«Правом жоқ өлуге...» Жырды жұлмалауға кім «право» берді?
2013 ж. 25 сәуір
4294
10
"ПРАВОМ ЖОҚ ӨЛУГЕ..."
деп өз қадірін көзі тірісінде-ақ асқақтатып кеткен Қадыр Мырза-Әлидің жырларын жұлмалай беруге кім «право» берді?
Жүн болған жібек
Орал қаласында күллі жыр жанашырларының жанын жаралаған шалажансар кітап жарық көрді. Айтуға ұят, «айтпаса, сөз атасы өледі» дегендей, ол кітап: «Кім туралы?» – дегенде, дәлдүріш-дәйіс дүниенің қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырза-Әлиге арналғанын айтуға мәжбүрміз. Ардақты ақынның шығармашылығын «меншіктеп алған» кітап құрастырушы «Қазақтың Қадыры» атанған жыр дүлдүлінің өміршең өлеңдерін жүндей түтіп, жұлмалап, өз еркінше «жөндеп», «редакциялап», өз жанынан шумақтар мен жолдар қосып, «талғамға татымайтын жерлерін» алып тастап, әбден әлем-тапырық жасапты. Кітап құрастырушысы ақынның авторлық құқығына аяусыз қол сұғып, біраз біртуар туындыларын бүлдіріп, ит-рәсуә еткен...
Бүлдіріп-бұзу, күзеу-түзеу кітаптың атауындағы:
Мен болмаспын,
Бірақ сөзім оралар
Халқым аман тұрғанда, – деген аңдатпа тақырыпшадан басталады.
Ақынның «Жоқ, өлмеймін!» атты атақты өлеңінің төртінші шумағынан алынған бұл үзіндінің соңғы жолы «Сайрап тұрған шешендердің тіліне» деп аяқталатын. Ол ол ма, ішкі титул-парақта тағы да бүлдіріпті. Оны енді «Мен болмаспын, бірақ сөзім оралар сөз сыйлайтын халқым барда» деп қоқытып шығарыпты. Салыстырып қараңыз:
Көк дауылмен жағаласып кемеміз,
Көк мұхитта қақпақыл боп келеміз.
О, Жасаған!
Өстіп жүріп бір күні
Өлеміз-ау,
Өлеміз-ау,
Өлеміз!
Кейбіреулер соны неге ұқпайды,
Қадалады жүрегіме мұң-қайғы.
Мен де өлемін,
Менің бірақ есімім
Жазушылар тізімінен шықпайды!
Пендемін ғой, тау болсам да шөгер ем,
Гүлдей солам,
Бірақ, қайта көгерем:
Тірілердің көзіне оттай басылар,
Талай-талай немерем мен шөберем.
Өліп-өшкен ғашық жігіт
Күніне
Мендік көзбен қарар сүйген гүліне.
Мен болмаспын,
Бірақ, сөзім оралар
Сайрап тұрған шешендердің тіліне.
Жүрек неге,
Өкпе неге алқынды?
Қимайды ма өте шыққан бал күнді?
Әдемі әзіл бір кездері мен айтқан,
Әлі талай ду күлдірер халқымды.
Амал қанша!
Татар дәмім таусылды.
Қабірстан құшағымен қаусырды…
Жоқ! Өлмеймін!
Елім талай естиді
Лентаға жазып алған даусымды!
Кейбір жырым дән ұшырып қырманда,
Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда.
Жоқ! Өлмеймін!
Правом жоқ өлуге,
Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда!
«Жоқ, өлмеймін!» – Қадағаңның ақындық ғұмырнамасының түйіні іспеттес ғажап өлең! Құрастырушының неге өшіккенін қайдам, әлде, өзінше «жақсылық жасаған» түрі ме, осы өлеңнің жұлым-жұлымын шығарып, жартыкеш қып жариялай салыпты.
Ақынның даналық нақыл, әп-әдемі терме ретінде төгілдіре шырқалып жүрген «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» атты жырына да құрастырушының қолы қатты тиген, біржола кесіп-турап, қысқартып, «жәбірлеген». Жырдың әр жерінен 16 жолын алып тастап, құнтитып жариялағанда, не мақсат көздегені ақылға сыймайды! Күлдібадам кітаптағы өлең: «Тұңғыш рет көріп тұрсың сен оны, Нағыз қазақ осы міне, танып қой!» деген ақсақ жолдармен басталып тұр.
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой
Дос келді деп, жасап жатыр анық той, – деген ең басындағы жолдарды автор аямай-ақ «құрбандыққа» шалып жіберген. Қадағаңның өз кітабында бұл өлең алты жолдан тұратын бірінші шумақты қайталаумен аяқталса, құрастырушы өз нұсқасында «Нағыз қазақ осы, міне, танып қой!» деп екі-ақ жолмен «түйіндеп тастапты».
Одан әрі оқиық:
Қайда біздің заманмен тең өскендер,
Тұлғалармен тарихы теңескендер,
Қайда біздің Аяз би, Шернияздар,
Қайда біздің Цицерон, Демосфендер.
(Қайда жастар – ойнаған отпенен
Қайда біздің отаншыл
саяси партиялар
Қайда орақ ауыз депутаттар...)
Осындағы алғашқы төрт жолдың Қадыр жыры екені әркімге-ақ аян. Ал, соңғы жолдар – «шабыт қысқан» сәтіндегі автордың өз жанынан қосқандары, ақын шығармасын «қазіргі күннің шындығына сәйкес ширатып толықтырғанының» айғағы. Халқы талантына табынып, бас иген ғұлама ойшыл, хас шебердің жазғандарын ойланбастан «жөндеп, түзеуге» ешкімнің құқы жоқ!
Қадырдың өзі «Иірім» атты кітабында тігісін жатқыза әңгімелеген жәйттарды автордың «жаңаша» баяндауы да орашолақ ойдың шалалығы. Айтқанымыздың шындық екеніне көз жеткізу үшін талдап отырған кітаптан алынған үзіндіге үңіліп көріңізші (тыныс белгілері мен әріп қателерін сол күйінде беріп отырмыз):
«Болмайды енді бір қадам шегінуге!
Қол жаюға басқаға,
Емінуге.
Қандай күрес болса да,
Бұдан былай
Бір қазақтың қақы жоқ шегінуге! – деп ұран тастады да, егер жаның ашымаса еліңе, қазақ болмай пәтшағар, жоғал әрі! – деп жекірді.
...Бір көзін жұмып, бір көзін ашып жатып ұйықтайды мансап күтіп, қанша азамат айырылып ұяттан сол мансап үшін. Ала беру, әйтеуір ала беру. Әбден сіңді пенденің санасына. Етек алды мафия бой көтеріп, сыйлықтың емес, абыройы өсті параның. Шыдаудай шыдап: «Шүкіршілік» десе біреулер, кейбіреулердің ашылды әбден араны құзғынға ұқсап. Көрмегенім аз менің, сондықтан да қатты айтамын, қатты айттым күйінгеннен, – дей келіп Қадыр: қазаққа ой салып заманмен тіл тауып, жарасуын тілейді».
Мінеки, осындай мағынасыз, шолақ ойлап, шорт кесетін орашолақтыққа тағы бір мысал. Қадағаң «Иірім» кітабының 238-бетінде: «Біз әдебиетке келген кезде кеңес қазақ әдебиеті жартылай ұйқыда болатын. Аға ақындардан елдің даусыз мойындайтыны Қасым Аманжолов қана болатын» деп жазған-тұғын. Осындағы екінші сөйлемді қолапайсыз құрастырушы «Беделі бар жалғыз ақын Қасым Аманжолов болатын» деп өзгертіп, яғни, Қадырдың атынан Әбу, Тайыр, Әбділдә, Сырбай, Хамит, Қалижан, Жұбан... сынды небір қазақ ақындарын түгелімен абырой-беделден айырып, жұрдай қылыпты.
...«Жібекті есе білмеген жүн қылады» дейді, қиядағы қыранды «шындықтың шымшығына» теңеп, Қадырдың қадірін түсірген осы бір күлдібадам кітапты одан әрі талдауға шыдамымыз жетер емес...
Көкбай мен Ақбайдың арасы –
жер мен көктей...
Аталған кітапсымақтың авторы – Ақжайық өңіріне әйгіленіп қалған Жайсаң Ақбай деген кісі. Өз айтуы бойынша: «тарихшы, өлкетанушы әрі публицист».
Жайсаң Ақбайдың да – кез келген хат танитын, жазу білетін адам ретінде қандай дүние жазуға да құқы бар, бірақ, қазақ поэзиясының маңдай тірер тума талантының бірегейі, ұлт ұлағатының ірі тұлғасы Қадыр Мырза-Әлидің өлеңінің бір жолы түгілі, жалқы сөзін өзгертуіне правосы жоқ! Бұлай істеу – әдепсіздік, жетесіздік қана емес, бұл – қып-қызыл қиянат, тіпті, қылмыс!
Иә, Ақжайық жұрты Жайсаң Ақбайдың атақты адамдар турасында пікір айтуға, ой қосуға құмарлығынан хабардар. Мәселен, Жанша Досмұхамедовке әлденеше рет айналып соғумен болды. Мықтылығын дүйім ел мойындаған ақындар мен сыншылар, әдебиетшілер мен зерттеуші-ғалымдар артық сөз айтуға бата алмай жүргенде, жазарман Жайсаң Ақбай Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдық мерейтойына қолақпандай «монография» жазып тастады.
Керек десеңіз, жергілікті ақын Ғайсағали Сейтақ бірде Жайсаң Ақбайдың мынадай «қызығы мен шыжығын» сөз еткен болатын. Сірә, Жұбан туралы «монография» жазып, «шабыттанып, шалқыған» көңіл-күйінің әсері ме екен, Жақаң ақын інісіне: «Мен қазақпын» поэмасын бүгінгі заманға лайықтап қайта жазу керек! Ол сенің ғана қолыңнан келеді. Солай жаса!», – деп, «әйбат» ақыл айтыпты...
Күндердің-күнінде Жайсаң Ақбайдың Қадыр Мырза-Әлидің қайтыс болғанына бір жыл толуына арнап жөпелдемеде апыл-ғұпыл кітап жазып жатқанын естідік. Қадағаңның шығармашылығына шынайы жанашыр жандар: «Көркем сөз шеберлері, өнер майталмандары, ғұлама тұлғалар туралы халыққа ұялмай ұсынатындай көлемді дүние жазу үшін өрелі ой, биік талғам, терең пайым, дарындылық, біліктілік керек емес пе?!.» – деп, байыз таппай, мазасызданып, қатты уайым кештік.
Оның үстіне, Жайсаң Ақбайдың Жұбан туралы жазғанының – «кітап» деген қастерлі ұғымды қорлау болып шыққанына қанықпыз. «Кәкір-шүкірге толы қарабайыр былжырақ, орашолақ, олпы-солпы сөйлемдер тізбесі қайран Қадағаңның да сілікпесін шығаратын шығар» деген үреймен жүрдік.
Бір жағынан, «Бала-шаға емес, ата сақалы аузына түскенде, көтере алмас шоқпарды беліне байламас?!.» –деп те дәмеленіп, үмітке те жүгіндік. Бірақ, үмітіміз үзіліп, күдігіміз ақиқатқа айналды. Есі бүтін, талғамы бар бір адам бетін ашпайтын көкжасық бірдеңе жарыққа шықты. Тіпті, кітапсымақ баспадан шығар-шықпастан, жалмажан тұсаукесері өткізілді.
Тұсаукесерде Жайсаң Ақбай Қадырмен бір мектепте оқығанын, оны жанына жақын тұтып, жақсы білетінін, ол туралы кітап жазбасқа қақы жоқ екендігін жиналған жұртқа желпіне жеткізіп, мәлім етті. Ол-ол ма, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасындағы бір кездесуде Жайсаң Ақбай Қадырды қолынан жетектеп, бірінші класқа апарғаны жайында әңгімелегенін кейін «Орал өңірі» газеті басқанда, жағамызды ұстадық.
...Осындайда сонау 1977 жылы Оралда әдебиет музейінің ашылғаны есіме түсті. Жайсаң Ақбай сол кезде облыстық мәдениет басқармасының бастығы еді. Жаңа музей қызметкерлерінің қияндағы түу Алматы қаласына әдейі барып, Хамит Ерғалиев пен Қадыр Мырзалиевтен сұрап әкелген материалдарын әншейінде облыс басшыларының алдында құрақ ұшатын Жайсаң Ақбайдың қапелімде қасарысып: «Бұларды ел де білмейді, мен де білмеймін» – деп, музей экспозициясына қойғызбағанын естіген едім...
Бір кезде елдің сүйікті ақынын мойындамай, оны музей экспозициясында көрсетуге де іштарлық еткен Жайсаң Ақбайдың табан астында қадыртанушы атанып, оның қаршадайынан «қамқоршысы» бола қалғанына қайран қалмасқа шараң қайсы?!.
...Бір заманда Хакім Абай өлеңдерін Көкбай ақынның атымен жариялап келіп, жазуға жасы қырықтар шамасында шындап кіріссе, Жайсаң Ақбай шенеунік дәрежесінен зейнетке шыққан соң, алпыстан асқаннан кейін қолға қалам алған көрінеді. Бірақ, адуынды ақын да емес, көрнекті жазушы да емес, өткен-кеткенді, көрген-білгенін қағазға түсірген тиянақты жазарман ғана.
Қазақтың бас ақыны Абайдың бар жазып-сызғаны жауһар түзеп, жұқалтаң екі томға ғана жетсе, Жайсаң атты жазарманның жиып-терген кітаптарының ұзын-саны жиырмадан асып жығылады екен. Осыдан-ақ, қазақтың: «Саны бар – сапасы жоқ» дейтін мәтелінің нағыз мағынасын түсінуге болар...
Қысқасы, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді жайлап бара жатқан ақбайшылдық үрдістің алдын алып, алыптарымыз бен арыстарымызды арашалау – әрбіріміздің абыройлы парызымыз. Ағайыншылық пен жершілдікке «сүйрелеп», күллі Алаштың ортақ мұрасына айналған асыл қазынамызды жіктеп-бөлшектеп, «жекешелендіріп» алуға тырысатын тоғышарлардың тоңмойын «тірлігіне» тоқтау салынуы керек.
Тихон ӘЛІПҚАЛИ,
Орал қаласы
Редакциядан: Көзі тірісінде-ақ "Правом жоқ өлуге..." деп өзінің жүрекжарды жырларынжұртына аманаттап кеткен Қадыр ақынның жырларын жұлмалап жатқанда, қол қусырып қарап отырғанымыз жарамас. Ендеше осы бір өзекті мәселеге сіз болып біз болып үн қосып, тосқауыл қояйық!!!