ТРИЛЛИОН ҮНЕМДЕСЕҢ - ТҮРМЕГЕ ТҮСЕСІҢ... немесе «КОРРУПЦИОНЕР» ӘБІШЕВТІҢ ІСІ !!!
2019 ж. 22 мамыр
22106
42
Қазақстан Республикасы Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына
Қазақта еліме болсын деп қайрат көрсетіп жүрген қайыспас қара нарлар аз емес. Ерен еңбегімен де, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткерлігімен де белгілі, исі қазақтың Исламы болып кеткен ағамыз таяуда 63 жасқа толды. Алаштың жоғын жоқтаған Азамат өміріндегі ең елеулі белес – пайғамбар жасын темір торлы тас қабырғаның ішінде қарсы алды... Бүгінде Ерін іздеген Елі редакциямызға хаттар легін ағытуда. Біз халықтың ықыласы мен алғысын білдіру мақсатында, сол ізгі лебіздерінің біразын 25 сәуірден бастап «Исламның игі істері» деген айдармен жариялап келеміз. Иә, осыдан екі айдан аса уақыт бұрын Су ресурстары комитеті төрағасы Ислам Әбішевтың тұтқындалғаны туралы суық хабар жарияланды... Қазақтың атқа мінгендері құласа, алақайлап шабатын кейбір басылымдар асыра сілтеп, жарыса жазып жатты... Бүкіл ғұмыры ел игілігі жолында ерен еңбек етумен келе жатқан, мемлекет мүддесін қорғауда жанкештілігімен белгілі, адал да іскер басшы, игілікті істерімен исі қазаққа танымал Ислам Әбішевтың аяқ асты, кенеттен тұтқындалуы елдің төбесінен жай түскендей әсер етті... Ислам Әбішев Су ресурстары комитеті төрағасы қызметіне кірісе салысымен, мемлекет қазынасынан алдымен 300 миллиард теңгені үнемдегенде, жоғары жақ та, қарапайым халық та қатты риза болған еді. Кейін су саласындағы мемлекеттік бағдарламаға бөлінгелі тұрған 1 триллион 500 миллиард теңгенің 1 триллиондайын үнемдегені кезінде баспасөзде көп жазылды. Ал енді аяқ астынан не болып қалды?.. Біз бүгін Ислам Әбішев туралы бұрыннан қалам тартып келе жатқан ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық С. Есенин атындағы сыйлықтың – «Алтын Күз» орденінің иегері , қоғам қайраткері Қазыбек Исаның "Триллион үнемдесең - түрмеге түсесің" немесе «Коррупционер» Ислам Әбішевтың ісі» атты зерттеу мақаласын жариялап отырмыз. Мақаланы оқыған қадірлі оқырман қауым өздері желдің қай жақтан соққанын байқап, байыпты байлам жасайды деп ойлаймыз. Ислам Әлмаханұлын іздеп жатқан халқының ізгі тілегі Қасиетті Рамазан айында періштенің құлағына жетіп, Алла жар болсын, жаратқан иеміз жақсы күндерде жарқын күйде жүздесуді жазсын деп тілейміз! Редакция«КОРРУПЦИОНЕР» ӘБІШЕВТІҢ БІРІНШІ ІСІ
Миллиардтарды қысқарту
Ислам Әбішев Әлмаханұлы 2012 жылдың ақпан айында Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұған дейін 3 жыл Өскемен қаласының әкімі болып, жемісті жұмыс атқарып, қала халқының ыстық ықыласына бөленген Ислам Әлмаханұлын Шығыстықтардың шығарып салуы туралы кезінде мен "Қазақ үні" газетінде "Ислам Әбішев феномені" атты мақалада жазған едім. "Бүгінгідей халық пен әкімдердің, жалпы шенеуніктердің арасы алшақтап кеткен мына заманда Өскеменде елді елең еткізген оқиға болды. Қаланы үш жылға жуық басқарған