Шетел инвестициясы - тұрақты дамудың кепілі бола алады ма?
2020 ж. 12 шілде
2224
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шілденің 10 күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанның экономикалық дамуы күрделі кезеңде тұрғанын атап өтті. Оған себеп, соңғы бірнеше ай көлемінде елдің еңсесін түсіріп, бизнеске ауыр салмақ салған коронавирус індетінің кең таралып, пандемияға айналуы болса керек.
Жалпы, кейінгі жылдары еліміздің экономикалық ахуалы қандай деңгейде? Мемлекетіміздің қаржылық әлеуетінің дамуы қандай межеде тұр? Осы сұрақтар көптің көкейінде жүр.
Бүгін "Қазақ үні" ақпарат агенттігі алаңында осы өзекті сұрақтардың жауабын іздеп көруді жөн санадық.
ЕАЭО аясындағы экономикалық интеграция
Соңғы жылдары елімізде Еуразиялық Экономикалық одақ жұмысына қатысты көптеген мәселелер көтерілуде. Сарапшылардың дені де бұл тақырыпқа келгенде пікірлерді қақ жарылып, әркім өз ойын ортаға салып жатады. Экономикалық блоктың кей мамандары ЕАЭО еліміз үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деп пайымдаса, енді біреулер бұл одаққа үзілді-кесілді қарсылық танытуда.
Жалпы, ЕАЭО қалай құрылды, мақсаты не, қандай жұмыстар атқарып жатыр? Алдымен, осыған тоқталсақ.
Бұл одақтың құрылы идеясы сонау 1999 жылдан бастау алады. Нақты айтсақ, сол жылы Мәскеуде Ресей, Беларусь, Қазақстан, Тәжікстан секілді төрт мемлекет басшылары Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) туралы шартқа қол қойған еді. Бұл шарт кейіннен еуразиялық шынайылықтарға бейімделген, барлық талаптарға жауап беретін экономикалық кооперацияны іздестіруге серпін берді десек те болады.
Кейін 2000 жылы Нұр-Сұлтан қаласында (ол кезде - Астана) осы төрт ел басшылары Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру процесін тиімді ілгерілету мақсатында Еуразия экономикалық қауымдастығын (ЕурАзЭҚ) құрған болатын. Өз кезегінде, кейбір сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам бірыңғай экономикалық стандарттар идеясы эволюциясының маңызды кезеңі болды.
"Осы ұйымға енгізілген тетіктер ұйым жұмыс істеп тұрған 8 жыл ішінде қатысушы елдер арасындағы тауар айналымын 4 есеге арттыруға мүмкіндік берді" - деп пайымдайды экономистер.
Әр елде бұл одаққа қатысты әр алуан пікір бар. Бірақ, мемлекеттік институттар өкілдері жалпы бұл одақты құптайтыны байқалады.
Мысалы, социология ғылымдарының докторы Зарема Шаукенова «Қазақстанның бірегей географиялық орналасуы және экономикалық әлеуеті интеграциялық бірлестік аясында оның тұрақты дамуына ықпал етеді және негізгі мақсат – капиталдың еркін қозғалысын сенімді іске асыруға мүмкіндік береді» деп санайды.
ЕАЭО туралы шетелдік мамандардың да пікірі әр алуан. Мәселен, Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграцияның негізгі бағыттары және макроэкономика бойынша Алқа мүшесі, экономика ғылымдарының докторы Татьяна Валоваяның пікірін келтіре кетсек.
- Интеграция әр елге әр түрлі мүмкіндік береді. Мәселен, Қазақстанда, кеңестік дәуірде де, одан кейін де автомобиль индустриясы болған жоқ. Бірақ ЕАЭО іске қосылғаннан кейін елде жалпы қоғамдастық үшін жасалған автомобиль кластерлері пайда болды. Сонымен қатар, Одақ құрылған сәттен бастап Австрия мен Италияға қазақстандық тауарларды жеткізу көлік тарифтерінің төмендеуі және бірыңғай болуына байланысты күрт өсті. Фитосанитариялық бақылаудың бірыңғай жүйесін енгізу Одақтың көптеген мемлекеттеріне экспортты ұлғайтуға мүмкіндік берді. Беларусь ЕАЭО елдеріне экспортының жартысынан көбін алады. Қырғызстан экспорты 4,4% өсті. Армения өз тауарларын шетелге сатуды 53% -ға, ал Қырғызстанға - 2,8 есе арттырды... - деген ойымен бөліскен еді.
Алайда, кейінгі жылдары осы ұйымның Қазақстан экономикасына әсері қандай деген сұраққа жауап беру қиын. Оған басты себеп, ЕАЭО соңғы виртуалды жиынында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұйымның стратегиясын қабылдаудан бас тартуы себеп бола алады.
