10 мың адам қол қойған петицияны билік назарға ала ма?
2016 ж. 08 сәуір
2803
7
Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті оқу жылын ұзартпауға шақырған петицияға қол қойғандар саны 10 мыңнан асты. Change.org сайтында 4 сәуірде жарияланған үндеу авторлары орта білім беретін мектептерде оқу жылын ұзартуға болмайды дейді. Өткен айда білім және ғылым министрлігі мектепте бес күн оқитын жүйе енгізу жоспарына байланысты оқу жылының ұзаруы мүмкін екенін мәлімдеген.
"Қыста күн ұзақтығы қысқа болатын біздің клмиаттық жағдайда балалар физикалық және моральдық тұрғыдан демалу үшін үш айлық демалыс керек" деген петиция авторлары. Қазақстанда көп жылдан бері мектепте оқу 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады.
Министрлік бес күндік оқу жүйесіне көшуді "оқу бағдарламасының жаңарғанымен" түсіндіреді. Министрлік бес күндік оқу жүйесіне көшу нәтижесінде жазғы демалыс "білім беру процесінің сапасы мен көлемін сақтау үшін" кейінге шегерілетінін айтады.
Кеше білім және ғылым министрлігі азаматтардың оқу жылы ұзарып, демалыстың қысқаруы ықтималдығына байланысты алаңдаушылық білдіргеніне мәлімдеме жасаған. Ол бойынша, жаңартылған бағдарламаға сай оқу жылын бес күн - 1 маусымға дейін ұзартылады. Бірақ күзгі, қысқы және көктемгі демалыс қысқармайды.
Оқу мерзімін бес күндік жүйеге көшіру туралы ұсынысты бұған дейін президент Нұрсұлтан Назарбаев жасаған.
Дерек көзі: azattyq.org