Ислам Әбішевты Астанаға шығарып салу үшін қаумалаған өскемендіктер әуежайды басып алды… Бұл жерде біз кеше Исекеңмен бірге жұмыс істеген әкімшілік қызметкерлерін айтып тұрған жоқпыз. Қысқа сақтаған қайнатпасын көтеріп келіп, көзіне жас іркіліп тұрып, жүрекжарды сөзін айтқан орыс аналарын, құрты мен ірімшігін алып келіп, ақ жол тілеген ақ кимешекті қазақ аналарын, ақ жарылып тұрып, ақ батасын берген ақсақалдарды, елге қамқор болған қайраткерге қандастардың ыстық ықыласын жеткізген ақын қызды, ақ тілегін жеткізіп қалуға тырысқан қалың жұртты айтып тұрмыз… Иә, бұрынғыны қайдам, 2012 жылдың 5 ақпанында Тәуелсіздігіміздің 20 жылының ішінде кетіп бара жатқан әкіммен халықтың дәл осылай қимай қоштасқан жүрек толқытар көрінісіне Өскеменде куә болды ел… Қарапайым қаймана халықтың қалтқысыз ықыласынан қанаттанған қыран ұл қияға ұшып кетті…"-деп, толғаған болатынмын. Иә, бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қала басшысына деген қарапайым халықтың бұрын-соңды болмаған риясыз шын адал ниеті еді. Өскеменге қашан барсаңыз да - оған оңай көз жеткізесіз. Тағы бір қызығы, Ислам Әбішев 2000-шы жылдың қараша айынан 2002 жылдың тамыз айына дейін Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) Ордабасы ауданының әкімі болып жұмыс атқарды. Ордабасылықтардың да ойлары дәл Өскемен қаласы тұрғындарының ықыласымен бірдей. Бұл да біздің ойымыз емес - Ордабасылықтардың ойы. Мұның барлығына сонда барып, қарапайым халықпен аралассаңыз, көз жеткізесіздер. Ал бүгін Ислам Әбішев үлкен «коррупционер» ретінде түрмеде ұсталып отыр!!! Жүрегі ауыратын, қан қысымы қалыпты емес абзал азаматты абақтыға қамағанда кәдімгі бір террористі ұстағандай, үйқамаққа да шығармай, үркіп отыр... Ислам Әбішевтің түрмеде не үшін отырғаны біз үшін қазірше жұмбақ, оны алдағы уақытта сот шешімінен біле жатармыз... Ал қазірше өте тәжірибелі, іскер, сауатты басшы жемісті 7 жылдың ішінде қандай жұмыстар атқарды, оның «КОРРУПЦИОНЕР» БОЛУЫНА НЕ СЕБЕП БОЛДЫ, НЕГЕ СОНШАМА ТӨМЕН ҚҰЛДИЛАП ҚҰЛАДЫ – осының бәрінің себептерін анықтауға тырысайық. Ислам Әбішев Су ресурстары комитетіне келгеннен кейін алғашқы 4-5 ай бұқаралық ақпарат құралдарынан көріне қойған жоқ. 2012 жылдың шілде айының ішінде: «Су ресурстары комитеті бойынша 3 жылға жоспарланған 390 миллиардтан асатын қаржының 300 миллиардқа жуығы артық! Соншалықты қаржының қажеті жоқ, қалған 90 миллиардқа жуық қаржымен жоспардағы барлық жұмыстарды бітіреміз»,- деп мәлімдеме жасап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Сөйтіп, бірден көптеген тендерлерді сол көп ақшаға лайықтап ұтып алған компаниялардың қаржыларын қысқарта бастады... Асап қалған майшелпектен кім оңай айрыла қойсын?!. Майлы жілік «егелері» де қарсы қимылдарды қатты бастап жіберді. Бірақ Ислам Әлмаханұлы бас-көзге қарамастан, бюджеттің қаржысын тиімді пайдалану мақсатындағы шығынды қысқарту жұмысын толығымен күзге дейін орындап шықты.НӘТИЖЕ НЕ БОЛДЫ?
