БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
2017 ж. 08 қараша
4516
0
Үкіметте білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев толығырақ баяндады.
Сала басшысының сөзінше, 2017 жылы білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 8 индикаторын, 51 көрсеткішін, 168 шарасын орындау жоспарланған. 2017 жылы барлығы іске асыруға 418 562,9 млн. теңге бөлінген. Білім және ғылым министрлігі жүзеге асыра бастаған уақыттан бері 1 309 мектепке дейінгі мекеме ашылып, 155 мектеп салынды.
Қазіргі таңда республика көлемінде, мектепке дейінгі ұйымдардың арнайы білімі бар педқызметкерлерінің сапалы құрамы 1500 педагогқа артты. Жоғары және бірінші санатты педқызметкерлердің саны 145 мың адамды құрайды. Мұның өзі жоғары көрсеткіш.
Мектепке дейінгі және мектепте білім беру мазмұны ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес жаңартылды. Колледждер мен ЖОО-ларда халықаралық сарапшылар мен жұмыс берушілердің қатысуымен әзірленген 92 жаңа бағдарлама енгізілуде.
Балаларды балабақшамен қаматамасыз ету процесі пилоттық режимде автоматтандырылып жатыр. 2018 жылы бұл жүйені тұтастай енгізу көзделіп отыр.Сонымен қатар, балабақша ашу рәсімін жеңілдету мақсатында жаңа санитарлық нормалар мен ережелер қабылданды.
Жыл аяғына дейін үш ауысымды және апатты мектептердің орнына 76 мектеп пайдалануға берілмек. 1-қыркүйекте 52 мектеп пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, ел көлемінде тегін кәсіптік білім беру мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Атап айтқанда, 318 колледжде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылып жатыр. 421 колледжде 80 мамандықтың 160 біліктілігі бойынша 27 193 студентті қамту арқылы, 2 433 кәсіпорынның қатысуымен қосарлы білім беру жүйесі енгізілуде.
Білім беру саласындағы жемісті жұмыстардың бірі – ЖОО-ларда бақылау кеңестері арқылы ректорды таңдау тетігі енгізіліп, корпоративтік хатшылар мен ішкі аудит қызметтері құрылуда. Тағы бір атап айтарлық, зор жетістік – Қазақстанның сегіз жоғары оқу орны 2017 жылы QS WUR әлемнің үздік университеттерінің рейтингісінде аталып өткен.
«Биыл қыркүйек айында Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті аясында ғылым, технологиялар және инновациялар бойынша ИЫҰ 2026 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленіп, қабылданды», – деді Е.Сағадиев.
Жалпы айтқанда, білім саласында енгізіліп жатқан жаңа жүйелер өз жемісін беріп келеді. Алдағы уақытта білім саласының көкжиегі бұдан әрі кеңейе түсетіні сөзсіз.
qazaquni.kz