Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті
2019 ж. 11 сәуір
2325
0
Жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты мәселелер қаралды, - деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастықтың еліміздегі саяси оқиғаларға зор қызығушылық білдіргенін айтты.
– Мен тарихымыздың осы бір бетбұрысты кезеңінде қазақстандықтардың парасаттылық және береке-бірлік танытқанына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы күндері менің атыма мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, еліміздің еңбек ұжымдарынан көптеген хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде. Шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың басшылары телефон арқылы хабарласып, қолдау білдіріп жатыр, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің өсіп-өркендеуіне және орнықты дамуына бағытталған бағдардан мемлекетіміз айнымайтынына сенім білдірді.
– Біз барлық сынақтан абыроймен өтіп, табысты мемлекет құра білдік. Оны бүкіл әлем біледі әрі құрметтейді. Мен қазіргі Қазақстанның негізін қалағандықтан мемлекетіміздің болашағына және азаматтарымыздың әл-ауқатына баса мән беремін. Менің барлық іс-әрекетім және қадамым осыған арналған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Қазақстан халқының мүддесі үшін стратегиялық бағдарламаларды одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
– Бағдарламаларды жүйелі іске асыру – дамуымыздың басты талабы. Біз азаматтарды тұрғын үймен, жұмыспен, сапалы медициналық көмекпен және біліммен қамтамасыз етіп, мұқтаж адамдарға қолдау көрсету үшін тиісті жұмыстарды жалғастыра береміз. Мұның бәрі – жарқын болашаққа деген инвестиция, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел экономикасын одан әрі дамыту және жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін жақсы мүмкіндіктер бар екенін айтты.
Басқосуда, сондай-ақ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайылов және Энергетика министрі Қ.Бозымбаев баяндама жасады.
Елбасы өңірлердегі экологиялық жағдайды тиісті бақылауда ұстау және осы саладағы заңнаманың бұзылуына жол бермеу қажеттігіне назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл шаралар, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.