«Нұр Отан» партиясының Оралбай Әбдікәрімов басқаратын Жемқорлыққа қарсы комиссиясында Ислам Әбішевтің «тәртібін» қарап («май шелпек егелерінің» арыздарына байланысты), оны «коррупционер» деп айыптап, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ислам Әбішевтің жауапкершілігін қарауды тапсырды. Күтіп тұрғандай, осыдан соң құқық қорғау орындары бірінен кейін бірі шүйліге үңіліп, тексере бастады. Нәтижесінде 2013 жылдың маусым айында Ислам Әбішев қызметінен босатылды. Ал Ислам Әбішев миллиардтарды үнемдеп қана қоймай, үнемделгеннен қалған қаржылармен сол объектілердің көпшілігі аяқталып, іске қосылып, бүгінде жұмыс істеп жатыр. Мінеки, Ислам Әбішевтің алғашқы «коррупционерлік» жолы осылай басталған болатын. 2014 жылы сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен Ислам Әбішев қызметіне қайта тағайындалды. Исекең қайтып келген соң да, «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, тып-тыныш жұмысын жасай бермей, тағы да жатқан жыландардың құйрықтарын басты...«КОРРУПЦИОНЕР» ӘБІШЕВТІҢ ЕКІНШІ ІСІ
Триллион үнемделген мемлекеттік бағдарлама
Тиісті басшылар «коррупционер Әбішевтен» құтылғаннан кейін, тез арада «Қазақстан су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасын» дайындайды. Бұл бағдарламаға 1,5 триллион қаржы жоспарланады. Бұл бағдарлама барлық министрліктермен, басқа да тиісті органдармен келісіліп, үкіметте мақұлданып, қабылданып кетеді. Қаржыландыру 2015-2020 жылдарға жоспарланады. Бұл бағдарлама үкіметте қаралғаннан кейін, ол кезде бұл жұмыстан босап қалып, өзінің отбасылық бизнесінде жұмыс атқарып жатқан Ислам Әбішев өз ойын білдіріп, 2014 жылы наурыз айында «Время» газетіне сұқбат береді. Ал 2014 жылы сәуір айында Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес қызметіне қайта тағайындалады. Барлығы 1,5 триллиондық алапат қаржыны құрайтын аталмыш мемлекеттік бағдарламаны толық қайта қарап шығып, Исекең мүлдем басқа қорытындыға келеді. Айналасына топтасқан тәжірибелі, сауатты, адал, өз ісінің мамандарымен (Жампозов Өмірбек, Мұхамадиев Сейілхан, Егенов Мейірбек, Имамадин, Кемелбеков Бақытжан, Наметов Бекзад және т.б.) өте үлкен сараптамалық жұмыстар жүргізеді. Нәтижесінде жоспарланған 1,5 триллион қаржының 1,0 триллионын қысқартып, ал есесіне атқарылатын жұмысты бірнеше есе арттырады. Бағдарламадағы шығын ең көп жұмсалатын үш бағытты төменгі кестеден көруге болады:№ | Атауы | Өлшем бірлігі | Бағдарлама бойынша | Әбішевтің есебі бойынша |
1 | Пайдаланудан шығып қалған суармалы жерлерді қалпына келтіру | мың га | 60,0 | 600,0 |
2 | Апаттық жағдайдағы су ресурстарын үнемдеп қалпына келтіру | млрд м3 | 0,9 | 2400 |
3 | Жаңа су қоймаларын, тоған бөгеттерін салу, көктемгі тасқын суларды жинау. | млрд тг | 272,1 | 1900 |
