АҚЫЛЫ ОҚУДАН ҰБТ АЛЫНЫП ТАСТАЛУЫ МҮМКІН
2017 ж. 28 қыркүйек
4400
0
ҚР БҒМ Қоғамдық кеңесі «Ақ жол» партиясының ақылы негізде ЖОО-ға түсуші жастар үшін ҰБТ-ны алып тастау туралы бастамасын талқылады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
«Ақ жол» партиясы өкілінің пікірінше, Қазақстанда гранттарды бөлу туралы қолданыстағы жүйе жетілдіруді қажет етеді. Оның үстіне, біздің түлектерге Чехия, Ресей, Қытай және өзге де мемлекеттер тегін білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Шет мемлекетте оқу бітірген көптеген жас мамандар елге оралмайды. «Көптеген мемлекет, соның ішінде Ресей мен Қытай, жоғары білім алған адамдардың санын арттыруға талпынуда. Мұндай үрдіс бізде де бар. Сол себепті жоғары білімнің қолжетімділігін кеңейту, оның ішінде жастардың ҰБТ тапсыруға бағытталған және икемді шарттарын жасау қажет», – дейді Қоғамдық кеңес төрағасы Серік Ирсалиев. Қоғамдық кеңес министрлікке жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсетін талапкерлер үшін ҰБТ-ны алып тастау және ҰБТ-ны мемлекеттік білім грантын алу үшін конкурстық іріктеу құралы ретінде белгілеу мақсатында нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар Қоғамдық кеңес қазақстандық жастардың ең жақсы шетелдік жоғары білім бағдарламаларына қол жеткізу мүмкіндіктерінің кеңеюіне қатысты өз ойын білдірді және БҒМ-ға Қазақстанда, ең бастысы – Астанада шетелдік жоғары оқу орындарының халықаралық кампустарын құру тәжірибесін белсенді дамыту қажеттігін жеткізді.
qazaquni.kz