Министр Қазақстандағы кен орындарының қоры таусылып жатқанын айтты
2020 ж. 19 ақпан
2409
0
Қызылорда облысында жыл сайын мұнай өндіру көлемі 1 млн тоннаға дейін төмендеп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы былтыр 5 қыркүйекте Атырау қаласында өткен мұнай-газ саласына қатысты кеңесте баса назар аударды. Негізі елімізде 8 мыңға жуық кен орны тіркелген. Оның ішінде 317 көмірсутек, яғни мұнай, газ, конденсат кен орындары бар. Мұнан бөлек, 910 қатты пайдалы қазбалар кен орны болса, 3 мыңнан астамы кең таралған пайдалы қазбаларға тиесілі. Сонымен қатар 4 мыңға жуығы жерасты сулары кен орны бар», – деді тұжырымдаманы таныстырған министр.
Оның айтуынша, бүгінгі күні бірқатар өзекті мәселе күн тәртібінде тұр. Атап айтқанда, моноқалалардағы тау-кен кәсіпорындарының шикізат базасының тұрақсыздығы, пайдалы қазба қорларының азаюы және «байырғы» кен орындарында өндіру көлемінің төмен деңгейге түсуі өзекті болып отыр. Мысалы, Қызылорда облысында жыл сайын мұнай өндірудің көлемі 1 млн тоннаға дейін төмендеуде. Осы мәселе таяу арада Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында да болжануда.
Соңғы он жылдықта Шығыс Қазақстандағы моноқалаларға жақын орналасқан – Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихинское, Зыряновское ірі қорғасын-мырыш кен орындарының қоры түгелдей таусылып, жабылды. 2025-2040 жылдарға таман Орловское, Малеевское, Тишинское, Риддер-Сокольное сияқты кен орындарында да пайдалы қазба қорларының толықтай сарқылуы күтілуде», – деді Мағзұм Мырзағалиев.