ҰБТ-НЫ СӘТТІ ТАПСЫРУДЫҢ ЖОЛЫН БІЛЕСІЗ БЕ?
2017 ж. 22 қыркүйек
3565
0
Ұлттық бірыңғай тестілеу талапкерлер өміріндегі алғашқы әрі маңызды сынақ. Сондықтан да бұл сынға дайындалу барысында мұқияттылық қажет-ақ. Әзірлікті қазірден бастап кеткен талапкерлердің кәдесіне жарар деген оймен көпшілік назарына кейбір үздік студенттердің кеңестері ұсынылып отыр.
ДАЙЫНДЫҚ ЖОСПАРЫ:
1. Дайындық орнын әзірле: үстел үстінен артық заттарды жинастыр, керек заттарыңды (кітап, дәптер, қаламсап, т.б.) жаныңа әкеліп қой. Бөлмеде сары немесе күлгін түсті жиһаздарды орналастырған жөн. Олар адамның интеллектуалдық ойлау қабілетін жетілдіреді.
2. Өзіңнің «бозторғай» немесе «үкінің» қайсысына жататыныңды анықтап ал. Соған байланысты таңғы немесе кешкі уақытты пайдалануға тырыс. Әр күнге қай тақырыпты меңгеретініңді жоспарла. (Мысалы, күніне 2 тақырыптан). «Қай тақырыпты оқимын» деп емес, қай пәнді, қай тақырыпты қарайтыныңды біліп барып, дайындықты баста. Ең бірінші өзіңе қиын пәннен дайындалуды бастаған дұрыс. Ми сергек кезінде жаңа ақпаратты тез қабылдайды. Бұл әдіс сен үшін тиімсіз болса, дайындықты қызықты әрі өзіңе жағымды пәннен баста. Келе-келе ақырындап, қиын пәндерге ауысасың. Бірақ, ҰБТ-да жоғары бал жинаған түлектердің тәжірибесінде тапсырмаларды қиыннан жеңілге қарай жүргізу әдісі жиірек кездеседі.
3. Дайындық пен демалысты кезектестір. Мысалы, 40 минут сабақ оқысаң, 10 минут миыңды тынықтыр: гүлге су құй, жағымды әуен тыңда, жаттығу жаса, т.б. Бірден бүкіл кітапты қарап шығып, бәрін бірден жаттап алуға ұмтылма. Сен үшін тиімдісі, оқыған мәліметіңнен түсінгеніңді қысқа-нұсқа етіп дәптерге жазып ал. Және әр пәннің дайындығына 1 дәптер арна, қажетті ақпараттың барлығын сол дәптерге жаз.
4. Тест орындаудан қашпа. Әр күнгі дайындығыңның соңын әр пәннен аз дегенде 5 сұрақ тест жаттаумен аяқта. Және тест шешу жылдамдығыңды секундомермен өлше.
5. Тестке дайындық кезінде сұрақтардың қиындығын емес, өзіңнің жетістікке жетіп тұрған сәттеріңді ойла.
6. Дайындығыңның уақыты тұрақты болсын. Сонда организмің де сол уақытқа үйреніп, күні бойы сергек жүруіңе септігін тигізеді.
7. Қиын болмаса, таңертең жүгіруге тырыс. Ол мидың сергек болуына көмектеседі.
ҰБТ-ҒА 1 КҮН ҚАЛҒАНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
1. Көптеген түлектер ҰБТ-ға 1 күн қалғанда түні бойы кітап ақтарумен болады. Ол – үлкен қателік! Сен олай істеме. Барлық оқығандарыңды күндіз көзіңмен бір шолып өт (Оқыма! Жай ғана шолып өт).
2. Кешке қарай ойыңды бөлуге тырыс: душ қабылда, серуендеп кел.
3. Ертерек киімдеріңді даярла.
4. ҰБТ-ға қажетті құжаттарыңды дайында. Ол кезде саған тестке кіру туралы рұқсатнама қағазы, жеке куәлік және бірнеше қара қаламсап керек.
ҰБТ КЕЗІНДЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
1.Ертерек тұрып, тестілеу орталығына ерте бар.
2. Тестілеуді өткізу жөніндегі хабарландыруды мұқият тыңда.
3. Комиссиялардың айтуы бойынша бланкті толтырып ал.
4. Тестің өту ережесі түсінікті болса, бар назарыңды тапсырмаларға аудар. Ең бірінші өзіңнің тапсырмаларыңды орында.
5. Уақытты алдын-ала жоспарлай біл. Жауабын білмейтін сұрақтарың болса, қалдырып кет. Кейін қайтып ораласың. ҰБТ-дан құлаған түлектердің ең көп жіберетін қателігі сол – уақытты тиімді пайдалана алмау.
6. Өз мүмкіндігіңе байланысты қимылда. Ешқашан тәжірибеңде жоқ нәрсе істеме. Дайындық кезінде тапсырмаларды ауырдан – жеңілге қарай орындасаң немесе жеңілден-ауырға қарай жылжысаң, ҰБТ кезінде де дәл сол тәсілді пайдалан.
7. Тапсырманы аяғына дейін оқып, түсініп ал! Тест кезіндегі асығыстық – оп-оңай сұрақтардың жауабынан да сүрінуге әкеліп соғуы мүмкін.
8. Алдыңғы орындаған тапсырмаң туралы ойлама: мейлі ол оңтайлы шешілсе де, мейлі жауабын таба алмасаң да. Бір сұрақтың тапсырмасы екінші сұрақтың тапсырмасын орындауға зиянын тигізбеуі керек.
9. Жауаптарды шығарып тастауды үйрен. Жауабын табу үшін сұрақтан-жауапқа қарай ғана бағыттамай, жауабын сұрақтың берілгеніне қойып, сәйкестендіру арқылы да табуға болады.
10. Тексер! Барлық тапсырманы орындап біткеннен кейін, алдыңғы тапсырмаларыңды тексеруді ұмытпа!
11. Ешбір сұрақты жауабын белгілеусіз қалдырма. Ойыңнан болса да бір нұсқаны белгіле.
Әсел Сарқыт
qazaquni.kz