ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТТІҢ КОМАНДАСЫНДА БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ!.. Ауасыздық пен қысым ғарыш пен жерде екі түрлі әсер етеді адамға... Әсіресе, ол жерде оңай емес!..

    Осыдан 21 жылдай бұрын тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып, бүкіл қазақты елең еткізіп, ерен ерлігімен разы еткенде көкке лақтырылған қазақ бөркіне қайтадан  тағы бір рет жан бітті... Бұл жолы ол сол қалып қойған көктен әрі  ұшты ма, әлде, жерге, табанға  түсті ме, оны өздеріңіз шешіңіздер, оқырман қауым! Санаулы ғана адамдар сенетін "Хабар" арнасына келіп, хабарлама жасаған ол, елдегі сайлауларға енді шын сенетінін,  оппозициялық "Азат" ЖСДП партиясын тәрк еткенін, бұдан былай тек өзін көкке "лақтырған"  тұңғыш президенттің қасына ғана түсіп, сол маңайдан табылатынын жария етті. Бұл әрине, өздері де басы бірігуі басты мәселе болып тұрған оппозициялық партияға оңбай тиген соққы болғаны рас. Интернетке сенсең, әрине, ит талағандай етіп жатыр. Бірақ оның артында белгілі түрде халықтың бір бөлшегі  отырғанын ойласақ, көп нәрсеге көз жеткізуге болады...       Неге біздің жұлдыздар, халық қаһармандары бастаған әншілеріміз осындай, елдікі неге ерекше деп талай жазып едік "Жас қазақ үні" газетінде...  Мысалы, алысты айтпай-ақ,  Украйнаның халық қаһарманы, бүкіл ТМД-ның ғана емес, әлемнің  сүйікті әншісі  София Ротару "түрлі-түсті" төңкерісте аязда алаңда тұрған халықты өзі жасаған ыстық бәлішімен жылытады? Неге әлемнің теңдессіз бокс чемпионы В.Кличко дүниежүзілік додасына "түрлі түсті" лента тағып шығады? Неге, неге деген сұрақ енді қанша жылға созылар екен? Мүмкін, тұлпар текті деп жүрген Тоқтар ағамыз Ат қорадан шаршап, Ақ орданы аңсап жүрген шығар, қанша дегенмен, парламент партасында отырып қалған ғой... Мүмкін, біздің арнайы органдар "арнайы тапсырысты" ақыры орындап шыққан шығар... Иә, бізде мүмкін ғой бәрі... Өйткені, қазақ даласының үсті ғарыш алаңы болғанмен, қазақ елі ғарыштай кеңістік  емес... Ауасыздық пен қысым ғарыш пен жерде екі түрлі әсер ететін болу керек адамға... Әсіресе, ол жерде оңай емесін ол кісі жақсы сезінген болар!.. Елдің атын шығарған атпал ағамыз аман болсын дегеннен басқа не айтамыз қазір... Ал қалғанын уақыт айтады!..

                                                                                                       Қазыбек ИСА

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕРІ, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ, КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ: - Құрметті қазақстандықтар! Мен сіздерге «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының қатарынан шығу туралы нақты шешімімді хабарлап, бұл қадамымның себептерін түсіндіргелі отырмын. Мен өзімнің ар-ожданым мен адамдардың алдында әркез адал болуға тырыстым. Менің әскери адам ретінде ең басты борышым халқыма және Отаныма қызмет ету болды. Маған қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер құрметі бұйырды. Әрине, мені ғарышқа ұшыру үшін Кеңес Одағы басшылығының алдында табандылық танытқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қарыздармын. Мен ең жоғары марапаттар мен атақтарды алдым. Президенттіміздің арқасында халықтың құрметтіне бөлендім. Мен ешқашан жауапкершіліктен жалтарған емеспін, әркез шынайы әрі әділ болуға тырыстым. Экономикалық, тұрмыстық және әлеуметтік мәселелердің шешілмеуіне наразылық танытқан адамдардың шағымы мені «Азат» партиясына алып келді. Бұл бірлескен партия өзінің алдына қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұстарын дамыту бағдарламасын құру туралы мақсат қояды деп шын сендім. Әлемдік тәжірибе бойынша, социал-демократиялық партиялар халыққа әлеуметтік және экономикалық институттарды дамыту жөніндегі өз пайымдарын ұсыну үшін құрылады. Партияның мақсаты - қазіргі билік пен Президентке қарсы шығу емес, керісінше, халықтың игілігі үшін ортақ стратегиялық мақсаттарға жетуге үн қосу болуы керек. «Азат» партиясының стратегиясында қарапайым халықтың жағдайын жақсартып, мемлекетті табысты дамытудың нақты жоспары болған жоқ. Сондықтан да, мен «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының қатарынан шықтым. Мені үлгі етіп, партияға өткен адамдардың бәрінен кешірім сұраймын. 20 жылдағы тәуелсіз Қазақстанның табысы толағай. Бұл жерде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін айтуымыз керек. Халық өзінің Көшбасшысын жақсы көреді. Бұған Президенттің және Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауларының қорытындылары дәлел болады. Сайлау кезінде халық Тұңғыш Президенттің бағытын қолдап, зор сенім білдірді. Мен әркез халықтың тағдырына алаңдадым. Мен жершарын ғарыштан көріп, ұшы-қиыры жоқ кеңістікте біздің әлемнің қаншалықты қорғансыз екендігін ұқтым. Мына алмағайып заманда Қазақстан табысты, бақытты және еңсесі тік мемлекет болуы үшін біздің президент бәрін жасауда. Ендеше, оның Отан үшін істеген жұмысы халықтың тарапынан қолдауға лайық. Сондықтан да, бүкіл қазақстандықтарға үндеу жолдай отырып, елдің болашағы үшін өкпе-реніш пен саяси амбицияларды қалдырып, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айналасына бірігуге шақырамын! Бүкіл Қазақстан халқын күш-жігері мен білімін және тәжірибесін Отанға қызмет етуге, гүлденген Қазақстанды құруға жұмсауға шақырамын. Мен бұл іске тікелей атсалысып, Тұңғыш Президенттің командасында болғым келеді!

                                                                                                                                 24 СӘУІР 2012 ЖЫЛ