ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЫР МҮШӘЙРАСЫ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ ЖЫРЛАЙДЫ
2011 ж. 05 қыркүйек
2658
1
Бауыржан ЖАҚЫП, бас жүлде
АЛТАЙ
Әр үйге өр Алтайдың кұты келіп, Бәйгеде атымызды үкіледік. Шомылып ерке Ертістің толқынына, Алтайдың өстік біздер сүтін еміп. Кеудесін кербұғыдай керген Алтай, Жау шапса, айбарымен жеңген Алтай, Батырдай дулығалы төнген Алтай. Ағу Алтын йышым – Алтын тауым Күлтегін, Тоныкөкті көрген Алтай. Беу, Алтай, бабалардан қалған Алтай, Қазаққа алтын бесік болған Алтай, Қиын кезде шығарып салған Алтай, Азат күнде қарсылап алған Алтай. Көрмеген әрбір жанға арман Алтай, Биікте бақ жұлдызы жанған Алтай, Қорғасын, мыс пен мырыш, алтын-күміс Қойны-қоншы бай кенге толған Алтай. Еліне бауырында өскен сенген Алтай, Тағдырдың салғанына көнген Алтай. Таусылмас қазына етіп, нәсіп етіп, Құдайым қазағыма берген Алтай. Қар басын ақ сәлде бұлт шалған Алтай, Құзына ақиығы қонған Алтай. Бейуақ мұзарт басын мұнар басып, Кей уақ қалың ойға шомған Алтай. Жасанған сәукелелі сұлу Алтай, Төгесің жарық Алтай, жылу Алтай. Аузыма асыл сөзді сен сыйладың, Ешқашан таусылмайтын жырым Алтай. Сенде бар тілім, ділім, салтым, Алтай, Ұлтымның алтын тәжі – Алтын Алтай. Мәңгілік қазақ саған қорған болып, Қорған боп сен тұра бер халқыма, Алтай. Қазыбек ИСА, бірінші орын ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙ Жалғыз үйді көргенде жапандағы Құлазимын…бір мұңға батам-дағы… Сонда барып оңаша тұрар ма еді, Сарылтады ой осындай сапардағы, Ашылмаған жұмбақтай жаһанда әлі, Жалғыз үйге құмармын жапандағы… «Жалғыз ағаш жапанда егіледі, Жапырағы жел соқса, төгіледі…» Мұнар мұңға малынған төңірегі, Жалғыз үй тек алыстан көрінеді… Қара бала қараса қара жолға, Қарап тұрып қабырғам сөгіледі… Түсінер жан бар ма екен тегі мені, Сұраңдаршы, сол бала не біледі… Қарашада қара үйде қара бала, Қара өлеңін тыңдайды дала ғана… Қара талдай сарғайған жапырақпен, Қарайлайды қарайған сағанаға… Қарашада қара үйде қара бала… Қара жолға қарайды ол күнде неге?.. Қияны аңсап… Қиялмен түрлене ме… Ал мен неге құмармын жалғыз үйге, Жетіспейтін көңілде бірдеңеге Жету үшін… Жетер кез бір келе ме?.. Қара жолға қарайды ол күнде неге?.. Жалыққаным у-шудан шығар тағы, Жабыққаным-жалғыз үй құмартады… Жалғанған жол жүрекке …тартады ылғи, Кетіп қалсам… Кім маған кінә артады… Мұңға батқан құмдағы үй мұнартады… Жаным неге жапанды ұнатады, Жанарыңды жасқа да шылатады… Кешпен бірге қызарып, ойға батып, Нұрға бөлеп оятар құба таңы… Жаным неге жапанды ұнатады… Ойдан кетпей осы бір күй кешегі, Шақырады қырдағы үйге сені… Ат үстінде тербелсең… бүлкілімен Дүрсілі де жүректің үйлеседі… Кеңістіктен кеткенде бас айналып, Тыныштықтан туған бұл күй деседі… Өзімді-өзім қамаймын торға қалай, Бір амалдың