Тегін техникалық білім алушыларға барлық жағдай жасалады
2017 ж. 17 қараша
3423
0
Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биыл 71 мың жастың тегін техникалық білім беру бағдарламасына толығырақ тоқталып өтті.
Министрдің сөзінше, өңірлерде 1850 ұтқыр топ құрылып, олар 9-11 сыныпты бітірген түлектер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген. «Ағымдағы жылы жоба аясында колледжге қабылдау үштен бірге артып, бағдарлама есебінен қосымша түскендердің саны 21 мың адамға жетті. Бағдарламаға қатысушыларға шәкіртақы, бір реттік ыстық тамақ және жол шығыны қарастырылған. Аталған бағдарламаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 4,3 млрд. теңге бөлініп, жергілікті бюджетке жіберілді. Жоба аясында, сонымен қатар, қысқа мерзімді курстарда оқыту да жүргізілуде. Ағымдағы жылы 71 мың адамды қабылдау жоспарлануда. Бүгінгі күні қысқа мерзімді оқуға 61 мың адам жіберілді», – деді Ерлан Сағадиев.
«Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова: «Аталған жобамен 15088 адам қамтылып, оның 2300-ден астам өз істерін ашуға және бизнестерін кеңейтуге несие алды», – деді. Жастарды жұмыспен қамтуға жол ашатын осынау жоба қатысты пікір білдірген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев: «Бастау бизнес» жобасы қанша адам оқыса, сонша несие беру керек дегенді білдірмейді. Олардың барлығы бірдей кәсіпкер болуы мүмкін емес. Дегенмен, берілетін шағын несие көлемін арттыру қажет. Министрліктермен, «Атамекенмен» қажетті шараларды қабылдау керек», – деді. Сондай-ақ, негізгі мәселе – жұмысқа орналастыру екендігін де атап өтті Премьер-министр.
qazaquni.kz