Отандық ғалым ашқан жаңалығын шетелге сатуға мәжбүр
2014 ж. 15 мамыр
2656
0
Шымкенттік ғалым Әбдімәлік Әшіровтың ашқан ғылыми жаңалығы күллі әлемді таң қалдырып отыр, деп хабарлайды24.kz.
Қоршаған ортаға зиян келтірмей-ақ химиялық қоспаларсыз дәнді дақылдардың өнімділігін 50%-ға дейін арттыруға бағытталған жоба еліміздің 6 облысы мен Германия, Италия, Түркия, Ресей, Украина сияқты 8 мемлекетте сәтті сыналған.
Енді ғалымның жаңалығына Үндістан және Вьетнам мемлекеттері қызығушылық білдірсе, мәскеулік ғалымдар Нобель сыйлығына ұсынып отыр. Алайда Үкіметтен нақты қолдау болмай отырғаны қынжылтады дейді автор.
"Менің құрал-жабдығым – 8 киллограмдық кейс. Оның ішінде миникомпьютер бар. Біз антеннаны шығарып, тұқымдарға ақпарат береміз, төменгі жиілікті толқындарда, өңдеу 11-ақ минут", - дейді техника ғылымдарының докторы Әбдімәлік Әшіров.
Қазір Әбдімәлік Әшіровтың бұл жаңалығы туралы жарты әлем біледі. 1991 жылдан бері күн нұрының құбылыстарына іргелі зерттеулер жүргізіп, ғалым 2004 жылы ҚР Әділет министрлігінен патент алған. Бірнеше авторлық куәліктер де бар.
Ғалымның пікірінше, бұрында ауылшаруашылығы саласында дақылдардың өнімділігін арттыру үшін көптеген тәсілдер болған. Алайда оның әдісінің басты ерекшелігі – экологияға зиян келмейді, өнім мутациялық өзгерістерге ұшырамайды.
Қазақстанда қазір 12 млн гектар әр түрлі дақылдарға арналған алқап бар екен.
"Егер сол алқаптар менің тәсілімді қолданатын болса, біз 5-6 млн тонна өсім беруіміз мүмкін.Ол 12 мемлекетті астықпен тегін қамтамасыз ете аламыз. Есептеп көрдік, 1-1,5 млрд адамға 1 жылға тамақ тауып беруімізге болады", - дейді отандық ғалым.
Елбасымыз биылғы Жолдауында агроинновация арқылы Қазақстан өңірлік ірі ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттаушылардың біріне айналуы тиіс деген болатын. Бүгінге дейін бидай, құмық, күріш, жүгері, картоп, мақта, қызылша, қияр сияқты 11 дақылдың өнімділігі сынақтан өтіпті.
"Патентті сатпайсыз ба?" деген ұсыныстар болып жатыр. Бірақ мен қазақ елінің патриоты болғандықтан, іс-тәжірибені Қазақстанның 6 облысында жүргіздім.
"Бірақ Үкімет тарапынан, министрліктер тарапынан қолдау көрген жоқпыз. Сондықтан егер қолдау көрсетпесе, шет мемлекетке енгізіп, сатуыма тура келеді", - дейді Әбдімәлік Әшіров.
Мәскеулік ғалымдар мұндай дүниежүзілік дейгейдегі жаңалықты Нобель сыйлығына ұсыну керектігін айтыпты. Қазір ғалым құжаттар жинау үстінде.
Айтпақшы, ғалым халықаралық дәрежедегі гроссмейстер, әлемнің 4 дүркін чемпионы Жансая Әбдімәліктің атасы екенін де айта кету керек.
Әзірге әлемге әйгілі ғалым Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында еңбек етіп жатыр. Оқу орны басшылары жақында заманауи құралдармен жабдықталған зертхана ашып беріпті.
Ал облыстық әкімдік мақта дақылының өнімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарға 30 млн теңге грант бөлуге шешім қабылдапты. Ал ғалымның бұл жаңалықтың қызығын күллі қазақ халқы көрсе деп армандайды.
24kz