қайтейін болмағаны-ай… Түсіп бара жатамын түсімде ылғи, Жалғыз үйге жеткізер жолға қарай… Жер бетінде жүргем жоқ жетпей мекен, Жүрегімді қойғаны-ай етпей мекем. «Осы бір жан осы үйді аңсады-ау»-деп, Біреу келіп неге алып кетпейді екен?.. Жүрегімді неге мұң сыздатады?.. Ізетті-ақ жан едім ғой ізгі атағы… Ұрындым ба ұрымтал күзге тағы… Бір білерім әйтеуір… Бір кездері Құмдағы үйге құлаған із жатады… Жапандағы үй жанымды сыздатады… Жарас СӘРСЕК, екінші орынДАУЫС
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында іргедегі көрші елдің диаспорасы Қазақстанның шығыс аймағын өз жеріне балап байбалам салғаны әлі естен кете қойған жоқ. Сондай-ақ, 1992 жылы Өскемен қаласында шешендердің қазақтың төрт бірдей азаматын мерт қылғаны да жадымызда. Қаһарына мінген халық оларды Өскеменнен әрі асырып жібергені де есімізде. Күн шығатын жағымды ғайып қылам деді ме, Күн сүйетін тәнімді майып қылам деді ме? Көлденеңдеп көк атты көңілімді қалдырды, Аздығымды бетіме айып қылам деді ме? Кететіндей өңгеріп жерді жеңіл дейді ме, Кейкитіндей кем көріп елді жеңіл дейді ме? Етегімен ертеде өзін желден қорғаған Бұл Қазақтың төзімін енді темір дейді ме? Құмғанынан су берген, Құнарынан жер бөлген, Табу қиын бөтен жұрт Қазақ дейтін елден кең. Оңтүстіктен оқ шашсам, Солтүстіктен от шашсам, Батысымнан жел тұрса – жағдайыңыз нөлмен тең. Өшіккенді жайменен өткізетін өңешпіз, Обалсызға опынып оғаш болды-ау демеспіз. Көңіл қарыз болсақ та, Өмір қарыз болсақ та, Біз ешкімге тарихта жермен қарыз емеспіз…* * *
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, екінші орынШЫҒЫСТАН ШЫҚҚАН КҮН…
Шығыстан күлімдеп шыққан күн, Шырайлы жүзіңе сұқтандым. Шыққанда төгілген күлкіңмен Батқанда… Егілген мұңыңды ұққанмын. Тірліктің ып-ыстық демі едің, Алтайды қолтықтан демедің. Самалын сәлем қып жіберген Сауыр мен Сайқанға не дедің? Қалбатау жолыңда көлбеген, Қара Ертіс – толқыған ол да өлең. Сарғаяр Шорғаның жазығы Қобыздың үніне шөлдеген. Жарылқап аспан-жер арасын, Зайсанға шуақ боп тамасың. Сырласып Толағай-тауменен Бір сәтке мұнартып қаласың. Маңырақ маңынан маңасың, Сеңгірді қимастай қарасың. Сағыныш-нұрыңмен тербейсің Марқаның мөп-мөлдір шарасын. Төгілтер бозторғай таңғы әнін, Барқытбел – Аршалы ардағым. Білесің, Шыңғыстау бөктерін Мекендеп мәңгі өлең қалғанын. Шығыстан шыққан Күн арайлап, Нұрыңа шомылар бар аймақ. Тұлпар тау, Сұңқар тау биігін Тұрсың ба қия алмай қарайлап?! Жәркен БӨДЕШҰЛЫ, үшінші орынӨСКЕМЕН-АЛТАЙ
СУРЕТТЕРІ
