«Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» Халықаралық жыр мүшәйрасының жүлдегерлері анықталды.

  Мүшәйра - ежелден қазақ жыршылық өнерінің қайнар көзі. Халық өз арасынан болашақ би-шешендерін осындай сындар арқылы талантын шыңдап, озық ойлысын марапаттап отырған. Осындай мақсатпен үстіміздегі жылғы қазан айының ортасынан бастау алған көсемсөз сайысы 2011 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Жазушылар Одағының мәжіліс залында мәреге жетті. (Абылай хан даңғылы, 105, Төле би көшесінің қиылысы). 15:00-де басталған «Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» атты Республикалық жыр-мүшәйраның ақтық сынына көрермен өте көп жиналды. Бұл мүшайраның басты тақырыбы әрі ерекшелігі - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Тәуелсіздік қарлығашы – Желтоқсан көтерілісінің бағасы мен маңызы ашып көрсету болды. 1986 жылғы 16-18 желтоқсандағы қазақ жастарының көтерілісі - қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы сан ғасырлық күрестің ең нәтижелі де салмақтысы болды. Дәл осы күндер, қазақ халқының егемендігін еңсеруде, тәуелсіздігін өз тұғырына қондыру жолында темірқазық болды және өз намысын ешбір жанға ешқашанда таптатпайтынын дәлелдеді. Желтоқсанның ызғары Алматыдан бастау алып, сол кездегі Қазақ КСР-нің облыс, аудан, ауыл жастарының, көрші өзге де мемлекеттер жастарының қолдауына ие болды. Бұл КСРО-ның тоталитарлық режиміне, аз ұлттарды жоюға бағытталған жымысқы саясатына қарсы ең алғашқы ашық қарсылық әрі билікке соққы болғанын айту парыз. Себебі, осы оқиға Бакуде, Вильнюсте, Тбилисиде, Мәскеуде және өзге де ірі қалалардағы толқуларға ұласып, соңында алып тоталитарлық империяның құлауына алып келді. Тарихи мәні мен геосаяси жағынан алғанда «желтоқсандықтар» көтерілісі, 1956 жылғы Будапешт оқиғасы, 1968 жылғы Пражск көктеміне ұқсастығы бар. Сондықтан да бұл көтеріліс тек қазақ жастарының ғана емес, қазақстанды мекен еткен өзге де ұлт өкілдерінің еркіндігіне алып келген ортақ жеңіс. Еркіндік, теңдік, сыйластыққа негізделген бірнеше жаңа тәуелсіз мемлекеттердің құрылуына түрткі болды. Бүгінде Қазақстан - мықты әлеуетті, ұлттық экономикасы мен өз азаматының әл-ауқаты дамуы үшін мүмкіндігі бар әлемдік қоғамдастықтың толық құқылы мүшесі. Жоғарыда айтылған тарих жылнамасы мен оқиғалар желісі мүшәйраға қатысушы үміткерлердің өлеңдеріне арқау болды. Шараның ұйымдастырушылары болып «Ұлы дала» Республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Тарихи әділеттілік» Республикалық қоғамдық комитеті шықты. Байқауға 2011 жылдың 20 қазаны мен 20 қарашасы аралығында елімізден және көрші мемелекеттерден 100-дің үстінде шығармалар қабылданды. Қатысатын ақындардың жасына шек қойылмады. Мүшәйраға бұрын жарияланбаған өлеңдер ғана қабылданды. Мүшәйраның қазылар алқасына елге танымал белгілі мәдениет саласының өкілдері Бақытжан Момышұлы, Темірхан Медетбек, Ибрагим Исаев, Қазыбек Иса, Айдос Сарым және  Ғабиден Жакиев кіріп, жеңімпаздардың есімін жария етті. Кештің шымылдығын «Ұлы дала» Республикалық қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Айдос Сарым, «Тарихи әділеттілік» Республикалық қоғамдық комитетінің төрағасы Смағұл Елубай және белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Азат Перуашев ашты. Барлық жеңімпаздарға төмендегідей арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Бас Жүлде - ZAZ Chance маркілі автокөліктің иесі – ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл танылды. Темір тұлпардың кілтін  авторға Азат Перуашев тапсырды 1-3 орындардың ақшалай сыйлығын қазылар алқасы деңгейіне қарай теңдей етіп  бөліпті: -          1 орын — 500 000 теңге, теңдей – Аманғазы Кәрібжанұлы мен Әлібек Шегебайға Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай табыс етті. -          2 орын — 400 000 теңге, теңдей – Талғат Ешенұлы мен Көбен Асқарұлына (ҚХР) ақын Ибрагим Исаев табыстады. -          3 орын — 250 000 теңге, теңдей – Алмас Темірбай мен Ақберен Елгезекке ақын Қазыбек Иса тапсырды. Арнайы жүлделер (әр қайсысына 100 000 теңгеден): -          Қайрат Рысқұлбеков атындағы – Тоқтарәлі Таңжарыққа; -          Ербол Спатаев атындағы – Жарас Кемелжанға; -          Ләззат Асанова атындағы – Динара Мәлікке табысталды. Барлық жеңімпаздарды «Тарихи әділеттілік» Республикалық қоғамдық комитетінің төрағасы Смағұл Елубай, осы жобаның бастамашысы Азат Перуашев, қазылар алқасының мүшелері Ибрагим Исаев пен Қазыбек Иса және  «Ұлы дала» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айдос Сарым құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Жүлдегер шығармалар республикалық басылымдарда жарияланып, іріктелген өлеңдер «Тұран» баспасынан жеке кітап болып шығады.

