ҰБТ - білімді бағалаудың тиімді тәсілі
2017 ж. 14 қыркүйек
4739
0
ҰБТ – білімді бағалаудың тиімді тәсілі. Дегенмен, осы бір сынақты едәуір түйткілді іске айналдырып алып, өз-өздерінің көлеңкесінен қорқып жүрген талапкерлер де көп қазір. Қоғамдағы осындай олқылықтардың орнын толтырар деген үмітпен ҰБТ-ның мектеп бітіруші түлектер үшін тиімділігін тілге тиек еткен мақаланы назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.
ҰБТ дегеніміз – мемлекеттің, қоғамның және тұлғаның қажеттілігіне сәйкес келетін бүгінгі білім сапасын көтеру және басты бағыт болып табылады.
ҰБТ – ол жалпы орта білім беру ұйымдары бітірушілерінің қорытынды мемлекеттік аттестатталуын және арнайы орта, жоғары оқу орнына қабылдау емтихандарын біріктіріп өткізуді көздейтін, білім ұйымдарынан тәуелсіз жалпы орта білім сапасын бағалайтын, жаңа технологияларға негізделген мемлекеттік жүйе.
Ол төмендегідей басты мақсаттарды айқындайды:
1. Білім беру ұйымдарының қызметін объктивті бағалайды;
2. Олардың нақты рейтингтерін анықтайды;
3. Жалпы орта білім беру мәселелеріне жұртшылықтың назарын күшейтеді;
4. Оқушылар мен мұғалімдердің оқу қорытындысын, білімін дәлелдейді;
5. Білім бағытын және мазмұнын жетілдіреді;
6. Оқушы мен мұғалім арасында тығыз байланыс орнатып, пәнді жүйелі пысықтауға мүмкіндік алады.
ҰБТ-ның негізгі міндеті – мемлекеттік қадағалау арқылы білім сапасын әділ бағалау. ҰБТ – білім беру басқармасының жұмысын айқын көрсетіп, оқушылар мен ұстаздардың бірлескен еңбегін бағалайтын, білім сапасына қол жеткізетін өте дәл көрсеткіш болып табылады.
ҰБТ-ны сәтті тапсыру педагогикалық ұжымның алдындағы маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Оқушыны ұлттық бірыңғай тестілеуге қалайша жақсы дайындауға болады? Қалай бітірушілер білімін жоғары көрсеткішке жеткіземіз? Осы бағыттағы біздің жүргізген жұмыстарымыздың нәтижесі қандай? Осы орайда біздің №14 орта мектеп-гимназиясы оқушыларды ҰБТ-ге дайындауда әр жылда жинаған тәжірибелерін, әдіс-тәсілдерін ұсынғалы отыр.
Біріншіден, мектеп тарапынан:
1. Бітіруші сыныптарға жайлы, жылы, мүмкіндігінше заманауи талапқа сай жабдықталған жеке кабинет бөлу;
2. Компьютерлерді интернет желісіне қосып, қосымша ақпарат алуға жағдай жасау;
3. Мектеп бітірушілердің білім құндылықтары мен оқуды жалғастырудағы жоспарларын білу;
4. Әр пәннен оқушының білім деңгейін анықтау;
5. Пән мұғалімдерінің ҰБТ-ға дайындыққа арналған жеке жұмыс жоспарын бекіту;
6. Қосымша сабақтардың кестесін құрып, уақытылы өтіп отыруын назарда ұстау;
7. Бітіруші түлектердің ата-аналарымен тығыз байланыста болу;
8. Сынақ тестілерінің нәтижелерін сараптап отыру, пәндер бойынша рейтинг жүргізу;
9. Тест орталықтарымен шартқа отырып, оқушыларды сынақ тестілеуден өткізіп отыру.
Осы бағыттағы жұмыстарды атқаруға оқушы, мұғалім, ата-ана үштігі бірлесіп жұмыс атқарғаны нәтижелі болады.
Бітірушілердің сынақты (ҰБТ) сәтті тапсырып шығуы – ең алдымен, педагогқа, оның сынақтың жаңа түріне кәсіби дайындығына байланысты. Педагогтың тұрақты кәсіби стеоротиптерінің бірі – барлық оқушыларды жоғары нәтижеге жеткізуге ұмтылуы. ҰБТ-ның өткізілу тәртібі, оған қалай дайындалу керек, тестінің мазмұны мен құрылымымен таныс емес мұғалім оқушыларға қажетті деңгейде білім мен дағды қалыптастыруы екіталай. Бұл үшін мұғалім өзінің кәсіби деңгейін шыңдай беру керек, өз қызметін оқушыға қажетті және жете алатын нақты нәтижеге бағыттауы орынды болар еді.
ҰБТ-да жақсы нәтижеге жетудің ең негізгі жолы – оқушы белсенділігі. Барлығы да оқушы біліміне диагностика жасап, оның қабілетін анықтаудан басталып, психологиялық жағдайы тексеріледі. Мектепте дайындық жүргізу барысында сынақта жетістікке жету үшін жұмыстың қандай әдістері, формалары, жолдары жүргізілу керектігі бекітіледі.
Оқу процесінде оқушы сынақ тестілерінен өте отырып, өзінің ҰБТ-ға дайындығын жүйелі бағалап отырады. Мектеп әкімшілігі сараптау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесімен оқушыларды, ата-аналарды таныстырып отырады. Оқушы мұндай жағдайда өзінің мүмкіндіктерін, қол жеткен табыстарын өзгелермен салыстыра отырып, саралап, белсенділіктері артып, алға ұмтыла түсері сөзсіз.
ҰБТ-ның жоғары нәтижесі 11-сыныпта ғана пайда болмайды. Қазіргі мектепте мұғалімнің өз еңбегінің нәтижесіне деген жауапкершілігі қалыптасқан. ҰБТ-ға дайындаудың басты тұлғасы – оқытушы.
Мұғалімге қойылатын талаптар :
– Оқушылардың білім алу себептерін айқындау,
– Пәндік оқытуды ұйымдастыру
– Тиімді технологияларды қолдану.
Артықшылығы:
– Білім беруші мекемеге тәуелсіз бақылау жүйесі,
– Білім мазмұнына жалпыға бірдей білімді бағалау шкаласының қолданылуы,
– Әр оқушының білімі мен әр мұғалімнің біліктілік деңгейін шынайы айқындап, оларға талап қою арқылы сапалы білім беруге қолайлы жағдайдың жасалуы.
Ерекшелігі:
-Стандартты түрде жалпы білім тексеріледі
-Әділетті болады, оқушылар бірдей жағдайға қойылады, тікелей сабақ беретін мұғалім қатыспайды, оқушының мектебі тұратын орны ешқандай ерекшелік белгісін алмайды.
– Тестік бақылау кең көлемді оқу материалын қамтиды
– Бағалауы нақты
– Экономикалық жағынан тиімді (тексеретін адамдар саны, уақыты)
– Оқушыларды есте сақтау, қайталау, белгілі уақытқа оқып, үлгеру қасиеттеріне тәрбиелейді.
Сонымен мұғалім ҰБТ-ға дайындауда оқушы алдына қандай мақсат қоюға тиіс?
Мақсаттар:
1. Оқушылар сабақта алған білімдерін өмірде қолдана білуге тиіс;
2. ҰБТ-ға сапалы дайындық ұйымдастыру;
3. Оқушыларды 100 пайыз оқу үлгеріміне талаптандыру;
4. ҰБТ-ның сапасын және орташа ұпайын жоғарылату.
ҰБТ нәтижесіне әсер ететіндер:
– Күнделікті жүйелі жұмыс ұйымдастыру;
– Интерактивті технологияларды қолдану,
– Жеке тұлғаның даралығын дамыту;
– Оқушылардың білім алу себептерін қалыптастыру.
Мұғалімнің жұмысында көп қиындық тудыратын орташа оқитын оқушы емес, потенциалды және қауіп тудыратын балалар, өйткені тест сұрақтары орташа оқитын оқушыларға бағытталған. Оқушылардың жеке ерекшеліктерін және білім сапасын көтеру жұмыстарын келесі кезеңдерден көруге болады.
1-кезең. Диагностикалық:
– Бақылау жұмыстарын өткізу арқылы оқушылардың білім деңгейлерін анықтау,
– Өткен жылдағы ҰБТ нәтижесі мен байқау тестілердің сараптамаларын жасау арқылы қиындық тудыратын мәселелер анықталады;
– ҰБТ-ны өткізу ережелерімен және ұсыныстарымен таныстырамыз.
