Шардарадан басталған шарайна жол...
2019 ж. 12 мамыр
6246
4
Шартарапқа таратты даңқыңызды
Шардарадан басталған шарайна жол...
Қазақта еліме болсын деп қайрат көрсетіп жүрген қайыспас қара нарлар аз емес. Ерен еңбегімен де, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткерлігімен де белгілі, исі қазақтың Исламы болып кеткен ағамыз бүгін пайғамбар жасына толды, асқаралы 63-ке келді. Бүгінде Ерін іздеген Елі редакциямызға хаттар легін ағытуда. Біз халықтың ықыласы мен алғысын білдіру мақсатында, сол ізгі лебіздерінің біразын 25 сәуірден бастап «Исламның игі істері» деген айдармен жариялап келеміз. Парасат пен пайымның – Пайғамбар жасына толуыңыз Құтты болсын, Ислам Әлмаханұлы! Іздеп жатқан халқыңыздың ізгі тілегі періштенің құлағына жетіп, Алла жар болсын, жаратқан иеміз жақсы күндерде жарқын күйде жүздесуді жазсын деп тілейміз! Бүгін талантты ақын Әлібек Шегебайдың "Ақындардың әкімі, әкімдердің ақыны " атанған атпал азаматқа арнаған толғауын жариялап отырмыз. «Қазақ үні» газеті редакциясыҚоғам қайраткері һәм ұлт жанашыры
Әбішев Ислам Әлмаханұлына
Шардара Жан едіңіз көрсеткен талайға жол, Ақ та түсіп қалыпты-ау, самайға мол. Шартарапқа таратты даңқыңызды Шардарадан басталған шарайна жол. Тербегенде түнгі айды сырлы әніңіз, Тыңдаушы еді мұңайып сырғалы қыз. Алатаудың өтті ғой етегінде Студенттік бозбала жылдарыңыз. Алматының қоштасып көктемімен, Туған жердің қауышып көк белімен, Тұғыр болған қаншама тұлғаларға «Комсомолдың» өттіңіз мектебінен. Алаңдатса ауылдың келешегі, Ағайын мен азамат кеңеседі. Көк күмбезді мешіті азан айтса «Көксу» жақтан керемет жел еседі. Жан жылытар жылу бар жауынында, Сағыныштың сазы бар сауырында, Таңдарыңыз атты ғой сүттей аппақ «Сүткент» пен «Ақ алтын» ауылында. Түріп тастап түңлік пен керегені, Жаратқанның ақиқат жебегені. Сонау сағым жылдардан сыр шертеді «Жаушықұмның» тарихи төбелері! Сатылмайтын, сатпайтын, дара белгі – Тектілікті, теңіз бен дала берді. Шартарапты бетке алып сіз кеткенде Шағалалар қол бұлғап қала берді! Ордабасы Жауларының кесілген жолда басы, Жатқан тарих бұл жердің толғамасы. Ғасырлардан бүгінге аман жеткен, Ғасырларға көшеді – Ордабасы. Бұзылған жоқ кешегі «көпір» әлі, Ақсақалдар аңыз қып отырады. Ұлы мекен, үш жүздің басын қосқан – Ордабасы қарсы алды топырағы. Болған емес қазақтың қараңғы ісі, Оған куә өзгенің сан алғысы. Бойыңызға қажымас қуат берді Қажымұқан бабамның қара күші. Кейбір сәтте айналып Шыңғысханға, Білмедіңіз шаршауды жұмыстан да. Тектілердің мекені – Темірланды Айналдырып кеттіңіз Гүлстанға! Соның бәрі халықтың есінде әлі, Берекеге береке қосылғаны. Исекеңнің іргелі ісі еді – деп, Ағайындар айтады осындағы. Орындалып ақ жарма арманыңыз, Мәртебеңіз