Бақытбек СМАҒҰЛ,  Бас жүлде

                 ЖЕЛТОҚСАН

Алтыныңды айырбастап қолаға,

Отаныңды айналдырса молаға.

Өз тіліңді босағаға лақтырып,

Өз еліңде күн кешуге бола ма?!

 

Сол кешегі желтоқсанның аспанын,

Дүр сілкінтті жалын жұтқан жастарым.

Үнсіз қалса намыс өлер еді ғой,

Намыс өлсе керегі не басқаның.

 

Сен қазағым шыныменен ұлысың,

Ертең жайнап шығатұғын күн үшін.

Ұл – қызыңның қаны судай шашылды,

Бас алаңда басын тігіп тіл үшін.

 

Ереуілде ит пен құсқа таланған,

Шырқыраған шындық іздеп ғаламнан.

Қазағымның қызыл қанын мәңгілік,

Жуғанымен кетіре алмас алаңнан.

 

Соның бәрін еске алатын шақ бүгін,

Құрбан қылды қарындастар пәктігін.

Құрбан қылды ғұмырларын боздақтар,

Табамыз деп ақиқаттын ақ туын.

 

Жеткенімше белім қанша бүгілді,

Сол аппақ ту – азаттығың бүгінгі.

Сол қыршындар жүрегімен көтерді,

Нар көтере алмайтұғын жүгіңді.

 

Сол бір күнді көзбен көрген жан ұған,

Жанарымда ащы шындық табы бар.

Біздің әрбір күлкімізде сол күннің,

Қатып қалған бір, бір түйір қаны бар.

 

     

   Аманғазы КӘРІПЖАНҰЛЫ,  Бірінші орын

«Желтоқсан желі» 

              

...Ұрыста бұл қанқұйлы

Талай адам жан қиды.

Колбинді алса әкелер

Тағы да бір «Колбинді»...

(Алаңда айтылған жырдан есте қалғаны. 17.12.1986 жыл).

 

         Ортақ сырқат.

Әділеттен қаймыққан соқыр үміт

Санасында ақынның отыр ұлып.

Шайқалақтап барады екпініме

Уақыттың тағаны опырылып.

 

Ісім мазақ болғасын сайқалға мың

Тынықсын деп тиылдым қайта арманым.

Өткенімді өксіткен өкінішті

Өзге түгілі өзіме айта алмадым.

 

Қасіретті көшірген қанша реткі,

Мазмұнымды ақиқат мансұқ етті.

Намысымды бақталас уақыттың

Есі ауысқан екпіні жаншып өтті.

 

Адамзаттық сананың белі сынды...

Пәни, бақи бір-бірін кері ұшырды.

Әділет те мен өлсем өлгісі кеп,

Жасыра алмай толғатты өлі сырды.

 

Шындықтың да шайылып кетті аралы.

Пенделіктің ызғары бет қарады.

Мен мезгілге,

Мезгіл де маған сыймай,

Сәйкессіздік аяусыз жеп барады.

