Ұлттық тұлға тәрбиелейтін ең тиімді технология
2016 ж. 24 мамыр
5990
15
Білім сапасын көтеруде инновациялық технологияларды ұтқыр қолдану күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Елбасының кейінгі Жолдауларында озық және бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін құру қажеттілігі үнемі баса айтылады. Ұлттық білім үлгісінің негізгі бағыты–адамды қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде тану, оның ұлттық дүниетанымын қалыптастыру. Сол арқылы білім алушының рухани әлемінің баюына, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің қалыптасуына жағдай жасау, мүмкіндік беру.
Бүгінгі таңда білім жүйесінде педагогикалық технологиялардың біреуін басшылыққа алып, жан-жақты дамыған, өз елінің болашағына қызмет ететін, елінің өркендеуіне өз үлесін қосатын құзыретті тұлға қалыптасытруды мектеп есігін жаңа ашқан бүлдіршіннен бастау тиімді болмақ. Сондай технологиялардың бірі – ғалым Нұрша Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы. Бұл технологияны бүгінде еліміздің көптеген алдыңғы қатарлы теориялық білімдері жетік, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл ұстаздарымен тәрбиешілері балабақшадан бастап өз тәжірибелеріне енгізіп, нәтижелі жұмыс істеуде. Атап айтар болсақ, Астана қаласындағы №71 «Мөлдір» балабақшасы, Астана қаласының №66 мектеп-лицейі, №74 мектеп-гимназиясы, №4 мектеп-гимназиясы, №8 жалпы білім беретін орта мектеп, Алматы облысы Талғар қаласы №49 орта мектебі. Жыл сайын қоғамдық негізде мұғалімдердің форумымен оқушылардың ауызша командалық олимпиадасы, «Нұрлы білім» рухани танымдық клубының «Зерделі, зерек болашақ» атты интеллектуалдық ойыны өткізіледі. Бұл шараға ұстаздар жыл бойы дайындалып, оқу жылының соңында аталған шаралар бойынша қорытынды жасап, есеп беріп отырады. Биыл, яғни 2015-2016 оқу жылы тәжірибелік жұмыстың үшінші кезеңі өткізілді. (Бұл – іс-әрекет кезеңі). Форумның жалпы тақырыбы: «Сатылай кешенді оқыту технологиясы тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді жолы» болғандықтан, бұл мәселе қалай шешілуде? Мектептердегі оқу жоспарының вариативті бөлігіндегі мектеп және оқушы компоненттерінің сағаттары бүгінгі таңда өз мақсатын толығымен орындап отырған жоқ. Сондықтан, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында еліміздің әр өңірінен жиналған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен жұмыс жүргізетін дарынды, талантты, шығармашыл мұғалімдерден жасақталған авторлар ұжымы оқу жоспарының мектеп компонентіне арнап 34 сағатқа бірнеше пәннен оқу-әдістемелік кешендерін жазып қолданысқа енгізді. Нақты тоқталсақ: 1-сыныпқа – Н.Оразахынова, М.Абдукадирова, А.Боранбаева. «Фонетикалық бірліктерді сатылай кешенді талдау» (Бағдарлама,оқу құралы, жұмыс дәптері, әдістемелік құрал; 1-сыныпқа – Н.Оразахынова, Р.Шалова, Г. Нүпбаева, «Шама тілін сатылай кешенді талдау» (Бағдарлама, оқу құралы, жұмыс дәптері, әдістемелік құрал); 2-сыныпқа – Н.Оразахынова, М.Абдукадирова, Р.Жұмабаева. «Фонетика және морфологиялық бірліктерді сатылай кешенді талдау» (Бағдарлама,оқуқұралы,жұмысдәптері,әдістемелікқұрал); 5-сыныпқа – Н.Оразахынова, Ж.Нүсіпжан, Н.Акирапбаев. «Тілдік бірліктерді сатылай кешенді талдау» (Бағдарлама,оқу құралы,жұмыс дәптері, әдістемелік құрал); 5-сыныпқа – К.Бакаева, А.Мұқашева, А.Жабағина. «Ступенчато-комплексный анализ языковых едениц» (Программа, ученое пособие, рабочая тетрадь, методическое пособие); 5-сыныпқа – Н.Оразахынова, А.Құрманәлиева, Б.Кудинова. «Математика әлемі»атты таңдау курсының кешендері (Бағдарлама, оқу құралы, жұмыс дәптері, әдістемелік құрал); 6-сыныпқа – С.Идрисова, К. Қасенова, Г.Оспан, Б.Саулембаева. «Ступенчато-комплексный анализ языковых единиц» (Программа, ученое пособие, рабочая тетрадь, методическое пособие); 6-сыныпқа – Н.Оразахынова, С.Төлебаева, Н.