биіктеп, самғадыңыз. Алғырлық пен адалдық астасқан соң Алғыс болды әрдайым алғаныңыз! Шымкент Адал еңбек, адал тер, төккеніңіз Еш кетпеді, көркейіп, көктедіңіз. Шақырған соң облыс Әкіміне Бірінші орынбасар боп келдіңіз. Бұл жерде де қолтаңба қалдырдыңыз. Талайларды тірлікпен таң қылдыңыз. Асарлатып, оралман бауырларға «Асар» мөлтек ауданын салғыздыңыз. Берілері анық ғой шын бағаның, Бала кезден сол әндер тыңдағаным... Жағасында ғашықтар сырласатын «Шәмші көлі» шырайы Шымқаланың. Ерте тұрып, кеш жатып, сабылдыңыз, Іскерлікпен елге ерте танылдыңыз. Бәрін айт та, бірін айт, байламы көп Барлық істің басынан табылдыңыз. Бойдағының бәрін де ақтардыңыз, Әбішев боп санада сақталдыңыз. Тапжылмастан жеті жыл тіл табысып Төрт Әкіммен қызмет атқардыңыз. Майданында пайым мен парасаттың, Өтер күндер аптыққан, алашапқын. Оңтүстікке қалдырған қолтаңбаңыз, Аңызына айналар болашақтың! Өскемен Бұл Өскемен, басынан бақ тайғанап, Шырша көздер жайылып жатқан аймақ. Оңтүстіктен Шығысқа өзіңізді Жоғарғы жақ алдырды аттай қалап. Сізбен бірге жыр келді, өлең келді, Ақын біткен Алтайға елеңдеді. Халықаралық мүшәйра жыл сайынғы Қайта оятты Абайдай кемеңгерді. Қайта оралтып халықтан қашқан бақты, Шарлап кетті ән мен күй аспан жақты. Ұлы Абайдың еңселі ескерткіші Өскеменнің рухын асқақтатты. Саябырсып салқындау сана дерті, Өскеменнің киілді дара бөркі. Талап пенен таланттың арқасында Танымастай өзгерді қала көркі. Адал еңбек болған соң бастаңғыңыз, Рух пенен жігерді жастандыңыз. Қақ төріне көк туды қадап қойып Өскеменді бес жылдай басқардыңыз. Қоштасуға түсінбей бір-ақ күнгі, Көпшіліктің көзінде сұрақ тұрды. Сіз кеткенде ауысып Астанаға Жиылған жұрт қимастан жылап тұрды! Астана Кеткен шақта бұл сала жүдеп тегі, Іскерлікті сіздегі тірек көрді. Өзіңізге тапсырды тартысы көп Су жүйесін елдегі реттеуді. Әкімдіктің артта қап әттеңі де, Бара жатты баспалдақ сәтті өріле. Су иесі айналып Сүлейменге, Ақорданың қондыңыз қақ төріне. Мәселенің бәрін де қайта қарап, Әрбір іске айдар мен ай таңбалап. Көрсеттіңіз қателік, кемшілікті Су құйылған «шелекті» шайқамалап. Көз жеткізіп бәріне көрсеттіңіз, Тереңдетіп, тергетіп, тексерттіңіз. Суды үнемдеу сүннеті Пайғамбардың Екендігін сан мәрте ескерттіңіз. Дәл сол жерден басталып «соғысыңыз», Біреулерге жақпады сол ісіңіз. Жала менен жалғандық жабылған соң Қызметтен біразға қол үздіңіз. Азапталса адалдық, ақтығыңыз, Шайқатылды сол кезде шаттығыңыз. Мойымастан, сынбастан, сырылмастан, Кейін бәрін дәлелдеп «мат» қылдыңыз. Ақиқаттың адалдық досы болар, Артықтығын ұққандай сосын олар. Қызметке қайтадан оралдыңыз Аққа, Құдай жақ – деген осы болар! 2016 жыл Әлібек ШЕГЕБАЙ, Қазақстан Жастар одағы "Серпер" сыйлығының лауреаты Qazaquni.kz