Кодекске Қазыбек Иса ұсынған "Ұлттық қауіпсіздікті сақтауға" Ерлан Байжанов неге қарсы болды?
2012 ж. 01 қараша
1972
8
2012 жылғы 30 қазанда Астана қаласында «Қазмедиа орталығының» ғимаратында Қазақстан журнлистерінің этикалық Кодексі қабылданды. Жүзден аса журналистер қатысқан отырысты Қазақстан Журналистері одағының төрағасы Сейтқазы Матаев жүргізіп отырды. Оның айтуынша бұл құжат биылғы тамыз айынан бері еліміздің көптеген облыстарында, Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар қалаларында журналистер қауымы арасында талқыланып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында айтылған ұсыныстар бойынша әзірленді. Ал Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай Қазақстан журналистерінің Этикалық кодексін ЕҚЫҰ ресми өкілі Дуня Миятович жоғары бағалап, мұндай құжаттың журналистер үшін қажеттігін баса айтқанын жеткізді. Бас-аяғы 8 баптан тұратын Кодексті қабылдауда тартыс болмай қалмады. Жарыссөзге белгілі қаламгерлер мен журналистер, «Қазақстан» РТРК төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Нұрлан Оразалин, «Егемен Қазақстан» газеті президенті Сауытбек Абдрахманов, Central Asia Monitor газеті бас редакторы Бигелді Ғабдуллин, КТК телеарнасының белгілі журналисі Артур Платонов, «Президент және халық» газеті бас редакторы Марат Тоқашбай, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, «7 арнаның» төрайымы Бибігүл Жексенбай, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов, «Жас қазақ үні» газеті бас директоры Қазыбек Иса, «Нұр Медиа» холдингі бас директоры Ерлан Байжанов, «Жас өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек, «Түркістан» газеті бас редакторы Шәмші Пәтте, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев, «1 канал Евразия» арнасы төрағасының орынбасары Камиль Рашидов және т.б. қатысты. Жалпы Журналистердің этикалық Кодексі қысқа да нұсқа, нақты тұжырымдар қамтылған құжат болып шыққан. Дегенмен, "Жас қазақ үні" газеті бас директоры, ақын Қазыбек Исаның Журналистердің этикалық Кодексінің «Кәсіби парыз» аталатын 1 бабының 1 тармағына, яғни журналист қызметіне "Ұлттық ақпараттық қауіпсіздіктікті сақтауды" енгізген ұсынысы қатты тартысқа түсті. «Мемлекеттік мүдде мен ұлттық мүдде бір ұғым, дамыған елдердің бәрінде солай екенін жақсы білесіздер. Бізде ұлттық һәм мемлекеттік мүдделер тартысында мемлекетіміздің ақшасына шығып, еліміздің нанын жеп отырған баспасөз құралдары талай рет көрші елдердің сойылын соғып кеткеніне куә болдық. Меншігіне қарамай мемлекетімізде шығатын барлық баспасөз құралдары мемлекеттік мүддені қорғау керек. Ендеше неге журналистің кәсіби парызына ұлттық ақпараттық қауіпсіздік жатпауы керек? Мен осы бапқа «Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтау» деген сөйлемді қосуды ұсынамын.»-деді ол. Тәуелсіз ел үшін маңызды да, ең қажетті, мемлекет мүддесін қорғаған бұл тармаққа басқа-басқа емес, билік партиясының органы - «Нұр Медиа» холдингі бас директоры Ерлан Байжанов қарсы шықты. Оның сондағы айтқан сылтауы: «Ұлттық қауіпсіздікпен айналысатын арнайы орган бар, оның журналистер кодексіне қажеті жоқ»-дегенге сайды. Оған заңгер Марат Баширов та қосылды. Ұлттық мүддеге қарсы шыққандар, Е.Байжановтың саяси сауаттылығы, М.Башировтың заңгерлігі қандай деңгейде деген ойға қаласың осындай масқараны көргенде. Оларға Қазыбек Иса: «Ендеше бұнда келтірілген «Конфессияаралық келісім мен ішкі саяси тұрақтылықты сақтаумен» де арнайы айналысатын органдар бар ғой. Олар Кодекске кіргенде неге ең бастысы - ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтау кірмеуі тиіс. Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті ойламайтын ол қандай журналист, қандай басшы?»-деп тойтарыс берді. Қазыбек Исаның ұсынысын Бигелді Ғабдуллин, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Абдрахманов, Жүсіпбек Қорғасбек, Арман Қырықбаев, Мәди Манатбектер табанды түрде қолдап шықты. Ақырында 1 баптың 1 тармағы үшінші рет жеке дауысқа салынып, басым дауыспен бірауыздан қабылданды. Бір ғана адам – Ерлан Байжанов қарсы болды. Ақын Қазыбек Исаның Журналистердің этикалық кодексіне "Ұлттық ақпараттық қауіпсіздіктікті сақтау" бабын енгізгені қалам ұстаған ағайындардың айтуынша «Қазақ журналистерінің жеңісі» болды. Ал оған қарсы шыққан жалғыз адам Ерлан Байжановтың мақсаты не сонда? Қайта "ұлттық, яғни мемлекеттік қауіпсіздікті сақтау" бабын тәуелсіз «Жас қазақ үні» газеті бас директоры, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исадан бұрын үнемі мемлекеттік жауапты органдарда лауазымды қызметтерде істеп келе жатқан, билік партиясы «Нұр Отанның» мемлекеттің қаржысына шығатын «Нұр Медиа» ақпараттық холдингінің бас директоры Ерлан Байжанов ұсыну керек емес пе? Бұны тек біздің елде ғана кездесетін парадокс деуге болады...Ерлан Байжанов неге ұлттық ақпараттық қауіпсіздіктен шошиды? "Күйгенде екі жазушының баласы, екі Ерланнан (Ыдырысов пен Байжанов) күйдік қой"-дегенді Қазыбек Иса жетіскеннен айтты дейсіз бе? Тәуелсіздігіміздің 21 жылдығында ел журналистері бір шешімге ұйыса біліп, бір ауыздан қабылдаған «Қазақстан Республикасы Журналистерінің этикалық Кодексі» мәжбүрлейтін заңды құжат болмағанмен, санада тұратын мәнді құжат ретінде журналистер басшылыққа алып, бағдар ұстайтын этикалық Кодекске айналатыны анық.
Ж.ШӘМШІ,
Астана қаласы.
www.ult.kz