ҰЛЫ АҚЫНЫН ардақтауда қалың ел
2010 ж. 19 қазан
4682
1
Биыл - ұлт кемеңгері, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың дүниеге келгеніне 165 жыл. Хәкімнің мерейтойы еліміздің әр түкпірінде өз деңгейінде аталып өтті. Әлі де өтіп жатыр. Ақынның туған топырағы, қасиетті Семей өңірі бұл мерейтойға ерекше әзірленіпті. Мерейтойға арналған ауқымды салтанатты шаралар қалада 6 қыркүйекте басталды.
Абай ескерткіші Нью-Делиде бой көтермек Мұндай жағымды жаңалық туралы осыдан бір апта бұрын Өскеменде өткен БАҚ өкілдерімен кездесуінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтқан болатын. Иә, Алла сәтін салса, мүсінші Болат Құсайынов жасаған биіктігі 1,5 метрлік қола мүсін жақын күндері келісімшарт бойынша үнді халқына сыйға тартылмақ. Реті келгенде айта кетейік, былтыр күзде Қазақстандағы Үнді елшілігі өскемендіктерге ақын Тагордың кеуде мүсінін тарту еткен-ді. Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі күні тараптар Абай ескерткішінің Нью-Дели қаласының қай жерінде орнату қажеттігі мәселесін шешіп жатыр. Қазақстандықтар ақын мүсінінің Нью-Дели қаласындағы Абай атындағы көше бойында бой көтергенін қалайды
«Абай мектебінің аға оқытушысына» ескерткіш қойылды Ұлы ақынның мерейтойына арналған шаралар 6 қыркүйектен бастап, хәкімнің туған топырағы, өзі оқыған қаласы Семей шаһарынан басталды дедік. Бұл күні Семейде әуелі 35-ге тарта жас ақындардың қатысуымен жыр мүшәйрасы өтті. Мүшәйрада Бақытжан Раисова үздік деп танылса, Әсем Ережеқызы, Серік Молдабеков, Талшын Нұрланқызы сияқты ақындар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Содан кейін «Әнді сүйсең, менше сүй» деп аталатын әншілер сайысында облыстың әр түкпірінен келген 30-ға жуық әнші өнер байқасты. Олардың ішінде бас жүлде семейлік Мұңлық Сарбасованың еншісіне тиді. Сондай-ақ, семейлік Нұриддин Иманбаев, өскемендік Азамат Тасболаттар үздіктер қатарынан көріне білді. Абай әндері мен өлеңдерін жатқа оқушылардың думанды мерекесін тамашалауға ақынның көзі тірі ұрпақтары да келіпті. Олардың қатарында Ишағы Жағыпарқызы да бар. Сексеннен асқан Ишағы апаны аралас-туыстары Ишан деп атайды екен. Бұл кісі ақынның төртінші ұлы Мағауиядан туған, яғни ұлы Абайдың шөбересі. - Мен Абай атамыздың ұрпағымын, бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Әкем Жағыпар - Мағауияның кенже баласы. Ол кісінің үш қыз, екі ұлы болған. Солардан қалған бүгінде сіңлім Ғазел екеуміз ғана. Құнанбай қажы атамыз 86 жасында дүниеден қайтқан екен. Мен қазір ұлы бабамның жасынан да астым. Әкеміз 1934 жылы қайтыс болды. Мұғалім еді, көзі ашық, оқыған жан еді. Әкеміз дүниеден өткеннен кейін бастапқыда бір туыстарымыздың қолында тұрдық. Содан соң Семейдегі 11-ші мектеп-интернатында тәрбиелендік. Бәрін айт та, бірін айт Абай атамыздың шөбересі екенігімізді мақтан тұтамыз. Бізге ақынның ұрпақтары ретінде көптеген жазушылар, зерттеушілер келіп Абай атамыз туралы сұрап жатады. Біз сіңлім Ғазел екеуміз бар білгенімізді ортаға салып, айтып беруге тырысамыз, - дейді асылдың сынығы Ишағы апамыз. Бұл күнгі есте қалар ерекше жаңалық - абайтанушы, үлкен ғалым, ұстаз Қайым Мұхамедхановқа қаланың қақ төрінен ескерткіштің ашылуы. Сәулет тілімен айтсақ, мүсінді-монументалдық композиция. Бұл мүсінді-монументалдық композициядан кеңестік кер заманның кедергісіне мойымай, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қарсы тұрған қазақтың қайсар ұлының айбынды бейнесін ғана емес, ХХ ғасырда «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» деп ұлт жолында ғазиз бастарын құрбан еткен ардақты Алаш азаматтары мен «Халық жауының» жарысың немесе қаны бір туысысың деп жазықсыз жапа шеккен ұлтымыздың аяулы қыздарын көреміз. Олар кешкен заман, көрген тауқімет, тартқан қасіретті бұл ескерткіш бүгінгі ұрпағының есіне салып тұрғандай. Қасіретті тағдыр кешкен қалам иесі туралы ескерткіш басында ұлы ақынның 165 жылдық мерейтойына арнайы келген жазушы Қабдеш Жұмаділов былай деді: - Қайым - Абайдың мұраларын зерттеумен қатар, оның ұрпақтарының да, шәкірттерінің де еңбектерін жинақтап, бірізге салып кетті. Мұхтар Әуезовке дәл Қайымдай адал болған, оның еңбегін халыққа жеткізе білген ешкім жоқ.
