықпақ.
Ал, ардан аттап, заңсыздық жолымен жемқорлық пен парақорлық жасағандарды құрықтауға көмектескен 5 шымкенттік азаматқа сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қарсы күресте көрсеткен көмектері үшін бір миллион теңгеден табысталыпты. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет» деген болатын. Сыбайлас жемқорлық пен парақорлық туралы құқық қорғау органдарына хабар беріп, заң бұзушыларды ұстауға көмектесушілерді заңмен қорғау қолға алынса азаматтар арасында заңсыздықтар мен жең ұшынан жалғасушылардың әрекеттеріне төзбеушілік пен әшкерелеушілік арта түсері сөзсіз.
Шымкент қаласының әкімдігі тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың алдын алу бағытында бірнеше бағытта жұмыс жүргізуде. «Адалдық алаңы», «Адалдық сағаты», басқа да бағдарлама, іс-шаралармен қатар мектеп оқушылары мен студенттер арасында салауатты ұрпақ тәрбиелеу үшін жемқорлыққа, парақорлыққа төзбеушілік, адалдық пен шыншылдықты жас ұрпақ бойына сіңіру бағытында да жұмыстар жүргізіліп келеді.
Бір сөзбен айтқанда, Шымкент қаласы әкімдігінің және тиісті органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қоғамды тартудағы, бұл індеттің алдын алудағы атқарып жатқан нақты жұмыстары нәтиже бере бастады.
Аманғали СЕЙДАХМЕТҰЛЫ,
Қазақ үні