4 | Жұмсалатын барлық қаржы | млрд тг | 1543,0 | 580,0 |
«КОРРУПЦИОНЕР» ӘБІШЕВТІҢ ҮШІНШІ ІСІ
Ауыз судан үнемделген 640 миллиард теңге
Мемлекеттік бағдарламадан бір триллион тенге !!! үнемделді - бағдарлама өзгертілді. Ол іске аса бастады. Енді сол жұмысты атқарып тыныш жата беруге болар еді ғой, көп шенеуніктер сияқты. Жоқ, біздің «коррупционер» көкеміз тыныш қарап жата алмайды!!! Тағы бір бәлені бастады. Енді халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету керек деп құлшынды! Исекең былай дейді: «Біз алдымен Алланың арқасында, одан кейін Елбасының арқасында дамыған 50 елдің қатарына ендік. Жеріміздің асты-үсті толған байлық. Елімізде құдайға шүкір, тыныштық!!! Неге осындай жағдайда ауылдағы халықтың 3 миллионға жуығы ауыз суға жарымауы керек? Неге мен қалаған уақытымда үйімнің ішінде таза су ішіп, суға түсіп, кір жуып, рахаттануым керек, ал менің 3,0 миллионға жуық қандастарым, отандастарым тіпті, ішетін ауыз суға жарымай отыруы керек? Бұл мәселені 2010 жылға дейін шешеміз деп уәде бердік, орындай алмадық... 2015 жылы қатырамыз дедік, қатып қалдық - орындай алмадық... Енді 2020 жылы дедік, ол да болмайын деп тұр. Елбасы «қашанғы халықты алдай береміз?» деп, бұл жөнінде қаншама айтып жатыр... Бұл мәселені шешу керек!»- деп, бір нақты шешімге келеді. Анықтама ретінде айта кетейік: Су ресурстары комитеті тек қана Республикалық меншіктегі магистральдық топтама су құбырларына ғана жауап береді. Топтама су құбырлары бойынша мәселе толық шешілген. Ал елдімекен ішіндегі су жүйелеріне, яғни ауыз су мәселесіне басқа мемлекеттік органдар жауап береді. Сондықтан Ислам Әлмаханұлы бұл мәселеге басын қатырмаса да болар еді, қарап жүрмейтін өзіне де обал жоқ. Бірақ, ол олай қарап отыра алмайды... Енді еліміз үшін аса маңызды тағы бір зор іске кірісіп кетті. Ауыз су саласындағы мықты мамандарды жинастырып, жұмысшы топтарын құрды. Солар арқылы бүкіл Қазақстандағы ауыз сусыз отырған ауылдарды бүге-шігесіне дейін түгін қалдырмай, зерттеп шықты. Нәтижесінде барлық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қанша труба, қанша, қандай насос, қанша электр желісі, т.б. барлық сұрақтарға жауап табылды. Оның барлығы жұмысымен қоса қаралып, оған жобалау жұмыстарын қосып, керекті шығындар есептеліп шығарылды. Сол шығарылған есеп-қисап бұрыннан жүргізіліп келе жатқан қазіргі жұмыстармен салыстырылды. Оның нәтижесін мына төмендегі кестеден көре аласыздар.Көрсеткіш | Өлшем бірлігі | Қазіргі жүйемен жұмыс жасағанда | Ұсынылатын нұсқа (Әбішевтің нұсқасы) | Үнем |
1 адамға шаққандағы орташа шығын | мың тг | 444,0 | 158,1 | 285,9 |
Орталықтандырылған сумен жабдықталмаған халық саны | адам | 2 237 400 | 2 237 400 | - |
Барлық шығындар | млрд тг | 993,5 | 353,8 | 639,7 |
"КОРРУПЦИОНЕР" ИСЛАМ ӘБІШЕВТІҢ ТӨРТІНШІ ІСІ!!!
