ҰБТ-дан 125 ұпай жинаған оқушы өз құпиясымен бөлісті
2016 ж. 09 маусым
2738
0
Павлодар облысы Ертіс ауданының Қызылқақ ауылындағы орта мектепті тәмамдаған Әділ Усин ҰБТ-дан 125 балл жинады. Облыстың мақтанышына айналған ауыл баласы Bnews.kz-ке берген сұхбатында тестке дайындалудың құпиясымен бөлісті.
Жоғары жетістікке қол жеткізу үшін Әділ үш жыл бойы әлеуметтік желілерден бас тартыпты. Бос уақытын тек тестке ғана арнаған. Бірінші сыныптап бастап кілең бестікке оқыған ол «Алтын белгісін» де, ата-анасы мен мұғалімдерінің де үкілеген үмітін ақтады.
«Бастапқыда 125 балл алғанымды естігенде, қуанышымда шек болмады. Өз-өзіме сене алмай, төбем көкке жетті. Бұл, бірінші кезекте, ауылдағы ұстаздарымның еңбегі деп білемін. Үш жыл бойы тынымсыз дайындалып, әрдайым жанымнан табылды. Оларға зор алғысымды білдіремін», - дейді Усин.
Қызылқақ орта мектебі – өткен ғасырдың елуінші жылдары бой көтерген шежірелі білім ордасы. Осында Әділдің ата-анасы, аға-жеңгелері білім алып, қазіргі таңда бір-бір мамандық иесі атанған жайы бар. Туыстарының барлығы бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаса да, Әділ мамандық таңдауда өз ұстанымын байқатты.
«Алматыдағы қазақстандық менеджмент, экономика және болжам институтына түспекпін. Болашақта экономист мамандығын игерсем деймін. Жоғары көрсеткішке ие болсам да, демалуға әлі ерте. Алда үлкен асулар күтіп тұр», - дейді түлек.
Айта кетейік, Әділ – спорт пен білімді қатар ұштастырған алғыр оқушы. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап тоғызқұмалақ пен еркін күреске ден қойған. Былтыр тоғызқұмалақтан облыс чемпионы атанса, еркін күрестен аудандық жарыста топ жарған.
Дерек көзі: Bnews.kz