Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» кітабының қолжазбасы
2016 ж. 24 ақпан
11104
0
Бүгінде арысы Абай мен Ыбырайдан бастап бірқатар қазақ қаламгерлерінің қолжазбасы сақталған. Оларды еліміздегі музейлерден көруге болады. Сондай құнды қолжазбалардың бірі – Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» кітабының қолжазбасы.
Негізінде, «Оян, қазақ» кітабы 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан жарық көрген. Заманында бұл кітап Патша үкіметінің шымбайына тиді. Есесіне, қазақ зиялыларының сүйікті кітабына айналды. Тіпті, бұл кітапты бүкіл елге тарату үшін қазақтың байлары мен молдалары да атсалысты. Мешіттерден келіп оқуға мүмкіндік жасалды. Осылайша, «Оян, қазақ» бүкіл қазақты бірлікке, елдікке жұмылдырды. Кітаптың сол кездегі құндылығы сондай, Тұрсын Жұртбай айтқандай, «Оян, қазақ!» кітабы ұзатылатын қыздың жасауына қосып берілетін болған.
Соңында, Патша үкіметі Міржақыптың ізіне түсіп, қазақтардың бұл кітапты оқуына тыйым салды. Ел арасындағы «Оян, қазақ» кітабының барлығы жиналып, тәркіленген екен. Міржақып атамыз бұған да мойымады. Кітапты қолмен көшіріп, таратуға көшті. Бүгінгі біз айтып отырған Міржақыптың қолжазбасы сол нәубетті кездің көрінісі іспетті. «Оян, қазақты» Міржақып Дулатов пен Райымжан Мәрсеков көз майын тамызып отырып торкөз дәптерге көшіріп, қолжазба күйінде таратқан. Міржақыптың қолжазбасын сол кезде Райымжан Мәрсеков сақтап қалыпты. Кейін қолжазба жазушы, аудармашы Уахап Қыдырханұлының қолына тиген. Қолжазбаның бізге дейін қалай жеткені, қайда сақталғаны туралы Уахап Қыдырханұлының өзінен сұрадық.
– Менің әкем Қыдырхан – Зайсанның қазағы. 1898 жылы молдалардан оқып хат таныған. Сосын 1905-1907 жылдарда Бекмұхамед молда ашқан жәдит үлгісіндегі мектепте оқыған. Сол мектепте Міржақып Дулатов мұғалім болған. Менің әкеме сабақ берген. Одан кейін әкем медресе тауысып, сәбеттің қызметін істеген. 20-жылдарда қуғын көріп, Қытай жаққа өтіп кеткен. Мен сол жақта туып, 1955 жылы мен 23 жасымда алғашқылардың бірі болып Қытайдан атамекенге өткенмін. Сөйтіп, ғұмырым осы жақтағы қазақ баспасөзінде өтті.
Міржақыптың «Оян, қазағының» жазылған кезі 1905-1907 жылдар болатын.
Кейін Қазаннан жарық көрді. Сол уақыттарда Міржақып пен Райымжан Мәрсеков бірге жүрген. Алашорданы бірге құрған. Кітапты таратуға тыйым салған кезде, бұлар кітаптың бірнеше данасын қолдан көшірген. Бұл сол кезде Райымжанға жазып берген Міржақыптың қолжазбасы екен.
1924 жылы Райымжан да қуын көріп, арғы бетке өтті. Тарбағатай ауданының Толы деген жерінде мектеп ашты. Інісі Шерияздан сол мектепте мұғалім болды. 1937-39 жылдары осы жақтан барған алашордашыларды ол жақта да ұстады. Райымжанды да сол кезде тұтқындады. Сөйтіп, қолжазба інісі Шериязданның қолында қалған. Шериязданнан Ахмет Баязитұлы деген жігіт сабақ алған. Ол ұстазынан осы қолжазбаны оқуға сұрап алған екен. Сол уақытта Шериазданды да қытайлар ұстап әкетіп, көзін жойған. Қолжазба Ахметтің қолында сол күйі қалып қойған.
1988 жылы Ахмет ол қолжазбаны маған әкеліп берді. Мен ол кезде «Шалқар» газетінің редакторы болатынмын. Байқағаным, Міржақыптың бұл қолжазбасы кейінгі төте жазумен емес, сол уақыттағы Байтұрсынов, Бөкейхановтардың жазу мәнерімен бірдей екен. Кейін оны мен Кітап музейінің директоры Жүрін Ерманға апарып бердім», – дейді Уахап Қыдырханұлы.
Иә, Жүрсін Ерманның қазаққа жанашырлығы осы болар, бұл қолжазбаны Уахап Қыдырханұлының сұрап алып, Кітап музейінің төріне қойды. Алайда, бізді алаңдататын бір нәрсе бар. Кітап музейін жапқалы жатыр. Егер Мәдениет министрлігі бұл музейді жауып тастаса, қолжазбаның ендігі тағдыры қалай болар екен? Қолдан қолға өтіп, соңында жоғалып кетпей ме деген қорқыныш бар. Тек бұл ғана емес, Кітап музейіндегі мыңдаған сирек қолжазбалар мен көне кітаптардың тағдырына алаңдаулымыз.
Серікбол Хасан
Дерек көзі: Айқын.кз