 

   

Әлібек ШЕГЕБАЙ, Бірінші орын 

          ҚАБІРДЕН ХАТ

                                  Қайрат Рысқұлбековтың  монологы

Армансызбын..,

Ажалсызбын..,

Азатпын,

Мендегі мұң ғажап әрі азап мұң.

Ұлтым үшін ұлтарақпын,

Аз десең,

Сүйегіммен, сүтіммен де Қазақпын!

 

Көкбөрінің сіңіріндей сірімін,

Сол үшін де ажалсызбын, тірімін.

Шындық үшін құрбандыққа шалынып

Шырылдаған құлындардың бірімін.

 

Талай-талай тоналдым да тапталдым,

Өзімді-өзім жоғалтуға шақ қалдым.

Көк көйлекті көктемеде туылып

Желтоқсанда еріп кеткен ақ қармын.

 

Күңіренсе үн шығады көрден де,

Шертілмеген шерім қанша шерменде.

Өз тіліңде өмір сүріп,

Сонан соң,

Не жетеді өз тіліңде өлгенге.

 

Мен сұрасам – теңдігімді сұрадым,

Теңдігімнің кемдігіне жыладым.

Ай күзетіп Ару сүйер  жасымда

Ақ ажалдың құшағына құладым.

 

Кек алатын  кәріден де жастан да,

Қу тіршілік құпиясын ашқан ба?!

Бауыр қалды өзегіне өртеніп

Ана қалды сүтін сауып аспанға.

 

Тәуелсіздік – Қазақ үшін ғажап құт,

Ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк.

Бөрі мінез Бабалардың арманы –

Айналайын, алтын қанат – Азаттық!

 

Саған құрбан жастығым да жаным да,

Саған құрбан атпай қалған таңым да.

Тереңдігі қабірден де тереңдеу

Менің қайғым – Қазағымның қанында!

    Талғат ЕШЕНҰЛЫ,  Екінші орын

                                                                                                                    68-86

(Желтоқсан құрбандарының рухына)

«Бәйтеректің» іргесі.

Есілдің сол жағасы.

Ел қатарлы күн көріп, есіп жүргем.

Шамасы, 

Сары күздің кешінде, сыра ішіп ем, есімде,

Ағам айтты: «Талғат, сен, Прагаға барасың».

 

«Прагаға барасың».

Барам, аға, сөз бар ма?!.

Алматыдан отырдық, таң  бауырын жазғанда.

Қалды Алатау – алыбым, қалды Алматы – жарығым,

Аққу мойын ақ ұшақ қалықтап ап, озды алға.

 

Кекілімді тарайды – таңның нұры арайлы.

Қоңыр бұлттар қонжықтай тереземнен қарайды,

Қарт құрылыққа барам деп қарт әкеме айтпап ем...

Еуропадан келем ғой.

Естиді ғой, жарайды.

 

Влтаваның жағасы.

Карл патша өткелі.

Дворжактың гимні – «Моравтың дуэттері».

Мұражайы Кафканың.

Гуситтердің өткені.

Бәрі таңсық көрінген, бәрі қызық көрінген,

Беймәлім мұң иектеп, мазалайды тек мені.

 

Өзіміздің қазақтар ұшақ іші.

Әрәдік

чех, ағылшын тілінде шүлдірлесіп алады.

Мирослав қарсы алған.

Мирослав мың болғыр,

Қонақ үйге түсірді – Вацлавтың алаңы.

 

Вацлавтың алаңы.

Енді ұғындым мұңымды.

Брежневтің алаңы...

Көңіл-күйім бұзылды. 

Сен де, мен де орыстың отары едік бұрынғы,

Әй, менің чех бауырым, ерсі көрме мұнымды!

Есентайдың сағасы.

Алатаудың бөктері

Влтаваның жағасы.

Карл патша өткелі.

Екеумізді мәңгіге бауыр қылған, бауырым,

Алматының желтоқсаны, Праганың көктемі.

 

68 – арман ба?

86 – арман ба?

Арман, арман!

Арманға қол жетім жер қалғанда,

Туып-өскен жер үшін, тулағы - мамық ел үшін, 

Тіпті, адам түгілі, күреседі сандар да!

 

Әлі менің жадымда – Желтоқсанның әндері,

Әлі менің жанымда – тірісі де өлгені.

Әлі менің ұйқымнан оятады шошытып,

Көрші орыстың сабалақ, абалаған кандені.

