Білімді ұрпақ – ұлт болашағы
2016 ж. 07 қараша
5585
0
ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Білім мен кәсіби машық - заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарларын атап көрсете отырып білім берудің әдістемелерін жаңғырту қажеттігін тілге тиек еткен-ді. Елбасы тапсырмасына сәйкес елімізде білім беру саласы жаңа қарқынмен даму жолында. Мәселен, 2011-2020 жылдарға арналған білім беру бағдарламасы үздік халықаралық стандарттар бойынша сапалы білім беру мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге жол ашып келеді.
Білім беру саласындағы жаңғыртулар өз кезегінде өскелең ұрпақты заман талабына сай етіп тәрбиелеуге күш салуда. Болашағымыз жарқын болуы үшін де білім саласына жіті көңіл бөлінуде. Осы тұста солардың бір парасына тоқталып өткенді жөн санадық.
12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ
ҚР 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік білім және ғылымды дамыту бағдарламасында 2019 жылы 6 жастан бастап 12 жылдық білім беруге көшіруді қамтамасыз ету қажеттігі айтылған. Баланың 6 жасында мектеп табалдырығын аттауы шет елдерде кеңінен қолданылатын әдіс. Яғни, әлем елдерінің 60%-ы осы тәсіл бойынша жұмыс істейді. 2019 жылдан бастап ҚР «Білім туралы» заңының 31-бабы бойынша елімізде баланың мектепке 6 жасында баруы міндеттелетін болады. Таяуда ғана Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова 12-жылдық білім беру жүйесінің бүге-шүгесіне дейін тоқталды. Жиын барысында ол: «12 жылдық білім берудің мәні – мектепке дейінгі сыныптың бірыңғай типтік білім беру бағдарламасын ендіруде, яғни – 5-6 жасар балалар үшін нөлінші сынып (0) енгізіледі (мектепалды даярлық). 12 жылдық білім беру схемасы «0 сынып (мектепалды даярлық) + 11 сынып» принципі бойынша енгізіледі. Барлық сыныптардың жаңартылған мазмұнға көшірілуі 2020 жылға қарай аяқталады. Бұл ретте, қолданыстағы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты өзгертілмейді» деді. Елімізде 12 жылдық білім беруге көшу мәселесінің қозғалғанына біршама уақыт болғаны белгілі. Қазіргі таңда республика көлемінде бірқатар мектептерде экспримент ретінде енгізіліп жүзеге асып келе жатқан бұл жоба өзінің оң нәтижесін көрсетіп келеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиын барысында 12 жылдық білім беру жүйесінің қандай кезеңдерде жүзеге асатындығы тарқатылып айтылды. Яғни, білім берудің жаңартылған мазмұнына: 2016 жылы – 1 сыныптар; 2017 жылы – 2,5,7, сыныптар; 2018 жылы – 3,6,8,10 сыныптар; 2019 жылы – 4, 9, 11 сыныптар көшіріледі деп жоспарлануда. Жаңартылған бағдарлама аясында білім берудің жан-жақтылығы қамтылған. Яғни, базалық оқу және жазу дағдылары қалыптастырылып, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытындағы, сондай-ақ математикалық, мәдени, азаматтық сауаттылық және ғылыми білім беріледі. Еліміздің білім берудің жаңа жүйесіне көшу барысында бес күндік оқу аптасына көшіру жоспарланып отыр. Бес күндік білім беру ісі де көптен бері ел талқысында жүрген дүние екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Осы тұста бес күндік білім беру жүйесінің тиімділігіне де күн санап көз жеткізіп келе жатқандаймыз. Өйткені, екі күн демалыста оқушылардың дұрыс тынығуына, жеке дара ізденуіне, апта аясында алған білімін тағы да бір пысықтап саралауына жол ашылмақ. Бүгінде Жоғары оқу орындарында білім алатын студенттерге оқытушылар тарапынан тек бағыт-бағдар беріліп одан арғы білімді студент өзі іздену арқылы алатындығы белгілі. Бұл да заман талабына сай жүзеге асып жатқан шараның бірі. Ой таразына салар болсақ, бес күндік білім беру жүйесіне көшуде де оқушылардың өздігінше білімін жетілдіруіне мүмкіндік тумақ. Ендігі жерде ұстаздар балаларға уақытты тиімді өткізудің жолдарын ұсынып, білімін одан әрі шыңдаудың тың тәсілдерін үйреткені абзалырақ. Бұл тұрғыда да жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Ағымдағы жылдың өзінде 63 мың педагог кәсіби біліктіліктерін арттыру курстарынан өтіпті. Осы тұста ата-аналарға мәселе 12-жылдық пен бес күндік оқыту жүйесіне келгенде абыржудың қажеті жоқ екендігін де баса айтқымыз келеді. Өйткені қандай да бір жаңа жүйе енізілмес бұрын алдын ала сынақтан өткізіліп, сараланады. Және де барлық нәрсе бірден енгізіле де қоймайды. Жоғарыда атап өткенміздей кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алдағы уақытта жаңа жобалар жемісін береді деген сенімдеміз.ҮШТІЛДІЛІК – ЖАҢА ЗАМАН СҰРАНЫСЫ