Мен қайда? Өскеменім, Алтай қайда? Ат қазығын табады алты айналса. Секілді менің саңлақ сағынышым, Жарқылдап көз алдымда жалт ойнауда. Мен қайда? Өскемен мен Сауыр қайда? Сауырды ен жайлаған ауыл қайда? Бауыр қайда? Жұлдық біткен сорғалап көкірегіме, Ақ маңдайым жарқырап шағылды айға. Аласаға қонбайтын қаласаң да, Жыр құсы едім оянған ала таңда. Өскеменде Абай тұр тастай қатып, Сәлем беріп қайтайын дана шалға. Алаштың айнымайтын серті сынды, Серті сынды, шер-шемен дерті сынды. Өскеменді қақ жарып ағып жатқан, Сағындым ерке өзенім Ертісімді. Басына шыққан сайын Бестөбенің, Алтайдан алтын артқан көш көремін. Көтеріп жеңіс туын келе жатыр, Өмірден партизан боп өткен ерім. Осы өлкеде әлемнің бар асылы, Осы өлкеде шындықтың нар асуы. Өскемен Өр Алтайдың көзі емес пе, Қадалған мұңға толып қарашығы. Сәлем беріп келейін дарқан елге, Жұрт көрсін, өшпес ізім қалса жерде. Ерке өзенім Ертіске шомылайын, Суырайын атымды Марқа көлге. Оралханның кигені құлын ішік, Сары аязға тоңдырмас сұлу ішік. Ер Түріктің қалдырған сарқытындай, Жадырайын Зайсанның суын ішіп. Ай астында билейді тірі қайың, Тірі қайың, мен сенен сыр ұғайын. Тағдырымның аязы мазамды алды, Шығыстан шыққан күнге жылынайын. Салт-санасы ғажайып, діні бекем, Құдіретіңнен айналдым, ұлы мекен. Ән-күйді, өрнегі алуан өлең-жырды, Ұларыңдай баулыған ұлың екем. Алдымнан шашуыңды шаш, ағайын, Қайтадан жігіт болып жасарайын. Томпаңдап тоңып жүрген торғайдайын, Жалғыз түп жусаныңа тасалайын. Жалғызыңа бола гөр, Алтайым жар, Сен дегенде тіліммен шайқайын бал. Шығысымнан шыңғырып шымарқансам, Батысыңа жетеді айқайым дәл. Жүрсін ЕРМАН, үшінші орынӨСКЕМЕН
Қалдырып кетпесем де ештеңемді, Қимайды көңіл неге Өскеменді? Былдырлап тілі шыққан балам құсап Шықпайтын болып алды естен енді. Қол созып махаббаттың жүлдесіне Шомылсам шолпылдатып Үлбісіне Өскемен келіншек боп көрінеді Оранған үлдесі мен бүлдесіне. Жұлдыздай зерлі аспаннан үзіп алған, Түнгі оттар шыға келсе жүзіп алдан. Көңілдің айдынында ағараңдап, Қаяудай құс жолының ізі қалған. Қияқтай ай боп көкте тұрса қылыш, Кетеді жүрек жібіп, жұмсарып іш. Дүбірлеп түркі атының тұяқтары, Сібірлеп оянады бір сағыныш. Күн нұры тозаңдатып гүлдер шаңын, Көшкендей көз алдымда күндер сағым. Санамды сілкілейді сақ кезімде, Сары алтын сауыт киіп жүрген шағым. Сайы жоқ саясында гүл өспеген, Самалы сыбырлайды бір ескі өлең. Киесін Алтай-әжем құрмет тұтқан, Бабамның бөркі шығар бұл Өскемен. Жеңіспен жалғансын деп жортуылдар, Еңістен ереуілдер еркін ұлдар. Ішінде қарағайдың қаптап жүрген Қайдасың, қаратайлар, төртуылдар? Тарихын тергесеңдер Өскеменнің, Жұрты бұл жөңкіп бұлттай көшкен елдің. Алтайым – ақ бесігі Ата қазақ Кіндігін қылышпенен кескен ердің. Тағдырын кешкен сол ұл Көрғұлының, Тәңірім, енді ұзартып бер ғұмырын. Шығыстың шаңырағы жүрген сынды Шайқалып шүйдесінде Кербұғының. Рахман суыңда да ырыс қайнап, Майлайсың мұртыңды енді, мырышты аймақ. Түбінде қазаныңның тұрсын қаспақ, Қыр асып, қиыр шетке жылыспай бақ. Кәдірбек Құныпия, арнаулы сыйлық Алты алас болмаса да бес берерім, Көрсем деп осы өлкені көксеп едім. Дариға-ай, жан сырымды жеткізер