 

Талай жақсыңды оқ алды.

Талай жақсым жоғалды.

Алматы мен Прага қан мен жасқа боялды.

Бодан елдің санасы қанмен, жаспен оянды.

Ұмытпаңдар сендер де, ұмытпаңдар оларды.

 

Қайран шешем айтпақшы: «Құдіреті ғой Құдайдың»,

Бәрі де енді менікі – ел де, жер де, мына Ай, Күн.

Прагаға келгенде, кеудем толып,

Шерменде

мен жыласам, бауырым, соларды ойлап жылаймын.

 

Моравияның төсінде сен де желдей есілдің,

Жағасында Есілдің, мен де желдей есілдім,

Туған топырағыңда хан ұлындай көсілдің,

Туған топырағымда хан ұлындай көсілдім!

 

Ал, сыйыңа рахмет, сыраңа да, жолдасым.

Кетем, елді сағындым, досың жолдан қалмасын.

Сүйесің ғой Отанды, ұлы болғасын емес,

Сүйесің ғой Отанды - өзіңдікі болғасын!

  Көбен АСҚАРҰЛЫ,  Қытайдың Алтайынан, Екінші орын

                                                ЖЕЛТОҚСАН ЖЫРЫ 

Мың – мың жылдан кейіндағы ақынды

Тебірентетін.

Ұлт дауысын ақырғы.

Жас ұрпақтар ту ғып ұстап ұрандап,

Ән ғып шырқап,  зұлымдыққа атылды.

 

Желтоқсанның алаңында жекпе – жек.

Жауыздықпен белдескенде бетпе – бет.

Бүкіл әлем батыр қазақ ұл – қызын,

Күрескерлік символы етіп кеткен ед.

 

Ұрандаған ұрпақтардың ізгі үні,

Ойландырды Мәскеудегі ізгіні.

Он алты ұлт ел боп енді тұра алмас,

Өздерінде болмайынша тізгіні.

 

Қанды бодау беріп жеткен жеңіске,

Батыр ұрпақ рухы тұр ең үсте.

Егеменді ел етті де қазағын.

Өздері елдің жүрегінде – бейіште.

Алмас ТЕМІРБАЙ, Үшінші орын

ЖЕЛТОҚСАНДА АЙ ТУАДЫ СОЛЫНАН...

 

 (Қайрат Рысқұлбековтың атынан)

 

Болған!

Бәрі де болған ­–

Колбиннің кезінде...

 

Темірхан Медетбек.

Шындық бар ғой,

ол аз десең, Құдай бар,

Арсыз соттың арқасында жын ойнар!

Желтоқсанда Ай туады солынан...

Желтоқсанда Айға қарап жылайды Ар...

 

Айға қарап

Ар жылайды, жыласын,

Жұмыр басты жұдырықтап ұрасың!

Жер қозғалса, қозғалмайтын мінезім,

Ел қозғалса, енді қалай шыдасын?!

 

Темір тордың алдында,

Теңдік сұрап тұрмас мәңгі жан мына!

«Отыз жеті» ойран қылған қазақты,

«Сексен алты» сергелдеңге салды ма?!

 

Желтоқсан деген бұл айда,

Желкілдеген туым жерге құлай ма?!

Шындық бар ма?!

Шыныңды айтшы, ей, Дүние,

Ол жоқ болса, жоқ қой онда Құдай да!

 

Ләззаттардың шашын жұлдың, Желтоқсан,

Ерболдардың басын жұлдың, Желтоқсан!

Құтырынған иттей көзі қанталап,

Құл-құтанды басындырдың, Желтоқсан!

 

Елім үшін...

Еркек тоқты ─ құрбандық,

Құрбан болар құным жоқ па бір малдық?!

Өмір деген ─ өрмекшінің торына

Шыбын жанды шырқыратып, шырмалдық.

 

Батырлардың басы кетсе шабылып,

Ақындардың жүректері жарылып!

Елім менің, енді қайтіп күн көрер,

Кремльге бағынып,

Күн-көсемге табынып?!

 

«Жаумен бірге құрысын ─ деп, ─ жауыздық!»,

Қар бетіне көздің жасын тамыздық.

Мұздай суық ─ дүниенің үстіне,

Оттай ыстық ─ қанымызды ағыздық...

