Реформалардың санын емес, сапасын арттыру керек
2019 ж. 07 желтоқсан
1528
0
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысына келген ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке сенатор Бектас Бекназаров ескертті.
«Бүгінгі талқылау барысында шетел тәжірибесі дегенге көбірек көңіл бөліп отырмыз. Шетел тәжірибесінде барлығы дұрыс деп кім кепілдік беріп айта алады?! Әр мемлекеттің өзінің тиісті құрылымы, заңы, ділі мен ерекшелігі, талаптары бар. Сондықтан, шетел тәжірибесі деген мәселеге тоқталсақ, ол қаншалықты біздің мемлекеттің мүддесіне сәйкес келеді? Осыған назар аударуымыз керек. Мысалы, Жапонияда 12 жасқа дейінгі баланы мектепте тек қана жапон тілінде оқытады. Соның арқасында жапон тілі өз деңгейін жоғалтпай, барлық жерде кеңінен пайдаланылуда», – деді Б.Бекназаров Сенаттың жалпы отырысында. Бұл тұрғыда ол шетел тәжірибесін ұсынар алдында осы жаңашылдықтар мемлекетіміздің мүддесіне қаншалықты сай келетінін тыңғылықты пысықтау керектігін атап өтті. « – Асхат Қанатұлы, өзіңіз басшылық жасайтын білім және ғылым саласындағы реформалардың санын ғана емес, сапасын арттыру керек. Кез келген реформаның тиімділігіне баса назар аудару қажет. Ол қаншалықты қажет? Келтіретін зиянды тұстары жоқ па? Пайдалы әрі ұтымды бағыттары қандай? Атап айтқанда, осы сұрақтарға нақты жауаптар болуы тиіс. Қандай да бір реформаны іске асырмас бұрын, алдын ала және жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, оны қоғамдық талқыға салу керек. Білім саласының жағдайына қазір қоғам қандай баға беріп жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Қоғам үшін өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, яғни осындай маңызды мәселелерде асығыстық жасауға болмайды», – деді Бектас Бекназаров.
qazaqumi.kz