Қазақ боксшысының жеңісіне қарсы украиндықтар талабы құпталмады
2012 ж. 12 тамыз
1593
2
ЛОНДОН. 11 тамыз. BAQ.KZ – Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) өткен түнде Лондон Олимпиадасында 81 келі салмақ дәрежесі бойынша украиндық Александр Гвоздик пен қазақстандық Әділбек Ниязымбетов арасында болған жекпе-жек бойынша жолданған наразылық хатына жауап берді. Наразылықты боксшылары жеңіліс тауып, финалға өте алмай қалған Украина тарабы түсірген болатын. Украинаның арызын қарастыра келе AIBA Гвоздиктің қоланы қанағат тұтқаны әділ шешім болады деп шешті.
Украина Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады.
«Украиндықтар соққылар үшін берілген ұпайды қайта санап, сонымен бірге Александр Гвоздикті қайта-қайта құшақтап алып, қимылдауына бөгет болған қазақ боксшысына айыппұл санкциясын (3 рет ұстап қалған жағдайда ескерту жасалып, 2 ұпай шегерілуі керек) салуды талап еткен», - делінген хабарламада.
AIBA қазылары наразылықты қарастыра келе мынадай шешім шығарды: «Екі боксшы да ұстасып қалып жүргендіктен ескерту берілмеген, ал ұпай саны дұрыс саналған, сонымен қатар төрешілердің жеңімпазға қатысты соңғы шешімі де дұрыс шығарылған»
Естеріңізге сала кетейік, түнде 81 келі салмақ дәрежесіндегі жартылай финалда украиндық Александр Гвоздикпен жекпе-жекке шыққан қазақстандық Әділбек Ниязымбетов жеңіске жетті.
Есеп- 13:13. Тең дәрежеде өткен тартыстың соңында төрешелердің бүйрегі біздің боксшыға бұрды.
Бұл шешімге наразы болған украиндықтар AIBA-ға жүгінген еді.
baq.kz
***Тақырып өзгертілді