 

Темір есік тесігінен телмірем,

Тергеушіні немене деп сендірем?!

Бұ дүниеден таба алмаған Шындықты,

О дүниеден іздейін бе енді мен?!

 

Тергей берсін, тергей берсін, тергесін,

Керегі жоқ... кешірім де бермесін!

Ошағымның күлі көкке ұшса да,

Отанымның оты мәңгі сөнбесін!!!

 

Желтоқсанның жүз құбылып реңі,

Жетім халық кімнен көмек тіледі?!

Қара жер де қөтере алмас мазақты,

Қара нар да көтере алмас азапты,

Көтерер тек   ер жігіттің жүрегі!!!

 

Жылап тұрып,

Жақсылыққа жорығам:

«Алты Алашым адаспағай жолынан!».

...Жылдың соңы...

Кімнің соры? 

Сақтай гөр!

Желтоқсанда Ай туады солынан...

Ақберен ЕЛГЕЗЕК, Үшінші орын 

                  ҚАНДЫ ТҮНЕК 

Таңның алдын түнек басып тұрады,

Сол түнектен жүрек қашып тұрады.

Желтоқсанның мұзға жанған алауы –

Дербестіктің ең алғашқы шырағы.

 

Сол бір айға берді ме екен серпін күз,

Қан болмаса, болмас едік еркін біз.

Бодандыққа қарсы шықтық шыдамай,

Бабалардың бұзбаймыз деп сертін біз.

 

Өзек ашып, жұмыр баста ми жанып,

Санамызда тек әділдік би болып.

Қар боратып, дауыл болып атылдық,

Төбемізде аруақтар жиналып.

 

Мұндай күшті ірку мүмкін емес-ті,

Бұл дауылға қару ғана теңесті.

Азат ұрпақ ұмытпайды ешқашан,

Қанға бөккен, сол күндерді көмескі.

Қарулыға төтеп беру қиынды,

Ей, батыл жан! Сезем сенің күйіңді!

Тағдырыңа қызығамын мен бірақ,

Сен арқылы егемендік бұйырды.

 

Бодандықтан қалмап еді тамтығым,

Ауыздарда салбырады сан құлып.

Азаттықтың бір-ақ құны бар екен - 

Құрбан болу, алаңдарды қан қылып!

 

Қан төгілді, қызық жалау құлады,

Қатып қалды жас өркеннің бұлағы.

Құрбандығың қабыл болды, қазағым, 

Жалп-жалп еткен сөнбесінші шырағың!

-

Күн ізінен түнек басып тұрады...

Сол түнектен жүрек шошып тұрады...

 Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ, Қ.Рысқұлбеков атындағы арнаулы жүлде

                                АЙҚАЙ

(Қайрат Рырқұлбековтың жазылмаған жыры)

Ұлтым ұлық бола алмай, рухым көкке қона алмай,

Қара жерден қамығып мен де өттім, о, Алла-ай!—

Қайғымды айтып қайыңға.

Өкінішім — өткенім, өзегімді өртейді

Көкірегімде тұншыққан жалғыз айқай.

Сол айқай —

Азаттығым жайында...

 

Рухымды күйдіріп, ібіліске сүйдіріп,

Сайтан ойнақ секілді сақ-сақ қара түн күліп...

Қанатымды қайырған.

Ақ жүзінен қан тамған қылышыма серт еттім,

Құлағыма жеткенде шырқыраған мұңлық үн,

Баз кештіріп жанымнан.

 

Мынау ғазиз шаһарды шеру кезіп қаралы,

Аруақтар үні мен әуен билеп азалы—

Қыл қобыздың зарындай!

Сол әуенмен ілесіп рухым менің жаралы,

Көкірегімді күйдіріп көкке сіңіп барады,—

Лаулап ұшқан лағылдай...

 

Шерменде боп шежірем жатырмын мен шалқамнан,

Қарашығымның түбіне қасіретімнен қан тамған, —

Кек пен қарғыс — көзімде!..

Жарты әлемді шарпиды жаңғырығым, сезем мен,

Тас табыттың ішінен тағдырымды айқайлап

Түрегелген кезімде...

 

Жарас КЕМЕЛЖАН,  Ербол Сыпатаев атьындағы арнаулы жүлде

     Желтоқсан қасіреті

 

Жазылмаған тарих көп қаламымда,

Жалғыз шындық жылайды жанарымда.

Рухын басқан, ұлтымның ұлын атқан

Тапталады тас Алаң табанымда.

... Содан сірдей санамда бір түйсік бар

Қасіреттің бұлты бар қабағымда.

 

Сыз, тарихтың сүрлеуін, сағағын да

Баба-көші жоғалған Бабақұмда.

Тарылады көкірек Тарландарсыз,

Тығылады бір әуен тамағымда.

... Содан сірә, жүрегім жараланған

Содан сірә, сүреңсіз жамалым да.

 

Желтоқсанмен қайнайды көкірегім,

Желтоқсаның: қан майдан, соқыр өлім.

Опат болған ұлдарын жоқтай алмай,

Жоқ-жітік, кембағал боп отыр елім.

... Содан сірә, тоналған тарихымды

Тастан іздеп таба алмай өкінемін.

 

Желтоқсан – жетім шежіре, боздақ қаным:

қосында қоңыр інген боздатқан күн.

Қандары қай ұлықтың мойнында екен,

Ұлт үшін опат болған боздақтардың.

... Содан сірә, жанарым соқыр болған:

Желтоқсанда жел жеген тозғақ тәнім.

 

Желтоқсанда туған ән азық бола-д,

Желтоқсанды көрмеген ұрпақтарға.

Желтоқсанда туған ұл тозып бара-д:

Алматыда панасыз бұрқақ қарда.

... Содан сірә, қуанбас қалжа сұрап

Қатындары қазақтың ұл тапқанда. 

 

...          ...        ...

Алаштың ақшары болған

Алматы түнекке оранды,

Шақ еді ақшамында оңнан

Бар елім тілекке ораулы.

 

Қан жауып көкжиекке арғы

Қазақтың ұшқардай өлкесін,

Алатау кекжие қалды

Қарғыбау қысқандай желкесін.

 

Тұрсада құйынды қар борап

Жібермей жігері намысын,

«Алаш» деп, аттан сап алды орап

Алаңды төгілген қан үшін.

 

Кеудеден кернеген үнмен

Ұранды жан ұшқанда ары,

Қиылды дұшпаннан өңмен

Апат боп алысқандары.

 

Алатау жия алмай есін

Алматы қан құсты ақ қарға,

Жастықтың қия алмай кешін

Тәуелсіз ән ұшты аспанға.

 

Алаңға шыққанда таныс үн

Қалтырап дүние қас-қағым,

Жанымен төгілген намысын

Қанымен ұстады жастарым!

Динара МӘЛІК,  Ләззат АСАНОВА атындағы арнаулы жүлде  

                                Борыштармыз азат елдің таңына

Тәуелсіздік - деген ұлы сезімім,

Алла берген аманат.

Мен бір сонау әпкелердің көзімін,

Жүрер ме екен жазалап.

 

Менің үшін, балам үшін күрескен,

Азат таңды әперіп.

Егемен ел ертеңіне ілескем,

Мұнша бақты көтеріп!

 

Қара жерге жас тәнімен құлаған,

«Қазақпын» деп жазығы.

Желтоқсанның желін жұтып жылаған,

Құлағымда наз үні...

 

Аппақ таңның алақаны оятар,

Бал өмірім - жанымда.

Қиялымның тал шыбығы бүр атар,

...парызым бар- арымда...

 

Ол борышым өтелер ме өлмесем,

Бос сермемей қаламды.

Ұрпағымды ұлт тіліне көн десем,

Сөндірме деп санаңды.

 

Жатырымнан шыққан ұлым бүлінбей,

Тектілігін сақтаса.

Туған елдің бейнетіне бүгілмей,

«Абай жолын» жаттаса!

 

Азат таңның білсе екен қадірін,

Несібінен жиренбей.

Бабалардың рухын сыйла Жарығым,

«Қазақпын» де именбей!

 

Отаныңның әрбір гүлін аяла,

Ұлтыңнан ал - жар қылып.

Азат күннің әрбір таңын бағала,

Аманат бұл мәңгілік.

 

Алтынкөріп ар жолынан жаңылма,

Ана тілің - ұятың.

Жүректегі иманыңа дамылда,

Ізгілік нұр сиятын.

 

Қарыздармыз сол бір қатал ғасырға,

Қанша жасты жалмады.

Адал болсаң ақиқатты жасырма,

Бұл солардың арманы