Жұманбек. «Тілдік бірліктерді сатылай кешенді талдау» (Бағдарлама, оқу құралы, жұмыс дәптері, әдістемелік құрал); 6-сыныпқа – Н.Оразахынова, А.Құрманалиева, Б.Кудинова. «Арифметика негізі» атты таңдау курсының кешендері (Бағдарлама, оқу құралы, жұмыс дәптері, әдістемелік құрал); 7-сыныпқа – М.Қалқанбаева, С.Парманова, Ш.Парманова. «Алгебра әлемі» Бағдарлама,оқу құралы, жұмыс дәптері, әдістемелік құрал); Барлығы 12 пән бойынша 36 әдістемелік еңбек жасалып, қолданысқа енді. Бұл еңбектер нақты тәжірибе жұмысының нәтижесінде жазылды. Жеке тұлғаның қажеттіліктерінің бірі – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білу. Бұл жөнінде Нұрша Алжанбайқызының өзі былай дейді: – Мен баланың үш тілді меңгеруін толығымын қолдаймын. Дегенмен, оның жүйесін дұрыс құру керек. Ең алдымен ана тілінің негізі дұрыс қалану үшін бастауыш сыныпта қазақ тіліне басымдылық беру қажет, орыс тілін 4-сыныптан, ағылшын тілін 5-сыныптан бастап оқытуды қолға алсақ, оқушының тіл үйренуі кезең-кезеңмен жүзеге асады. Бала кез-келген екінші немесе үшінші тілді меңгеруі үшін өзінің ана тілінің негізіне сүйенуі керек. Сол арқылы баланың сөздік қоры байиды, танымы кеңейеді, көркем шығарманы оқуға деген қызығушылығы артады. Сонда ғана үш тілді сауатты меңгерген ұрпақ қалыптасады. Біз Астана қаласындағы тәжірибелік жұмысты осы бағытта жүргізудеміз. Бұған дәлел: «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы білім алған Астана қаласының білім алушыларының 3 тілде қатар еркін сөйлеуі. («Біз» және «Әйел бақыты» телебағдарламасында, Ұлттық-интеллектуалдық, рухани-танымдық клубының отырысында, т.б. үштілділікті үйретуде автор тілдерді бір технологиямен үйрету тиімді деп есептейді, өйткені ол оқушыға көп салмақ түсірмейді, қайта шәкірттердің қызығушылығын оятады. Сол секілді мұғалімдердің де шығармашылық ізденіс аясы кеңи түседі. (Бұл тәжірибе барысында нақтыланған). «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының теориялық негізі – Алаш арыстарының білім беру жайындағы ой-тұжырымдарымен сабақтасып жатыр. Олардың білім беру, тәрбиелеу, ұстазға, ата-анаға қойылатын талаптары бүгінгіі күнге ауадай қажет. Қазақ халқының рухани көсемдері баланы оқытуға, тәрбие беруге бастауыш сыныпта аса жауапкершілікпен қарауда өз заманында ең алдымен мұғалімдердің педагогика, психология, әдістеме салаларынан білімдерінің жеткілікті болуын айрықша айтқан. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша Астана қаласының білім бөлімі өткізген тәжірибелік алаң жұмыстарының қорытындысын тыңдау, сараптау бойынша өткен, яғни 2015-2016 оқу жылының қорытындысы бойынша оқытудың жаңа технологиясы 41 эксперимент ішінен ең жоғары баға алды. Сонымен қатар, осы технологиямен жұмыс істейтін мұғалімдердің шығармашылық әлеуеті де дамып отырады. Атап айтар болсақ, Самал Төлебаева – №66 мектеп-лицейінің мұғалімі «Білім беру үрдісін технологияландыру мектептегі білім беру мазмұнын жаңартудың ресурсы ретінде» тақырыбындағы республикалық педагогикалық оқуда 2-ші жүлделі орын иеленді. №74 мектеп-лицейдің мұғалімдері «ОСКО» технологиясын халықаралық деңгейге шығаруда Мәскеу қаласында өткен «Интер брингке» бірнеше мұғалім қатынасып, арнайы диплом, медальдармен марапатталды. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша мұғалімдерге ғылыми-әдістемелік көмек көрсетуді ұйымдастыру жүйелі түрде іске асуда. Жаңаша әдістеме бойынша республика көлемінде 9000-ға жуық мұғалім дәріс алды. Жоспар бойынша «Шеберлік класы» сабақтары, семинарлар, конференциялар «Нұрлы білім» ұлттық-интеллектуалдық рухани танымды клубының отырыстары, ауызша командалық олимпиада, «Зерделі, зерек болашақ» атты интелектуалдық ойын, т.