2-кезең. Практикалық:
– Тест жинақтарымен жұмыс;
– Күрделі тақырыптар бойынша деңгейлік тапсырмалар;
– Топтық және жеке дайындық;
– Тестпен жұмыс істеуде тиімді тәсілдерді қолдану.
3-кезең. Синтетикалық (анықтаушылық):
– Тақырыптар бойынша бақылау тестілері,
– Мониторинг;
– Қатемен жұмыс парағын жүргізу;
– Психологиялық тренинг ұйымдастыру және өткізу.
Үш кезең бойынша өткізілетін жұмыстар оқушыларды үш топқа бөлінетінін анықтайды: 1-топ үнемі 20 ұпайдан жоғары алатын оқушылар, 2-топ 15 ұпайдан 20 ұпайға дейін алатын оқушылар, 3-топ 15 ұпайдан төмен алатындар.
ҰБТ-ға дайындайтын пән мұғалімдері жұмысты неден бастайды?
Алдын-ала өздері бақылау тест, яғни «Кіріспе тест» өткізеді. Сыныпқа жеке папка дайындайды. Оның ішінде: ҰБТ нәтижелерінің жеке парағы, қателерді талдау парағы, сонымен қатар әр оқушыға жасалған мониторинг болады.
Бірінші, әр оқушы мониторинг парағын алғаннан соң, өзіне мақсат қояды. Тест нәтижелерін белгілегеннен соң қатемен жұмыс жасалады. Қатемен жұмыс парағы бойынша түрлі жұмыстар жүргізіледі.
Байқау тестіне психолог мамандар қатыстырылып, психологиялық көмек қажет ететін оқушыларды анықтайды.
Оқушыларға психологиялық көмек:
ҰБТ-мен қорқытуға болмайды
• Оқушы өз күшін және өз мүмкіндігін нақты білуі керек
• Алдына мақсат қою
• Қате жібермеуден қорықпау
• Тест тапсыру техникасына үйрету
• Өз уақытын бақылауға үйрету
• Тапсырма қиындықтарын жеңе білу
11-сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау бойынша жүргізілетін жұмыс түрлері:
1. 11-сынып бағдарламасы бойынша әр тарауды қамтыған 25 сұрақтан тест құрастырылады
2. Әр тарауды оқып бітіргеннен кейін тест өткізіледі. Тест тапсырмалары Мемлекеттік білім беру стандартына сай құрылады.
3. Білімде қалып қоюшылық анықталған тақырыптар бойынша қосымша сабақтар өткізіледі.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаудың үш жолы бар:
Біріншіден: алдымен пән мұғалімі өз пәнін жетік білетін маман болу керек;
Екіншіден: оқушы 5-11 сыныптың материалын тесті жаттау арқылы емес, бағдарламада берілген әр тақырыпты оқып, білім жүйесін күнделікті арттыру арқылы іс жүзіне асыру керек;
Үшіншіден: пән мұғалімі шығармашылық ізденіс жолдарымен өздері оқытып отырған оқушыларынан сұраныс пен талап қоя отырып берілген білімнің сапасын аптасына кем дегенде үш рет мониторинг арқылы жүйелеп, үлгерім процесіне шығару керек.
Сонда ғана ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі болады.
ҰБТ тиімділігі мынада деп көрсеткім келеді:
1. Барлық мектеп бітірушілердің біліміне ортақ талап қояды.
2. Мектептердің білім сапасына нақты баға беріледі.
3. Бөгде адамның араласуынсыз білімді бағалауды әділетті жүргізуге жұртшылықтың көзін жеткізеді.
Тестілеу арқылы бағдарламадағы білім мазмұнын қамту жоғары деңгейге жетуде.
Сондықтан ұстаздар қауымы, қашан да үздіксіз білім бере алатынымызды жадымыздан шығармайық. Ел болашағы-білімді жастардың қолында. Ал білімді ұрпақ, жеке тұлға қалыптастыру – біздің ең басты мақсатымыз болсын!
А.К.Оспанова
№14 орта мектеп-гимназиясының информатика пәнінің мұғалімі
Талдықорған қаласы
Алматы облысы
qazaquni.kz