Суармалы жер - жүздеген мың жұмыс орындары мен түсетін триллиондар
Қазақстанда қазіргі пайдаланылып жатқан суармалы жерлердің көлемі 1,4 миллион гектар. Оған жоғарыда айтылған қайта қалпына келтірілетін 610, 0 мың гектар жерді қоссаңыз 2,0 миллион га жер суармалы жер болады. Қазақстанда жердің жеткілікті екені әркімге белгілі. Ал су қорлары жоғарыда айтылған 2,0 млн.га жерден басқа қосымша 1,5 млн жаңа жерді суландыруға жетеді. Егер қосымша 1,5 млн га жер іске қосылса, кемінде 300,0 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл шаруашылық өнімдері бірнеше есе өскен болар еді. Ислам Әбішев осы ойды әрдайым айтып жүретін. Тіпті қонақта отырғанда да, әңгімені айналдырып әкеліп, осыған тірейтін. Бірақ министрлікте оны қолдайтын ешкім бола қойған жоқ. 2017 жылдың желтоқсан айында ҚР Үкіметі Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі болып Өмірзақ Шөкеев Естайұлы тағайындалды. Ислам Әбішев өз ойын жаңа министрге толығымен жеткізді. Іскер басшы Өмірзақ Естайұлы бұл идеяның өте маңызды екенін бірден терең түсініп, толық қолдау көрсетті. Түсінікті болу үшін айта кетейік, багаралық жердегі егілген бидайдың әр гектарынан 1,5 тонна, әрі кетсе 2,0 тонна бидай алуға болады. Алынған өнімнің барлық қаржысы 70-80 мың теңгеден аспайды. Ал суармалы жерге ауыл шаруашылық өнімдерінің өте көп түрін егуге болады. Бау-бақша, жеміс-жидек, көкеніс, картоп, мақта және т.б. түрлі дәнді дақылдар өседі. Суармалы жердің әр гектарынан алынатын өнімнің орташа құны 1,8-2,0 млн теңгені құрайды. Сонда жаңадан қосылатын 1,5 млн гектар жерден алынатын өнім құны 2,8-3,0 трлн теңгені құрайды екен. Ол жыл сайынғы өнімнің егістіктің басындағы бағасымен есептегенде. Егер ол өңделіп, тиісті стандартқа жеткізіліп, сатылатын болса, жалпы өнім 5,5-6,0 трлн теңгені құрайды екен. Ислам Әбішевтің игі идеясының мәнісі осында. Оның үстіне игерілетін жерлер тың, таза жерлер болғандықтан ол жерлерден алынатын өнім жоғары сапалы, әрі экологиялық таза болады. Ондай өнімнің бағасы да 30-40 пайызға жоғары болады. Біздің есепте олар ескерілген жоқ. 2018 жылы Өмірзақ Шөкеевтың басшылық етуімен бұл бағытта орасан зор жұмыс атқарылды. Бұл істі атқару мақсатында жұмсалатын қаржы көздері анықталды. Дүние жүзіндегі ауыл шаруашылық өнімдерінің ұрығымен, тыңайтқышпен айналысатын, өсімдіктерді зиянкестерден қорғаумен айналысатын, техникамен айналысатын, ең ірі алпауыт компаниялармен келісімге келді. Өсірілген өнімдерді сақтайтын, өңдейтін дүние жүзіндегі ірі компаниялармен келісімге келе бастады. Ең бастысы - сол өсірілген өнімдерді сатып алатын әлемдік ірі компаниялармен келісімге келіп, олар ақша салуды осы жылдың көктемінен бастағалы отыр еді. Сонымен қатар, өте үлкен ішкі тірліктер атқарылды:- 1,5 млн гектар жерлерді қай жерлерден ашу керек.
- Ол жерлермен кімдер жұмыс жасайды.
- Ол жерлерге қалай су жеткізіледі.
- Ол жұмыстар қалай қаржыландырылады.
- Қай жерге қандай өнімдер егіледі.
- Оған керекті техника, басқа құрал-жабдық, қоймалар, қайта өңдеу цехтары.
ТҮЙІН
Жемқорлыққа қарсы күрес - жеке бастың есеп айырысуы ма?