Үштілдік жаңа заман талабы және сұранысы. Сондықтан да мемлекет басшысы бұл мәселеге айрықша назар аударып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев:«Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар – қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі» деген салиқалы үндеу тастағаны бар. Бүгінде еліміз бойынша Елбасы саясатын жүзеге асыру жолында тындырымды тірліктер атқарылып келеді. Дегенмен барша қоғам үштілділікті бірден қабылдай алмады. Сондықтан да бұл тұрғыда көптеген қарама-қайшы пікірлер айтылып, қызу пікірталас орын алып жатқаны да жасырын емес. Ата-аналардың балаларының болашағына алаңдауы да заңылық әрине. Үштілді білім беру жүйесіне көшу мәселесі бойынша көкейдегі сауалдарын көпшілік Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке де қойған-ды. Ал, Ерлан Сағадиев: «Ешкім 1-қыркүйектен бастап мектептерде міндетті түрде үш тілді оқыту сыныптарын енгізгелі отырған жоқ. Бағдарламаға сай тек 10, 11-сыныптар ғана, 2019 жылдың қыркүйегінен бастап, тек төрт пәнді (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде оқитын болады. Бұл аптасына 8 сағатты құрайды. Бұл және тек төрт жылдан кейін енеді. Сонымен бірге, қазақ тілінде оқытатын мектептерде математика, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география және тағы басқа пәндер қазақ тілінде оқытылады. Барлығы – 16 сағат. Егер инвариантты сағат сандарына шақсақ, барлық 22 сағаттың 14 сағаты қазақ тілінде оқытылады. Бұған дене тәрбиесіне арналған 3 сағатты қосыңыз. Ол да қазақ тілінде өтеді. Орыс тілі мен орыс әдебиеті, әлем тарихы орыс тілінде оқытылады. Орыс тілді мектептерде де осындай қатынас болады. Бұл 2019 жылдан бастап, тек жоғары сыныптарға енеді. Басқа сыныптарда бүгінгі базалық қағидалар сақталады. Әрине, тілдік жүктемелер артады, өйткені, балалар жоғары сыныпта үш тілде оқуға әзір болуы керек. Біз негізгі мектептерде де пәндерді үш тілде оқуға мүмкіндік береміз. Бірақ, бұл мектептердің әзірлігіне байланысты жүзеге асады. Мұғалімдерді жаппай дайындау биыл басталады» деп жауап берген-ді. Білім министрі айтқандай ұстаздарды даярлау ісі бүгінде басталып та кетті. Өйткені, үштілді ұрпақ тәрбиелеу үшін оны даярлайтын ұстаздардың сақадай сай болуы басты талаптың бірі. Бұған жете мән беру де аса маңызды. Өйткені, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халық нақылының тегіннен тегін айтылмағаны сөзсіз. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова ҚР Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерге ағылшын тілін үйретуге бағытталған жобаны жүзеге асыруға 10 млн. теңге бөлгендігін айтты. Сондай-ақ, үштілді білім беру бағдарламасын жүзеге асыру үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Professional Development Centre компаниясы арнайы пилоттық жобаны қолға алды. Алдағы уақытта физика, химия, биология және информатика пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілін жетік меңгеретін болады. «Иә, пилоттық жобаны қолға алдық. Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында 25 мұғалім, жалпы 75 ұстаз ағылшын тілін үйреніп жатыр. Олар алған білімін үнемі жетілдіріп отырады. Ағылшын тілін меңгерген ұстаздар ертең өз әріптестеріне көмектесетін болады. Әр мұғалімді қадағалап отырамыз» деді ол. Бұған дейін тек қазақ тілінде білім беріп келген ұстаздар қауымы үшін де жаңа жоба бойынша жұмыс істеуге бейімделу оңайға соқпайтыны анық. Десе де, үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру үшін ендігі жерде ұстаздарға да екі есе тер төгуге тура келмек. Өйткені, білімді ұрпақ тәрбиелеу тек білікті ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Сондықтан да мұғалімдер ағылшын тілін үйренуге белсене кірісіп кетті. Мұғалімдер үшін оқытылатын курстардың ұзақтығы олардың деңгейіне байланысты белгіленеді екен. Егер олардың оқуды бірден алып кетуге мүмкіндігі жетсе, онда курс 4-5 айда аяқталмақ. Егер де алып кету қиындық туғызса, курсты одан әрі жалғастыру қарастырылыпты. Үштілді білім беру жүйесін қалай жүзеге асырудың қажеттілігін Елбасымыз өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында анықтап көрсеткен-ді. Яғни, «100 нақты қадамның» 76,79, 86 қадамдары бойынша тек жоғары сыныптар үшін үш тілде оқытылады. 10-11 сынып оқушылары 4 пән бойынша ағылшын тілінде білім алады. Бұл жерде оқушыларға таңдау құқығы да берілген. Олар – химия, биология, физика, информатика пәндері. Әрбір оқушы өзінің болашақ мамандығына сай таңдай алады. Үш жылды артқа тастасақ, елімізде үш тілді білім беру жүйесі енгізіледі. Қазір бұл тұрғыда қарқынды жұмыс, қызу дайындық мол. Алдағы уақытта 3 қаладағы 75 ұстаз ағылшын тілін жетік меңгереді деп жоспарланып отыр. Осы жолда мұғалімдер де барын салып еңбек етуде. Осындай қарқынды жұмыстар атқарылып жатқандықтан үштілді меңгеру біздің өскелең ұрпақ үшін қиындық туғызбайтын секілді. Әлемнің өзге елдері мен тереземіз тең болуы үшін замана көшіне ілесуіміз керек. Бүгінгі заманның талабы – үштілділік болса онда оны меңгеруге күш салғанымыз жөн. Көп тіл білу кім-кімге де кедергі келтірмесі анық. Дегенмен, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қадыр Мырза Әли ағамыз айтқандай өзге тілдің бәрін білуге талпынайық, бірақ ең бірінші кезекте өзіміздің ана тіліміз, туған тіліміз, мемлекеттік тіліміз – ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ деген құрметіміз қашан да жоғары болсыншы.Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz