Қазыбек ИСА. Алаш идеясы -Тәуелсіз Қазақстан идеясы
2012 ж. 26 қараша
7797
15
Бүгін Алаш тарихындағы 95 жылда алғаш рет осындай Парлементте фракциясы бар саяси партияның ұйымдастыруымен ауқымды деңгейде Алашқа арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп отыр! Тұңғыш рет билік төрінде, парламентте Алаштың атын атап, Үкіметке депутаттық сауал жолданды. Бұл баяғы 1987 жылы болу керек, Өзбекәлі Жәнібековтың ел идеологиясы тізгінін ұстап тұрған кезінде Алаш арыстарын ақтаған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысынан кейінгі билік қабырғасынан естілген, Алаштың аруағын қозғаған қайрат-қарекет. Ақ жол» партиясының депутаттық сауалы парламент қабырғасынан естіле салып, ол «Жас қазақ үні» газеті мен басқа да интернет сайттарында жариялана салысымен Алаш туралы мақалалар ағылып сала берді. Осылай Алаштың аруағы тербеліп, ақ түйенің қарны жарылып жатқанда сөйлемей қалғанымыз жарамас деп, мінбеге шығып отырған жайымыз бар.
Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Ендеше біз, әрбір азамат осы жүз жыл бұрынғы ұлттық ұлы идеялардың бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да негізі ретінде берік орнығуына мүдделі болуға тиіспіз. Өйткені Алаш идеясы - ұлттық идеология! Ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді
Алаш партиясының басты бес бағыты: 1. Жерге еңалдымен қазақ ие болу керек. 2. Жердің асты-үстіңгі байлығын қазақ пайдалануы керек. 3 Өз өнімін өзі өндіретін ұлттық экономика, 4. қазақ тілінің мемлекеттілігі, діні мен ділінің үстемдігі, 5. Білімнің дамуы, міне осы бес бағыт бір ғасырдан кейін , бүгін де өте өзекті болып отыр.
Алаш партиясы идеяларын елге танытуда қазақ баспасөзінің рөлі өте жоғары болды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Баспасөз – хъалықтың көзі, тілі және құлағы» деп бағаласа, Міржақып Дулатұлы: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп дәл анықтама берген.
Алаш идеясын насихаттауда келесі жылы 100 жыл толатын «Қазақ» газетінің ролі өте зор. Қазір бұл газетті белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев шығарып келеді. Ол 1911 жылы шыққан «Айқап» журналын да қайта шығаруды қолға алуда. Ал 1920-1926 жылдар бойы ұлтымыздың біртуар қайраткері Сұлтанбек Қожанұлы бас редакторы болған, Алаш пен ұлттық идеяны насихаттап келген «Ақ жол» газетінің бүкіл тарихын «Ақ жол» партиясы мүшесі, қазақтың белгілі ақыны Ханбибі Есенқарақызы зерттеп, кітап етіп шығарды.
Біздің білуімізше, Алаш арыстарының еңбегі сіңген,қаны төгілген тарихи отаны, Алаш Ордасы болған Семейдің сол жағалауында Әлихан Бөкейханның шағын бюстінен басқа ауызға ілінер ештеме жоқ. Семейде қазіргі күнде 877 көше бар екен, солардың тек 76-сы ғана өзгерген. Алаш арыстарынан Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаевқа ғана көше берілді. Олардың көпшілігі қаламыздың шеткері, көзден таса жерлерінде орналасқан. Ал,Алаш арыстарының атымен аталатын мектептер атымен жоқ.
Алаш көсемі Ә.Бөкейханды Семей жұртшылығы құшақ жая қарсы алған ғимарат бар. Онда ешқандай белгі жоқ. Әлиханның Семейге келуі үлкен мереке болып, Шәкәрім қажы сөз сөйлеп, С.Торыайғыров өлең оқып,Ә.Тәңірбергенов домбырамен толғау айтқан екен. Алаш қайраткерлерінің тұрған «Совет көшесі, 60» «Ғабдолла Тоқай көшесі ,92 үйлерде де ешқандай естелік белгілер жоқ. Мынандай масқараны қараңыз, алаштың атын өшіруге тырысып, Алашорда үкіметі ғұмырын тоқтатқан Советтің атында, Лениннің атында әлі көше бар да, Алаш атында Тәуелсіздігімізге 20 жылдан асса да әлі көше жоқ... Осы Алаш қаласы Семейде, қос астанада, облыс орталықтарының бәрінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап, Алаш арыстарының ескерткіштері тұруы тиіс.
1921-22 жылдары Ә.Бөкейхан мен М.Дулатұлы Семейдегі қазақ зиялысы Әнияр Молдабаевтың Комиссарская (қазіргі Бөгенбай батыр) көшесі 17 үйдегі екі қабатты жекеменшік үйде тұрған.Мұнда бір кездері М.Әуезов те тұрыпты. Қазір М.Әуезов атындағы мұражай болып табылады. Онда М.Әуезов туралы материалдар болғанмен, Алаш арыстары туралы ешнәрсе жоқ. Ең алдымен мектеп оқулықтарында жеткілікті көлем берілуі керек. Ал қазір «Қазақстан тарихы» оқулығында бар болғаны бір жарым бет қана. Бұл ешқандай елде болмайтын келеңсіздік.
Біздің кешегі жасаған депутаттық сауалымызға бір ай 10 күннен асса да, әлі жауап келген жоқ. Біз жауап күтіп жүргенімізде жауаптылығы зор, ұлттық мәні бар Алаштың 95 жылдығы өтіп кетіп жүрмей ме? Алдымен осыны ойлануымыз керек.
Алаш идеясы - ұлттық идеология. Ендеше ұлт болып жұмылып, Алаш арманын іске асыруымыз керек.
Алаш партиясының ізбасарымыз деген «Ақ жол» партиясы шама-шарқынша ұлттық мүдделерді ұлықтауға тырысып келеді. Биыл мамыр айында партияның Мәжілістегі фракциясы былтыр барлық қоғамдық ұйымдар дайындаған Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жетілдіріп, парламентке өткізуге тырысты. Кім қарсы болды дейсіздер ғой. Елбасы барша қазақстандықтар мемлекеттік тіл аясында бірігуі керек дейді. Ал Президентіміздің үкіметі мемлекеттік тілге қарсы шығады. Сөйтіп, «Ақ жол» дайындаған мемлекеттік тіл туралы заң жобасын парламентке жеткізбей, үкіметтегі кабинеттерде үнін өшіруге тырысты. Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы сәтсіздікке ұшырады. Бірақ «Ақ жол» мұнымен тоқтап қалмау керек деймін. Өйткені біздің сайлаудағы уәделеріміз бен бағдарламаларымыз бар.
Оның үстіне, біздің тағы бір үмітіміз, жақында ғана тағайындалған жаңа Премьер –Министр, мемлекетшіл қайраткер Серік Ахметов өткен аптада ғана «Үкімет енді тек қана қазақ тілінде сөйлейді» деп, үкімет мәжілісін мемлекеттік тілде өткізді.
Біз бұрын да, талай айтып келе жатқанымыздай, жаңа да Амангеелді Айталы ағамыз да айтып өтті, ең алдымен мемлекетіміздің атын дұрыстап алуымыз керек. Қазақстан Республикасы емес, Қазақ Республикасы болуы тиіс. Кешегі кеңес империясы кезінің өзінде Қазақ (Советтік Социалистік) Республикасы атанғанда, Тәуелсіз кезімізде қайдағы бір «станға» жабысып қалдық... Сонымен бірге менің айтарым, осы шет тіліне, мысалы халықаралық ортақ тіл ағылшын тіліне біздің елдің аты неге қазақ тілінен емес, өзімізді кеше отарлап келген Ресей тілінен аударылады? Неге «Kazakhstan» деп орыстың «Казахстан» сөзінен аударылады? Неге «Қазақстан» деген өзіміздің қазақ тілінен «Qazaqstan» деп тәржімаланбайды? Міне, құлдық психологияның басы қайда жатыр? Бас атауымызда, БҰҰ-да жатыр... Сонда оны аударып, жазып беретіндер қазақ емес, Тәуелсіз Қазақстан Азаматы емес, Ресей азаматтары болғаны ма? Ал Сыртқы істер министрі болып, екінші рет тағайындалып отырған, өзі айтпақшы « миын ауыстырмаса, қазақ тілін үйрене алмайтын» Ерлан Ыдырысовтың бұған миы жете ме?.. Баяғы да Балтық елдері әр әріптерінің ұлттық,төл тұрғыға негізделуі үшін күресті. Мысалы, Эстонияның астанасы Таллин қаласының атына тағы бір «н» қосылып, Таллинн болып өзгертілді. Не деген ұлттық мінез, не деген сауаттылық пен жауаптылық десеңізші...
Сол секілді тәуелсіз қазақ елінің азаматтары да өз есімдерінен «ов», «ова», «ев», «ева»-деген құлдық жалғауларды алып тастайтын уақыт жетті. Бұған біз алдағы уақытта арнайы тоқталамыз.
Біз бірлік туралы айтқанда, алдымен ұлттар бірлігін айтуға тырысамыз. Еліміздегі ел бірлігі мен ынтымақтастығы туралы сарабдал да, салмақты саясат өз жемісін берді десек те болады. Енді Тәуелсіздігімізге 20 жылдан асқанда бізде тек мемлекетті құраушы Қазақ деген бір ғана ұлт бар екенін, қалғандары ұлыстар екенін мәлімдейтін кез жетті. Бұл ұлттық мән-маңызы зор мәселені осы уақытқа дейін қазақтың нанын жеп, ауасын жұтып, бірақ сөзін сөйлемеген Қазақстан Халқы Ассамблеясы көтергені дұрыс шығар. Біз енді қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың, саяси партиялардың, бір сөзбен айтқанда қоғамның бірлігін сөз етіп, соны мақсат тұтуымыз керек.
Мынау залда студент жастар көп екен. Ұлы Мағжан «Мен жастарға сенемін!»-деген болатын. Осы жастарға қарата айтарым - сендер елдің тірегісіңдер! Біз бүгін отарлық құлдықтан құтылғанымызға 20 жылдан асқанда, ең басты баламасыз бақытымыз, барымыз да, нарымыз да, бағымыз да -Тәуелсіздігімізді сақтау үшін ешнәрседен де аянбаймыз.
Бұл кешегі саңлақ сақтардан, дүбірі дұниені дүрілдеткен Түркі қағанатынан, орыс княздары билікке бекітілу үшін Бату хандардың табанының ізі басылған таңбаны сүйіп, ант беретін болған Алтын Ордадан, Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауы Жәнібек-Керей бастаған Қазақ ордасынан, бас сүйегі отарлаушы ел Ресейде жатқандықтан әліге дейін басымыз орысша ойлайтын кешегі қайсар Кенесары ханнан, қазақ тарихында тұңғыш рет заманауи саяси партия мен үкімет құрған Алашордадан, сан ғасырдан бері осы кең байтақ даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап, бізге табыстап кеткен ата-бабалардан қалған Аманат!
Ендеше, Аманатқа адал, Тәуелсіздігімізді қорғауда алынбас қамал болайық, арда туған Алаш халқы!
Қазыбек ИСА,
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары
http://www.qazaquni.kz/2017/09/22/75099.html