Біз Ислам Әбішевке тағылып отырған айыпты білмейміз, тек кейбір ақпарат құралдарында «біреуден 60 млн теңге алмақшы болды» деген жел сөз жүр. Табиғатында ондай қасиеті жоқ адамның ондай тірлікке баруына сену қиын. Кеше ғана белгілі композитор, әнші қызымыз Гаухар Әлімбекова да сотталып кете жаздаған жоқ па?! Кейін белгілі заңгер Абзал Құспан бауырымыздың білікті қорғауының арқасында ақталып шықты емес пе?! Бұл жолы да, бұл тұтқындау сондай қателік болар деп сенеміз... Мен осы мақаланы жазып отырып, мынадай түйінді тұжырымға тоқталдым. – Осы біз жемқорлыққа қарсы күресті жеке бастың есеп айырысуына айналдырып алған жоқпыз ба?! – Мемлекеттің триллиондаған қаржысын үнемдеп, жан-тәнімен еңбек етіп жатқан адамның тәжірибесін неге зерттемеске? – Неге оны басқа бағдарламаларға пайдаланбасқа? – Сол үнемделген және үнемделетін триллиондарды құрайтын қаржы - көп балалы аналардың, мүмкіндігі төмен адамдардың несібесі емес пе?! – Базарда арба айдап, күнін көре алмай жүрген қазақтың жас жігіттеріне лайықты, жұмыс орындарын ашатын қаржы емес пе?! – Астана мен Алматыда пәтер жалдап жүрген, ескі саяжайларды қыстайтын, біреулердің тозған сарайларында тұрып жатқан қандастармызға салынатын үйлерге жұмсалатын қаржы емес пе?! Әрине солай. Олай болса, Елбасымыздың әлеуметтік салаға баса көңіл бөлу керек, тұрғын үйлерді көбейту керек, бюджеттің қаржысын тиімді және үнемді пайдалану керек дейтін барлық тапсырмаларын толығымен, бар ынтасымен, бар болмысымен атқарып, асыра орындап жүрген Еңбек еріміз осы Ислам Әбішев емес пе?! Ендеше, мұның соңына неге соншама шырақ алып түсеміз? Белгілі мемлекет қайраткері Ахметжан Есімов бір ғана ЭКСПО жобасынан 100 млрд теңгеге жуық қаржы үнемдегенде, Елбасымыз қандай ризашылығын білдірді. Ислам Әбішевтің атқарған осындай алапат жұмыстары қазірше Елбасымызға, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жетпеген болар. Ендеше, біз жеткізуге тырысамыз. Дүние жүзіне танымал «Мак-Кинзи» компаниясы дайындаған Су саласындағы мемлекеттік бағдарламаны қайта қарап, қаржыны үш есе кемітіп, атқарылатын жүмысты бірнеше есе арттырған басшыны біз қалай бағаламаймыз?!. Әлемдік деңгейдегі менеджер бұдан артық, қайдан болсын?! «Өз ұлып, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?» -деп, жыр дүлдүлі Ілияс жырлаған жоқ па еді?!. Әлде қолда бардың қадірі жоқ па?! Әлде, бұл халыққа, Елбасыға қарсы астыртын күрес, көрпе астында жасалып жатқан көлеңкелі қастандық па? Жемқорлықпен күресті сылтауратып, халықтың болашағына, несібесіне балта шабу ма? Әрине, кінә табуға болады, соттауға да, қамауға да болады. Кезінде «Халық жауы» деп, Алаштың арыстары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанбектерден, тағы басқа қаншама асылдарымыздан айырылдық. Оларды да ұстауға, соттауға, атуға кінә табылған!!! Өкінішке орай ол кезде де, бір-бірімен ішкі есеп айырысу, өздері көрінбей бұғып жатып, сырттан қанжар салып, кек алу негізгі себеп болғаны жасырын емес. Неге біз сексен жыл өтсе де, сол зобалаң да, зұлмат замандағыдай болуымыз керек?!. Есте болсын!!! Астыртын есеп айырысатындардың әдісі ескі болғанымен, Халық ескі емес, Ұлттың зиялы қауымы ескі емес. Тәуелсіз Қазақ еліндегі еркін ойлы халық өз асылдарын, өз жанашырларын жақсы таниды, айқын ажырата да біледі! Ел өзінің Ерін әділетті жолмен қорғай да біледі! Қазыбек ИСА qazaquni.kz- Міржақып
- Кемелбеков Бақытжан
- Наметов Бекзад
- Сұлтанбек
- Сейілхан Мұхамадиев
- Ахметжан Есімов
- Әлихан
- ислам әбішев
- Қызылағаш су қоймасы
- Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин Зайруллаұлы
- Өмірзақ Шөкеев
- Ахмет
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
- Жампозов Өмірбек
- Өмірбек Жампозов
- Мұхамадиев Сейілхан
- Оралбай Әбдікәрімов
- Мағжан
- Егенов Мейірбек
- Қазыбек Иса
- Имамадин