«Бүгінде елдеріміздің бизнесі өте күрделі жағдайға тап болып отыр. Өндірісті дамыту жоспары, жеткізу тізбегі бұзылып, кредиторлық берешек өсіп кетті. Іс жүзінде барлық ресурс жұмысты тұрақтандыруға, жұмыс орындарын сақтауға жұмылдырылған. Сондықтан, Одақ органдарының барынша шығынды жекелеген шешімдерін орындау ақылға қонымды болмақ емес. Қалай десек, Ұйымымыздың қазіргі даму кезеңінде. Мұндай шешімге міндетті таңбалауды енгізу жоспарын жатқызуға болады. Бірақ, бұл мәселені комиссия аясында Үкімет қарауы тиіс. Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Дәл осындай жұмыс өзге де елдерде жүргізілгеніне сенімдімін. Сондықтан сыртқы сын-тегеуріндерге жауап қайтару және дағдырстан кейінгі кезеңде экономиканы дамыту шараларын талқылау үшін елдеріміздің қаржы-экономикалық блок министрліктері басшыларының, толықтай алғанда Үкімет алаңын құрып, белсенді пайдалануды ұсынамын», – деген еді сол жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сүйнсек, 2019 жылғы қаңтар-қарашада Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 92,4% Ресейдің үлесіне тиген екен.
Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен жалпы сыртқы сауда айналымының ішінде Ресей Федерациясы - 92,4%, Қырғыз Республикасы - 4%, Беларусь Республикасы - 3,5%, Армения - 0,1% құрап отыр.
2019 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауда-саттық 18 629,1 млн АҚШ долларын құраған, бұл 2018 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 2,1% -ға көп.
Сондықтан, алдағы уақытта бұл одақ жұмысын жалғастырса, біздің ел үшін тиімді жақтары одан да көбейе түсеріне сенгіміз келеді.
Инвестиция - тұрақты дамудың кепілі бола алады ма?
Соңғы жылдары елімізге ірі мемлекеттер көптеп инвестициялар құюда. Олардың қатарында, Қытай мен батыс елдері бар. Бұл елдегі экономикалық ахуалға қалай әсер етеді? Осы сұрақтар кейінгі уақытта қарапайым тұрғындардың да көкейінде тұрғаны рас. Соңғы жылдары халық ішінде сыртқы қарызға күдіктеніп қарайтындар саны еселене түсуде. Халықты басты алаңдататын жайт, елімізге ақша құйған Қытай секілді алпауыт мемлекеттер күні ертең сол қарыздың есесінен жерімізге көз алартпай ма деген зор күмән.
Алайда, егер егжей-тегжейлі зерттеп қарасақ, елімізге инвестиция құйған мемлекеттердің арасында Қытай алдағы үштікке де кірмейді екен.
Мәселен, 2019 жылдың қыркүйек айының аяғында Қазақстанда жинақталған шетелдік инвестициялардың көлемі 221,4 млрд. АҚШ долларын құрады (бір жыл бұрын - 222,2 млрд. АҚШ доллары). Негізгі үлесті (56,4%) тау-кен өндірісі және карьерлерді қазу өндірісі алады: 124,8 млрд. АҚШ доллары, бір жыл ішінде өсім 3,5% құрады.
Бұл саладағы ең ірі инвесторлар болып Нидерланды, АҚШ және Франция болып табылады, олар бірлесіп 101,1 млрд. АҚШ долларын немесе жалпы көлемнің 81% инвестициялады.
Саланың алғашқы үштігіне инвестициялары 17,7 млрд. АҚШ долларын құрайтын өндіріс және 16,5 млрд. Долларлық кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет кірді.
Соңғы жылдары Қазақстан Үкіметі елдің инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша бірқатар тиімді шаралар қабылдады, олар инвестициялардың ұлғаюымен және ұлттық экономиканың өсу қарқынының өсуімен сипатталады. Инвестициялық ағындардың ағымдағы өсу қарқынын сақтай отырып, 2022 жылға қарай ТШИ-дің жалпы ағыны 2016 жылдың деңгейіне 1,26 есе артуы мүмкін деп күтілуде. Сонымен қатар, болжам бойынша өңдеуші өнеркәсіптегі инвестициялар ағыны 1,5 есе артады, экономиканың шикізат емес секторының негізгі капиталына тартылған шетелдік инвестициялар көлемі де 1,5 есе артады.
Үздік инвесторлық жобалардың қатарында «Кереку-Агро» (Павлодар облысындағы крахмал өндіру кешені), «Жасыл Алатау» (Алматы облысындағы жылыжай кешенін кеңейту), «КазЭкспортАстық» (Солтүстік Қазақстан облысында соя дақылдарын өңдеу), «Конденсат компаниялар тобы» ( БҚО табиғи газынан негізгі мұнай компоненттерін өндіру), КазАзот (Маңғыстау облысындағы минералды тыңайтқыштар өндіру.), Қазақмыс (Жамбыл облысындағы Жайсан мыс кен орнын өнеркәсіптік игеру.), Ақтау құю зауыты (ұзақ өнім) Маңғыстау облысында) секілді өндіріс ошақтарын атауға болады.
Жалпы, елге тартылған инвестициялар ең алдымен жаңа жұмыс орындарының ашылуы үшін де керек.
Мысалы, 2019 жылдың 11 айының қорытындылары бойынша жалпы құны 2 млрд АҚШ долларын құрайтын 30-дан астам инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді, жобалар бойынша 40 мыңға жуық жұмыс орны құрылады.
Алайда, инвестиция құйған мемлекеттермен келісімшартқа отырар кезде Үкімет ұлттық мәселелерге назар аударуы керек секілді. Соның ішінде жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуын міндетті шарт деп атап, олардың жалақысы шетелдік жұмысшылардың жалақысымен тең дәрежеде болуына баса назар аударылуы қажет. Өйтпеген жағдайда, бұл да күрделі мәселелерге алып келуі мүмкін екенін бәріміз жақсы білеміз.
Бақберді Манат,
Қазақ үні