ме, Шығысқа шырқай ұшып жетсе өлеңім. Кеудеде үміт оты жанады үдеп, Жадырап жақсылыққа сана, жүрек. Шығысым шырайына шырай қосты, Төріне өлеңі кеп, Абайы кеп. Армандап арай тарар арда шыңды, Көре алмай көкірегім сан басылды. Қара шал қара өлеңі хатқа түскен, Дәру боп бойға тарап, қанға сіңді. Шығысқа қарап тігіп боз сарайды, Бұ қазақ көктемені жаз санайды. Ақ таңның шапағымен шырайланып, Шуақты әз өлкеден сөз тарайды! Қабыл боп көктен түсіп көксегені, Шығыстан шырайланып көш келеді. Алабын алтын арай нұрға бөлеп, Қарсы алар қазақ таңын Өскемені. Табысын тасқындаған көр түсінбей, Еңбегі ерлерінің серт ісіндей. Тағады інжу-маржан кеудесіне, Ағады несібесі Ертісіндей. Ең алғаш сәуле түсер шыңға мұнда, Ғажайып сұлу мұнда сырғалың да. Зүбәржат нұр ойнайды суларында, Шырайы шабыт берген шын дарынға. Жаныма дидарыңның нұрын құйып, Шығысым, мен жырлайын күйіңді ұғып. Шапағың шуақ шашсын шартарапқа, Жайнасын, желбіресін туың биік! Тәуелсіз төрт тарапқа ірге құрдым, Көшімді шұғыла-нұр күнге бұрдым. Ұлы көш салқарының сәні болған, Шығысым, шырайысың күллі Елімнің! Асанқадыр ИСАБЕК, арнаулы сыйлық Өр Алтай! Даңқың таныс бала жастан, Ұйқымнан сенен ұшқан ән оятқан. Бауырың – құт-береке, қойның – бейіш, Бай өлке бар ма елімде сенен асқан?! Баурайың ну қарағай, орман болып, Халқыңды желден қорып, жаудан қорып. Қалғыған арыстандай жатырсың сен, Елімнің шығысында қорған болып. Көсіліп Тарбағатай сілемдері, Күлімдеп көкжиектен күн өрледі. Қарауыл, Жидебай мен Шыңғыстауды Танытты Әуезовтің ұлы еңбегі. Шыңдарың бар иығын тұман жапқан, Суларың бар сұлаудай бұраң қаққан. Көлдерің бар мөлтілдеп тау ішінде, Кірпияз сұлулықтан сыр аңдатқан. Бауырың толған мал мен жан, ән менен құс, Баурайыңда жаз гүлдеп, жайнаған қыс. Көрген жанның көркіңе көзі қанып, Жанарынан жамырап жауған алғыс. Тұрмайсың көкірегіңнен күй есілмей, Ай, жұлдыз маңдайыңнан сүйетіндей. Ырғайды мүйіздерін марал-бұғы, Асқарлы Алтай таудың киесіндей. Кер тарих көсеуімен от көседі, Қарсы тұрды ел жауларың шапса сені. Қабанбай, Шыңқожадай ерлер шыққан, Ежелгі түркілердің бақ мекені. Өскемен, үстің – ырыс, астыңда кен, Өндіріс дүрілдеуде тасқынға тең. Қазақстан қарыштап даму үшін, Өр еңбектің алауын жақтың ба екен?! Көретін көкірегінде нұры бар жан, Семейім – қалған мекен ұлылардан. Осында «Еңлік-Кебек», «Қозы-Баян», Киелі махаббаттың жыры қалған. Сан бұлақтай Шығыстан басталар құт, Сөзінен көркем ойдың жауһары аңқып; Тіл маржанын танытқан барша әлемге, Омарханның Мұхтарын мақтау артық. Зердесі ну жынысты, өр Алтайдай, Талант өтті Бөкеев Оралхандай. Қара Ертістей ағызған ой өзенін, Сенен шыққан Шәкәрім, Абай қандай?! Алтайдың әні көп-ті, сәні көп-ті, Аямай берген Тәңір қабілетті. Әнімен алты алашты тамсандырған, Жамал мен кім білмейді Жәнібекті. Беу, Шығыс!..