Абайтанушы, ғалым Төкен Ибрагимов: - Абай өнерін, оның даналық ой өнегесін өміріне мұрат еткен, Абайды жүрегімен ұғып, соған бар ғұмырын арнаған Мұхтардың жолын қуған дос інісі, ғалым шәкірті Қайым Мұхамедхановтың өмірде жалғыз қастерлер қасиетті дүниесі болса, ол – Абай есімі, абайтану ілімі болса керек. Ол ұлы ақын, ойшылдың өлместей ғып сомдаған Абай мұражайымен әрқашан бірге. Оның табынары да, танытары да – Абай. Кәкең – Абай мектебінің аға оқытушысы, - деді. Ескерткіштің ашылу салтанатына қала басшылығымен қатар зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар мен ақын ұрпақтары қатысты. - Қайым Мұхамедхановтың өмiр жолы, қазақ халқы үшiн атқарған еңбегi де тәуелсiз Қазақстанның азаматтарын арлы, намысты етiп тәрбиелеуге көмектесетiн бiрден бiр үлгi-өнеге. Егер халқымыздың Қайымдай азаматтары болмаса, дәл бүгiнгi тәуелсiздiгiмiздiң баянды болуы белгісіз еді. ХХ ғасыр — қазақ халқы үшiн, бiр жағынан шер мен мұңның да ғасыры болды. Елiм, жерiм дегендер қамалған, “Абай” дегендер Қарлаг түрмесiне түскен, бастылары атылған, тектiлерi тентiреген заман болды. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтiң де басынан бұлт арылмағандығын жақсы бiлемiз. Сондай ұлы тұлғаны қажет кезiнде жанымен де, арымен де қорғай бiлген адамдар болған. Солардың бiрi — Қайым Мұхамедханов, - деді өзінің сөзінде Семей қаласының әкімі Мейрамхат Айнабеков. Абай тойына Абай атындағы ұшақ шығарылды Ұлы ақынның айтулы мерейтойы қарсаңында ақын есімін иеленген жаңа ұшақ қанат қақты. Бүйірінде Абай Құнанбайұлы деген жазуы бар ақ түсті жаңа ұшақтың алғашқы жолаушысы Әз-ағаң, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов пен Сұлтан Оразалин ағаларымыз болды. Құрметті қонақтарды Семей әуежайынан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ қарсылаған. Журналистер сол жерде әкімнен жаңа ұшақ жайлы да сұрап үлгерген. – Бұл ұшақ Бразилиядан келген. Былтыр екі мемлекет басшылары өзара келісім жасаған болатын. Сол келісім бойынша Бразилия елі жіберген алғашқы ұшақ бүгін Алматыдан Семейге ұшып келді. Оған өздеріңіз куә болып тұрсыздар. Халықаралық барлық стандарт талаптарына жауап беретін ұшаққа біз жерлесіміз Абай Құнанбайұлының есімін беріп отырмыз, - деді Б.Сапарбаев. Ұлы ақын есімін иеленген бұл ұшақтың бір ерекшелігі - жанармайды аз жейді екен. Екіншіден, Алматы мен Семей арасындағы ұшу уақытын қысқартады дейді. Алла сәтін салса, келешекте ақын атындағы ұшақ қос қаланың арасында ғана емес, басқа бағыттарда да самғайтын болады. Ұшақ түскен ағайынды қарсылаған соң жұрт шаһардағы ұлы ақынның ескерткішіне қарай ағылған. Халық көп жиналған екен. Әуелгі сөзді Семейдегі Абайдың әдеби-тарихи, қорық-мұражайының 35 жыл шырақшысы болған Төкен Ибрагимов алып: -«Шөл ғасырлардың құм-медиен құла түзінен болар заманға, жарқын заманға қарай жалғыз аяқ жол тартқан ақын, ол – Абай еді. Сахараны басқан қара түнекті қақ жарып, жалғыз қолда жалғыз шырақ ұстап: «Күнің мынау белден асады, Жарығың анау дөңнен асады» деп халқына жол бастап, жол нұсқап кеткен ол тағы да Абай еді. Халық өмірі, халық үні ақын үнімен үндесіп, қабысқан сәтте ол ақынға өлім жоқ. Ол кешегі Абай болып, бүгінгі Абай болып, заңғар аспанның бір жарық жұлдызы болып жарқырай береді. Бүгін де, ертең де ұрпақпен тілдесе береді» деп сөзін ұлы Мұхтар Әуезовтің осыдан 65 жыл бұрын Абайдың 100 жылдық тойында сөйлеген сөзімен сабақтап, жұртшылықты ұлт ұстазының мерейтойымен құттықтады. Осыдан кейін-ақ ескерткішке гүл қою рәсімі басталып кетті. Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған зиялы қауым ескерткішті алқызыл гүлге көміп тастады. Үкілі домбырасын көтеріп танымал әнші Тұрсынғазы Рахимов «Сегіз аяққа» салғанда, сүйсінбеген жан қалмады. Ескерткіш басындағы салтанат аяқталған соң Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінде хакім Абайдың туғанына 165 жыл толуына арналған «Абай мұрасы – адамзаттың асыл қазынасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі жүргізген конференцияда М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Сейіт Қасқабасов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, М.Ломоносов атындағы ММУ-дің профессоры, абайтанушы Николай Анастасьев, философ ғалым, сенатор Ғарифолла Есім, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті гуманитарлық факультетінің деканы, профессор Арап Еспенбетовтер сөз алып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты баяндама жасады. – Адамзаттың рухани дамуына үлкен үлес қосқан қазақтың жарық жұлдыздарының бірі – Абай екені даусыз. Абайды насихаттаған сайын біз қазақты дүниежүзіне танытамыз. Сондықтан да Абайдың артына қалдырған рухани-әдеби мұрасы әлі де болса өз деңгейінде жеткілікті зерттелуі керек, – деді Бердібек Сапарбаев өз сөзінде. - Абай – теңіз. Біз сол теңіздің жағасында тұрып, теңіз жайлы әңгіме айтып тұрмыз. Абай ақындықтан хакімдікке дейін жеткен тұлға. Хакімдік, ол – рухани терең әлем. Ендеше сол әлемді тануымыз қажет, – деді өз баяндамасында Ғарифолла Есім. Конференция соңында Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Е. Сыдықов ғылыми кеңестің шешімімен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Н. Оразалин мен М. Ломоносов атындағы ММУ профессоры Н.Анастасьевке университеттің Құрметті профессоры атағы берілгенін айтып, куәлік табыс етті. Реті келгенде айта кетейік, биыл қасиетті Шығыс өңірінен шыққан бүгінде есімі елге белгілі бірнеше азаматтың торқалы тойы. Бірі – 60 жасты алқымдаса, бірі – 70-ке жүген салып, енді бірі 75 жастың ауылына ат шалдырса, енді бір ағамыз 80 жасқа келген екен. Абай атындағы әдеби-сазды драма театрында өткен салтанатты кеште Бердібек Сапарбаев мерейтой иелерін қуаныштарымен құттықтап, көрнекті сазгер Еркеғали Рахмадиевке, әдебиеттанушы Сейіт Қасқабасовқа, жазушы Қалихан Ысқаққа темір тұлпардың кілтін тапсырып, Несіпбек Айтов, Дидахмет Әшімханов, Нұрдәулет Ақышқа басқа сый-сыяпат жасады. Марқұм Нұрғали Рымғалиға тиесілі несібені ғалымның жарына табыс етті.
Қаныш Сәтпаев көшесі қайта жаңғырды Ұлы ақын тойы шаһардағы бірқатар игі шаралардың қолға алынуына септігін тигізді. Осы күні Семейде қазақтың біртуар ғалымы Қаныш Сатпаев атындағы көшенің де тұсауы кесілді. Отыз жыл бойы жөндеу көрмей әбден кетеуі кеткен көшеге биыл «Жол картасы» бойынша қалалық бюджеттен 350 миллион теңге бөлініпті. Қаланың Затон, 1-ші ықшам ауданы мен Мирный кенттерін басып өтетін ұзындығы 8 шақырымды құрайтын көшенің көркі кіріп қалыпты. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Бердібек Сапарбаев та арнайы келді. Аймақ басшысы тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде әлемді жайлаған дағдарысқа қарамастан облысымызда жолдар мен көшелер жөнделіп, ауруханалар мен мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқанын айтты. Мемлекет басшысының өзі халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне баса көңіл бөліп отыр. Алдағы уақытта осы көшенің бойында қоныс тепкен тері-мех комбинаты да қайтадан қалпына келтіріліп, көркейетін болады. Бұл мақсатқа Даму банкінен 50 миллион теңге қаржы бөлінген. Сөйтіп аталған комбинат өз қуатында жұмыс істегенде көптеген халық екі қолға бір күрек табатын болады.
Азамат Әбілұлы Шығыс Қазақстан облысы