б. іс-шаралар өткізіліп тұрады. Білімнің мәнін ұғындырып, білімнің нәрін меңгертер осынау төл технологиямыз қанатын кеңге жайса, отаншыл, ұлтжанды, өз елінің салт-дәстүрін қадір тұтатын, болашақтың тізгінін ұстауға лайықты тұлғалар тәрбиелейміз деген сенім мол. Жаңаша технология – мұғалімнің жан-жақтылық қабілетін арттырудың кепілі. Өз ісіне шебер педагог – өскелең замандағы педагогикалық құралдардың бүкіл әлеуетін меңгерген тұлға. Келесі оқу жылында интернет-педагогтердің озық іс-тәжірибелерімен алмасуы мақсатында онлайн режимде «интерактивті сабақтар» банкін құруды қолға алсақ. Бұл әрекетіміз де жеке тұлғаның қажеттілігін қанағаттандырудың бір жолы болар еді. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен жұмыс істейтін мектептің мақсаты – жоғары дәрежедегі қазақ тілді емес мектептермен бәсекелесе алатын шынайы қазақ мектебін қалыптастыру. Осы мақсатқа жету үшін, шәкірттерге сапалы ілім береміз десек, Алаш арыстарының педагогикалық, психологиялық, әдістемелік ой-тұжырымдарын оқу-тәрбие үдерісінде басшылыққа алып, жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін олардың әр айтылған ой-тұжырымдарына ерекше зерделілікпен, ұқыптылықпен қарап, қажетіне қарай ұстаздарымыз іс-тәжірибесіне ықыласпен енгізіп отыруы – бүгінгі заманғы білім берудің басты қағидасына айналғаны жөн. 2017 жылы Алаш арыстарының 100 жылдығы аталып өтіледі. Осыған орай, олардың әлі де толық зерттелмеген педагогикалық, психологиялық, әдістемелік саладағы идеяларын, құнды еңбектерін мектептерге, Жоғары оқу орныдарына енгізсек, сол азаматтардың ойларын, тұжырымдамаларын жарыққа шығарсам деген Нұрша Алжанбайқызының үлкен арманы бар. Ұлт ұстаздарының білім беру саласындағы құнды еңбектерін басшылыққа алып, респуликалық деңгейде ғылыми-практикалық конференциялар, тақырыптық көрмелер, шығармашылық конкурстар, т.б. танымдық-тағылымдық іс-шаралар өткізсек деген ауқымды жоспарлары да да жоқ емес. Осындай шаралардың бірі – 2016 жылы 18-20 мамыр аралығында Алматы қаласында өткен «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы – тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді жолы» атты республикалық форум және Кіші Ғылым Академиясының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша өткен ХVI республикалық «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты ауызша командалық олимпиадаға барлығы 250 оқушы, 63 команда қатысты. ҚР Кіші Ғылым академиясының ІІ республикалық «Зерделі, зерек дарынды тұлғалар» атты өткізілген интеллектуалдық марафонында 9 команда бақ сынады. Соның ішінде Астана қаласынан 144 оқушы қамтылған 39 команда қатынасты. Әсіресе, Астана командасы «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы «Үштұғырлы тіл» бағдарламасын жүзеге асырудың мүмкіндіктері (Көшпелі сабақ) Н.Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтуі технологияның өміршеңдігін көрсетті. Жеңімпаздар дипломдармен, Сертификаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қорыта айтқанда, жеке тұлғаның қажеттілігі – сапалы білім алу. Ал сапалы білім алудың тікелей қозғаушы күші – ол оқыту технологиялары. Білім беруде, терең тәрбиеге баулуда үлкен ықпалы бар технология Н.Оразахынованың технологиясы, яғни өзіміздің төл технологиямыз. Осы төл технологиямыздың өміршеңдігі үшін, қанаты кең жайылуы үшін, шәкірттерін ұлттық құндылықтармен сусындату үшін еселеп еңбек ету әрбір педагогтың азаматтық міндеті. Бұл технологияның ең басты мақсаты – бергісі «ЭКСПО» көрмесінде дүние жүзі халықтарына мақтанышпен көрсете алатындай, арғысы бүкіл әлемге үлгі болатындай өзіміздің ұлттық мектеп қалыптастыру. Осыған мемлекет, үкімет тарабынан қолдау көрсетілсе, сапалы білім, саналы тәрбие беретін біліқті ұстаздарымыз бен оны қолдаушы ата-аналарымыз да баршылық. Олардың да арманы – өз ұрпақтарының нағыз ұлттық тұлға тәрбиелейтін қазақ мектебін қалыптастыру. Бұл алдымыздағы Алаш арыстарының да, бүгінгі ұлтым деп ұйысқан бүкіл қазақтың арманы!..Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz